Алаш қамқоршысы – Ақыш қажы
21.06.2024 2407

Ақыш қажының шыққан тегі һәм өмір белестері 


Ақыш қажы, Ақыш болыс, Ақыш би жайында әңгіме өрбітпес бұрын шыққан тегі жайында аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Ақыш қажы – Орта жүз Найманнан, Төрт Төлегетайдің бірі Қаракерей, Байжігіт, Үш Байжігіттің бірі Жұмық, Алты Жұмықтың ішінде Саты батыр, Бес Сатының ішінде бөгенайы бөлек Есенгелді бидің тұқымынан.

Есенгелді биден, Айтқожа, Бөгіс, Алты Алашқа аты мәшһүр болған атақты бай Шідері бай, Шідеріден, Дәуіт, Қаймақ, Сәметай, Ахметжан (Ақыш қажы) туады.

Түп атасы Есенгелді би шамамен XVII ғасырдың соңы яғыни 1694 жылы туған биыл бабамыз Есенгелді бидің туғанына 330 жыл.

Есенгелді би немере ағасы қазақтың хан батыры Қабанбаймен және туған інісі, баһадүр Дәулетбай батырлармен етене болып, аумалы-төкпелі замандарда жер дауы, жесір дауларын әділ төрелігін айтып, халық жүрегінде қара қылды хақ жарған Есенгелді би деп бүгінге дейін аңыз болып айтып, жыр болып жатталып өміршеңдігін жоймай, тарихтан тарихқа Есенгелді би есімі ұлықтала бермек.

Ақыш қажының әкесі Шідері байға тоқталар болсақ, Шідері бай шамамен XIX ғасырдың бас шенін де өмір сүріп ғасыр аяғында өмірден өткен деседі дуалы ауыз қарттарымыз.

Белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің «Баспай» романыннан Шідері байдың тарихи тұлғасына қатысты үзінді келтіреміз. 

«...Жарыс аяқталған әдетте Бапы Сүлейменге:

̶  Шүке, үйге жүріңіз, Баспайға берген батаңыз үшін аталған атты мініп, шапаныңызды киіп қайтыңыз,  ̶  деді.

Шүкеңе арнап қайтадан қонақ асы әзірленген екен. Бұлар сол үйге түсті. Ас ішіліп, дастарқан жиярда үстіне әртүрлі бұлдың әлем-жәлем қиықтары тағылған қара домалақ бес жасар Баспайды әкеп, «әумин» дегізіп, Шүкеңнен бата сұратты. Ол кісі сөзге тым шешен адам емес еді, бірақ бір ауыз сөз айтса да, буынды жеріне түсіріп, қарпуын жеткізіп айтуға келгенде онан өтетін табымды адам сирек кездесетін, оның үстіне көпті көрген, талай-талай ас пен тойдың төрінде отырып, төбесінен биілік айтып жүрген жан. Сондықтан сәл кідіріп отырды да қоя берді.

  ̶  Алла жарылқасын,

Атаң Қабанбайдың аруағы қолдасын,

Бұланбайдың қойын берсін,

Ақтайлақтың ойын берсін,

Жақастың торысын берсін,

Шідерінің өрісін берсін,

Тәукенің тағын берсін,

Бұтабайдың бағын берсін,

Қызыр серік болсын,

Бірліктерің берік болсын,

Аллаһу акбар! – 

деп бетін сипады. Атаның ақ тілегіне жұрттың бәрі тілеулестік білдіріп: « ̶  Иә, құдай, айтқаныңыз келсін, Бұланбайдай болса арманы не?  ̶  деп кеу-кеулесіп жатты». 

Батада аталған Бұланбай Қаракерейдің 80 мың қой біткен атақты байы, Қабанбай батырдың Қубас аты – міне, осы Бұланбайдың жылқысынан шыққан сәйгүлік тұлпар. Ақтайлақ би – үш жүзге даңқы кеткен даңғайыр шешен. Жақас байға 17 мың жылқы біткен.

Жұмық Шідері бай – сонау Маңырақтан Орқашарға дейінгі алқапты алып жатқан әйгілі бай. Бұтабай – аға сұлтан болып бақ дарыған кісі... Шүкең Қаракерйдің арғы-бергі ата-бабаларынан шықан игі жақсыларын ауызға алып, осылардың бақ-дәулетін Басбайға берсе екен деп ақ тілеуін шын ниетімен білдіріп өтті.

