Ертай Біләл, жас зерттеуші: Алашты тану ісіне зор үлес қосқым келеді
06.05.2024 2340

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Алаш азаматтарының өмір жолын, қызметін, өнегесін зерттеп, насихаттап жүрген Qyr Balasy қорының жетекшілерінің бірі, Барлыбек Сырттанұлы Алаштану ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының магистрі, жас ғалым Ертай Нұрбекұлы Біләлмен әңгімелескен едік. Ізденгіш жас ғалымның айтары да көп екен.

Ертайдай жас ғалымның жұмысына «Бәрекелді!» дей отырып, барша қазақ азаматын Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз! Көк аспанымыз ашық, Туымыз тұғырлы, түніміз тыныш болсын!


– Ертай мырза, өзіңізді Алаш тақырыбында ізденіп жүрген жас зерттеуші деп танимыз. Бұл сала сізді қалай қызықтырды? 

– Біріншіден, менің түсінігімдегі «Алаш» ұғымы –  арғы дәуірдегі сақ, ғұн, түркі кезеңінен тамыр тартып, әл-Фараби, Қашқари, Баласағұн даналықтарымен өрілген, Алтын Орда (Алаш Орда), Қазақ хандығы дәуіріне жетіп, хан Кене, Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай, Шоқанның ағартушылық ойларымен астасқан, XX ғасырда Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш идеясымен ұлттық сипат алып, Темірбек (Жүрген), Дінмұхамед (Қонай), Жұмабек (Тәшен), Өзбекәлі (Жәнібек) қайраткерлігі мен дербестік үшін күресте жанын берген Қайрат, Сәбира, Ербол, Ләззат өрлігімен бүгінгі күнге дейін жеткен елдік пен еркіндіктің, тұлғалық пен ерліктің, рух пен намыстың, ұлтшылдық пен мінездің, ұлттық таным мен құндылықтың аясындағы өміршең ұғым. Оған дәлел  «Түрік баласы» бүркеншік есімімен «Қазақ» газетінің 1913 жылы, 22 наурызда  жарияланған «Қазақ тарихы» мақаладағы: «Алаш деген сөздің лұғат мағынасы: «Отан кісісі» (отечественник) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз. «Тақсыр-ау, ұнатсаңыз қарашыңмын, ұнатпасаң жай жүрген алашыңсын» депті. Сол өлеңде «Алаш» «Отан кісісі» мағынасында. Және қазақта «Алаң келме, Алаш кел» деген бір мысал сөз бар. Сондағы Алаң «Шетелдің кісісі», Алаш «Отан кісісі» мағынасында болады», –  деген асыл сөзі. Сондықтан Алаш – қазақтың өз жаны, өз рухы, киелі ныспысы! Мені алаштануға еліттірген ең әуелі осы ұғымдар. 

Екіншіден, Абай поэзиясы! Абай мұрасындағы ұлттық сарын менің алаштануға деген қызығушылығымды артырды. Өйткен Абай – қазақ халқының ұлттық болмысын, күрескерлік рухын, арманы мен мүддесі сияқты қасиеттерді жинақтаған тұлға. Сондықтан да Абайдың күрескерлік рухы оның поэзиясынан табылса, Абай поэзиясы – алаш қозғалысындағы жетекші идеялардың бірі болды. Жазушы, абайтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Абай көшпелі заманның соңғы, жаңа низамның алғашқы Ұлы тұлғасы болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі тұсында ұлы ақын өмірге келді. Абай өзінің «заманды заман билеп жатқан тұстағы арпалысты сезімін ақылына суарып, өткен мен жаңаның арасындағы құбылыстарды тең байқап, оны өлеңіне өзек етті» деп жазған. Егер де Абай мұрасы алаш қозғалысының бастауы болмаса, Абай перзенттерінің алаш қатарына қосылып, ерлік пен елдік жолында күрескерлік жолды таңдауы неғайбыл еді. Сол себепті хакім Абай шығармашылығымен танысуым алаш идеясына жетелеп, алашқа деген махаббатымды оятты. Өйткені Абай мен Алаш – қазақтың бүтін бітімі.

