Батырлар қорымы қараусыз қалмасын!
24.07.2024 1952

Сыр мен сымбаттың елі, сұлулық атты қымбаттың елі – Көкшетау. Қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының да үлкен құйқалы қыртысы Көкшетаудың сырлы сұлулықтармен, ел иесі, жер киесімен астасып жатыр. «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Қырық сегіз жыл хан болған Көкшетауда» деп неге жырлайды дейсіз жырау бабаларымыз. Бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жер екенін айтып тұр ғой. Осы ақиқатты ақиық ақын Мағжаннан асырып айту қиын-ау. Ертеде Абылайға қоныс болған Бурабайды «Алаштың кебесіндей ізгі жай» деп тебіренуі тегін емес-ау, зарлық сәуегейдің! «Арқада Бурабайға жер жетпесе, Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп тағы бір қияға тартып толғайды толағай Мағжан. Иә, Абылай мен Ке­несарыны айтқанда қазақтың ел­дігі, тәуелсіздігі жолындағы қа­һар­мандық күрестің де бір бесігі Көк­шетау болғандығын жүрекке түймеске, сол үшін де жер науанына басыңды имеске болар ма?


Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлес ақынымыз Қорғанбек Аманжол:«Көкше мен Түркістанның арасында көлбеп Абылайдың қара жолы тартылған. Шіркін-ай, Абылайдың осы жолының маршруты анықталса ғой деген арман-тілек те бар-ау» деген арман-тілегін біз  орындадық. Абылай ханның қара жолын жаңғырту мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет «Абылай ханның қара жолы» экспедициясын ұйымдастырылды. Ақмола облысы әкімінің қолдауымен облыстық ішкі саясат және мәдениет басқармаларымен бірлесе, Қазақстан Республикасы Ш.Ш. Уәлиханов Тарих және Этнология институты, Мемлекет тарихы институты, Лев Гумилев атындағы ұлттық университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, басқа да жетекші жоғары оқу орындарының филолог, тарихшы-ғалымдары мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлерін жұмылдыра отырып, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы «Абылай ханның қара жолын жаңғырту» (2018 ж.), «Бетпақдала; Абылай ханның қара жолы» (2020 ж.), «Абылай ханның жорық жолдары. Ұлы даланың Ұлы тұлғалары»(2021 ж.), «Алтын Орда750жыл. Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150жыл»(2022 ж.) Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» (2023ж.) тақырыптары бойынша республикалық және халықаралық ғылыми-зерттеу эскпедицияларын ұйымдастырдық. 

«Сөздің ең ұлысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тарихи-танымдық, ғылыми мақалалар және экспедиция деректері бойынша «Абылай ханның қара жолы» кітабының I және II томдығы (Құрастырушы М. Ыдырысұлы) басылып, халыққа жол тартты. Осы жинақтар негізінде халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді.

Өткен жылы қараша айының соңында Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың қабылдауында болдым. Шіркін, жақсыда жаттық жоқ қой, Марат Мұратұлы өте жылы қабылдады. «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады, Тектілердің тұқымы, Таңдайды құз-қияны» дегендей, әкім өзінің тектілігін, Шоң биден тамыр тартатынын таныттты. Келелі әңгіме-дүкен құрдық. Сөз барысында Ақмола облысының туристік әлеуетін арттыру жөнінде бірнеше ұсыныс жасадым:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Отан қорғаған бірнеше буын ұрпақтың күресін атаған.

Осындай шайқасқа қатысқан батыр бабалардың жорық жолдарын анықтау мақсатында Ақмола облысының Степногорск және Біржан сал аудандарының жерінде Абылай хан сарбаздарының жерленген «Батырлар қорымы» арнайы қаралды. Нәтижесінде Мамай ауылынан Біржан сал ауданына өтетін жолдың оң жағында Қожас тауының сілемдерінде «Батырлар қорымы» және Біржан сал ауданы, Сәуле ауылының оңтүстігінде кезінде Абылай ханның қара жолы өткен Жыланды төбе маңында «Батырлар қорымы» анықталды. Эскпедицияның ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қ. А. Еңсеновтың: «Олардың жерлену ғұрпы сол кезең XVIII ғасырға сәйкес келіп тұр. Сондай-ақ ол жерлерде «Батырлар қорымы» бар екендігін бұрынғы қарияларда ұрпақтан-ұрпаққа айтып келген. Дәл осындай Абылай заманындағы «Батырлар қорымы» Шығыс Қазақстан жерінде «Шаған шайқасы», «Шорға шайқасы» өткен жерлерде де бар екенін көзбен көрдік.