Өткен ғасыр басына шейін тарихтан жалғасқан айтуылы астар жайында көп естиміз, міне сол астардың қатарында XIX ғасырдың соңын ала Алты Алашқа аты мәшһүр, Маңырақ пен Орқашар тауының сілемін төрт түлігі жайлаған атақты Шідері байдың асында үш жүздің баласы бас қосқан деседі-мыс.

Төрткүл дүниені дүркіреткен, Алтай мен Атыраудың арасындағы игі жақсылардың басын қосқан айтулы асты Ақыш қажының үзеңгілес достары Шілікті болысының болысы Зейнолла Бұтабайұлы, қожан руынан шыққан шешен Қоңыр қажы Мәжитұлы, Терісайрық болысының болысы Қыдырмола Құрбан қажыұлы, Шорға болысының болысы Әбділдабек Төгісұлы сынды игі жақсылар басқарған.

Сол аста әрбір рудың үкілеп алып келген апайтөс балуандары, желмен жарысқан жүйріктері,  дуалы ауыз ақындары төбе көрсеткен, аста мыңға тарта сәйгүлік бәйгеге қатысып, Тарбағатай даласын мен Маңырақ тауының сай-саласын дүркіретіп алдына қара салмай Мәрсектің қоңыр төбел аты бірінші келген екен.

Мыңға тарта жұмыр тұяқты артқа тастап, қара озып бірінші келген жүйріктің бәйгесіне жүз жылқы, жүз келі бағалы бұл манап берген.

Қоңыр төбел жүйріктің иесі Мәрсек кім болды?

Өткен тарихқа сәл шегініс жасасақ, Өскемен қаласының іргесіндегі Айыртау болысының игі жақсысы, атақты Мәрсек бай, Мәрсек болыс – белгілі Алаш зиялысы Райымжанның әкесі Мәрсек.

Сөз басында Ақыш қажы, Ақыш болыс һәм Ақыш би деп тілге тиек еттік.

Бұл атамыз болған соң құр мақтау я болмаса тасын төрттен қойып мадақтау емес, қайта архи материалдарына және тың дерек көздерге сүйене отырып тарихи бағасын беріп отырмыз.

Ақышты қажы дегеніміз: XIX ғасырдың соңын ала Есенгелді биден тараған текті ұрпақтары 1889 жылы бірінші легі һәм 1897 жылы екінші легі қажылық сапарында болған.

Екі жолғы қажылық сапардың басы-қасында жүрген һәм ұйымдастырған да Ақыш қажы.

Қажылық сапарына жолға шығу һәм төзімділікпен бір-екі жылды артқа тастап жол азабын және сан мыңдаған кедергілерден тайсалмай өтіп, елге аман-есен жетулерінің өзі көзсіз ерлік және батырлық емес пе!

Бір жарым ғасыр бұрынғы қажылардың тарихи бағасын әділ һәм нақты берер болсақ, біріншіден, екінші бір әлемнен тың дүниелердің көзін іздеуі; екіншіден,оқу-ағату һәм тәуелсіздік, елдік мәселесіне өте белсенді болған; үшіншіден, құдай жолына тәу етіп барған.

(ҚР Орталық мемлекеттік архивінде «Приговоры волостный выборных и разная переписка» атты №540-қорда сақталған)

 Ақышты болыс дегеніміз: Есенгелді бидің ұрпағы алты алашқа аты мәшһүр болған атақты бай Шідері Бөгісұлының кенже баласы Ақыш қажы Шідеріұлының 1906 жылғы болыс сайлауына түсуі жайын да ҚР Орталық Мемлекеттік архивтен алаштанушы Заңғар аға Кәрімхан тапқан дерек  айғақтайды.

1905-1907 жылдар Қазақстанның саяси өмірі мен ұлттық интеллигенцияның тарихында I және II Мемлекеттік Думаға (бүкілроссиялық парламент – авт.) сайлауға дайындық пен оны өткізуге байланысты оқиғалар ерекшеленді. Бұл науқандарға ұлттық интеллигенцияның белгілі өкілдері белсенді түрде араласты.

Бұл сайлау өңірлерде байлар мен болыстарды, ел ардақтыларын да желпіндірді.

Жоғарыдағы архивтік материалда Ақыш қажының болыстық сайлауға қатысуы және қатысқаны туралы өзінің қолын қазақтың ұлттық жазуы төте жазумен қойғандығы көрсетіліп отыр. 

Жоғарыда тек екі парақты ғана ұсынып отырмыз. 