Үшіншіден, «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп дана халқымыз айтқандай алаштану саласының әліппесін үйретіп, алғашқы зерттеу тақырыптарыма жетекшілік еткен, алаш бағытындағы Qyr balasy ҚҚ-на кіргізіп, алашқа деген қызығушылығымды оятқан алаштанушы, жазушы, әдебиеттанушы ғалым Елдос Тоқтарбай ұстазым еді. Бүгінгі таңда алаштану саласында қандай да болсын зерттеу жұмыстарым жарияланса да ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар білдіріп, жас алаштанушы ғалымдардың ортасын қалыптастырып отырған да ұстазым. Елдос Тоқтарбай ұстазымның: «Жер бетіне сыймай кеткен Алаш арыстарын, кеудеме сыйдырып, жүрегіме жерледім» деген лұғатты сөзі бүгінгі күнге дейін әр шәкіртінің асыл мақсатына, ихсан мүддесіне айналғандай.

Сөз арасында Qyr Balasy қоры деп қалдыңыз. Бұл қорға қалай мүше болдыңыз? Жалпы бұл қорға кімдер мүше бола алады?

– Иә, Алаш мұрасын насихаттайтын Qyr balasy Білім, Ғылым ҚҚ – Алаш автономиясының 100 жылдығы қарсаңында 2017 жылы алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахман сынды ағаларымыздың себепкер болуымен құрылған болатын. Қазіргі таңда қордың алаш мұрасын насихаттап келе жатқанына тура 5 жыл толып отыр. 

Qyr balasy ҚҚ әуелгі мақсұты – артында іздеушісі жоқ, елі үшін кешегі қанды репрессияда құрбан болған тұлғалардың есімдерін ұлықтап, алыс-жақын шетел архивтеріндегі, сирек қорлардағы қазақ халқына тиісті құжаттарды, әдеби-мәдени мұрамызды отанымызға қайтару, тарихымыздың жоғалған, жыртылған беттерін түгендеу. Бұл мақсұтта  Qyr balasy ҚҚ жүрегінде алашқа деген махаббаты бар, үлкен мақсат пен талап жолында ұлтына кешегі алаш қайраткерлеріндей қалтқысыз қызмет еткісі келетін, білімді жастарды жинап, шырағын жағып келеді. 

Qyr balasy ҚҚ өз ішінен Qyr balasy баспасы мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты мен Б.Сырттанұлы Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеуде. Мәселен қорымыздың баспасынан 2017-2023 жылдар арасында «Алаш кітапханасы» сериясымен Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Сәйдәзім Қадырбай, Біләл Сүлейұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Малдыбайұлы, Қапез Байғабылұлы сынды алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық мұрасы алғаш рет жиналып, кітап болып басылып шыққан еді. Сонымен қатар, «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Құлыншақ» антолониясы, «Жетісу жауһарлары», «Жетісу жұлдыздары» кітапшаларын жазып, көзқарақты оқырманға ұсынған болатынбыз. Қазіргі таңда қор баспасынан шыққан жалпы кітаптардың саны 88-ге жетті. Бұл 5 жылдың ішіндегі қор еңбегі мен жүйелі істің нәтижесі деп білеміз. 

Алаштану саласы болсын, жалпы ескі тарихпен жұмыс істеудің басты шарты – қазақ жазуларын білу, архив пен сирек қорлардағы түпнұсқа құжаттармен жұмыс істеуді игеру. Тіл білу. Ғылыми мақала жазу. Сауатты болу. Жоғарыдағы «Алаш кітапханасы» сериясымен мен басқа да кітаптар жарық көрген еңбектердің барлығы да осы біліктердің арқасында құрастырылған. Дәл осы мақсатта алаштанушы, «Алаш баспасөзі», «Алаш басылымдары» көптомдық кітаптарын құрастырып, киноиндустрияда «Ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып. Оян, қазақ!» сынды көпсериялы фильмдердің әдеби-ғылыми кеңесшісі, редакторы атанған белгілі ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлының директорлығымен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты бүгінгі таңға дейін «Ескі жазу», «Ғылыми-зерттеу жұмысын жазу әдістемесі мен техникасы», «Шығармашылық жұмыс әдістемесі», «Архив, сирек қорлармен жұмыс істеу әдістемесі» курстарымен академиялық ағылшын, түрік тілі сабақтары тегін әрі тұрақты жалғасып келеді. Бұл біздер, жастарға, берілген қордың үлкен мүмкіндігі деп білеміз!

