«Қазақ» газетіне жарияланған әдебиет кештері туралы
30.05.2024 1216

Өркениет – өткеннен басталады. Заманауи қазақ өркениетін Алаш зиялылары қалыптастырған десек, ешкім біздің сөзімізді терістей алмас. Қиын-қыстау заманда, ақ қар жастанып, көк мұз төсеніп жүріп, ұлттық құндылықты ұлықтаған, ұлт жауһарын аялаған ерлер шама-шарқысы жеткенше жер-жерде әдебиет кештерін ұйымдастырып, мәдениет дәнегін сепкен болатын. Бүгін оқырман назарына «Қазақ» газетіне жарияланған әдебиет кештері туралы мағлұмат бермекпіз.

Әдебиет кештері дегеніміз – ұлттық әдебиетіміз бен өнер, мәдениетіміздің рухани құндылықтарын жариялау, таныстыру. Бұл кешке анау-мынау емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ ақсүйектері (бай бағландары), өнер майталмандары мен оқыған-тоқығандары, студент жастары қатысып, өркениетті елдердегі кештерге пара-пар деңгейде өткізген рухани жиын, думан еді.

«Қазақ» жылнамасына қарай отырып, ескі күндердің есті оқиғаларын еске түсірейік:


Мақаланың кіріспесі: Қазақ тарихындағы әдебиет кештері

«Әдебиет кеші»

(Томскіден)

«Қазақ» газеті, 1915 жыл. №112.  15 март

    Өткен февралдің 19-нда Томда «Таркиун ислам» жамиғаты¹ әдебиет кеші жасады. Әуелгі бөлімі қазақ тұрмысынан алынған: қазақ үйінің іші, адамдарының келбеті, киім реті, қазақ салтанаты. Төр алдында қонақтар малдас құрып, қымыз үстінде үй отағасымен қызық әңгімеге кіріп, дуласып отырғаны. Ақ жаулықты, келбетті, жүріс- тұрысы маңызды бәйбішесі сары тегенедей сары айақпен қымыз кұйып беріп отыр. Төсек алдында жаңа түскен жас келіншек, сәукелесі басында, қайын сіңілісі қасында. Ұзындығы кез сәукеле, етегінен төгілген маржандар алтын-күміс жарқыраған теңгелер, қатар-қатар ойу салып тізген меруерттер қызылды-жасылды болып алыстан қараған кісінің көзіне шағылысын таңырқарлық тамаша көрінді. Қонақтың қасындағы ақыны домбыра шертіп, күй тартып сүйсініп тыңдайтын қазақтың белгілі әндерін шырқап салды. Мұның артынан төрт жігіт скрипка, гитара, мандалинаға қосылып ән салды, қазақша салынған өлең-әндер: «Мақпал, Балқадиша, Әлди бөпем», күйлер: «Шырмаулат, Жайау Мұса» болды.

   Бұл көріністер таңырқарлық тамаша демесең де, шамалы көңілдегідей өтті.

    Ойынның екінші һәм үшінші бөлімдерінде біздің қазақ тұрмысынан алған секілді, башқұрт, шеркеш жұрттарының тұрмысынан үлгі көрсетеді. Ноғай тілінде камедийа ойналды – «Күйеу іздеу» деген. Ноғайша жалғыз шығып, өлең айтқан ақында болды, қосылып та әнге салысты.

     Жиылған халықтың көбі ноғай: еркек, әйел аралас. Бар түсімнің 20%-і Карс мұсылмандары пайдасына беріліп, өзгесі жамиғат тәрбиесіндегі русша-мұсылманша мектеп пайдасына қалды. Расходын шығарғанда таза пайда 317 сом 38 тиын болды. Әдебиет кешінің бұл көргеннен өзге қанша пайдасы барлығын ойланған адам білер.

      Осыларды көріп отырып, бізде неге жоқ деп арман қыласың.

 Студент Ғ. А.