Біріншісі, болыстың өз қолы қойылғандығын айғақтайтын парақ.

Екінші парақта Ақыш қажының 1906 жылғы сайлауда 38 жаста екені көрсетілген бұған қарап біз Ақыш қажы Шідеріұлы 1868 жылы туғандығын нақты анықтай аламыз.

Сонымен қатар Маңырақ болысынан басқата кандидаттардың есімдері және парақтың соңында Маңырақ болысының мөрі басылған.

Үшінші парақта жалпы өңірлік болыс сайлауына түсіп, әр болыстықтан жоғары дауыс жинаған болыстықтар мен болыстардың есім-сойлары көрсетілген.

Қыдырмолла Құрбанқажыұлы Терісайрық болысынан, Ақыш қажы Шідеріұлы Маңырақ болысынан, Зейнолла Бұтабайұлы Шілікті болысынан, Жәкула Күшікұлы Өкпеті болысынан, Отыншы Әлжанұлы Нарын болысынан қатысып, сайлау көрігін қыздырды. ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған «Приговоры волостный выборных и разная переписка» атты №540-қорда жоғарыда біз есімін келтірген шығыстағы Алаш байларының қатарын да Ақыш қажы бастаған ел жақсыларының уездік сайлаудағы нәтижелері жарияланған. 

 Ақышты би дегеніміз:  оның 17 болыс Найманың төбе би болып сайланғаны ауызекі деректер де һәм өткеннен жеткен тарих жыр-дастандарда кездеседі.

Ақыш бидің атақ-абыройы, әділдігі һәм парасаты Тарбағатай даласына кең тараған, сол замандағы рулар арасындағы жер дауы, жесір дауын төрелігін айтып, дұрыс шешіп отырған.

Ақыш қажының өсиетнамасы бойынша «Сатының бір баласы Есенгелді ұрпақтары бір-бірлеріңмен қыз алыспаңдар, таза, ақаусыз нәсіл қалыптастырыңдар және сапалы ұрпақ қамын естен шығармаңдар».

Міне, бұл бүгінгі би атамыздың ұрпақтарына өнеге һәм өмірлік ұстанымдарына айналар сара жол. 

 Ұлттық баспасөздің шырақшыларының бірі

Байлардың пейiлi меценаттыққа ұласып, ортадан қаражат шығарып кiтап, газет-журнал жариялау, қозғалысқа бiрiгу – Алаш ағартушылығының дәйектi жұмысын жандандырып, Алаштың үні болған «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы һәм Алаштың саяси һәм рухани астанасы Семей қаласынан «Сарыарқа» газеті 1917 жылдан алғашқы сандары шыға бастағаны тарихтан белгілі. 

(«Сарыарқа» газетінің1919 жылғы 27 қаңтардағы №67 санында)

Жоғарыда атап өткен ұлттық баспасөздің тірегі әр өңірдегі қазақтың бай-бағландары және болыс-билері болғанын және газет-журналдарды ауыл арасына әкеліп сусындатқандары халқына деген аса бір жанашырлықтан, ұлттың ертеңіне алаңдағандықтан, өркениетке ұмтылғандықтан материалдық байлықтарын рухани байлықтың жолында сарп еткен.

Өткен ғасыр басында жарық көрген газет-журналдарда әрбір санында, әр өңірдегі демеушілерінің есімдері беріліп отырған.

  Аталған басылымның 1919 жылғы 27 қаңтардағы №67-санында газетке жазылып, демеуші болған байлардың аттары мен болыстықтары тізім ретімен келтірілген. Мұнда 24 бай-ауқатты жанның есімі аталады: 

Аталған байлардың және ұлттық буржазияның қатарында Маңырақ болысының болысы Ақыш қажы Шідеріұлының да есім-сойы тайға таңба басқандай көрсетіледі.

Олар: Қарқаралыда Шоқабай баласына – 1, Ақбай баласына – 2, Ақай баласына – 3; Темірші болысында: Ораңқай баласына – 121, Бабыр баласына – 17, Павладарда: Барлыбай баласына – 8; Баянауылда: Жүсіпбек ақсақалға – 20, Зайсанда: Жомартбай баласына – 1, Жабай баласына – 1, Сәрсеке баласына – 1, Терісайрық болысында Құрбанқажы баласына – 13, Өкпеті болысында Күшік баласына – 17, Нарын болысында Сәрсен баласына – 18, Шілік болысында Бұтабай баласына – 19, Маңырақ болысында Шідері баласына – 25; Хабарасу болысында Нұғманға – 26; Базар болысында Өкебай баласына – 30; Өскеменде Елбосын баласына – 11; Көлен баласына – 12; Ұлан болысында Жәкежан баласына – 29-30; Әлихан баласына – 29-28; Шыңғыстай болысында Ережеп баласына – 33-31; Қалия болысында Қайрамбай баласына – 89-88. 