Қордың басты міндеттерінің бірі – алыс-жақын шетел архивтеріндегі, сирек қорлардағы қазақ халқына тиісті құжаттарды, әдеби-мәдени мұрамызды отанымызға қайтару. Бұл мақсатта қор мүшелері Өзбекстан, Ресей елдеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Мәселен, қордың ең үлкен экспедициясы 2023 жылы тамыз айында Ресей мемлекетіндегі Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазақ қалаларын қамтыған «Алаш жолымен» атты ғылыми-танымды халықаралық экспедиция еді. Аталмыш экспедиция нәтижесінде алаш мұрасына қатысты 510 кітаптың шифры мен библиографикалық көрсеткіші жинақталды. Сол кітаптардың ішінде 50-ге жуық кітаптың түпнұсқасының электронды нұсқасы әзірленіп, зерттеу барысында 40 кітаптың бұрын соңды жарық көрмеген, ескі қаріптен қазіргі қаріпке түспегені анықталды. Мысалы,  Сейітбаттал Мұстафаұлы «Зуфнун» романы, Садуақас Шорманұлы «Аушы»,  С. Аманжолұлы «Тәлім-тәрбие», Сәлкен Балаубайұлы «Мектеп группаларын кәмплектеу», Мәннан Тұрғанбайұлы «Бөтен сөз әдісімен танысу», Жұмахан Күдеріұлы «Өсімдіктану» тағы басқа кітаптары бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген. 

Алашұранды басылымдардың ішінде: «Бірлік туы», «Бостандық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» т.б. қазақ басылымдарының еліміздегі сирек қорларда сақталмаған нөмерлері анықталып, тұтас нөмері сканерленді. 

Алаш қайраткерлері: Тел Жаманмұрынұлы, Аққағаз Досжанқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Зүпнұн Нұрмақ келіні, Нұх Рамазанұлы, Біләл Сүлейұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы бастаған қазақ оқығандарының 100-ге жуық делосы табылып, фотосуреттері мен сот, тергеу құжаттары, оқу-ағарту, қоғамдық-саяси қызметіне қатысты жаңа деректер қолға түсті.

Экспедиция мүшелері Қазан, Уфа, Петербор, Химки, Псков, Переделкино, Мәскеу сирек қор, кітапхана және ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архив қорларымен нәтижелі жұмыс қылып, Институттың жас зерттеушілері үлкен тәжірибе жинап, ғылыми шыңдалу мектебінен өткен еді. 

Ал қорға менің жас зерттеуші ретінде ресми мүше болғаныма 2 жылдан асыпты. Осы жылдардың ішінде қордағы: Алмас Сырғабай, Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Ұшқын Сәйдірахан, Әлібек Байбол, Алтынбек Құмырзақ, Біржан Бәзілжан, Дидар Арасанбайқызы, Айкүміс Сайлауханқызы, Алма Сайлауқызы, Қарлығаш Әубәкір аға-әпкелерімнің арқасында алашқа деген махаббатым оянды. Әркез қолдан келер көмегін аямайтын қордың аға буынының қамқорлығы, біздер, жас буынға үлгі, өнеге. 

Менің ойымша, Qyr balasy ҚҚ тек ғылым жолында ғана емес, ұйымдастырушылық (менеджерлік) қабілетіңді де арттырып, ұлт алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндіретін өмір мектебі.  Олай дейтінім, қор мүшелегіне өткелі «баспасөз хатшы», «филиал жетекшісі», «атқарушы директор», «қор төрағасы», «орталық төрағасы» сынды бірнеше қызметтерді атқарып, үлкен тәжірбие мен мол білік жинадым. Қатарлас достарым, жас ғалымдар: Данияр Ихсан, Жауынбай Жылқыбай, Жанболат Абайхан, Әйгерім Нұржанқызы, Нұрсұлтан Сабыржан, Ербол Сайранұлы, Омар Ермекұлы, Мадияр Борамбай, Айнұр Бағланқызы, Айнұр Болатқызы, Бөпежан Қайырбекқызы, Сырым Беген, Нұртай Тұрғанбек, Абзал Рымбек, Таңнұр Жеңісқызы, Әсел Өміртай, Қарақат Сағынышқызы бастаған қор үміттілерінің қолдауымен жаңа тынысым ашылып, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Жаңа ортам жаңа белеске жетеледі. Қазіргі таңда аталған достарымның әрқайсысы да өз саласының үздіктері атанып, ғылым мен білім, ұлт жолында аянбай қызмет етіп келеді. Қордың Кереку, Атырау, Ақмола, Қарағанды өкілдіктеріндегі алаш жүректі бауырларымның болуы қандай тамаша! Сондықтан да Алаш бағытындағы Qyr balasy ҚҚ – ұлтшыл мінезді, имани жүректі, білімді орта! Бұл ортаға тек осындай дамушы орта тапқысы келетін жастар ғана мүше бола алады! 