 

«Рухани мәдениет қарауылынан»

«Қазақ» газеті, 1915 жыл. №118. 12 апрел

    Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

    Рухани мәдениет жолындағы алдыңғы басқыш бастауыш мектеп. Сол мектептен басталық. Әр патшалықтағы бастауыш мектеп мұғалімінің санына халқының санын бөлсек, мұғалім басына келетін адамның саны:

Америкада 184 адам

Англияда 221 адам

Францияда 250 адам

Германияда 485 адам

Италияда 610 адам

Австрияда 710 адам

Ресейде 819 адам.

      Мұны қазақ тұрмысына аударсақ, алдыңғы озған солтүстік Америкада 37 үйге, жабылып қалған Ресей (мұнда бәрі оқымысты Финляндия жоқ) 164 үйге бір мұғалім келеді. Мұны тағы өзге сөзге аударсақ, Америкада қазақтың бір ауылында 3 мұғалім, Ресейде үш айға бір мұғалім келеді. Біздің Ресейде бастауыш мектеп мұғалімдердің саны 210 мың, Америкада 500 мың, мұнан 70% (жүзден 70-сі) әйел. Еуропа білгіштері жас баланың мінезіне еркектен гөрі әйел оқытқаны тынышты дейді. Мұғалім әйел болса, ол мектептегі оқу тәрбиесі жақсы болмақ.   

     Ғылым жолында 8-12 жасар балалар мектебінде болмақ, адам жасының есебінен көрінеді 8-12 шамасындағы жасты балалардың 9% ұл бала, 9%-тен азырақ кемі қыз бала болмақ. Осымен бастауыш оқудағы болатын ұл мен қыз шамасы 17%-18% болады. Бұл 17%-18% ғылым қарауылы. Осы қарауылға салса, қазақтың 20 үйінде жүз адам болады. Бұлардың ішінен 17-18 кісі оқуда болса, оқу қарауылына жөн келеді. Мұнан қазақ қай жағында жүргені оқушыларға белгілі.

      Осы ғылым қарауылы мен төмендегі жұрттардың оқу жолындағы дәрежесін жарыстырайық. Бастауыш мектептерде оқитын шәкірттердің жүз адамға келетін саны: ғылым қарауылы, йағни оқуда болуға тиісі 17%-18%

Америкада 21%

Англияда 18%

Германияда 17%

Австрияда 16%

Ресейде 4%.

     Мынау 4% есебінде Финляндия жоқ. Бұл зор оқымысты жұрт дәрежесінде. Анау жоғарғы есепке қарасақ, көрінеді: Солтүстік Америка оқу жарысында ғалым қарауылынан өтіп кеткен. Англия һәм Германия ғылым қарауылында жүр. Австрия бұған азырақ жеткен жоқ.

    «Қазақты» оқушылар білетін шығар: әскер солдаты жабайы көп жылдан ашық қараңғылығын көрсетеді. Жүз солдаттың ішінде қай патшада қаншасы хат білетінін көрсетейік:

Германияда 100-і түгел біледі

Англияда 96-ы.       

Жапонияда 95-і.     

Ресейде 38-і           

Францияда 94-i.   

   Германияда 100 деп оқушыларға оңай болуын көздеп жаздым, дұрысы 200 солдаттан бір-ақ солдат хат білмейді. Англия мен Франция солдаттарының хат білетіндерін Германиядан төмен етіп тұрған школы аз колониа- ларының солдаттары. Еуропада бұл екі жұрттың оқымыстылығы Германиядан кем емес.

     1897-нші жылғы жалпы жазуда Ресейде хат білетін адам жүзге 42. Мұның 29-і еркек, 13-і әйел. Қалғаны 58-і хатқа қараңғы. Германияда жүз адамнан бір кісі ғана хат білмейді. Америкада бұ да жоқ. Жұрт тегіс хат біледі. Бастауыш мектеп шығыны адам басынан:

Германияда 3 сом 54 тиын

Англияда 3 сом 80 тиын

Ресейде 44 тиын, 

      Біздің қазақ анау қол жетпестерді қойып, бала оқыту жолында жетемін десе, жүз үй ауылбасы 220 сом ақшаға мектеп ұстау керек. Бұл бір үйге 2 сом 20 тиыннан келеді. Бұл шығын осы күнгі бір тоқтының қолынан да жетпейді.

