1921-1922 жылдары Торғай өңірінде болған ашаршылық тауқыметі
04.06.2024 1861

1920 жылы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1921 жылы Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырай бастады. 1921 жылы Торғай даласында болған ашаршылық салдарынан Шұбалаң, Майқара, Сарықопа сынды болыстар жойылып кетуге шақ қалды. Қостанай губерниясында аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар қатар жүріп, адамдар тышқан аулап, бір-бірінің етін жеп, қайыршылық күй кешті. Бұл жайлы қазақ баспасөзінде: «Адамнан қасқыр қашпайтын болды, ит пен қасқыр талтүсте адам жейтін болды», - деп жазылды. 


Торғай өңіріндегі ашаршылық жайы «Ақ жол» газетінің күн тәртібінен түспеді. «Ақ жол» газетіне «Шын», «Мадияр», «Шалман», «Келте қара», «Торғайұлы», «К.» бүркеншек есімімен жазылған мақалалар, ашаршылыққа бей-жай қарап отырған  үкіметті қатаң сынады. Нәтижесінде Торғай үйезінің аш-арық бөлімінің комиссиясы құрылып, Семей өңіріндегі қазақ зиялылары ашаршылыққа тап болған өңірлерге жылу жинаумен айналысқан-ды.

Назарларыңызға «Ақ жол» газетіне жарық көрген, Торғай өңіріндегі ашаршылықтың жай-күйін баяндаған мақалаларды ұсынамыз: 

 

«Ақ жол» №19, 28 январь, 1921 жыл.

ҚАЗАҚСТАНДА

Торғай үйезінде ауру көбейіп барады. Иесіз иен қалған үйлер бар. Қыс ерте түсті. Жер мұз. Мал өліп жатыр. Қара мал ноябрь басынан-ақ қолға қарады. Елде пішен аз. Ет салығын ел беріп жатыр. Мал мен жанға ауырмалдық бірдей түсіп, шаруа күйзеліп тұр.

 

«Ақ жол» №45, 9 апрель, 1921 жыл.

 

ЕЛ КҮЙЗЕЛДІ

Тарих жүзінде алаш ұранды қазақ-қырғыздың басынан кешкен ағымның зоры баяғы «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болса керек. Оған енді 200 жыл өтті. Сонда қазақ пен қалмақ соғысып, қалмақ жеңіп, қазақтар кір жуып, кіндік кескен мекенінен ауып, ботадай боздап босқан екен. Сол ағымды басынан кешірген жыраулардың мұңлы зарын бұл күнге шейін жұрт ұмытпаған.

Мына заман қай заман қысқан заман?

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман!

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

 

Мына заман қай заман бағы заман?

Баяғыдай болар ма тағы заман!

Қарындастан қара үзіп қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

 

Осы «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламадан» кейін де қазақ-қырғыз тапқа құралып отырып, ел болып кетіп еді. Онан кейін талай жұттар «ақ тышқан, көк тышқандар», «ұлы қоян, кіші қояндар» – кешегі аты шулы «доңыздар» өтті. Бұл жұттарда қазақ-қырғызға тұқымдық мал қалдырып, 5-10 жылдан кейін елеусіз болып ұмытылып еді. 

1916 жыл бүкіл қазақтың басына қорқыныш туып, айрықша Жетісу қазақ-қырғызы қырғын тауып жатқан. Малдан оңбай, туып өскен жерінен қош айтысып, азып-тозып қашып кетіп еді. Бұл сорлылардың басына бостандық күні туып өлгені өліп, тірілері мекендеріне қайтып, бұл күнде қыбырлап ел қатарына қосылған болып отыр. Жетісу қазақ-қырғызының мал-мүлкінің айырылғаны бір сәрі, адамның жүзден он бесі қырғын тауып еді.