Бұдан байқап отырғанымыздай, шығыс өңірдегі қазақ байлары соның ішінде Ақыш қажы Шідеріұлы ұлттық мұрат жолында қолындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды, Алаш идеясына берілгендігін ісімен көрсетті және осы жолда аянып қалмады.

 1917 жылғы тар қапас

1917 жылы «Сарыварқа» газетінің №2 санында «Ақыш қажы Шідеріұлының тұтқынға алынуы» деген тақырыптағы ақпараттық мақалада:

«Юннің 5 күні Семейге Параходпен Ахметжан Шідеріұлын Зайсаннан алып келіп Семейдің абақтысына жапты.

Ахметжан (жайдағы аты Ақыш қажы)  Маңырақ елінің адамы бұрын көп жыл болыс болған.

Бертін келе орысша тіл білетіннен болыс болады деген жарлық шыққан соң болыстықтан қалған.

Бірақ сайланған кісінің атағы болыс еді дағы әмір жүргізуші Ақыш қажы.

Ахметжанды жабуының себебі, бұл кісінің елге істеген ісі, зорлығы, өз алдына үкім шығаруы, өзін хан есебінде ұстауы, кеңес үкіметінің орнауына қарсы...

...Мұндай адамдар әр елде бар, өзім билеймін, өзім төстеймін..»

Осы бір шағын ғана ақпарат болыс һәм қажы Ақышты індете іздеуімізге жол ашты.

Осы ақпарат жазылудан бір жыл бұрын бүкіл қазақ даласын дүр сілкінткен ұлт-азаттық көтерілісінің Тарбағатай өңіріндегі басшыларының бірі осы Ақыш қажы Шідеріұлы болғанын архивтік материалдар және анықтамалық деректер нақты факті ретінде көрсетіп отыр.

(1917 жылғы «Сарыарқа» газетінің №2 санында Ақыш қажы Шідеріұлының тұтқынға алынуы)

 20-30 жылдардағы аумалы-төкпелі аласапыран заман

XX ғасырдың 20 жылдары заманының беталысын кәдімгі тамыршыдай баса білетін, көреген Ақыш қажы қызыл үкіметтің қазаққа опа бермейтін дөп басып, тани білсе керек. 

Келе жатқан апаттан халқын аман сақтау қамына кіріседі. 

Ақыш қажының арғы бетке қомданып буынып-түйініп жатқанын жансыздар жеткізссе керек, тал түсте бір отряд қызыл әскер үйді қоршауға алып, дүние-мүлікті тінте бастаған, бірақ еш себеп таба алмай салымдары суға кеткенін көрген Ақыш қажы бір малын жықтырып, ет пен қымызды қатар қойып шақырусыз келген қонағын төрге шығарып сылқита тойдырған екен.

Қымыздан сіміріп, еттен асаған солдаттар қуатты тамақ буындарына түсіп кетсе керек, ел орнына отырған шақта мұрттай ұшып ұйқыға бас қойған тұста, Ақыш қажының жасақтары жатқан жерлерінен тарпа бас салып ұстап қол-аяқтарын матап отырып байлап, жандайшаптардыдың бір тал шашына да тиіспей, Ақыш қажы: «Бұларды жазым қылар болсақ, арттағы халыққа кесіріміз тиер, тимейік деп байлауда жатқандардың ішіндегі қазақтарға ескерту жасаған сендерге бүгін жан олжа, бұдан кейін бейуаз халыққа қиянат жасамаңдар, жазаларыңды тек құдай берсін!» деп, оларды жұртқа тастап кетіпті.

Қоныс ауыстырып елінен жырақтауына 1916 жылғы Тарбағатайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне бастамашы топтың басында тұрғаны, Шығыстағы халықтың хан етіп сайлағаны, 30 жыл бойы Маңырақтың болысы болғаны, Алаш зиялыларымен тығыз байланысы, ұлттық баспасөз бен Алаш атты әскеріне де қолдауы мен қатар көмегін аямағаны.