     Бір жылда бір бастауыш школда оқығандағы шығыны бала басына:

Германияда 22 сом 84 тиын.

Англияда 21 сом 58 тиын

Канадада (Англия) 61 сом 2 тиын.

Оранжевая республикада 64 сом 82 тиын.

Трансилванияда (бұ да сонда²) 52 сом 38 тиын.

Ресейде 11 сом 60 тиын.

    Неше жыл Г. Дума болғаннан бері тарқы сайасат партийалары бастауыш оқу школдарының расходын көбейте.

     Рухани мәдениет бір белгісі жұрт алып оқыған газета, поштаға салған хат, жұрт алысқан телеграм. Айнала жан-жағына көз салып, қазақ алып тұрған газета, журнал, хат, телеграмдарға қараса бұл біздің оқушыларға көрініп тұр. Жүз адамға салғанда келеді.

Германияда –  2 мың 627                 Францияда – 3 мың 217        Ресейде - 217                 

       Енді біраз сөз жоғарғы оқу турасынан. Университет – «Универсал» деген сөзден. Мұның мағынасы «тәмам ғылымды қоршап алған» деген. Мұнда барша ғылым жолы түгел болмақ. Қазақ сөзінде бұл сегіз құрлы болар. Толық университеттер төрт факультеті болмақ.

     Ресейде 11 университет бар. Мұның Томда, Саратовта, Петроградтағысы 4 факолтутті емес. Петроград университетінде де медицинский (дәрігер) факолтуті жоқ. Францияда 18 университеттің үшеуі-ақ толық. Біздің университеттердің бәрі Томдағыдан басқасы Еуропада, шетте жалғыз жатыр. «Қазақты» оқушылар біледі, Германияда 27 мемлекет бір ұйым болған.

Ресейде -«- 6 мың -«-

Францияда -«- 2 мың -«-.

                                            Қыр баласы

 

«Әдебиет кеші»

«Қазақ» газеті, 1915 жыл. №119.15 аперл

     11 апрел күні Орынборда шаһар театрында он проценті жаралы әскерлерге берілу шартымен Орынборда «Оқытушыларға жәрдем жамиғаты» пайдасына әдебиет кеші жасалды. Кешті жасаушылар мұндағы ноғай, қазақ жастары.

    Кеште халық тіпті көп болды. Билет ертеден сатылып бітіп, орын жетпегендіктен бірталай адамдар қайтып та кетісті. Орынбордың өз мұсылмандарынан басқа, маңайдағы елдерден де әдейі келушілер аз болған жоқ. Орынбор театры ғұмырында көрмеген күндік тартқан бәйбішелер мен тамақты отағасыларға да ең қадірлі ложаларынан орын берді.

