Қазақ киносы: кеше мен бүгін
21.05.2024 1751

21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні қарсаңында қазақ киносының тарихи жолына, даму бағытына азды-көпті шолу жасап көрдік.


Біздің кинофильмдеріміздің тарихы 1930 жылдардан басталады. Алғашқы толық метражды көркем фильм – «Амангелді» фильмі. («Ленфильм» базасында түсірілген картинаға 1916 жылғы ұлт-азаттық шаруалар көтерілісінің жетекшісі, 1919 жылы қаза болған Амангелді Имановтың өмірі мен қызметі, ерлігі арқау болған. Стлаиндік репрессияның қыз-қыз қайнап тұрған 1936 жылы түсіріліп, үклен экранға екі жылдан кейін шықты. Тұңғыш фильмнің сценарий авторлары: Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Всеволод Иванов, қоюшы-режиссері: Мойсей Левин, операторы: Хечо Назарьянц. 

Басты рөлді, яғни Амангелді бейнесін театр актері Елубай Өмірзақов сомдады. Сонымен қатар фильмге қазақтың ең мықты актерлері түсті. Одан бөлек Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Рахметулла Сәлменов секілді әртістер фильмге қатысты. Қазір бұл картина Қазақ киносының «Алтын қорына» кіреді.

Алғашынды қазақ киносы советтік реализм тұрғысынан түсіріліп, Алаш Орданы мансұқтау идеясы көрініс тапты. Байлар жаман, кедейлер жақсы приницпінде болғаны жасырын емес. Осы «Амангелді» фильмінде де Алаш көсемдерін әжуалау, қаралау сюжеттері бар. 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кино бағыты соғысты үгіттеу, жарнамалау сияқты тақырыптарға кең орын берілді. Совет армиясының жасампаздығы, әскери адамдардың өмірін үлгі ету, немістердің фашистігін масқаралау сияқты сюжеттер ашық көрсетілді. Советтік пропаганда айқын салтанат құрды. Бұл қатарға «Жауынгер ұлы» (режисері В.П. Строева), «Ауком секретары» (режисері А.М. Файнциммер), «Отан үшін» (режисері Пудовкин), «Иван Грозный» (1-сериясы, режисері Эйзенштейн)  фильмдерін жатқызуға болады. 

1952 жылы Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы шығарған «Жамбыл» көркем фильмі тарихи тұлға бейнесіне арналғанымен, тарихи оқиғаларлы қамтыған, кең тынысты кино картинаға айналды. Фильмнің режиссёрі Ефим Дзиган; сценарийдің авторы Николай Погодин, Әбділда Тәжібаев болды. Жамбыл рөлін Шәкен Айманов шебер сомдады.  

1960-1970 жылдардың кинодағы жетістігі қазақ көркем әдебиетінің үздік үлгілерін экрандау болды деп тұжырымдаймыз. Осы экранизацияның арқасында классик жазушымыз М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің желісінде «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі негізінде «Асуда атылған оқ», «Қилы заман» повесі бойынша «Қилы кезең» фильмдері жарыққа шықты. Режиссері Абдолла Қарсақбаев түсірген бұл фильмге қазақтың таналттын перзенттері Зейін Шашкин (сценарий), Әбілтай Қастеев (оператор), Нұрғиса Тілендиев (композитор) еңбек етті. Кинокартинаның премьерасы 1968 жылдың 25 наурызында өтті. 

Бұл кезең картиналарын беруде кинода тарихи оқиғалар, шытырман-детективті фильмдер жастар қызығушылығын оятты. Соның қатарында детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі  «Атаманның ақырын» атауға болады. 1970 жылы «Қазақфильм» студиясы шығарған фильм атақты режиссер Шәкен Аймановтың ең соңғы фильмі болып тарихта қалды. «Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржына қосылған ең асыл туындылардың бірі. Сонымен қатар «Транссібір экспресі», «Біздің батырларды біл» деген киноалар да өз аудиториясын тапты. 