– Сіздің негізгі зерттеу тақырыбыңыз қандай? 

– Мен ден қойып, ықылас аударған бағытым – XX ғасырдың басындағы қазақ педагогикасы  мен алаш қайраткерлерінің мұрасы. Осы екі бағыт ғылым жолымдағы өмірімнің негізгі арнасына айналды десем де болады. Солардың ішінде алғашқы әліппе, оқу кітаптарының (хрестоматиялар) жазылуы тарихы, әдіснамасы мен кешегі қанды зұлмат репрессияда ұлты үшін құрбан болған алаш оғландары: Ғұбайдолла Бердіұлы (1885-1921), Нұғыман Манай (1894-1938), Қапез Байғабылұлы (1896-1939) шығармашылығы мен қайраткерлік мұрасын жинақтау, зерттеу. Тарқатыңқырап айтсам...

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы – қазақ өркениетінің, руханиятының, дүниетанымының өркендеген, гүлденген кезеңі болды. Бұл кезеңде: демократияшыл баспасөз дамыды; қазақ әдебиетінде жазба әдебиеті өркендеп, жаңа әдебиеттік ағымдар мен бағыттар, жанрлар (роман, повесть, драма) туды; қазақ театр өнерінің өмірге келе бастауы да осы кез. Қазақ оқымыстылары ғылымның әр алуан саласында қазақша алғашқы оқу құралдарын жаза бастады. Солардың қатарында алғашқы әліппелер мен оқу кітаптары (хрестоматия), діни оқулықтар бірінен кейін бірі жарық көре бастады. Әлбетте, алғашқы оқулықтар болғаннан кейін артықшылығы мен бірге кемшіліктері де болды. Десек те, қазақ ағартушылық кезеңіндегі алғашқы оқу-әдістемелік құралдардың жеке кітап болып бастырылуы ұлтты сақтау жолындағы кезек күттірмес әрекет еді. Өйткені отаршыл Ресей империясының миссионерлік амалдары жерімізге, діліміз бен дінімізге, мектебімізге, саясатымызға өз кесірін тигізіп, ұлттық ұстындарымызға жат миссионерлік элементтерді араластыра бастады. Бұл кезеңде Ыбырай Алтысарыұлы қазақ тарихындағы тұңғыш қазақ оқулығы «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1879) жазып, қазақ мектептерін ашып, күрестің ұлы үлгісін көрсетті. Бұл күрестің үлгісі 1905 жылы жарияланған «Қарқаралы құзырхатына» жалғасты. Құзырхатта: 

1. «Тергеусіз және соттың шешімінсіз әкімшілік жолымен жер аудару тыйылсын»; 

2. «Қазақ халқының ішіне миссионерлердің баруына тыйым салынсын», «Мектептерде христиан діні туралы сабақ оқытылмасын», «Қазақтардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиіс»;

3. «Қазақтардың таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын зауыттар қазақтардың өзінікі болып есептелсін»;

4. «Қазақтар ағаштарды қажетке жарату, балық аулау тағы басқа да құқықтарға рұқсат етуді талап етеді»;

5. «Соңғы 20 жылда қазақтардан тартып алынып, жер аударылғандарға берілген жерлер қазақтардың басшыларына қайтарылсын»;