     Кеш сағат 9 шамаларында басталып, бірінші пердеде ноғай шәкірттері Тоқаевтың «Туған тіл», Сейд Рамиевтің «Сіздер» деген өлеңдерін хормен жырлады. Оның артынан екі кісі мандалина һәм скрипкамен башқұртша «Сақмар» күйін тартты. Бұлардан соң қолына сырлы домбырасын ұстап алаңға ардақты «Арғын» (А. Б.) ақын шықты. Халық «Арғын» ақынды көрінгеннен- ақ қол шапақтап қарсы алды. «Арғын» ақын төре келіп тұрып, домбыраға қосылып «Соқыр қыз» деген әнге салды. Халық бұл әнді теп-тегіс ұйып ықыласпен тыңдады. Бұрын олай-пұлай шала білетін адамдардың өзінен естіп, қазақ атын кемсініп жүрген бірсыпыра адамдарға шейін ықыласпен қол шапалақтап, «бис!» қышқырып қайта шақырып алды. Тек артқы жақтағыларға домбыраның дауысы талып жетіп, ашық естілмеді. Онан соң екі кісі шығып, қара қарсы Тоқаевтың «Үйлену түгіл сөйлену» деген өлеңін айтты. Оның артынан «Хұсейнийа»-дағы қазақ шәкірттерінен он шақтысы қосылып «Ахау Семей» һәм «Қобақан» әндерінен салып, А. Б.-ның «Қазақ қалпы» деген, Ғ. Қарашевтың «Бар еді қазағым- ның оңған күні...» деген өлеңдерін айтты. Бұлардың ішінде бір екі бала үміт қылғаннан артық ашық дауыстарымен театрды жаңғырықтанып жіберді. Алдында жүрексініп жүрсе де, алаңға шыққан соң аруақ көтергендей ашылып кетті. Бұлардың артынан 12 жасар бала «Боланы» шығып, «Ксилофон»-да ноғайша «Жамғиа» һәм «Бала Мешкин» күйлерін ойнаған соң, махзұм әпенді Ғ. Тоқаевтың «Тіленші» деген өлеңін дикломироват етеді. Сонымен бірінші перде бітіп, антракттан кейін «Деншчик Ғали» деген пиеса ойналды. Мұны ойнаушылар ғұмума, жақсы шығарды, Әсіресе «Ғали» ролін ойнаған Ғ. Мутин әпенді келістірді. Бұл біткен соң антракт артынан үшінші перде басталды. Қылды музыка оркестрі «Ғабрахман» һәм «Екі бесте арасы» деген ноғай күйлерін ойнады. Оның артынан Кашев һәм Ғабдолла әпенділер «Ашқазар» әніне салып, «Қаратау» деген өлең айтты, Оның соңынан қажы Ибраһим әпенді шығып, «Ақ йигит» деген башқұртша ертегі айтты. Қажы Ибраһим әпендінің сөйлеуі бек келісті болса да, тым ұзынырақ болып халық жалығыңқырады. Онан соң тағы да «Арғын» ақын шығып «Кәмшат бөрік» әнін салды. «Арғын» артынан қазақ ханымдарынан Ғайнижамал Дулатова һәм Жаңыл ханым Кадырбаевалар шығып «Білім-ай», «Кәндірғазы» әндеріне салып өлен айтты. Бұларды халық қол шапақтап қарсы алды. Өлеңдерін ықыласпен тыңдап, соңынан «бис!» қышқырып, қайта шығарды. Бұл ханымдар екеуі де қазақша үстеріне айнала етегіне алтын оқа ұстаған бешпент, бастарына үкілі тақийа киіп шықты. Ханымдар бұрын мұндай топ алдында алаңға шықпауларына қа- рамай, көңілдегідей шығара алды. Мұнан бұрынғы мұндай әдебиет һәм шарқ кештерінде мұсылман әйелдері шығып, өз милли күйлерін өз ауыздарынан естіргені жоқ еді. Бұл жақтан бәйгені осы жолы біздің ханымдар алды. Ханымдардан кейін «Боланы» әпенді қоңыраулармен бір-екі башқұрт шығып, біреуі сыбызғы тартты, біреуі оған қосылып өлең айтты. Сонымен перде түсіп, антрактыдан кейін 4-нші перде басталды.

    Уақыт тар қалғандықтан бұл қысқартылды. «Боланы» әпенділер мандалина һәм гитарада ноғайша күйлер ойнаған соң тағы да Ғайнижамал һәм Жаңыл ханымдар шығып «Ахау лашын, майда шашым» әніне салып, М. Дулатовтың «Айырылу» деген өлеңін айтты. Бұ жолы да халық ықыласпен тыңдап, соңынан «бис!» қышқырса да, уақыт тарлығынан байағы башқұрттар сыбызғы ойнап, кеш айақтады.

