Ұларбек Дәлейұлы: Жазушының міндеті – заман айшығын, тарих келбетін айнытпай жазу
Бөлісу:
02.08.20241551
Соңғы жылдары орта буын қазақ жазушылары ұлттың жоғын түгендеп, жыртығын жамап, Советтер кезеңінде бұрмаланған тарихымыздың ақтаңдақ мәселесін жаңа көзқараспен қарап, шынайы жаза бастады. Әрине, тарихи роман тақырыбының негізін салып, социализмдік жүйенің сеңін бұзған әйгілі Ілияс Есенберлиннен кейін 60 жылғы қазақ әдебиетінің жас тұлпарлары: Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаевтар еді.
Міне, енді бойында ұлттық рухы тасыған, қазіргі әдебиетіміздің мерейі – жазушы, ақын Ұларбек Дәлейұлы мемлекеттік идеологияға сай Жошы ханның тұғырын тіктеп, қазақ хандарының атасы саналатын аруағы шалқар ердің әдеби бейнесін сомдап, тарихи келбетін жаңаша танытты. Бұл –и әдебиетіміз үшін мақтаныш, қоғамдық сананың қалыптасуы үшін айтарлықтай үлес. Қомақты үлес! Сом туынды ретінде әдеби жылнамаға хатталған «Жошы хан» романының авторымен аз-кем әңгімелескен едік, соны назарыңызға ұсынамыз.
– Жошы хан туралы роман жазу идеясы қалай келді?
– Балалық шағым Өр Алтай тауларында, қос ананың – шешем мен әжемнің мейіріне қанып, ыстық алақанында тербелумен өтті. Көбіне жаз жайдауда, қыс қыстауда өтетін оңаша өмірімнің бірден-бір ермегі кітап еді. Әсіресе, тарихи әдебиеттерді тым құныға оқыдым. Солардың ішінен маған қатты әсер еткені жапон жазушысы Инуэ Ясачидың Шыңғыс қаған жайлы жазған «Көкжал» романы еді. Оған қоса қаншама кітаптар қолымнан өтті. Ол кезде талғап жатпайсыз ғой. Есейе келе шынайы тарихи деректер арқылы өткен заман шындығына көзім жеткен кезде, өзегімді өкініш өртейтін. Соншама беріліп, қызығып, тіпті, кей тарауларын жаттап өскен сол дүниелердің көп жері ұлы тарих алдында бұрмаланып жазылғанын біліп өкінесің. «Заман қысымы, қызыл коммунистердің әдейі жасаған лас саясаты» десек те, сол бостықты толтыруға ұмтылғым келді. «Жошы хан» тарихи романын жазу арманы әу баста осылай басталған. Тізе берсем, өзге де қосымша себептері көп.
Екіншіден, мені қатты толғандырғаны – Жошы хан төңірегіндегі түрлі өсек-аяң. Алып-қашпа қауесет. Әуелі, Жош өлімін әкесінен көретін тарихшылар да бар. Осынау жұмбақ та қызықты әңгімелер менің Жошы хан өміріне терең үңілуіме себеп болғаны жасырын емес. Сәбеттік өтірік тарихты оқып отырып, жер-көкке симай аласұратынмын. «Япыр-ау, кеше ғана Еур-азяны дүбірлеткен жаужүрек бабалар тұқымы мына бізге не болды? Соншама намыссыз, жалтақ болдық па? Өз тарихымызды неге өзіміз жазбай, өзгелер сызып, шоттап берген шатпақты малтай береміз?» деген ой тыныштық бермеді. Ұлы бабалар рухы намысымды жаныды, рухымды қамшылады. Сонымен тәуекел етіп жазуға отырдым.
–Романды қанша уақытта жаздыңыз?
– 30 баспа табақтан тұратын, 480 беттік романды жазуға не бары бес ай уақыт жұмсадым. Жұмыс өте қауырт жүрді. Жазуға отырар алдында өзімді физикалық-психологиялық жақтан әбден дайындадым. Спортты жаным сүйетін. Сондықтан үй маңындағы бокс залда біраз уақытымды өткіздім, күніне 4-5 км жүгіремін. Жазу үстеліне біржола отырар кезде бала-шағама айттым: «Мен бір ұлы іске бел будым. Қарайған сұлбамды көріп жүрсеңдер болды. Біраз ай мені мазаламаңдар, көмектесіңдер» деп. Олар да түсінді, бар жағдайымды жасады. Сосын қызу жұмыс басталды. Күніне 14-15 сағат жазу үстелінде тапжылмай отырамын. Күн мен түн ауысқан, есім де, рухым да Шыңғыс дәуіріне ауған. Сонымен, Тәңір тағалам жар болып, 2024 жылы 18 ақпан күні түс ауа романның нүктесін қойдым. Өзім ұстаз санайтын ұлы жазушы Мұхтар Мағауинге еліктеп, шаршаған, жүдеу, бірақ, аса рухты бейнеммен естелік суретке түстім.
– Жошы хан туралы деректерді қалай іздендіңіз?
– Төрт жылдан астам уақытым ізденіске кетті. Ең сенімді деген ескілі-жаңалы кітаптардың шаңын жұтып, әр сөзіне үңілдім. Ең әуелі Сартауыл-Хорезм жорығын көзімен көрген, Мұхаммед ала-ад-Дин сұлтанның, кейінірек, Жәлел ад-Диннің хатшысы һәм уәзірі болған Нәсауи жазған «Жәлел-әд-Диннің ғұмырбаяны» кітабы орыстар мен Еуропа тарихшылары бұрмалаған мың шындықтың жүзін ашық көрсетті. Одан кейін хорасандық Ата-міләк Әл-Жувәйни жазған «Тарих-и жаһангушай» (Әлемді бағындырушының тарихы) мен Әулие Чаңчуннің шәкірті Ли Жычаң қалдырған «Әулие Чаңчуннің батысқа сапары» атты қолжазбасы сол дәуір суретінің бір картинасын анық көрсететін еді. Одан берірек, Шыңғыс заманын кеңінен толғай хаттаған, Шыңғыс қаған О дүниелік болған соң 73 жылдан кейін бастап жазылып, 1316 жылы аяқтаған Рашид ад-Дин ғұламаның «Жәмиғ ат-тауарих» томдығының көмегі орасан болды.