17-18 жылдарда Түркістанда ашаршылық болып, жұрт малынан айырылып, адамы босып, Сырдария қазақтары шыбындай қырылды. Бала-шағаларын, қатын – қыздарын сатты. Бірақ келер жылы егін шығымды болып, жалпы жұрт тоқшылық көріп, Сырдария қазағының дені аман қалып еді. Жоғарғы айтқандардан көрінеді. Қазақ-қырғыз талай тайғақ кешу, тар көпірден өткендігі. Енді кеңес хүкіметінің заманы-ау деп демімізді алып, төңкеріс жемісіне ортақ болып, саяси теңдікке орнығып, тіршілігіміз түзеліп, ел қатарына қосылып едік. Әлі де сорымыз арылмаған екен. Арқадағы алаш жұтқа ұшырап, ашаршылық азабын шегіп отырмыз.

«Ақ жол» жүзінде Арқа елінің күздеулігі бұрында жазылып келіп еді. Соңғы күндері алынған хаттардың анық хабарына қарасақ, жас көңілге қайғы толып отыр. Жұтаған мал, қалың ауру, қаптаған өлім.

Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазға салым ашаршылық күтіп тұрмыз. Елден азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді, мал өліп жатыр, жұрт жаяу, аш–жалаңаш. Омбы үйезінде жан қалатын емес. Жұрт арық, өлім күшті. Темір үйезінде жұт ауру қалың. Бөкей ордасының қазақтары «томаршық» деген ағаштың безін қағып жиып жатыр. Он қарасы бар үй бүкіл бөкейлікте үлкен бай саналады. «Томаршық» тілесең ет, тілесең нан болып тұр. Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күзді күні өлген малдардың өлексесін қарасынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, әрі аурулы қылып бейшаралар қырылып жатыр.

Міне, Арқадағы бес облыстың (Ақмола, Семей, Орал, Бөкейлік, Торғай) жайы. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қазақтың есінен 200 жылдай шықпаған болса, биылғы жұт ашаршылық өткен замандағы апаттардан он есе ауыр тисе керек. Өз басымыздан ауыр халді өткізіп тұрмыз. Ақтабан шұбырындыда қазақ-қырғыз қоныс аударып, аман қалған болса, қазіргі заманда барар жер, басар тауымыз белгілі.

Үміт аз. Өйткені ел осындай күйзеліп, ашығып, қырылып жатқанда, қара суға семірген қайғысыздар, атқа мінген антұрғандар қысылған жұртқа жәрдем берудің орнына, бүлінген елден бүлдірге алып, пәлені молайтып жатқанын естиміз. Оларға елдің зарыққаны, өлгені, тірілгені қанша керек! «Дүниені топан су қаптаса өзім аман болайын».

         Қазақстан Республикасының хүкіметі қайда? Не шара қарастырып жатыр?

Біз һеш нәрсе білмейміз, ойлаймыз, қарап отырмаған шығар деп. Қам қылып жатқан шығар деп ел ерге қарайды, ер жерге қарайды. Оны білген хүкімет, елін сүйген азамат мынау апаттан еліңді аман алып қалу шарасына кіріс.

Ел күйзелді!

Мадияр

 

«Ақ жол» № 61, 19 май, 1921 жыл.

 

ТОРҒАЙ ҮЙЕЗІНДЕ ЖҰТ

Торғай үйезінде 12 болыс ел бар. Әрине бұлар бір үйезді болғандығы үшін тіршілігі, шаруашылығы, тұрмысы бірдей. Тек азық-түлік жағынан бірінші һәм 1-ші Нарзим деген ескі болыс. Басқа болыстардан гөрі нанға тоғырақ болады. Себебі жеріне астық шығады. Һәм егіні мол Қостанай үйезімен шектес басқа 11 болыс Қостанайға айдап барып малын сатып аттың жалы, атанның қомымен астық алып қатын бала асырайтын еді.