Бұл жерде шамамен 1741 жылы Жоңғар хандығының қонтайшысы Қалдан Сереннің тапсырмасымен Орта жүз жеріне жорыққа аттанып келген Лама Доржы мен Септен ноянның 30 мың әскеріне қарсы тұрып, Отан қорғау шайқасында ерлікпен қаза болған батырлар жерленген».

Сондықтан Ақмола облысының территориясындағы Мамай ауылының маңындағы «Батырлар қорымына» бару мүмкін болмаған соң (терең ор қазылып, тікенек сыммен қоршалған) сол шайқаста ерлікпен қаза Нұры батырдың ұрпағы Манарбек Бұрмағанов ескерткішті жолдың келесі бетіне орналастырды. Біржан сал ауданы Сәуле ауылының Жыланды төбе маңындағы «Батырлар қорымын» шөп басып, жермен-жексен болып кеткен. Өткен ғасырдың 50 жылдары маңайын орлаған екен, бірақ ол да малға тосқауыл бола алмайды. Бабаларымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Аруақ сыйлаған халық болғандықтан, сол жерді қоршап, ескерткіш белгі орнату қажеттігін жеткіздім. 

2) Қазақ халқының ХІХ ғасырда өткен ең даңқты перзенті Кенесары Қасымұлы 1802 жылы шіліңгір жазында, сұлу Көкшенің теріскей тұсындағы, Абылай атасының жаз жайлауы болғандықтан «Хан жайлауы» атанған жер жаннатында, «Хан көлінің» жағасында туып еді. Ат жалын тартып мінгеннен былайғы өмірі, айбыны ай жасқандырған атасы Абылай хан сияқты, ақырғы сағаты соққанға дейін алыс-жұлыспен, мекен тұрағынан қуылған ызалы жолбарыстай тынымсыз жортуыл-жорықпен өтті. («Кенесары Қасымұлының 190 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның бағдарламасы». «Алашта ер жетпейтін Кене хан». М. Қозыбаев, Ж. Қасымбаев, т.б.  Көкшетау, 1992 ж. АОТӨМ қоры).

2021 жылы экспедиция Кенесары ханның мерт болған жері Кекілік Сеңгір тауының етегіндегі Майтөбеге Хан Кене елінің атынан ескерткіш тас қойған едік. Бурабайдан капсулаға топырақ салып апарып көмген едік. Әлем тарихында отаршылдыққа қарсы ірі соғыстардың бірі қазақтың ханы Кенесарымен тығыз байланысты.

XVIII ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі – Абылай ханның нақ осы Көкшетауда «Хан ордасы» орналасқан. Кезінде хан Абылай (1711-1781) шығыстағы экспансияға, қазақ-жоңғар соғысына қарсы күресу үшін бүкіл қазақ жасақтарын осында жинаса, бір ғасырдан кейін Көкшетаудан оның немересі Кенесары солтүстіктегі экспансияға, отаршылдыққа қарсы соғыс бастады. Болашақ хан Кене Көкшетау мен Ақмола өңірлерінде жаңа әскери бекіністердің салынуына қарсы болған. Ал Кенесарының соғыс ұраны – аты аңызға айналған атасы  хан Абылай есімімен аталған. («Кенесары тұсындағы Қазақ хандығы».  Б. Бейсенбайқызы. Көкшетау, 2023 ж.). Кенесарының туған топырағы Кенесары ауылының жанына ескерткіш белгі қою туралы ұсынысымды жеткіздім. 