Қазақ халқының ұлттық мінезі, болмысы мен психологиясы жайынан түсірілген көркем фильмдерге «Тұлпардың ізі», «Гауһартас», «Өтелмеген парыз» туындыларын жатқызуға болады. Онда қазақ әйелінің ой-арманы, мінез-құлқы, сонымен бірге қазақ азаматтарының, әке мен баланың, адамдардың тағдыры шеберлікпен суреттелді.

Қазақ балалар әдебиетін экрандауда үлкен табыстарға жетті. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі де кино тілінде сөйледі. Және фильмнің сәтті шыққаны сонша, әйгілі Канн кинофестивалінің алтын жүлдесін жеңіп алды. «Алты жасар Алпамыс мектепке барады», «Арман атаман», «Сүйрік» фильмдері де сүйікті көрермендерін сағындырып тұрады. 

1990 жылдардың тоқырау кезеңі қазақ киносына да әсер тигізді. Бұл кезеңдегі қиындықтар мен ауыр жылдар оқиғалары барынша шынайы, әділетті көрінуі үшін режиссерлері ауыл мен қала өмірін суреттеуде нанымды жасауға тырысты. Режиссер Серік Апрымовтың «Қиян» тектес картиналары соның айғағы. 

2000 жылдардан кейінгі тарихи тақырыптағы көркем фильмдерге мемлекет қаржы құя бастады. Қазақ-ағылшын кино индустриясының бірлескен жобасы «Көшпенділер» түсірілді, оның көркемдігіне халық сын тақты. Осындай мемлекеттік қаражатқа түсірген фильмдердің қатарын «Қазақ хандығы», «Томирис», «Жаужүрек мың бала» кинолары толтырды. 

«Жаужүрек мың бала» — Ақан Сатаевтың көркем драмалық фильмі. Фильмнің тұсауы Қазақстанда 2012 жылы 3 мамырда кесілді. Фильмнің ұраны — «Туған ел, сүйген жар, намыс үшін от кешкендер». Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. 65-ші Канн кинофестивалінің аясында арнайы көрсетілген «Жаужүрек мың баланы» тамашалауға 40-тан астам агент пен дистрибьютер келген. Тарихи кинокартина сеансынан кейін оны америкалық нарыққа шығару туралы ұсыныс түсті. Сонымен қатар, «Жаужүрек мың баланы» әлемдік прокатқа шығарумен айналысатын канадалық компаниямен келісімге қол қойылды.

Қазіргі кезеңде кино бағытын екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – жеке қаржыға түсірілген комедия жанрындағы туындылар, екіншісі – мемлекеттік қаржыға шығарылған тарихи тақырыптағы картиналар. Алғашқы бағыт, әрине, аз қаржыға көп касса жинауы мүмкін. Себебі халықтың деңгейіне лайықталған. Екінші бағыт та көп касса жинай алады, оған фильмнің Алаш тақырыбында түсірілуі себеп. 

«Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ» телехикаялары отандық кино өндірісіне жаңа леп әкелді. Жаңа есімдерді танытты, сюжетті параллел көрсетуде, тарихи оқиғаларды беруде, жинақы әрі көркем ұсынуды өзгеше формасын тапты. Бұл сериалдарда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының және Міржақып Дулатұлының басынан кешкен қиын-қыстау тағдыры баяндала отырып, ұлт мұраты жолында жасаған дамылсыз әрекеті насихатталады. Тикетон сайтында 2023 жылдың 12-15 қазаны аралығында кинотеатрларда көрсетілген фильмдердің кассалық түсімі туралы деректер жарияланды. «Оян, Қазақ» фильмі 3 күнде 107 067 000 теңге табыс тапқан. Көрермендер қазақстандық Kino.kz сайтында фильмге 10 балдан 9,8 балл берген. TikTok желісінде «Оян, қазақ!» фильміне дейін» қатты тренд таралды. Онда жастар кинотеатрға барып, көргенге дейінгі және одан кейінгі реакциясын көрсетеді.

Қазақ киносы өз даму жолында түрлі бағыттарды бастан кешірді. Әлі де түрен түспеген жанрлар, формалар қаншама?! Ал сіз қандай бағытта тамашалағыңыз келеді?

Асқар Әнуарбек