Өткен 20 жылдың жазында жаңбыр болмай жерге шөп, аз-маз шашылған егін шықпай қалды. (шабын шыққан қара торғай болысында сары тал, шақпақ деген екі – ақ жер, ол қанша елге тығын болады) жығылған үстіне жұдырық дегендей 20 жылы 10 октябрьде қар жауып, артынан мұз түсіп қалды. Бұл қыс бұрынғы мерзімді ағытынан 3 ай бұрын түсті.

Екінші Торғай үйезіне мал салығы ауыр тиді. Қыс ішінде азық-түлік мекемелерінің кісілері ел ішіне шығып малды қырдырып бар күнелтетін көлігін сыпыртып алып Қостанайға ет арттырумен болды.

Бұрын бұл сияқты ауыртпалықты көрмеген қазақ есі шығып қалған малына, жанына қам қыла алмады. Қылуға мүмкін де болмады. Қолындағы іске татырлық малы азық-түлік кісілері алып өздері құдай өзің сақта деп отыра берді. Құдай сақтау орнына боранмен тұншықтырып малды алды-алдына ағыншылыққа ұшыратты. Ел малын жан таласып бағып қараса да шөпсіз діңкесі құрып февральдан бері қарай қоралап қой айдаған, желілеп жылқы байлаған, табан ақы маңдай тері сіңіріп жинаған малынан тегіс дерлік айырылып отыр. Бүгін ескіше 15 март әлі күнге қар кеткен жоқ. Малдың қалатынының шекарасы айрылған жоқ.

Торғай үйезінде барлық малдың 4 бөлгенінің үшеуін жұтқа беріп біреуі қалса мал тұқымы қалды деуге болады. Бұл мал жұты екінші адам жұты бола ма деген қауіп күннен күнге күшейіп барады. Мәселен Аққұм, Қайдауыл болыстарынан ұзамай-ақ адамның аштан өле бастағанын көрсек керек. Себебі байда да, кедейде де астық жоқ. Бұған шейін астығы жоғы барынан ауысып ішіп келіп еді. Енді ауысуға байдың өзінің сойарлық малы, ішерлік астығы қалмады. Қысқасы 1917 жылғы Түркістан тақиясын Торғай халқы да киетін шығар.

Бұл адам жұтына себеп Торғайдың аудандық азық-түлік бөлімі. Оның бастығы орыс болып халықтың қал жайына ша- руасына қарамай бірен-саран мынауың дұрыс емес деуші қазақ болса, сен қазағыңа тартасын деп бет бақтырмай өз дегенімен халықтың бар жарамды көлігін оған бұған жұмсап жан басына берілетін 20 қадақ бидайды Торғай қаласынан 450 шақырым жердегі Қостанайдан аласын. Басқа жерден берілмейді деп тіпті оған барғанша қазақ көлігіне қазынаның етін арттырды. Қайтарда матаны жан есебіне келетін астықты алып қайтасын өзіңе 100 пұт астық алсаң 25 пұтын қазынаға түсіресін деп бұйрық берді.

Жолда шөп жоқ. Өзі жұтап жатқан ел Қостанай барғандардың көлігі түгіл, адамы өліп келіп жатыр. Бірді-жарымды астық әкелгені болса әуелі қазынан түгендеймін деп өзіне жөнді қалдырмай бәрін қазынаға сыпырып алды. «Ашынса тілді болады» деген. Кешегі Торғайдың үйездік сиезінде қазақтар азық-түлік бөлімі бастығының мойнына бар қиянаттарын қойды. Мұнан бұлай азық-түлік бастығына өзіміздің сайлап берген кісіміз отырсын деп қаулы шығарды. Бірақ бұл қаулысы «жау қайтқан соң қылышыңды тасқа шап» болып қалды.

Құдайдан болсын, адамнан болсын Торғайдың халы осы.

Торғай ұлы

 

«Ақ жол» № 72, 28 июнь, 1921 жыл.

