Қазақстанда алғаш рет Леонардо да Винчидің La Bella Principessa туындысы ұсынылды
Бөлісу:
06.06.20241763
Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Scripta Maneant баспасы ұйытқы болуымен «La Bella Principessa» көрмесі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Италияның Мәдениет институтының, Forte Bank және Mastercard-тың қолдауымен ұйымдастырылған көрме өтті. Әлемге танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына арнайы ұйымдастырылған. Сондай-ақ ұйымдастырушылар туындыны алғаш рет Еуропа өңірінен тыс басқа елге шығарып отыр.
Көрмеге Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Ж.М. Марко Альберти, Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, «ForteBank» АҚ Басқарушы директоры Әлия Есжан, Қазақстан мен Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Санжар Камалов, Scripta Maneant Бас директоры және негізін қалаушы Джорджио Армароли мен БАҚ өкілдері қатысты.
Орта Азия елдерінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрменің маңыздылығын жиналған сарапшылар мен спикерлер ерекше атап өтті.
La Bella Principessa картинасы – XV ғасырдың аяғында Леонардо да Винчи салған италиялық ақсүйектер отбасынан шыққан жас қыздың портреті. Астанадағы Италия елшілігінің хабарлауынша, бұл туынды шебердің ең жұмбақ әрі тартымды туындыларының бірі. Бұған дейін картина әлем бойынша 5 рет қана қойылған.
«Өздеріңізбен Ұлттық музей қабырғасында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Ұлттық музей биыл алғаш рет мерейтойын атап өтті. Музей ашылғаннан бастап, Елорда қонақтары мен тұрғындарының сүйікті орнына айналды десек болады. Музейде түрлі ғылыми жобалар іске асып, әртүрлі көрмелер ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы мәдениеттің дамуына үлкен мән беріп отыр. Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мәдениеті мен ұлттық құндылығының сақталуына көп көңіл бөлген болатын. Мәдени мұраны қорғау және насихаттауды жүзеге асыру тапсырылған еді. Осы ретте музейлердің маңызы зор екенін айтқым келеді.
Енді бүгінгі көрмеге келетін болсақ. Бұл Қазақстан-Италия қарым-қатынасының жоғарғы деңгейде екендігін көрсетеді. Леонардо да Винчи кескіндеме, ғылым, инженерия, анатомия сияқты салаларда жемісті еңбек еткен адамзаттың ең ұлы тұлғаларының бірі десек қателеспейміз. Оның кескіндеме саласындағы инновациясы қазіргі күнге дейін баршамызға шабыт беріп келеді. Бұл іс-шара Қазақстан мен Италия арасындағы байланысқа жаңа серпін береді деген сенімдемін», – деді ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Қарсақбайқызы.
Леонардо да Винчидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші беделді ғалымдардың бірі саналатын британдық өнертанушы Мартин Кемп «Сұлу Ханшайым» (La Bella Principessa) деп атаған бойжеткеннің портреті Варшавада сақталған Сфорциада кодексінің көшірмесіне енгізілген. Бір қырымен бейнелеген бойжеткеннің бейнесі XV ғасырдағы томның ішінен алынған.
Портрет Паскаль Коттенің Париждегі студиясында мультиспектральды сканерлеу әдісімен егжей-тегжей зерттелген. Ол техникалық зерттеу барысында Леонардоға ғана тән техниканы, атап айтқанда бояуды араластыру үшін суреттегі бейненің оң қолының шетін пайдаланатын техникасын анықтаған. Пентименттер де анықталған, әсіресе бойжеткеннің бас жағында. Яғни зақымданған жерлерге кейінірек ретушь жасалғанын көруге болады.
Бойжеткеннің профилі тушь арқылы өте нәзік және жұқа етіп бейнеленген. Суретші сондай-ақ қылқаламмен жұқалап бояу жағып, фонға рельефтілік бере алған. Кейіндеу жағылған бояулар бейненің сұлбасын күшейте түскен. Ақ пен қызыл түстер араластырып жағылған бояуды суретші саусақтарының ұштарымен жұқартып, суретке реңк бере түскен. Бойжеткеннің денесінің кей жерлері пастельмен және бояумен салынған. Пергаменке салынған суреттегі бойжеткеннің көзі әдемі кірпікпен көмкеріліп, оның сұлулығын одан әрі ашып тұр.
Сұлу Ханшайым (La Bella Principessa) trois crayons немесе құрғақ қара, қызыл және ақ түсті бор қолданылатын аралас техникамен салынып, дәстүрлі сұйық сиямен әрленген. Сары түсті пергамент бетіне түскен қара, қызыл және ақ түстер көз алдымызға табиғи түске жақын бояуларды әкеліп отыр.
Бойжеткеннің сезімге толы осынау бейнесі XV ғасырдың соңында сән болған киім элементтері мен шаштың үлгісін паш етіп қана қоймай, Беатриче д’Эсте Миландағы Сфорца сарайында болған кезеңдегі – 1491 мен 1497 жылдар арасындағы Кватроченто дәуірінің костюмін де таныстырып отыр.
«Мен бүгін көрменің құрметіне орай италияша сөйлейтін боламын. Әрине, Леонардоның құрметіне орай! Бірден журналистердің тұрақты қоятын үш сұрағына жауап берсем деймін. Бұл көрме не үшін ұйымдастырылды? Жауабы: Осындай таңғажайып туындыны насихаттау үшін. Қазақ халқымен біздің құндылықтарымыз ұқсайды. Мәдениет – диалогтың алаңы, мәдениет арқылы біз бизнес серіктестік жасай аламыз. Бұл көрме неге биыл ұйымдастырылды? Жауабы: Биыл Қазақстан мен Италия арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді десек болады. Баршаңыз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Римге барған болатын. Біз сол орайда италиялық мәдениет институтын құрған болатынбыз. Бизнес те екі ел арасында қарқынды дамып келеді. Осы іс-шаралардың барлығын тарих парақтарында жазып қою керектігін біз жақсы білеміз. Үшінші сұрақ: Неге Леонардо да Винчи? Италияның шынайы символы – Леанардо да Винчи! Ол – болашақты насихаттайтын суретші. Заманауилық дегеніміз тек инновация емес. Бұл жерде құндылықтармен байланысқан инновацияны жаңашылдық дер едім. Мен бүгін көрменің осындай жоғарғы деңгейде өткеніне қатты қуаныштымын. Көрменің өтуіне атсалысқан Ұлттық музейдің басшылығына да алғыс айтқым келеді. Экранда біздің барлық демеушілеріміз бейнеленген. Және ол демеушілердің өкілдері де отыр. Бірақ біздің басты демеушіміз – сіздерсіздер! Себебі сіздер арқылы халық бұл жаңалықты оқитын болады. Бізге қолдау білдіріңіздер! Сіздерге көп рақмет!» – деп түсіндірді Италияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альберти.
Леонардо да Винчидің таңғажайып туындысы Ұлттық музей қабырғасында 4 тамызға дейін ілініп тұрады.