    Ғұмыма қарағанда кеш көңілдегіден кем шыққан жоқ. Ноғайшасы болсын, қазақшасы болсын жақсы шықты. Әсіресе кешке рух беруші әлгі ханымдар болды: сондықтан оларға жақсы ойнауларымен құтты болсын айтып, рахмет оқимыз.

                                                                                                                              Бұртаң

 

«Омбыда әдебиет кеші»

«Қазақ» газеті, 1915 жыл. №122. 26 апрел

15-нші апрелде Омбыда әдебиет кеші жасалды: орысша, қазақша һәм ноғайша үш бөлім болды. Алаңда қазақ үйі тігілді. Үй алдында Орымбай һәм Тоғжан ақын болып оқушы жастардан Мұқтар Саматұғлы һәм Шайбай Иманұғлы қолына домбыра алып айтысты. Мұнан кейін осы екі жігіт мынау әндерге салды: «Қаракөз», «Майдақоңыр» һәм «Көзімнің қарасы». Соңғы әнді Шайбай әдемі салды. Бұлардан кейін ел бозбаласынан бір-екі жігіт ән салды. Бір қазақ шалы домбырамен күй тартты. Жай өлеңдер де айтылды. Қазақ өлеңдеріне тыңдаушылар өте риза болып, қол шапалақтады.

     Алаңдағы үйге кілем, көрпе төселіп, жасау жиылған еді. Омбыдағы қазақтардың қыз-келіншектері сырлы шарадан сапырып қымыз құйып беріп отырды.

      Ноғайша бір перделі «Ерім қайтты» деген комедия ойналды. Ноғай қыздары өлең айтып, өз ретінше көркем шығарды. Тамашаға жиылған халық көп болды.

 Бекмұхамед Серкебайұғлы

 

«Атбасарда театр»

«Қазақ» газеті, 1916 жыл. №166.  24 январ

Осы январдың 6-сында Атбасар қаласында хакімнің рұқсатымен общественный собранияда қазақ жастары қазақша театр ойнады. Басшылық қылушы – Садық мырза Мешенбаев. Қазақша лайықты театр кітабы болмағандықтан, театрға арналып жазылған болмаса да, оқыған жастар Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» өзгертіп, соны қойды. Ойыннан өнген ақшаның жартысы соғыс пайдасына, жартысы мұқтаж оқушылар пайдасына берілмек еді. Барлық түсім 513 сом 83 тиын болды.

       Бұл кеште жиылған топқа қымыз, шай беру қызметтерінде тұрғандар: Үкі Жаманова, Елемес Баржақсин жамағаты Айша ханым. Осындай өзге қызметтерін басқарысқан Шермұхамед молла Темірбеков, Досан Сейсебаев. Бұлардың көмегінде болған крестиаянс- кий начальник һәм следовательдің қатындары, Сара ханым Бағданова һәм басқалар.

      Әр түрлі жәрдемдерінде болған мырзалар: Омарбек Жанайдаров, Есет Жанбаев, Әділбек Майкөтов, Қорғанбек Нұрымов, Әлен Жылқайдаров, Жұмағұл Мырзанбетов.

     Ойнаушылар 25 кісідей болды. Жігіттерден: Қазыбек, Әбушақман, Әжмұ- хамед, Асанқожа, Жабағы, Тәлти, Қаскен, Сейітжан, Асқар, Омар, Рамазан, Мұхамедия, Әбухасан, Әбділқадір, Балмұқан, Мұртаза һәм Дүйсен.

    Әйелдерден: Шарифа Жаманқызы, Айкен Яқұпқызы, Хадиша Досанқызы, Майдашаш Жабайқызы, Жами ханым Майкөтова, Мағрипа Ыбырай жамағаты. Әйелдерге басшылық етіп жүрген - Әліш ханым Мешенбаева.

     Мұндай пайдалы іске көсемдік қылушы Садық мырза һәм оның қошаметінде бірге қызмет етуші мырзаларға һәм қыз-келіншектерге Тәңір жарылқасын айтамыз. Бұл іс өзге қалалардағы қазақтарға да өнеге болғай еді деп тілейміз.

