Түрік пе, түркі ме?
23.05.2024 2072

Бүгінгі таңда ел болып етек-жеңін жиған түрік текті халықтар өз тарихын түгендеп, бұрмаланған беттерін түзетіп жатыр. Ел болып еңсемізді көтерген біздің жұрт үшін де өткендегі барын бағалап, жоғын жоқтайтын кезең туған сияқты.


Біз сөз еткелі отырған «түрік» этнонимі VI ғасырда пайда болған Түрік қағанатымен тікелей байланысты. Көне түріктер өз жазбаларында qrut (түрүк) немесе Krut (түр(ү)к) түрінде жазып, «түрүк» деп айтты. Көне түрік бітіг жазуының ерекшелігі негізінде қарайтын болсақ, бұл жазбалардағы «түрік» сөзінің бастапқы нұсқасы екі түрлі жазылғанымен, бірдей оқылатын еді. Транслитерациясы мен транскрипциясына қарайтын болсақ:        q r u t        K r u t

Транслитерациясы:   ü k r ü t     k r ü t

(оқу бағыты оңнан солға)

Транскрипциясы:       türük         tür(ü)k

Бірінші сөздегі лигатуралық таңба q (ük-kü, ök-kö) түрінде оқылады. Ал екінші сөздегі қызылмен белгілеген таңба u (ö,ü) дауысты дыбысының жазылу заңдылығы бойынша, егер бірінші буында еріндік дауысты дыбыс жазылса, келесі буындарда да еріндік дауысты дыбыс үндесім заңдылығы негізінде ды­бысталуы керек. Яғни транcлитерация­да осы екінші буындағы u (ö,ü) еріндік да­уысты дыбысы жазылмағанымен, транскрипциясында біз u (ö,ü) еріндік да­уысты дыбысын жазуымыз керек. Мысалы: NDUB bud(u)n – халық деген сөздегі сияқты.

Көне ұйғыр жазуларында «түрік» сөзі еш өзгеріссіз көне түрік тіліндегі сияқты «түрүк» деп жазылған. Транскрипциясы: Түрүк

Тарихи кезеңдерде түрік халқының түрлі жазуларды қолдануының да тіліне әсер еткендігін байқауға болады. Оның ең нақты кө­рінісін түріктердің дауыссыз дыбыстарға негізделген араб жазуын пайдалануынан аңғарамыз. Араб жазуына көшкен кезде біз «түрүк» сөзін бірден «түрік» сөзіне айналдырғанымыз байқалады. Шағатай және араб графикасына негізделген қазақ жазуларында біз «түрік» сөзінің өзгергенін анық байқаймыз. Шағатай және қадым жазуларында дауысты дыбыстар көбінесе жазылмады. Тек еріндік дыбыстар алғашқы буында көрсетілді. Осы кезеңнен бастап көне түріктердегі «түрүк» сөзі «түрік» болып өзгерген. Яғни қазақ халқының этнос ретінде қалыптасу үдерісімен бірге «і» дыбысы қалыптасып, «түрүк» атауының «түрік» болып өзгеруі байқалады.

«Түрік» сөзі қытай деректерінде «tie-le» (鐵勒) немесе «tu-jue» (突厥) түрінде кездескенімен, ресми түрде 542 жылы «tu-jue» (突厥) деп жазылды (Liu Mau-Tsai, Die Chinesischen Nachrichten zur Geschichte der Ost-Türken, I, Wiesbaden, 1958, s. 28; Harper, Douglas . «Online Etymology Dictionary». Ohio University. 2003. Archived from the original on 2007-02-11). Қытай тілінде «р» дыбысының бол­мауына байланысты көбінесе оның орнына «л» дыбысын білдіретін таңба­лар қойды. Сонымен қатар грек дерек­терінде Thrak, Targita, Tyrkae, үнді дерек­терінде Turukha, Turuška, Кіші Азия­дағы басқа деректерде Turukku деп кездесетін атаулардың осы түріктермен бай­ланысты екендігін білеміз. Тіптен кей­бір ғалымдар Тауратта жазылған (Тор кітабы) Togharina атауының осы түрік­тер­мен байланысты екендігін алға тартады (İbrahim Kafesoğlu, «Tarihte «Türk» Adı», Reşid Rahmeti Arat İçin, Ankara, 1966, s. 307).