6. «Жаңа ереженің жобасын жасап жатқан жиынға қазақтардың өкілетті депутаты қатынасуы керек» деген мәселелер көтерілді. Міне, осы кезең – Алаш қозғалысының бастауына жалғасып, қазақ даласында алғашқы оқулықтар жазыла бастады. Солардың қатарында: Мұхамедсәлім Кәшімнің «Әдеп», «Үгіт», «Ақыл айнасы», Зәкәрия Ерғалидың «Дұрыс жазу үкімдері», «Қазақ әліппесі», Мұхамедораз Нұрбайұлының «Қазақша әліппе» «Зәкәрия Ерғалидың,  Ишанғали Арабай, Хафиз Сәрсекейдің «Әліппе яки төте оқу» , Медресе «Ғалия» шәкірттерінің «Әліппе яки төте оқыту тәртібі» Мұстақым Малдыбайұлының «Қазақша ең жаңа әліппе», Қоңырқожа Қожықұлының «Әліппе», Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Қазақ балаларына жәрдем»,  Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» оқулықтары қазақ педагогикасының алғашқы қарлығаштары. Аталмыш оқулықтарды қазіргі қаріпке түсіру, әдіснамасын айшықтау, оны бүгінгі әдіснамен байланыстырып, қолдану – кезек күттірмейтін зерттеу нысаны деп білеміз. Өйткені бұл оқулықтар: «алғашқылар жазған білік бұлақтары»; ұлттық ерекшелікке, танымға негізделген аксеологиялық қуаты мол, адамзаттық нәрді бойына сіңірген жәдидтік (жаңашыл) төл оқулықтар еді. Егер де біз қазақ білім беру брендін қалыптастырғымыз келсе, алаш кезеңіндегі оқулықтарды насихаттауымыз қажет деп ойлаймын.

Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеудің әуелгі қадамы – шығармалар жинағын құрастыру. Бұл мақсатта алаштанудың іргесі қаланған 80 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басынан бастап бүгінгі күнге дейін есептесек, саусақпен санарлықтай тұлғаның есімі ұлықталып, тұңғыш кітабы құрастырылған екен. Егер де бір ғана «Қарқаралы» құзырхатына 12747 адам қол қойса (бізге белгілісі 3000 мыңнан асады), сөз жоқ, салыстырмалы түрде бұл көп көрсеткіш көп емес-ті. Иә, алаштануда айқындалуға тиіс ақтаңдақтар әлі көп... Бірақ ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Алдыңғы толықан алаштанушы ғалымдарымыздың соңынан ілесе келе жатқан жас буын бұл мақсатта зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Менің алаштанудағы әуелгі мақсатым да есімі белгісіз, артында жоқшысы жоқ қайраткерлердің мұрасын зерттеу болатын. 

Алаштанушы ғалым, жазуышы, ұстазым Елдос Тоқтарбайдың жетекшілігімен мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, аудармашы, көшелі көсемсөз шебері, драматург Нұғыман Сәрсенұлы Манайдың, алаш қайраткері, педагог, сазгер Қапез Байғабылұлының өмір мен шығармашылық мұрасын жинақтап, олардың еңбектерін ескі қаріптен қазірге қаріпке түсірген едім. Ендігі ұстазымның жетекшілігімен алаш қайраткері, аудармашы, көшелі көсемсөз шебері, қазақтан шыққан тұңғыш мал дәрігері Ғұбайдолла Бердіұлының тұлғасын зерттеуді бастадым. Алла қаласа, осы тұлғалар жайында көлемді монографиялар, қазіргі заманға сай танымдық контенттер, деректі фильмдердің сценарийлерін жазғым келеді. Сондықтан да алашты тану, алашты зерттеу осы тұрғыдан алғанда әлі де болсын дами түседі деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, болашақта Алашты тану ісіне зор үлес қосқым келеді. 

– Сіздің бас кейіпкеріңіз Нұғыман Манай қандай тұлға болған? Оның қандай ерлігі, өнегесі бар? 

– Нұғыман Сәрсенұлы Манай – қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жанбай өлкесінде 1894 жылы 5 қыркүйекте қарапайым шаруа Сәрсеннің отбасында дүниеге келген. Қаршадайынан жоқшылықтың дәмін татып, қара еңбекке жегіліп өскен бала Нұғыман әкесінің жетегімен қазақтың дәстүрлі жолымен ауыл молдасынан хат танып, 1913 жылы сол дәуірдің ең озық білім ошақтарының бірі – Уфа қаласындағы Faлымжан Ибрагимов пен Мажит Ғафури сияқты қалам қайраткерлері дәріс беретін «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. «Ғалия» медресесінде оқи жүріп, Нұғыман замандас қайраткерлер Бейімбет Майлы, Жиенғали Тілепбергендермен бірге қолжазба «Садақ» журналын шығаруға ат салысады.

