Толыққанды ұлт болудың шарттары қандай?
18.06.2024 1229

Еліміз тәуелсіздік алған соң халқымыздың өткенi мен кеткенi, тапқаны мен жоғалтқаны, тiлi мен дiлi, болашағы мен болмысы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Олардың көбiнде ғылыми-саяси сараптамадан бұрын эмоциялық бяандау басым. Тіпті қарапайым оқырманды былай қойып, кәсіби әлеуметтанушы мамандардың өзі халық, ұлт, нация атты үш түрлi түсiнiктi бiр-бiрiмен әлі күні шатыстырып жүр. Сол себепті, осы ұғымдардың ара-жігін қазіргі қазақи түсінікке жақындатып ажыратып түсіндіруді жөн көрдік.


Орыс тілдік ұғымға жүгінсек, халық – народ (саны аз халық – народность), ұлт – национальность, нация – нация (бұл халықаралық термин). Ал әлеуметтану ілімі бойынша: халық дегенміз – тайпалық одақтастықтың бірігуінен пайда болған бірыңғай этностық топ. Бірақ, кез-келген халық әртүрлі ру-тайпалар қауымдасуынан кездейсоқ  пайда болмайды. Халық – халық болып қалыптасу барысында объективті және субъективті прогресс пен процесстерді (үдеріс пен үрдістерді) басынан кешеді. Әулеттер топтасып руды құрды. Рулар бірлесіп тайпалық одақ пайда болды. Ал, тайпалар одағынан халықтың пайда болуына алғышарттар жасалады. Ру-тайпаларды біріктіретін басты объективті фактор генетикалық байланыстар. Және де геосаяси мүдделер мен бірін-біріне тәуелді етіп тұрған экономикалық мұқтаждықтар. Осы мақсаттың орындалуына келешек ұрпақтың тағдырын ойлаған әулет ақсақалдары, рубасылары, тайпа көсемдері мен қолбасшылар дара этностың пайда болып қалыптасуында субъективті рөл атқарды.

Тіпті кейбір тарихи ірі тұлғалар өздерінің саяси және әскери іс-әрекеттерімен жер жүзінде адамзат ұрпақтарының тілі мен діліне, діні мен мәдениетіне, кәсібі мен шаруашылығына сәйкес жеке-жеке қоғамдық қауымдар құрып, әр түрлі халықтардың қалыптасуына тікелей түрткі болды. Мысал үшін Шыңғысханның Еуразия кеңістігіндегі саяси және тарихи рөлін айтуға болады. Қазақ халқы Шыңғыс қағанатының ыдырауынан кейінгі дәуірде түркі және мұңғыл тайпаларының бірігуінен пайда болып қалыптасты.

Генетикалық байланыстар – рулар мен тайпалардың бір-бірімен ұдайы құдандалық қарым-қатынастарда болып қан жаңартып, ұрпақ жаңғыртып  өсіп-өну процесінің жемісі. Халық қалыптасуының алғашқы кезеңінде, біріншіден, осы генетикалық байланыстар тамыр жайып тереңдеген сайын, сол халыққа тән антропологиялық тип жасалды; екіншіден, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар кеңейген сайын тілдік қатынастағы тайпалық диалектілер біртіндеп жойылып, сол халықтың біртұтас ұлттық тілі қалыптасады. 

Осылайша, кез-келген халық өзінің халық ретінде қалыптасу кезеңінде өз тілін өзі жасап, осы тума тілінің арқасында ұлттық сипатқа ие болды. Сондықтан, ұлтты айқандайтын дүние – оның тілі.  Тілін ұмытқан халық ұлттық сипатынан айрылады. 

Өкінішке қарай, ұлттық сипатының негізі тілінен айырылып бара жатқан ұсақ ұлтар мен ұлыстар дүниежүзінде аз емес. Қазіргі жаһандану заманында меншікті мемлекеті жоқ саны аз халықтар қай елде де ең әуелі тілдік тұрғыдан ұлт ретінде құрып кетіп жатыр немесе құрып кету қаупі төніп тұр. Ана тілін ұмытып, ұлттық қасиетін жоғалтқаннан кейін ғана  халық  халық  ретінде біртіндеп жойылып, өзін бодан болдырған үлкен халыққа сіңіп кетеді.