3) Біржан салдың әншілігін Еуропа мәдениетін жетік білген орыс жиһангез ғалымдары да жоғары бағалаған. Мәселен, Шоқанның досы Дуров 1856 жылы Көкшетау даласында, Сырымбет саласы, Бурабай баурайында болып дем алған. Шоқан болса, дімкәс жанына дауа іздеп, осы өңірлерді көп аралаған. Сонда Біржанды әдейі алдырып әнін тыңдаған Дуров ұлы әншінің орындаушылық шеберлігіне разы болып: «Неткен талант! Шіркін-ай бұл әнді Петербургте, Парижде, Римде тыңдаса ғой!» дегендігі тарихи шындық. Сол себепті Бурабай көлімен Айнакөлдің арасындағы осы үш тұлға отырған жартасқа ескерткіш орнатса, туризм саласын дамытуға әсері мол болар еді.

 4) Біржан ауданындағы Жөкей көлінің жағасында «Біржан салдың көк жартасы» деген биік жартас бар. Үстіне шыққан адам айналаға көз жіберсе 15-20 шақырымға дейінгі жер алақанға салғандай көрінеді. Біржан үстіне шығып ән салғанда, дауысы 10-12 шақырым жерге жетеді екен. Жергілікті жұрт ол жерді «Кирзуха»деп атап кеткен. Кезінде сол маңда Кирза деген орыс мұжығы шөп шабады екен. Бір күні оның өгізін аю жарып кетсе керек. Қазір де шоқының іргесіндегі демалыс орындары шоқыға қарата «Кирзуха» деп сілтеме қойыпты. Бұл саналы елге намыс емес пе? Бұл елге, ел алдында жүрген  азаматтарға сын деп білемін. Шоқының «Біржан салдың көк жартасы» тарихи атауын қайтару бізге міндет. Осыған орай ол жартастың үстіне ескерткіш орнату керек деп ойлаймын. 

5) Көкшетау қаласында еліміздің өзге шаһарларында бар ашаршылық пен репрессия құрбандарын еске алатын орын жоқ. Мысалы, Шымкент қаласында «Қасірет Мемориалы» бар. Науан Хазірет Сәкен Сейфуллиннің Аян жерленген ескі қорымның қақпасының алдына осы монументті орнатып, халық жиналып, дұға оқитын, гүл шоқтарын қоятын орынға айналдырса жақсы болар еді. 

Әңгіме барысында әкімнің көзінен аңғарғаным, «Жер басқанға мәз болма, артыңда ізің қалмаса, осы жасқа келгенше не бітірдіңіз» деген деген сұрақты оқыдым. Мен:«Көкшетау педагогикалық училищесінің іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп, материалдық-техникалық базасын нығайтып, респбликаның алдыңғы қатарлы оқу орындарымен теңестірдім. Облыстық мәдениет басқармасында істеп, солтүстік аймақта тұңғыш қазақ ұлт-аспаптар оркестрін құрдым, қазақ театрының бастауында болдым, 1994, 1995 жылдары респубикада алғашқы болып мектеп оқушыларының айтысын өткіздім, қалалық спорт бөлімінде істегенде ұлтық спорт түрлері бойынша мектеп аштым», – дедім. «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының 5 жылда атқарған ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы баяндадым. «Абылай ханның қара жолы» ғылыми жинақтың III томының сүйінші данасын, экспедициялардың қорытындылары негізінде әр маршрут бойынша жасалған карталарды тапсырдым. Осы томдықты шығарып беруге көмек көрсететінін айтып, жылы лебізбен мені шығарып салды. 

Биыл маусым айында әдейі Біржан сал және Бурабай аудандарының әкімдері Достанбек Есжанов пен Арай Садықовқа Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының құрметті мүшесі Манарбек Бұрмағанов екеуміз (суреттердің авторы) әдейі барып жолығып, ескерткіштер орнату мәселерін талқыладық. Достанбек Берікұлына «Батырлар қорымын» бұрын көрсеткен едім. Аудан әкімі мен орынбасары Орынбасар Ахметова «Біржан салдың көк жартасы» туралы облыстық мәдениет басқармасымен ақылдасатындарын айтты. Бурабай ауданының әкімі Арай Серікбайұлы, Кенесары ауылдық округінің төрағасы Диана Ракымжанова бізбен бірге барып, ескерткіш белгі қоюға болатын орындарды көрдік. 

«Елдің жақсы болуы әкімінен» дегендей, ылайым еліміз бен әкімдеріміз жарасымды болса екен деп тілеймін.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі, Біржан сал ауданының Құрметті азаматы