«Түрік» сөзінің мағынасына байланысты ең көне дерек – қытай жылнамасы Сүй-шуда «tu-kie» сөзінің қытай тілінде «дулыға» деген мағына беретіндігі жазылған. Оның түріктердің темір өнді­ру­мен айналысып, Алтай тауын мекен ет­кендігімен және өздеріне арнап жа­саған, соғыста басына киген бас киімін осы тауға ұқсатып жасағандығымен байланыстырады. Кейіннен бұл сөз парсы тіліне «targ» түрінде еніп «дулыға» деген мағынаға ие болса керек (Bernhard Munkacsi, «Die Bedeutung des Namens der Türken», Körösi Csoma Archivum, I, (1921-925), s. 60- 61). Түріктердің өз тарапынан берілген алғашқы анықтамаға жүгінсек, Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде сол кезеңдегі ислам философиясының әсерімен «Бұл қауымның атын Тәңірінің өзі қойған, Нұх пайғамбардың Түрік деген ұлынан та­раған қауымға берілген атау» деп көр­се­тіледі (Kaşgarlı Mahmud, a.g.e., I, s. 353).

Ғылыми тұрғыда «түрік» сөзінің этимологиясына үңілген алғашқы ғалым А.Вам­бери болды. Ол «түрік» сөзін түрік тіліндегі «türe» сөзімен байланыстырып, «пайда болу, жаратылу» деген мағына берген дей келе, türe = tür= tür+ük (ük – көптік жалғауы) түріне айналған деген болжам ұсынған. Бұл да түріктердің тарих сахнасына шығуына қатысты әпсанамен тығыз байланысты сияқты. Қасқырдан тараған (пайда болған) деген мағынамен астасып жатқан секілді. Бұл көне замандағы халықтардың өз тарихын ұлықтау үшін жасаған мифологиялық қия­лынан туса керек. Бұл жағынан ежел­гі рим мифіндегі Римнің негізін қа­лаған, қасқыр емізген Ромул пен Рем оқи­ғасына ұқсайды. Дәл осындай бейне көне түрік бітігтастарының ішінде Бұ­ғыты мәтінтасында кездеседі. Қытай де­ректерінде де түріктердің қасқырдан шыққандығы жөніндегі мәліметтер мен түрік­тердің өздерінің бөрі текті және бөрілі байрақ алып жүруінің астарында осы таным жатса керек (Wolfram Eberhard, Çinin Şimal Komşuları, Ankara, 1996, s. 86). Ал неміс ғалымы Ф.В.К. Мюллер көне ұйғыр тіліндегі «erk» сөзі мен «түрік» сөзі арасында байланыс құ­рып, «түрік» сөзінің мағынасын «күшті, мықты, құдретті, ерікті» деп берген.