Ендеше, тіл – халықтың ұлттылығын сипаттайтын ең негізгі қасиеті. Кез-келген адамның қандай ру-тайпаларға, қандай халықка жататындығы оның генетикалық шығу тегіне байланысты болады да, ұлттық сипаты оның ана тілі ретінде сөйлеген тілімен анықталады. Бұған дүниежүзіне тарыдай шашылып өмір сүрген еврей халқы өкілдерінің тағдыры анық мысал бола алады. Қазіргі Израильден шет елдерде тұрып, өздерін еврейміз деп жүргендердің бәрі дерлік иврит тілін мүлде білмейді. Бірақ сол еврейміз дейтіндер қайда да, қашан да өздерінің генетикалық түп тамырынан нәр алып, өзгелерден ерекшеленіп оқшауланады. Олар әлемдегі саяси, әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделгіш келеді; бөтен ұлт тілдерін ана тілі ретінде қабылдап, жетік меңгереді; кез-келген қоғамда өзара үйлесімді орта жасап, өнімді еңбек істеп, жап-жақсы өмір сүреді. Ұрпақтарын да солай тәрбиелейді. Еврейлер сөйтіп ұлттылығын жоғалтса да, генетикалық байланыстарын үзбей дүниенің түпкір-түпкірінде халықтығын сақтап қалып отыр. Олардың ұлылығы осында. Сол секілді орыс тілді жұртшылық боп кеткен қазақтар да қазақ халқының генетикалық өкілі болса да, қазақ тілін білмейтіндіктен, қазақ ұлтының өкіліне жатпайды. Қазақ тілін білмейтін қандастарымыз ұлттық тұрғыдан емес, тек этностық тұрғыдан ғана қазақ болып қала алады.  

Ендеше ұлт деп басым көпшілігі өзінің ана тілінде жетік немесе қанағаттандырарлық деңгейде сөйлей білетін біртұтас халықты айтамыз. Тілінің тұтастығы ғана халыққа ұлттық сипат беріп, сол халықтың өзі жасаған рухани, мәдени және материалдық құндылықтарын келешек ұрпақтарына жеткізіп, арықарай дамуына мүмкіндік береді. Жалпы, халық «бір этнос – бір тәуелсіз ел» принципі бойынша ғана біртұтас ұлт боп тез  қалыптаса алады. XVIII ғасырда басталған Патшалық Ресейдің отарлау саясаты мен XX ғасырда жеңген қазан төңкерісі, осы «бір этнос – бір ел» принципі бойынша XV ғасырдың екінші жартысынан бастап өзінше жеке-дара халық та ұлт та болып  қалыптасқан қазақ қауымының біртұтастығын бұзып, оның ұлттық құндылыған бірнеше ғасырға кері шегіндіріп тастады. Соның салдарынан қазақ халқы күні бүгінге шейін толыққұнды ұлт боп қайтадан қалыптаса  алмай келеді.

****

Ал «нация» дегеніміз ұлт деген ұғымнан жоғары тұрған көпмәнді күрделі түсінік. Өйткені, нацияның мазмұны ұлттай емес уақыт пен кеңістікте өзгеріске жиі ұшырап отырады. Сондықтан да, осы XXI ғасырға дейін нацияға әркім әртүрілі анықтама беріп келді. Әсіресе, бұрынғы Кеңестер Одағында нация мен ұлт идеологиялық нысанамен әдейі бұрмаланып, бірмәнді түсінікпен сипатталды.

Шын мәнінде, нация дегеніміз – индустриялық қоғамның заңды һәм шартты талаптарына жан-жақты жауап бере алатын ұлттық қауымның  дамыған түрі ғана. Яғни, кез келген халық біртұтас ұлт боп әбден қалыптаспайынша ешуақытта нацияға айнала алмайды. Бұл - өткен және қазіргі адамзат баласының басынан кешкен және кешіп жатқан өмір тәжірибесі 