 

ҚЫРСЫҚ

Өткен 1920 жылы нақ осы уақытта, биылғыға қарағанда, қазақтың даласы малға симады деуге болғандай еді. Семейден Орынборға ел ішімен көктей өтіп басынан – аяғын сүзгенде қазақтың барлық малы есептемей-ақ, қоралап қазына салығына айдаған малының өзі «көз сүріндіретін» еді. Жүруге жарамай қалған қойдың өзін тасуға қазақтың арбасы, көлігі жетпей, қазақтың өз малы өзіне қырсық болып еді. Жаманқала үйезінде (Орынбор губернасы) қазына салығына жиналған малдың, «бағымының» өте күштілігінен, жер қара, күн жылыда аштан қырылғанының өзі де жеткілікті еді. Қысқасын алғанда Орынбор-Семейдің екі арасындағы 2 мың шақырымдай жолдың үстінде «шашылған» малдың ұшы-қиыры жоқ сияқты.

Биылғы жылы тілшілерден мынадай хат алып отырмыз: Ырғыз үйезінің әсіресе Қарабұтақ һәм Ырғыз үйезіндегі 8 қазақ болысының халқы аштан ісіп-кеуіп қырылып жатыр. Қарабұтақ ауданында, осы күнде бірнеше ауылдар, болыстар қол асты түгелімен сары тышқан ұстап жеп жатыр. Бұл – анық. Өзім көзбен көрдім. Ырғыз, Шалқар, Қарабұтақ әрбір ауылда күніне, көшеде, жол ортасында 10-15 адам өліп тұрады. Біреудікін біреу ұрлап, тартып, өлтіріп алып сойып жеу, әрбір ауылда, болыстар- да бар. Астық әлі халыққа бір түйір тиген жоқ.

Бұл сияқты қырсықтың да болатындығын былтыр күз, күн ілгері – ақ болжауға мүмкін еді. Торғай, Ырғыз үйездерінің жері жаман бір түйір астық екпейтіндігі белгілі. Қасындағы астығы мол Жаманқала үйезіне түйемен кіріп, ботасын бозда- тып жермендік бидай алуға келген қазақтардың талайы түйеден таза айырылып, арқан, жіп, ақша қапшығынан қоса айырылып өз сашиканың «қонақ» үйіне жатып, қалта жұмысқа жегіліп, бол- маса қайыр сұрап, жаяулап екі қолын мұрнына тығып 600-700 шақырым жердегі үйлеріне қайтқан. Сонымен аштық, қырылыс астықпен мал «мемлекеттік» болғаннан бері қарай басталған. Орыстың астығының алғанынан артығы аман қалып аштықтан ешкім өлмеген болса қазақ қалған қалдық малымен бірге өзі қырылып отыр. Бұл да қазықтың тіршілігінің, шаруашылығының сүйегіне сінген қырсығының бір түрі.

Қазаққа осы уақытқа дейін бір түйір астық бөлмегенде малы бар деп бермеген шығар. Енді не жеймізбен отырмыз? Қазақтың малының түкке тұрмайтындығын көзімізбен көріп орысқа өлім жоқ, қазаққа қырғын бар екендігін ұғынып отырмыз.

Торғай Ырғызға барып қайтқан ТурЦИК мүшесі Каршинков өзінің баяндамасында жазады: кіші Қарақұмнан Торғайға дейін қасында қырылып жатқан малдың өлімтігін көрмеген бір қазақтың қыстауын көргенім жоқ деген. Өзеннен Баймұрат қорасына дейін арасы 100 шақырым өліктен кіші аяғын алып жүре алмайды. Жалғызқия болысынан 15 мың жылқы өлген. Күншығыс пен Түстіктің аралығынан соққан ызғырық жилеп аяздан, 40 градустан қырылған 10 болыс елдің малы оңтүстік пен күнбатыстың аралығына қарай ағып кірем деген судың батпағына батып қалған мал тегіс Торғай үйездерінің 100 ден 80-90 ға дейін қырылған. Бұрынғы заманда қыстың күні мал аяғынан жайылып, шана жүре алмайтын құмдарда әуелі жаңбыр жауып артынан аяз болып жердің бетін тегіс көк мұз алып мал түгіл қоян қырылып қалған еді.