Тәркілеу, қуғын-сүргін, жазықсыздан жазықсыз бейкүнә халықты қырып тастау – совет үкіметінің кесепаты.

ҚР Президент архив қорындағы табылған дерек көздерге сүйенсек, елдің алдын арғы бетке орналастырғанан кейін Маңырақта, Кеңсайда төрт-бес рет құпия жиналыс өткендігі, жиналыстың өтуіне арғы беттен жөн сілтеп, жол көрсетіп отырған Ақыш қажы екенін бірқанша куәгер тілдеріне тиек етеді.

Совет үкіметінің орнауына қарсы деген желеумен 1917 жылы Семей түрмесіне тоғытылғандығы, кесірлі үкіметінің Тарбағатайдағы ел жақсыларының соның ішінде Ақыш қажының маңдайынан сипамайтыны бесенеден белгілі.

Бірқанша мәрте ашылған жиналыста талқыланған маңызды мәселе артта қалған елін тайлы-тұяғымен бәрін көшіріп әкету, көшке совет әскері кедергі келтірер болса, Ақыш қажы қарулы жасақ дайындап шекарадан өткізіп алатындығы жайында айтқан.

Сонымен бірінші легі 1927-1928 жылдары, екінші легі 1929-1932 жылдардың бас шенінен қозғала бастағаны.

1930 жылы қызыл жендеттер Ақыш қажының аталас туыстары Байпейіс қажы, Нұртаза қажыныңұлы Ихсан бастатқан 15 адамды бір түнде Зайсан қаласының іргесінде атып өлтірген.

1930 жылдардың жаз ортасында Маңырақ болысынан шекараны бетке алып көшіп бара жатқан көштің алды-артынан қоршап бір қауым елді Маңырақтың бөктерінде жусатып тастаған.

Бүгінде сол қырғыншылық болған жер «Қызыл қырған» деп аталып бүгінге жетті, совет отаршылдарының қанқұйлы әрекеттері бейкүнә халықты аяусыз жаныштағаны, қуғын-сүргінге ұшыратқаны еш уақытта ұмыттылмақ емес.

Өмірінің соңы

Ақыш қажының өмірінің соңы құсада өтті десек те артық айтпаймыз, арғы бетке босқын болып өткеннен кейін бақ-дәулеті де орталайды және ол жақтағы кертарпа Шың Шысай билігі және тұрғылықты мәнжүр, қалмақ шонжарлары сондай-ақ қаны бір бауырлас үкірдай, зәңгілердің бақастық-бақталастық пиғылдары көрнеуде болмаса да астыртын әрекеттерін жасап отырған.

Бұндай теперіштердің барлығы саналы адамға оңай тимейтіні ақиқат!

Аумалы-төкпелі заманда көшкен елмен бірге адуынды ақын Әріпжан Жанұзақұлы да Құлыстай өлкесіне қоныс аударған.

Арып-ашыққан, бұрын ауыздарынан май ағып отыратын халықты көрген төпе жырдың сүлейі Әріпжан Жанұзақұлы:

Бес Саты деген ел едік,

Шалқып бір жатқан көл едік.

Қайырбай, Ақыш сабазым,

Жұрт ішінде асқан бел едің.

Кемімеген кен едің,

Қыдыр шалған ел едің.

Құдіретімен Алланың,

Ой, қапа болып жүдедік, – деп ел басына түскен ауыртпалықты дәп басып отырып айтқан.

Тағы бірде қайқы Иманғали ақын былай жырлаған:

Бағыланды ауызға алдым қажы Ақыш,

Қалтырмас сөйлегенде сөзден нақыш.

Ұстаған құрастырып жегжат елді,

Сатыда болған емес сізден тапқыш.

 

Көтерді қарағайдай елдің назын,

Дүниенің мөлшерлеушең көппен азын.

Бір күнде жандаралдан асып едің,

Бұл күнде бір орташа болдың қажым..

Міне, қос ақының өлең жолдарына қарап-ақ, Ақыш қажының өмірінің соңы қандай халде өткенін топшылауымызға болады.

Ақыш қажының сүйгі Дөрбілжін ауданы Қырықошақ деген жердегі жасанды көлдің астында қалды.

Ұлы мұрат жолында еш тартынбай, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ақыш қажы Шідеріұлының есімі қайта жаңғырып, тарихи бағасын алатынына бек сенімдімін!

Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ, алаштанушы, әдебиет зерттеушісі, жазушы