Алғашында тек билеуші тайпаның атауы болған «түрік» атауы кейіннен көш­пелі киіз туырлықты біраз халықты қам­тыды. Ал Түрік қағанаты тұсында оның қол астындағы барлық тайпаларға жалпылама түрде берілген атау болғандығын біз сол кезеңде жазылған мәтіндерден аң­ғарамыз: «Түркеш қаған түрігім, елім еді» (Білге қаған мәтіні, шығыс беті, 16-жол), «Түрік, оғыз бектері, халқы тың­даңдар...» (Күлтегін мәтіні, оңтүстік беті, 22-жол), «Түрік сыр халқының орнында халық қалмады» (Тоныкөк І мә­тіні, батыс беті, 4-жол). Осы мәтіндер не­гі­зін­де сол кезеңде «түрік» аталған тайпалар ретінде Түргеш, Басмыл, Тоғыз оғыз, Отыз татар, Он оқ, Сыр, Оғыз тай­паларын атай аламыз. Ал кейіннен «түрік» атауы­ түрік ті­лін­де сөйлейтін көп­теген тай­палардың жалпылама атауы­на айналды. Кейіннен «түрік» атауымен бірге «түрікмен» атауы да қа­лыптасты. Оны Махмұт Қашғари өз сөз­дігінде: «Сен кімсің?» деп сұрағанда, «Мен түрікпін» деген мағынада «түрік­мен» сөзі қалыптасты дейді. Қы­зығы, тү­рік­тердің отырықшылыққа бейім­де­луіне байланысты жергілікті халық отырықшы тү­ріктерді «түрік», ал көш­пе­­лілерді «түрік­мен» деп атағанын көруімізге болады.

Ал тарихтан біз «Түрікстан» атауы­ның «түрік жұрты» мағынасында қол­да­нылғандығын және батыста Каспий (Хазар) теңізінен бастап шығыста Алтай тауларына дейінгі, оңтүстікте Ыстықкөл мен Аралдан, солтүстікте Сібірге дейінгі аймақты қамтығанын білеміз. Кейіннен Шы­ғыс және Батыс Түрікстан деген атау­лар қалыптасты. Шығыс Түрікстан қа­зіргі Қытайдағы Шығыс Түрікстан ав­тономиясынан бастап Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағын қамтыды. Ал Батыс Түрікстан деп Өзбекстан, Түрік­менстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның оңтүстік-батыс аймақтары мен Ауғанстанның солтүстік аймақтарын қамтыды. Парсы тілінің ықпалы негізін­де «-стан» сөзі және «түріктерге тиесілі» деген мағынада «-и» жалғауы жалға­нып, Түркистан=Түркістан болып кетті. Кейін Тұран мен Иранның таласы басым шекаралық аймағында қалыптасқан Түрікстан қаласының атауы да ислам діні мен Иран өркениетінің ықпалы негізін­­де, орыстардың да тілдік ерекшелігіне жа­қын болуына байланысты «Туркистан», «Туркестан» атауы негізінде қазірде Түркістан деп аталып кетті.

Тарихты терең білген Алаш қайрат­кер­лері еңбектерінде де «түрік» атауы қазақ тілінің емле ережесіне сай «түрік» деп жазылды.

Патшалық Ресей империясы тұсын­да империяның басты қарсыласы бол­ған осман түріктері мен Ресей қол астын­дағы түріктерді ажырату әрі бұл ха­лықтардың арасындағы тамырлас байла­нысты ұмыттырып, жою мақсатында «тюрк» және «тюрки» деген терминдер қалыптаса бастады. Кеңес билігі де осы ұстанымды қолданып, 1926 жылы Бакуде өткен Түркология құрылтайында Осман империясынан бөлініп шыққан жаңа Түркия мемлекетіндегі түріктерді «түрік», ал Ресей құрамындағы түріктерді «түркі» деген айырым енгізді.

Қорыта айтар болсақ, «түрік» атауы әртүрлі тарихи кезеңдерде халықтың тілдік ерекшелігі негізінде өзгеріске ұшы­рап отырды. Бірақ ешқашан ұлттық фонологиялық жүйесінен алыстамады. Тек ХХ ғасырдың басында саналы түрде түрік халықтарын бір-бірінен ажырату мақсатында совет идеологтері саналы түрде ұлттық фонологияға қайшы термин қалыптастырды. Егемен ел ретінде біздің де өз тарихымызға, тілімізге, та­нымымызға мұқият қарағанымыз жөн. Ендеше, қазақ ұлтының өркендеуімен бірге, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі­не сай түлеген «түрік» сөзін өз тұғырына қондыратын кез келді деп санаймыз.

 Талғат МОЛДАБАЙ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доценті, түріктану PhD

Egemen Qazaqstan