Осы мағлұматтың бәрі Ташкеннен сол жерлерге барып көзімен көріп, құлағымен естіп келген кісілер барып өз қосылып жатқа үйездерінің іс бастығы болсын, сонда қалғандары болсын, арманды армансызды болсын әлі бір азамат бұл турада толық мағлұмат берген емес. Елдің қамын жеп жәрдем етіп жүрген, көмек көрсетіп отырған хүкіметіне «қамқорлықтарын» белгілі шығар дейміз. Адамдардың бәрі отбасындағы шаруаға кіріп түрлі саяси партия жұмысынан шыға алмай өз арасы «қырық пышақ» болып қол тимей жатса керек. Қырылып жатқан халық туралы ешнәрселер жазылмағанмен «саяси» жұмыстар туралы хабарлар уақытында қойылып тұрады. Ол әңгімелердің газет жүзіне шығып бүкіл Европаға мәлім болыпты.

Халық қырылып жатқанда еш бір қам қылмай, жұртты бір – бірімен «ырылдастыра» беруден артық намыс бар ма!

Мұны жазбай жасырып, бұғып, қорқып отыру адамнан да, құдайдан ұят болатын уақыт жетті. Аянатын жер қалған жоқ.

Рас, заманның тапшылығында тұрмыз бұрын салық заңы бой- ынша ауылдағы елдің бәрі де «мемлекеттің» есебінде міндетті артығымен жинаушы еді. Енді алым заңы шығып мемлекетке керегінен артық затты айырбасқа салуға ерік беріліп отыр. Біздің қазақта мал-жабдық, завод, фабрикадан жасалып шыққан кездеме сияқты затты жоқ немізбен айырбас қыламыз. Айырбассыз біреудің «көңілшектігін», «дәме етіп жәрдем күту» болмайды. Сондадағы бір лажын табу керек. Меніңше кіндіктен кездеме сұрау керек. Өлерде үніміз шықпағанда қашан шығады? Жер жүзін жаңғыртып жіберу керек. Ел қырылып жатқанда соның Европасынан ұяламыз ба? Ұялмағанның бетін айғыздай қылу керек. Кіндіктен кездеме алынса Түркістанда айырбас жүргізуге болады. Мәселені Түркістанның өзінен қозғағанмен бәрі бір кіндікке тіреледі. Айырбасқа керек завод, фабрикада жасалған заттың бәрі Россиядағы нәрсенің бәрі кіндіктің «есебінде». Бұл жұмыс КирЦик-тің өзінің кіндік жанындағы елшілігінің міндеті.

Қырылып жатқан қазақтың қолынан осы сияқты бірдеңе келе қалса оны үлгі ету КирЦик-тің ТурЦИК жағындағы елшілігінің мақсаты. Бұл елшіліктің жалғыз Түркістан емес басқа күншығыс республикаларымен де қатынасатын Түркістанда кіндіктің де уәкілдері бар. Сірә мәні зор болса керек еді. Бірақ осы күнге дейін елшілікте елшінің қара басынан басқа уайым жоқ. Ташкенге келген «азаматтың» көптігін қарамай елшілік оларды пайдалана алмай отыр. Бұл да біздің қырсығымыздың «алғы» бір түрі ғой деймін. Осы қырсықтарды құртуды қарастыру КирЦик-тің міндеті ау деймін.

Шын

 

«Ақ жол» №86, сәрсенбі, 1921жыл

 

ЕЛ КҮЙЗЕЛДІ

Өткен қыстың жұты, биылғы астықтың жоқтығы ашар- шылықтың күннен күнге үдеуі, оның үстіне мейірімсіз обаның да келіп қосылуы қазақтың тамырын кесіп, жұлынын үзіп, тұқымын құртатындай ел есіне қорқыныш түсірді. Елді ақылынан шатастырды. Бұл күнде ел көзіне өлімнің көлеңкесін елестетіп берді. Шаруа күйзелді. Ел күйінен айырылды...