      Бұл ойынға тамаша көру үшін келгендер өте риза болып тарқасты. Халық көп жиналған еді. 

Дүйсен Шопанов.

 

«Торғайда әдебиет кеші»

«Қазақ» газеті, 1916 жыл. №166. 24 январ

     Осы январдың 1-нде Торғайда қазақша әдебиет кеші жасалды. Басқарушы учитель Өмір Алмасов болды. Кештегі жиналған ақшаның 20%-ы соғыстан жараланған солдаттар пайдасына, қалғаны мұқтаж оқушыларға берілмек еді. Ойын болған үй тарлық қылып, келген жұрттың көбі билет ала алмай қайтып кетті.

     Ойынды жиылғандар асығыстықпен күтіп отырғанда, перде көтерілді.

      Кештің тәртібі былай еді:

      І бөлім

      Әдебиет кеші туралы Қосмұхамед отағасы Жабағиннің баяндама сөзі. Қазақ тұрмысынан Торғайдың оқыған жастарының бірі жазған бір перделік пьеса.

Ойнаушылар: 

1) Үй қожасы Тайшыбек – Өмір Алмасов.

2) Қонақ Есқұлы Уәлихан Қаратаев.

3) Учитель – Керім Тоқтабаев.

4) Қарақожа – Юсүп Темірбекова

     ІІ бөлім

1) Сейдахмед пен кедейлік айтысқаны: Байқадам Қаралдин һәм Қосмұхамед Жабағин.

2) Ақын домбырамен терме – Мұқаш Айнабеков.

3) Таза бұлақ (декламация) – Юсүп Темірбеков.

4) Қосылып айту «Жатыр» өлеңін әйелдер һәм еркектер.

       ІІІ бөлім

1) Жанақ пен баланың айтысқаны: Қаратаев һәм Ғалым Тоқтабаев.

2) Мұжық пен түлкі (үлгі сөз) – Ө.Алмасов.

3) Ақын домбырамен ән салды М.Айнабеков.

4) Қосылып айту – әйел һәм еркектер.

    Перде көтерілгенде, алаңда тігулі Тайшыбек байдың салтанатты киіз үйі көрінді. Сол мезгілде Қосмұхамед отағасы шығып, «Әдебиет» деген не нәрсе? Біздің қазақта қалайша басталған, бастап жол салушы кім? Мысалы, бұрынғы ақындардан бастап келіп, ақырын Ыбырай мархұм Алтынсаринге әкеп тіреп, осы күнгі үлгі етіп ұстарлық адамдар Ахмед Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, бұлардан басқа жас талапкерлерді қосып, мұнан соң да әдебиетімізді гүлдендіруші осылар деп, бірнеше мысалдар келтіріп, әдебиетпен таныстырды. Мұнан кейін бір перделік пьеса ойналды. Мұнда: штат, дау-жанжал жайын, оқу турасында; Қарақожаның бала оқытуы; ескі-жаңа тәртіп деген сөздер қозғатылды. Учитель қожаға қарсы келіп, ел алдағанын, орынсыз дәрігер болғандығын, сол себепті қазақтың надандықта қалғандығын көрсетеді.

     Мұнан соңғы перделеріндегі тәртіппен көрсетілген өлеңдердің бәрі де өте қолайлы шығып, халық артықша риза болды. Ақсақалдар, жұрт ағасы кісілер ойнаушы жастарға алғыс айтты.

                              Мұғалім Юсұп Темірбеков

 

Міне, ХХ ғасыр басында Семей, Омбы, Томбы, Атбасар, Торғай ... қай жерде болмасын қазақтың сөзі, әні, мұрасы театрға жол тартып, көрерменнің көзайымына айналып, ұлт мәдениеті қандай болатынын көрсетіп жатқан еді. Қазақтың бай мұрасы осылай дәріптеліп, бүгінгі әлемдік жауһарға айналды. 

 

Ж. Алаш

Жауынбай Жылқыбайұлы