Жалпы адамзат тарихында мемлекеттік басқару жүйесін барынша жетілдіре отырып, өз елдерінде саяси, ғылыми, мәдени және әлеуметтік мәселелерді дер кезінде дұрыс шешіп, осы мәселелерден туындаған іс-шараларды сәтті  де табысты ұйымдатырып және экономикасының өндіргіш күштерін өз ұрпақтарының күш-жігерімен орната алған ұлттар ғана нация бола алады. Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада өнеркәсіп революциясы басталғаннан кейін индустриялық қоғамның құрылысы мен әлемдік экономиканың негізін қалаушы ағылшын, неміс, француз, орыс сияқты ірі-ірі нациялардың қалыптасу процессі бір-бірімен қосарлана жүрілді. Бұл процесс бірнеше ғасырға созылып, 20 ғасырда Азия құрылығында да жапон, корей, қытай сияқты экономикасы қуатты ірі-ірі нациялар дүниеге келді. Қысқасын айтқанда, тарихта өз елін ауылшаруашылықты (аграрлы) елдер қатарынан индустриялы держава дәрежесіне өз күшімен көтеріп шығараған ұлт (халық) ғана нация боп қалыптаса алады. Өкінішке қарай, осындай нация болу мүмкіндігін қазақ халқына тағдыр әлі сыйламай келеді.                  

Батыс Еуропада индустриялық қоғам тудырған нациялардың қалыптасуы, негізінен, «бір ұлт – бір мемлекет» принципі бойынша іске асты. Ұлттық мүдделерді мақсат тұтқан үстемшіл саясаттың, озық ғылым мен терең білімнің негізінде құрылған қуатты экономиканың арқасында ағылшын, неміс, француз, орыс сияқты үлкен ұлттар өздерінің ана тілдерін әлемдік үстем тілге айналдырып үлгерді. Нацияларды қалыптастырған осы ұлттар кезінде сандық және сапалық (ой-өрістік, кәсіпкерлік) жағынан басқалардан әлдеқайда артық бола білді. Осындай прогрессшіл ұлттардың өкілдері ғана әлемдік экономиканың негізін салып, бүгінгі адамзат өркениетінің көшін бастап, экономикалық, саяси, әскери бәсекелерде  алдарына жан салмай  салтанат құрып келеді. Ал, өркениеттен кенжелеп қалған халықтар мен ұлттар өздерінің өмірдегі сәтсіздігі мен қоғамдағы керітартпалығын сол ұлы нациялардың озбырлығынан ғана емес, ой-өрісінің тарлығынан да көргендері дұрыс.        

Еуропа ұлттарының нация боп қалыптасуы барысында қала өмірі мен ауыл өмірі бір деңгейде өркендеді; ел азаматтары тұрмыста да, мәдениетте де біркелкі әлеуметтік теңдікке қол жеткізді; ұлттар мен халықтарда кездесе беретін феодалдық қоғаммен қалыптасқан керітартпа  ой-сананың қалдығы – рушылдық және тайпашылдық  қарым-қатынастар жойылды; халықтық демократия деген түсінік пайда болды; нация құрушы ұлтпен басқарылған мемлекет азаматтарының тіршілік деңгейі бұрынғыдай олардың ұлттық құндылықтырымен емес, өз экономикасының жетістіктерінің жемісі болған өмірінің өскелең игіліктерімен өлшенетін болды. Нәтижесінде қоғамдағы  қарым-қатынастар өркениетті түрге көшті де ұлттық мемлекет мемлекет-нацияға айналды. Қазіргі типтік парламенттік еуропалық мемлекет – мемлекет-нация. Мемлекет-нацияға азаматтылықтың  қатысы  аз болады. Себебі, азаматтылық – адамның шыққан тегі мен этностық сипатымен байланысы жоқ заңдық санат (категория). Азаматтылықтан шығуға болады, азаматтылыққа кіруге болады. Бірақ, бұдан боп жеке адамның қандай халыққа, қандай ұлтқа, қандай нацияға жататындығы өзгермейді. Сондықтан, неміс қайда да - неміс, жапон қайда да - жапон. Олар қай елге барса да өз нацияларының өркениеттілігімен құрмет пен мәртебеге ие.

Сонымен ұлт пен нацияның айырмашылығын айтар болсақ: ұлт, негізінде, тілмен анықталатын болса, нация жетілген тілмен ғана емес, ол ең алдымен экономикалық жетістіктердің жемісі – өркениетімен ерекшеленеді. Өркениет дегеніміз – өнеркәсібі, ғылымы, мәдениеті, өнері, әлеуметтік өмірі басқаларға үлгі боларлықтай биік деңгейде дамыған; мемлекеттік тілі толық жетіліп, аймақтық немесе халықаралық қарым-қатынастарда орныққан өкілдеріне тән саяси-экономикалық артықшылық. 