Бұрын төрт түлік малға сыймай кең даланы толтырып шалқып жататын қазақ, бұл күнде тышқан аулауға, шегіртке жеп тамақ асырауға түсті, сөйтіп жан сақтауға кірісті. Қайран ел, сенің бағың қашан ашылар екен...

16 жылғы қырғыздар қырылысын, қырғыздар босқыншылығын 17-18 жылғы Түркістан ашаршылығын Николайдың темір жұдырығымен темір құрсауына, отаршылардың отаршылық саясатына жаланы жауып аударайық һәм ол өткен заман таршылық бір заман еді һәм ол өткен дәуірді таршылық бір дәуір дейік. Ал мына барлық жұртқа қамқоршыл, ортақшыл Кеңестер тұсында да сенің маңдайың ашылып, бақытың жүрмеді-ау...

         «Ақжол»-дың өткен санында Қостанайдан жазған тілші, ашаршылықтан елдің шегірке жеп жатқанын оның үстіне обаның қатайып, өлім-қазаның күшейгенін жазады. Ырғыз бен Торғайдың сарышұнақ тышқан аулап жонға шығып кеткенін мұнан бұрын тілшілер сан рет жазды. Оның бер жағында Торғай үйезі, Ұлытау маңайынан келген кісілер, қаны қашып, түсі қарайған, қапшығын арқалап көзі үңірейген адамдардың қара құрттай қаптап тышқан аулап жонда жүргенін көзіммен көргенде денем түшіркенді – ау! Дегенді айтып тілшілердің хабарын расқа шығарды.

Кент, шаһарлардағы «мәдени» халықтардан алыс сахарада жатқан қазақтардың тышқан жегені, шегіртке аулағаны былай тұрсын, бір адам адамгершілік, мәдениет кеніне жақын отарба жолындағы станцияларда журген қазақтардың ашаршылықтан қыстыкүнгі жемтік, өлексе терісін қақтап жеп отырғандарын көрдік деп талай кісілер сөйледі.

Орынбордағы Қазақстан хүкіметінің шығаратын «Роста» газеті Ақтөбе үйезінде бір түйір астықтың жоқтығын, қазақ малының жүзден 90-95-нің өткен қыс жұтта қырылғанын, Белорусьтің босып, қазақтың былтырдан бері-ақ ашыға бастағанын жазады.

Бұрын Торғай облысының диханшылықпен кәсіп ететін үйездері Ақтөбе, Қостанай еді. Тек мал шаруашылығымен ғана кәсіп ететіндері Торғай, Ырғыз үйездері болатын. Бұл күнде Қостанай мен Ақтөбе мұндай болса, Ырғызда не жан қалды?..

Мұндай ашаршылыққа күшті жәрдемін беріп, көмегін тигізетіндер кооперация болушы еді. Бұл сияқты көмек беретін хүкіметтің кооперациясы біздің қазақта жоқ.

Қазақ ішінде бұрқыратып астық егіп, астық өндіріп жатқан дихан да жоқ. Кездеме жасап шығарып жатқан жұмыскерлерде жоқ. Жалпы алғанда қазақтың жүзден 85 – 90-ы малмен кәсіп ететін шаруа еді. Мал түрі анау.

Олардың халін қайғырып, күн көріс, тіршілігімен танысқан ең болмаса күн бұрын барарлық, қонып жайласарлық жерін даярлайтын Қазақстан хүкіметінің түрі мынау! Сондықтан ел ішіндегі ел рухы, ел намысы бар азаматтар хүкіметке сеніп қарап тұрмай, ел ішімен астық жеткізетін орайлы, тиісті жері болса осы бастан қамына кірісу, қыс түспей шаруасын ойлау керек-ау деймін.

К.

