Үш тағдыр – үш мысал
22.05.2024 1482

«Үш жүздің» демеушісі 

Мәлік Айдарбеков «Қазақ» газетінің қоғамдық тілшісі ретінде мақала жазып отырған. Партияның орталық органы «Үш жүз» газеті аптасына бір рет шығып тұрды, газеттің редакторы Көлбай Төгісов, демеушілері әкелі-баласы Айдарбековтер болды. Діншілдік, демократтық бағыттағы әкелі- балалы Айдарбековтер Келтесор болысында мешіт-медіресе, орыс-қазақ мектептерін салдырды, балаларды оқытуға мұғалімдер жалдап, ел ішінде оқу-ағарту жұмысына көп көңіл бөлді.

Архивтегі ресми құжаттардың біреуінде Мәлік, біреуінде Мәлғаждар (Омбыдан алынған құжаттарда) деп жазылған. Фамилиясы да Петропавл архивінде, Омбы облысы сотынан алынған құжаттарда Айдарбеков болса, Алматы архивінде Идрисов болып берілген. Туған жылы да Петропавл архивінде 1888 жыл болса, Омбы облысының сотынан алынған құжаттарда 1876 жыл деп көрсетілген. Үкіметтен қуғын-сүргін көріп жүрген азаматтың екі төлқұжаты да болуы мүмкін (55-қор, №1-тізбе, 53-іс, «Список делегатов Акмолинского губернского съезда 21.08.1921» деген архивтік құжатта Айдарбеков Малик деп тіркелген. Ал 1928 жылғы құжатта Идрисов делінген). 

Архив құжаттарында Мәліктің араб, орыс, әріптерімен жазғандары бар. Әсіресе орыс тілін жетік білетіні, сауатты жазатыны ВКПб Орталық комитеті мен Саяси бюросының секретары Сталинге, Бүкіл Россиялық Атқару комитетінің президиумына жазған хаттарынан байқауға болады. 

Жүз шайысқаны үшін…

Әбдірейіс Ауғанбаев – Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Булаев ауданына қарасты «Красный Казахстан» совхозының мүшесі. «Халық жауы» аталып, он жыл түрмеде отырып шығуына бір кісімен жүз шайысып қалғаны себеп болған.

Солтүстік Қазақстан облысы Ұлттық қауіпсіздік департаментінің мұрағатындағы ісі бойынша Ауғанбаев Әбдірейіс ислам дінін таратушы, ұжымдастыруға қарсы үгіт жұмысын жүргізген, Совет үкіметін құлату үшін фашистік ұйымдармен байланыс жасаған деген айып тағылып, 1937 жылғы 26 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы УНКВД үштігінің №23 мәжіліс хаты бойынша 10 жылға қатаң режиммен қамауға алынады. Көкшетау түрмесінде он жыл азапты өмір сүріп, туған еліне 1947 жылы оралады. 

«Халық жауы» деп айыпталған адамдар жататын түрменің бөлмесін жазушы Жайық Бектұров былай деп жазған болатын: «Терезеде саңылау жоқ. Темір тор үстінде тақтай қақпақ, тордың өзі де жоғары. Қақпақ жапқан шынының өзін де сыртқа көз түспесін деп сырлап тастаған. Ішке әсте күн түспейді. Жарық құр елес. Көктің күңгірт сәулесі ғана. Тордың ең үстінде ғана ауа кіретін болмашы бір желдеткіш». 

Осындай түрмеде жатқан адамда денсаулық бола ма, 1957 жылы түрмеден алған ауыр науқасынан қайтыс болды. 

«Әкеміз Әбдірейіс он жыл Көкшетау түрмесінде жатқанда үйелмелі-сүйелмелі 6 баланың күн көрісі балалардың үлкені Хасен ағамызға қарап қалды», – дейді Мұстақым Әбдірейісұлы. Әкесіне тартқан ақынжанды Мұстақым әкесінің барлық өлеңдерін жатқа біледі.

Әбдірейіс Ауғанбаевқа байланысты ҰХҚ-нің мұрағатында қажет құжаттар бар.

«Ұйым құрдым»

1937 жылы 25 қыркүйекте НКВД органының тарапынан тұтқындалды. РСФСР Қылмыстық кодексі 58-бабының 2, 7, 11-тармақтары бойынша айыпталды. 1939 жылы қыркүйекте Алматы қаласы ҚазССР НКВД №1 түрмесінің ауруханасында сүйек туберкулезінен қайтыс болды.

Серікқали Жақыповқа байланысты құжаттарда оның өмірбаяны сақталған. 

Мен, Жақыпов Серікқали Ғабайдуллаұлы, кедей қазақтың ұлы, 1890 жылы Қазақ даласының Таловка ауылында дүниеге келдім.

Балалық шағым қайыршылықта және жоқшылықта өтті, үш жасымнан бастап өзімің қарт атамның қамқорлығында тұл жетім қалдым. 7 жастан 14 жасқа дейін мұсылман тілінде оқыдым, ал 14 жастан 24 жасқа дейін орыс тілінде оқыдым, жоғары бастауыш мектепті және оның жанындағы педагогикалық курстарды бітірдім. Осы мектептерді бітіргеннен кейін 1915 жылы ақпан төңкерісіне дейін қызмет еткен бір сыныпты орыс-қырғыз мектебінде мұғалімі болып тағайындалдым. Ақпан төңкерісінен кейін кооперативтік жұмысқа кірістім және сонымен бірге мұғалім болдым. Кейіннен мен саяси жұмыспен айналыса бастадым. Керенщина кезінде мен кейбір жолдастарыммен «Жарлық – Беднота» атты үйірме ұйымдастырдым, содан кейін оны РСДРП(Б) деп өзгерткеннен кейін олар земствоға қарсы күресе бастады».

РСФСР Қылмыстық кодексі 4-бабының 1-тармағы негізінде 1939 жылғы 20 қазандағы ҚазССР НКВД әскерлері Әскери трибунасының өкімдік отырысын айқындау іс айыпталушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.

Түркістан әскери округі әскери трибуналының 1958 жылғы 13 қыркүйектегі шешімімен іс қайта қаралды және ҚазССР НКВД әскерлерінің әскери трибуналының 1939 жылғы 20 қазандағы ұйғарымы жойылды және іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Шырын Жұртыбекова