Юан тарихы, Әбілғазының «Түрік шежіресі», Нығымет Мыңжани жазған «Қазақтың қысқаша тарихы» мен Өтеміс қажының «Шыңғыснамасын» неше қайыра парақтадым. Тағы бір айтулы еңбек – Мұхтар Мағауинның Шыңғыс заманының толық деректер базасын жасаған «Шыңғыс хан және оның заманы» атты төрт томдығы тың көзқарастар мен шынайы тарихқа толы ғажайып олжа еді. Осы аталған дүниелер романымның тұла бойына өз жарығын түсіріп, рухыма қамшы болып отырды.
– Ханның жүріп өткен жерлерін толық шарладыңыз ба?
– Орталық Азияда Жошы хан тұлпарының тұяғы тимеген жер аз. Хан жорық кешкен жолдардың шамамен 60-70 пайызын басып өттім. Тек таңғұт пен қытайды шапқан жорық іздерін көре алмадым. Оған қытайда қазір жүріп қызыл саясаттың кесірі себеп. Дегенмен, жаратушыға тәуба деймін. Жошының балалық шағы өткен Онан мен Керүленді көріп, Тоғайлыға барарда ер Жошы ат салып өткен Селенгіден су іштім. Орхұнсудың тұнығына қанып, Өтүкеннің сай-саласын шарладым. Түстік Якутияны айналып, Алтай бойын басып, Сыр бойындағы ескі қалалар жұртын түгел кезіп, Бұқара, Самарқанд, Үргеніш сияқты шаһарлар топырағын аяғыммен бастым.
– Романдағы тарихи шындық пен көркем шындық арасы қаншалықты жақын?
– «Көркемдік қуалаймын» деп тарихи шындықтан алшақтаудан ат-тонымды ала қаштым. Тек қана дерек іздерін қуалап, болған оқиғалар ізіне бояулар қосып отырдым. Өйткені, қазіргі оқырман ұзақ суреттеуден жалығады. Ойдан қосқан оқиғаларыңды біліп қояды. Шынайы тарихын іздеген бүгінгі саналы оқырманның талабы басқа.
Анығында, Жошы хан – ішкі әлемі қайшылыққа толы тұлға. Сырттан түскен әр түрлі қысымнан, қауесеттен жаны жиі жараланған. Ол жайында тіпті, Жошыны қаралауға бейім тұратын ерте заманғы қай деректі ашсаңыз да, қай тарихшы жазса да айналып өте алмайды. «Юан тарихы» да, Нәсауи мен Жубәйни бастаған араб-парсы тарихшылары да Жошының ерек болмысын бір сөзінде болса да айтып кетеді.
«Жаңа Юан тарихының» 106 бума, 3-ғұмырнама бөлімінде: «Ұрт мінезді, ержүрек, соғыста айлакер Жошы сардарлардың құрметіне бөленді. Адам өлтіруді жаны сүймейтін еді. Татар тайпасына шабуыл жасаған кезде тұтқынға түскендердің көпшілігіне кеңпейілдік жасап, босатып жібереді...» деп анық жазады. Жошы тумысынан асқан батырлығымен қоса қайырымды, ізгі жан болған. Ең басты қасиетінің бірі мейірімділігі еді. Соның кесапатын да көп көрді. Ол мейірім – өзін баулыған үш анадан, Өгелін әже мен Бөрте-енеден, әкесінің кенже қарындасы, асқан батыр Темулүннен дарыды. Ол бір зұлмат, қанды заман ғой. Сен өлтірмесең ол өлтіреді дегендей. Алайда, Жошы соншама қайшылықты қатігез ортада өз болмысынан айныған емес. Ең сенімді делінетін ескілікті дерек іздерімен жазғаным содан. Сондықтан бұл романды көркем роман деуден көрі тарихи-деректі роман десе жөн сияқты.
–Қазіргі Қазақ мемлекетінің болашақтағы ұлттық идеологиясы мен бағытына жазушы ретінде қалай үлес қоса аласыз?
– Жазушының міндеті – заман айшығын, тарих келбетін айнытпай жазу. Оқырманды әсерлендіре отырып, рухын, намысын ояту. Әлде бір мүдделердің, топтардың жетегінде кетсеңіз, керісінше, ұлт тарихына қастық жасайсыз. Жазу барысындағы мақсатым айқын, ұстанымым берік. Біздің ұлы тарихымызда шындығы ашылмаған қаншама ақтаңдақ беттер тұр? Бату хан, Тоқтамыс ханнан бастап кешегі Кенесарыға дейін. Осынау сансыз ұлы тұлғалардың өмірін арқау ете отырып қаншама роман, хикаяттар жауға, кинолар түсіруге болады. Бір үлкен сапарға шыққан екенмін, енді шегінерге орын жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дейді ғой. Жаратушы ғұмыр берсе ұлт руханияты үшін қызыл қанымды сарқа, маңдай терімді төге, қажымай қызмет етуге, қолымнан қалам тастамай, ұлы хандар жайлы әлі де біраз дүниелер жазу жоспарымды тұр.
– Бәрекелді! Жазарыңыз таусылмасын, айтарыңыз көп болсын!