Шаңырақтың шырқы бұзылмасын десек...
15.05.2024 1364

Әке – асқар тау

Өткен жылдың статистикасына сүйенсек, еліміздегі жалғыз басты аналардың саны жарты миллионнан асып жығылыпты. Құдайдың ажалынан отағасынан айырылып қалған отбасын есепке алмағанда, мұның ішінде ажырасқандар мен қара басы үшін бала тапқандар да бар. Қалай десек те осыншама отбасында қаншама бала асқар тауына арқа сүйей алмай өсіп жатыр. 

Әдетте әке отбасының тірегі дейміз. Әйел қанша жерден миллиондап ақша тауып, балаларын үлде мен бүлдеге ораса да, мейірімі мен махаббатын қанша төксе де, әке беретінді бере алмайды. Өйткені бала үшін әкенің орны бөлек. Сол балалар өздерін жеткізем деп күні-түні тырбанған шешесінің де мейіріне қанбай қалатын шығар. 

Ал қандай еркектен бала туып жатқанын біліп те, білмей де ана атанып жатқандарды ауызға алудың өзі естір құлаққа ерсі. Олардың бір тобы біреудің байын уақытша пайдаланса, келесі тобы донор ұрық арқылы ЭКО деген «құдіреттің» күшімен балалы болып жатыр. Осындайда өзін-өзі жалғыз басты еткен аналарды аяғанның орнына олар тәрбиелеп жатқан балалардың болашағынан көбірек алаңдайтынымыз рас. 

2023 жылы 120 мың 800 жұп некесін қидырса, 40 мың 200 жұп жұбайылық өмірге қош айтысқан.  Әлбетте, таяқтың екі ұшы болады. Кез келген қыз әу баста сүйгеніммен мәңгі бақытты болсам екен деген ниетпен тұрмысқа шығады. Ер азамат та солай. Бірақ үлгі көрсеткеннің орнына араға от жағатын ененің кесірінен, кезінде кеуде қағып алған азаматының ынжық, масыл болғанынан амалсыз ажырасады. Ал біреулері төркінінің отқа май құйып, қызын жақтап шығуынан екіге айырылады. Олай дейтініміз, мамандардың айтуынша туыс­тарының араға түсуінен ажырасқандар 61%-ды құрайды екен. Иә, қоғам болған соң ажырасудың себебі көп. Қалай болғанда да зардап шегетін – бала. Демек Абай айтқан толық адам толық отбасынан ғана шықса керек-ті. 

Ана – мөлдір бұлақ

Мөлдір бұлақ! Иә, бұл анаға берілген тамаша теңеу. Тәрбиесі таза, тәлімі мөлдір аналар бүгін де арамызда жетерлік. Өкінішке қарай, бастауынан «лайланғандары» да баршылық. Құрсақта кіндігінен нәр алған баланың жатқанына қарамастан, темекіні қиғаш тістеп, тәкаппарланып тұратын жүкті әйелдерді, шыны керек, қай санатқа жатқызарыңды да білмейсің. Тәрбие тал бесіктен бұрын ананың жан бесігінде басталатынын ескерсек, құрсақта жатып көк түтінге тұншыққан баладан болашақта не күтуге болады? Оның денсаулығын былай қойғанда жанына түскен ақауды қоғам болып емдей алмаспыз. Баланың қанының таза болуы, жанының таза болуы тікелей анасына байланысты. Қанда тектілік жатады. Ал тектілік – баланың жанының ғана емес, тәнінің де ақаусыздығы. 

Жақында бір басқосуда бір жеңгеміз жарым жастағы омыраудағы ұлына кола сусынын қақпаққа құйып беріп отыр. Бала дәмін алған сайын тамсанып ішеді. Анасы соған мәз. Оны баласының ел қатарына қосыла бастағаны, есейе түскені деп түсінетін шығар. Мен оны таяздық дер едім. Дәл сол сусынның зиянын мамандар күніге айтып, дәлелдеп беріп жатыр ғой. Маркетинг пен дұрыс тамақтанудың қандай болатынын білмейтін үш баланың анасынан бұдан әрі тереңдік іздеп керек те емес шығар. Осындайда Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере анамыз еске түседі. Баланың бойына не дарып жатқанын қадағаламаған ананы өз баласының жауы деп айтсақ та қателеспейтін шығармыз. Ұлы Гиланшахқа арнап жазған «Қабуснама» атты кітабында Кайқаус былай деп жазады: «наданның өзіне істеген ісін ақылды жан дұшпанына да істемейді». Рас қой?!

Отан отбасынан басталады

Отбасы – махаббаттың, сыйластықтың, тәрбиенің ұясы. Қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» деп тегіннен-тегін айтпаған. Шаңырақтың шырқын бұзбай, шаттығын асыру отау құрған екі жасқа да мызғымас міндет, үлкен жауапкершілік. 

«Қош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың», – дейді Абай оныншы қара сөзінде. Яғни тәрбие деген отырғызып қойып ақыл айту емес, керісінше үлгі көрсету екенін баршамыз білсек керек. Көзбен көріп, құлақтан құйылып, көкірекке түйілген тәрбиені кез келген жат дүние азғыра алмайтыны анық.

Өзім көрген тағы бір жайтты баяндайын. Бірде анасы ұлына кейіп сөйледі. «Балам, жұрттың балалары көп ақша тауып жатыр. Сен де солай істесеңші. «Левый» жасап үйренсеңші»... Ана көпе-көрнеу ұлын ұрлыққа тәрбиелеп тұр. Сосын ол дастархан басында билікті жамандау, жемқорларды балағаттау басталды. Тонауды, жеуді отбасында, дастархан басында отырып тәрбиелеп отырып жоғарыдағыларды несіне жазғырады. Олар да дәл осындай тәрбиені көріп, естіп өскендер ғой. Биліктегілерді былай қойғанда ұлтшыл, рухы өр деп сыйлап жүрген азаматтар көк тиынның көлеңкесі көрінсе, әлеуметтік желіде жақтамайтынды жақтап, мақтамайтынды мақтап шыға келеді, бір сәтте-ақ сатыла салады. Өстіп біз Отанға «қызмет етеміз».