 

«Ақ жол» №89, 25 сентябрь, 1921 жыл

 

ТОРҒАЙДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРМА

Торғай үйезінде ашаршылық ұзақ мезгіл болды. Қыста малға жейтін шөптер болмағандығынан жұртшылық болып 9243 түйе, 60745 жылқы, 45430 ірі қара, 179763 қой өлген. Қостанай қаласына барып ет тасып жүрген мезгілде жолда 3939 түйе тағы да өлген. Халық арасында ашаршылық, жұтшылық болмақшы. Өйткені биылғы жылы егіндері де болмай қалды.

 

«Ақ жол» №130, 14 январь, 1922 жыл.

ЕЛЕМЕСЕК ӨЛЕМІЗ!

(іс басындағы Қазақстан азаматтарының назарына)

«Ақжолдың» осы санында Торғай үйезі тақырыбында толық мағлұмат беріліп отыр. Жалғыз ғана Торғай үйезінің емес, басқа да сол сияқты «әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ», «ит өлместің» аралында дүниеден хабарсыз жатқан жердегі елдердің жәй-жағдайы осындай шығар деп, бір үйез туралы болса да, қолымыздағы бар мағлұматты толықтырып басуды мақсат көріп отырмыз.

Бұл сияқты жерлердің бас белгісі: базардан, темір жолдан, кәсіпшілігі мол қалалардан өте аулақ тұратындығы. Өзі егін екпесе, малы жұтап, көлігі қырылса, халық ашығып, жері шалғай болса жұрт не қылмақшы?.

–       Жұрт жалпағынан, ауыл, ауылнай, болыс қол-асты болып, топалаң тиген қойдай қырылмақшы...

Олай емес деп ешкім айта алмайды. Айтса да, баяғы жердің шалғайлығынан, білмегендіктен айтады. Алғаш «Ақжолдың» бетіне Ырғыз, Торғайдың ашаршылығы жазыла бастаған кезде бізге:

–       «Сендер аштықты күшейтіп жатырсыңдар, біз өзіміз ішкі Россияға астық беріп отырып басқадан «ұялмай» қалай жәрдем сұраймыз?.» деген кісілер болған.

Бірақ Торғай үйезіндегі аштықтың мағлұматын жинап, таразыға салып мөлшерін аламыз деуге бола ма? «Ақжолдың» осы санында Торғайдан басқа жердің де ашаршылығы туралы мағлұмат басылып отыр. Солардың өзінде дұрыс деуге бола ма? Осы санда Торғайдан хатпен келіп басылып отырған сөздер Торғайдың поштаханасына 8 ноябрьде түсіп, онда 4 декабрьге дейін, бір айдай жатып, Ташкенге тура екі ай деген де, 1 январьда өлдім-талдым дегенде зорға келіп отыр. Бұған нануға бола ма, нанбасқа бола ма? Бұл рас болған соңғы жерде Торғай даласында:

–«Адамнан қасқыр қашпайтын болды, ит пен қасқыр талтүсте адам жейтін болды» дегенге нанбасқа бола ма?

«Ашыққан ұры болады, ашынған долы болады» дегендей Торғайдың иесіз мидай даласында «парашыл төрелер», ұрылар, қасқыр мен «иттер» жемір болмағанда, кім жемір болады?! ...

Мінеки, дүниемен дұрыс қатынасы бар жерде «жұт жеті ағайынды» болса Торғайда «жұт жетпіс ағайынды» болуға тиіс. Мұны білмеген адам қазақ емес.

«Еңбекшіл қазақ» газетінің 2-ші санында Әуезов жолдас Торғай үйезі кіндік хүкіметтің ресми жариялап отырған ашыққан жерлер есебіне кірмей қалды деп жазып отыр. Бұл «Қазақстан Республикасына» ұят емес пе? Бұл кешірілмейтін қылмыс емес пе? Айыпкер кім болмақшы?

