Қазақтың мергендік өнері: Айқабақ ату
29.05.2024 1332

Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер бұл зат алтын бұйымнан жасалған болса «Алтынқабақ» деп аталған. Айқабақ көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылған бұйым. Бұл нағыз жамбы атудың қазақ халқына етене жалпыласқан түрі. Айқабақ ату көп жағдайда аса үлкен жиын, тойларда өткізіледі. Жауынгерлердің мергендігін шыңдайды. 


«Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейін анықтайтын шеберлік сынағы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бұл сайыстың өзіндік ережесі болғаны анық. 

Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер оңай мал табу үшін мерген болуы қажет. Мысалы, зерттеуші И.В.Аничковтың жазбасында, сайысқа әбден машақтанған мергендер қатысады, оғы дарыған адам Алтынқабақты олжалайтыны туралы айтылған (Аничков. И.В. Поездка на киргизские поминки в 1892 году. Казань. 1897). 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның бірінші томының 164-ші бетінде: «Алтынқабақ – садақшылардың мергендігі сыналатын сайыс. Ойының шарты – жаяу немесе ат үстінде шауып келе жатып, мерген сырықтың басына ішіне алтын-күміс, қойтұяқ, тайтұяқ жамбы салып іліп қойған «Алтынқабаққа» оғын дәл тигізу қажет» делінсе, аталмыш кітаптың 87-ші бетінде: «Айқабақ көлемі ай пішіндес құйылған сом күміс» деген анықтама беріліпті. Демек бұл да жамбының бір түрі. Мергендер осы айқабақ – жамбы атып сайысатын болған. Көне әдеби мұраларда бұл сайысты «Қабақ ату» деп те айтады. Қазіргі таңда халқымыздың осы сайыс түрін түрік бауырларымыз еншілеп, әлемдік додаларда «қабақ ату» атты стиль енгізуде. 

Бұл нысана мысырлықтардың көне жазбаларында «қабақ» деп аталыпты. Былайша айтқанда көне аталарымыздың «Айқабақ» немесе «Алтынқабақ» ату ойыны сияқты. Уақыт өте келе мәмлуктердің материалдық жағдай оңалып, жақсарған тұста биік діңгектің басына асқабақ пішіндес шыны ыдыс орналастырып, оның ішіне тірі кептер отырғызған. Белгілі бір қашықтықтан шауып өткен мерген ыдысты атады. Оқ тисе ыдыс сынып ішіндегі кептер ұшып шығатын болған. Бұндағы ерекшелік нысана шырқау биікке қойылады да, мерген оғын тік шаншылтып көкке қарай атады (Қайрат Сәки. Мәмлүктердің соғыс өнері. – Астана: Фолиант, 2015. – 114 б).

 

Сондай-ақ, мысырлық ғалымдардың жауынгерлік туралы жазбаларында «Қиғаш ату» деген болған. Бұндағы нысана сырғыма құм толтырылған қап. Оны төменге, яки биік жардың етегіне іліп қояды. Мерген шауып келіп жоғарыдан төмен қарай қиғыш атады. Жеке тисе қап жарылып құм ақтарылып түседі. Мысырлық түркі-қыпшақ оқымыстысы Тайбұқа ноян: «Қабақ ату, қиғаш ату тәсілдерін арабтар білмейді, бұл түркілердің (қыпшақтардың) өнері» деп жазады.

Айқабақ ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы. 

 

Қағылды бағанаға алтын қабақ, 

Айнала жиналған көп алды қамап.

Қондырып биік баған ортасына, 

Басына алтын жамбы қойды қадап 

Сүйтіп ел ат жаратып баптасады,

Жинап қымыз-сусынын тақтасады. 

Мергендер «Алтын қабақ атамыз» деп, 

Садақ майлап, мылтығын оқтасады... 

(«Талайы құл мен Әйім қыз» атты ғашықтық дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  22 – том. 112 - 103-бб) 

 

Алтын қабақ аттырды, 

Ат жүйрігін шаптырды. 

Мырзаға жорға мінгізді,

Жарлыға сарпай жаптырды 

(Қобыланды батыр жыры: Е. Тілеумағамбетұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  37– том. 136-б) 

 

Бес жүз үйді тіктіріп, 

Алтын қабақ аттырып, 

Күмістен табақ тарттырып, 

Қырық күндей той жасап, 

Салтанатын оздырып...

(Қобыланды батыр жыры: Н. Битілеуов нұсқасы.  Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  37– том. 230-б) 

 

 

Үш күн қатар мереке,

 Ат шаптырып жасады,

 Күрестіріп, қызықты. 

Алтын қабақ аттырды, 

Тамашаға батырды.

(«Шора батыр» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  51-том. 70-б)     

 

Артық туған ерлері, 

Ат шаптырып, той қылып,

Алтын қабақ аттырды, 

 Қызыққа жұртты баттырды. 

(«Ақжонысұлы Ер Кеңес» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  51-том. 265-б)

 

Алтын қабақ аттырды, 

Ат бәйгесін шаптырды, 

Риза етіп халықты,

Қуандырып шат қылды. 

Сапырулы сары қымыз 

Келген жанды мас қылды 

(«Құбығұл» атты дастанда: (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 52-том. 202-б

 

Шелектеп алтын шашады, 

Халық олжаға батады. 

Тамам мерген жиылып

 Алтын қабақ атады.     

 («Құбығұл» атты дастанда: (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  52-том. 202 б).

 

 

Алтын қабақ аттырды

Ат жүйрігін шаптырды. 

Мырзаға жорға мінгізді, 

Жарлыға сарпай жаптырды. 

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  37-том. 136-б)   

 

 

Сырнай-керней тарттырып

Алтын қабақ аттырып,

 Ноғайлының ішіне,

 Шулаған тойды береді. 

 (Батырлар жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 47-том. 354- б).

 

Әділше хан той қылды, 

«Берейін» деп ой қылды. 

Үш күн қатар мереке, 

Ат шаптырып жасады, 

Күрестіріп, қызықты. 

Алтын қабақ аттырды

Тамашаға батырды. 

(Шора батыр: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 200451-том. 69-70 бб).