****

Ал, қазіргі жаһандану заманында адамзат қоғамының эволюциялық дамысы ілгерлеген сайын нация деген сөздің мән-мағынасын жоғарыда біз сөз еткен қысқаша ғылыми анықтамамен түсіндіре салу қиындап барады. Өйткені, 19-20 ғасырларда ұлттық мемлекеттердің құрылуымен қалыптасқан ірі-ірі батысеуропалық нациялар постиндустриялық қоғамнан осы заманғы ақпараттық қоғамға өту барысында «тұтас Еуропа» сипатына топтаса бастады. Бұл процесс үлкенді-кішілі нациялардың 21 ғасырда ыдыраушылыққа ұшырап, аймақтық (региондық) индентиттермен алмасатынан білдіреді. Басқаша айтқанда, жаһандануды тудырған озық технология, ақпараттық революция, жаһандық миграция әлемдегі үлкенді-кішілі нацияларды супернацияларға  біріктіру процесі басталды. Бұған дәлел –  Еуропа Одағы. 

Қазіргі біздің заманымыздың басты ерекшелігі – жаһанданумен басталып жүріліп жатқан биік технологиялық және ақпараттық революциялар дүниежүзі елдерін түгелдей шарпып, осы заманғы қоғамның экономикалық, қаржылық, саяси, мәдени, әлеуметтік және басқа да өміршең салаларының бәріне бірдей ықпал етуде. Бұл, шын мәнінде, бұрын-соңды болып көрмеген әлемдік құбылыс бүкіл адамзаттың ой-санасына интелектуалдық деңгейде үлкен өзгерістер әкелді. 

Кез-келген мемлекетте виртуалданған өмір салты  қалыптасуда. Бүгінгі  өмірде жас ұрпақтарды қоғамның классикалық құндылықтары емес, озық технологиялық өнімдері ғана қызықтыратын рухсыз орта пайда бола бастады. Құрлықтар мен елдерді бөлген мемлекетаралық шекаралар мен саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік шектеулер өркениетті ұлттар мен елдердің өзара қарым-қатынастарына бөгет болудан қалып барады. 

Электрондық бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық немесе ұлтаралық тілдер боп қалыптасып кеткен қазіргі ағылшын, неміс, француз, испан, орыс, қытай, араб сияқты тілдердің арнасы мен аясын одан ары кеңейтіп, олардың қолданылу мүмкіндігін күннен-күнге күшейте түсуде. Әрине, осындай жаппай жаһандану жағдайында  халықтың, ұлттың, нацияның біз білетін қалыптасу заңдарының бұзылуының өзі заңдылыққа саяды. 

Биік технология мен ақпараттық революция бүгінгі күнге шейін нация боп қалыптасып үлгермеген қазақ сияқты тұтынушы халықтар мен ұлттарды тіке тығырықка әкеп тіреді. Осы тығырықтан шығудың  жолы мен мүмкіндігін кім тауып  берсе, сол адамның аты-жөні қазақ халқының тарихында ұлттық құтқарушы ретінде алтын әріппен жазылып қалуы хақ!

Ұлттық өркендеуімізге тежеу боларлық тағы жағдай – бүгінгі адамзат технология туғызған ақпараттық революциямен ғана шектеліп қалмайын деп тұр. Ғылымның ең жаңа салалары – биотехнология мен нанотехнологиядағы прогресс пен процесстер ақпараттық технологиямен қолданыла отырып, ХХІ ғасырда әлемдік экономиканы түбегейлі өзгеріске  ұшырататыны айқын болды. 

Осы технологиялық революциялардың барысында ұлттар мен нациялардың елдер мен аймақтардың арасындағы теңсіздік сақталып қана қоймай, одан ары ұшыға түсуі де ықтималдыққа айналды. Осындай жағдайда саны аз, не экономикасы әлі әлсіз ұлттар мен халықтарға  қуатты ірі нациялардың саяси және экономикалық ықпалы күшейе түсуі де сөзсіз. 