Орынбордағы «руста» газетінің өткен декабрьдің 12-сі күні шыққан санында да Мәскеуде Қазақстандағы аштық туралы ешбір мағлұматтың жоқтығын һәм жалғыз Мәскеу үшін емес, кәтта шет мемлекеттерде біліп тұруы үшін газеттер бетінде Қазақстан аштығы тақырыпты үгіт маусымын ашудың қажеттігін жазып отыр. Бұлай болғанда Торғайға не жорық? Торғай Қазақстанның шетке жол шықпайтын түбегінің ең қараңғы жері, шалғай түкпірлерінің бірі емес пе?

Осы себептердің арқасында Торғай үйезіне «ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» кебі келіп отыр. Болмаса әуел бастан 800 мың пұт астықты Көкшетауға тасытып, артынан Торғайға Тағы Атбасар мен Көкшетаудан 130 мың пұт астық беруге, тәртіп етуді «ермек» қылғанша Торғай аштарының міндетін Атбасарға арта салу керек еді. 800 мың пұттың қайда жіберілгенін білмегенмен де, ол астықтың барған жері Торғайдан жаман емес шығар.

Әуелден аштықты жасырмай, уақытында жәрдем сұрауға ұялмай, басқаға тағы мырзалық қылмай, егініміз «бітік» деп мақтанбай әңгіменің турасын анық қылып дұрыс, шынын жариялау қажет болды. «Ауруын жасырған өлер, борышын жасырған төлер», – деген.

Торғай үйезі сияқты шеткері жердегі елдің жайы басқадан өзгеше жаман екендігін ескеру бәрімізгеде бірдей борыш.

Шын.

 

«Ақ жол» №168 , 3 май, 1922 жыл

 

АШЫҚҚАН ЕЛ

 

Торғай керуені Ақмола губерниясының азық-түлік мекемелерінің иегінің астында жүдеп-жадап Атбасар үйезінде астық күткен Торғай керуені түңіліп 16 январьда 2 мың түйе, 1 мың кісі Ақмола үйезіне жылжиды. Ақмола үйезінде Ақсирақ, Ешім, Ақмола, Сарытерек һәм Арғын болыстарының сайлы керуенді күтіп алып, азық тауып алғанша деп үй-үйге көлікпен адамдарды бөліп асырап жатыр. Торғай аштары атынан Ақмола үйезіндегі осы жылы шырай көрсеткен ағайынға көп алғысын беремін.

Осы жатудың керуен үшін залалы айтып бітіргісіз. Тағы ай жарым бұйрық келгенді күтсек күйіміз әбден бітеді; адам жүдеді, көлік арыды, шығын бастан асты.

Біз Атбасар мен Ақмола арасында кезіп жүрміз, елдегі қатын-бала аштықтан қырылып жатыр. Қыстай Атбасар елінің рақымсыздығынан көліктің төрттен бірі расходқа жұмсалып, ұрланып шығын болды. Атбасар жеріндегі керуеннің шығыны айнала есепке алғанда расходтан басқа 20 процент болды, түйе, арқан, қап һәм бидай жоғалғанымен бірге. 

Атбасар хәкімдері ұрылармен жемтіктес болып, көзін таныған керуендердің ұрланған түйесін отказға қалдырып отырғанын көзіміз көрді. Мұндағы керуен халі елдегі қатын бала халі аса нашар.

Қайда біздің Қазақстан хүкіметін аштықта негіз салған азаматтарымыз? Қайда біздің алты алаштың тегіс қамын ойлайтын іс басындағы жастарымыз? Қайда біздей сорлының қолын көкке жеткіземін деуші қазақ коммунистеріміз? Ел басына күн туды ал қамдан! Ал қорға!!!

Уайым шығып көмегіңді қашан көрсетесін?

Торғай үйезінің Аш-арық бөлімінің комиссия мүшелері: Файзулла Ишанұлы, Батырхайыр Тоқтабаев, Шайқы Құлжанов.

 

Жауынбай Жылқыбайұлы