Қазір «кім өндіре біледі – сол көндіре біледі» принципі жеңіске жеткізіп жатыр. Өндіргіш күштері тек шикізат шығаруға негізделген Қазақстан сияқты  тек тұтынушы ретінде әрекет еткен немесе экономикасы мүлде әлсіз үшінші мемлекеттер үшін жергілікті ұлтынан жаңа нация жасау мүмкіндігі жоқтың қасы. Ірі нациялардың қолымен жасалған әлем экономикасының жаһандануы сол үстемшіл нациялардың тілдері мен ділдерінің жаһандану процессін барынша жылдамдатты. Нәтижесінде,  биік технология мен оның өнімдерінің ең соңғы озық үлгілері туралы жаңа ақпараттар мен тың мағлұматтар бірнеше тілдерде ғана әлемге тарайтын болды. 

Осы биік технология мен оның өнімдерін сипаттайтын әлемдік тілдердегі ғылыми және техникалық түпнұсқалық әдебиеттер мен ақпараттарды үлкенді-кішілі ұлттар өз тілдеріне аударып, игіліктеріне жаратқысы келгенімен, оған өндірістік және ақпараттық технологиялардың тез өзгергіштігі, электронданған өмірдің  жылдам екпіні мүлде үлгертпеуде. Бұл да сан жылдар бойы тәуелділік тезіне түсіп  тұралап келген қазақ тілі үшін де асуы биік бөгет болып отыр.   

Сонымен қандай бір халық толыққұнды ұлт ретінде қалыптаспайынша, оның нация боп қалыптасуы мүмкін емес екендігіне  көзіміз  жеткендей болды. Олай болса, қандастарымыздың жартысынан көбі шетелдерде тұратындықтан, елдегі қазақтың көбі  ана тілін білмейтіндіктен бүгінгі қазақ қауымы – шашыраңқы халық, шалалау ұлт, сондықтан ол нацияға жатпайды. Осыны мойындап барып іс-әрекет жасамасақ қателесеміз. Біздіңше, нация боп қалыптасу қазақтар үшін – алыс болашақтың ісі де, толыққұнды ұлт боп қалыптасу – жақын келешектің ісі болмақ. 

Өнеркәсіпті де, қаржыны да, ауылшаруашылықты да, байланысты да, көлікті де, тұрмысты да, ғылымды да, білімді де, мәдениетті де, өнерді де электрондық  құрал-жабдықтарға  тікелей тәуелді еткен  биік технология мен ақпараттық революция саясатты да  өзіне бағындырып, интеллигенцияға деген сұранысты құлдыратты. Дамысты елдерде көпшілік бұқарамен манипуляция жасау әдістері және қоғамды басқару тетіктері зиялылардың қолынан технологтардың, ақпаратшылардың, сарапшылардың, бағдарламашылардың қолына көшті. Саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары айтып-жазған тәлім-тәрбие сөздері бүгінгі жас ұрпаққа әсер етуден қалып барады. Адамның талғамы рухани құндылықтармен емес, биіктехнологиялық жетістіктермен және ақпараттық деңгеймен анықталатын күнге жеттік.

Осы орайда адамды жаңа технология мен тың ақпаратқа тез де төте жеткізуге қабілетті тілдердің ғана мәртебесі өсуде. Сондықтан да, бүгінгі қазақ тілінің тағдырын зиялы қауымға емес, технология мен ақпарат өкілдеріне тапсыру әлдеқайда тиімді. Өйткені, қазақ тілі гуманитарлық тіл боп қалыптасса да, оның жалаң гуманитарлығы оны толыққұнды мемлекеттік тілге айналдырып үлгермеді.

Осы шалалықты жоюдың жалғыз да тура жолы – қазақ тілін  жаңа технологиялық және күрделі техникалық ғылым мен білімнің салаларына міндетті түрде енгізу. Бұл тезис ұлттық идеяға айналу үшін, кезінде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға  көшіргендегідей ұлттық санамызды селк еткізерлік саяси батылдық керек. Сонда ғана тілге қатысты жоспар-шаралар  құр айғай-шу мен бос байбаламмен  емес, тек ұлттық   мүдделерді мұрат тұтқан мемлекетіміздің байыпты билігімен (нақты  әрекет, қаржы, бағдарлама т.б.)  іске асып, қазақ тілінің проблемасы ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде оңды шешілуі  мүмкін.