1915 жылы Нұғыман Манайдың Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан бастауыш сыныптың 4-жылдығына  арналған «Иман-Ислам» атты оқулығы жарық көреді. Бұл оқулық өз кезеңінде А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетінде «Жаңа кітаптар» атты атаумен жарияланып, «Қазақ» газетінің Орынбордағы басқармасынан алғаш рет сатылымға шығады. 

Көзі ашық, көкірегі ояу «Ғалия» медресесінің шәкірттерімен бірге бірге 1915 жылы ұлтты ояту мақсатында «Қазақ» газетінде жарияланған «Емле хақында», «Мұғалімдерге ашық хат» атты жалынды үндеулерге қатысып, ағартушылық күрестің бел ортасында жүреді. 

Нұғыман Манай 1917-жылдың басында Орда қаласында Б.Құлман, Ғ.Мұсағалиұлы, Ғ.Қараш сынды тұлғалармен бірге тұңғыш қазақ баспасөзінің бірі «Ұран» газетін шығаруға ат салысады. «Ұран» газетінде Нұғыман жауапты шығарушысы, түзетушісі, жазба қаріптерді түзетуші, канторшысы сияқты қызметтерді атқарады. 

Нұғыман Манайдың қайраткерлік қалыптасу жолындағы алғашқы қадамдардың бірі – 1920-1923 жылдары Теңіз уездік оқу бөлімінің меңгерушісі, уездік атқару комитетінің председателі жұмыстарын атқарған жылдар еді. Жемісті еңбек еткен Нұғыман көп кешікпей Бөкей губерниялық атқару комитетінің председателдігіне жоғарылатылады. Сол жылы губерниялық «Кедей туы» газетінің редакторлық қызметін де қоса атқарады.

Әртүрлі қызметтерде әбден ысылған Нұғыман Манай 1926-1928 жылдары  Орал, Ақтөбе, Жетісу губерниялық партия комитеттерінде жауапты хатшы қызметін атқарады да, 1929 жылы қайраткер О.Жандостан кейінгі Қазақстанның халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Бұл қызметте Нұғыман Қазақстандағы оқу-ағарту мәселесінің ішінде бастауыш мектеп, оқулық, мұғалімдер даярлау мәселелерімен қоса, театр, мәдениет, өнер, баспа мәселелерін көтереді. Ол VI–VII партия конференцияларында екі рет Қазақстан өлкелік партия комитетіне мүшелікке сайланады. Қазақстан Орталық атқару комитетінің VI-VII съездерінде КазЦИК-ке және РСФСР Советтерінің XIV съезінде ВЦИК-ке мүшелікке өтеді. Десек те, 1930 жылы денсаулығына байланысты еңбек демалысын алып, қоғамдық-саяси қызметтен жеке шығармашылық жұмыстарына көңіл бөледі. 

Тұлғаға байланысты тың дерек – 1925 жылы, Орынбор қаласында жарық көрген композитор, қоғам қайраткері А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні мен күйі» жинағына Бөкей ордасынан Нұғыман «Ақ теңіз» бен «Гей-гей» әндерін хабарлаған екен. Бұл тұлғаның қазақ өнеріне қосқан сүбелі еңбегі деп білеміз.

Нұғыман Манай өмірінің соңғы жылдары таза ғылыми-шығармашылық және аудармашылық жұмыспен айналысады. Ол марксизм-ленинизм институтының Алматы бөлімшесінде елеулі еңбек етті. Осы институттың директорының орынбасары және әлем классиктерінің  еңбегін аудару бөліміне жетекшілік етті. Бұдан кейінгі тұлғаның ғұмыры мемлекеттік жұмыстардан шығармашылықпен үндесті. 1933 жылы Нұғыман ақын, қоғам қайраткері Шәңгерей Бөкейдің тұңғыш шығармалар жинағын «Қазақ көркем әдебиет» баспасынан шығарады.  Шығарып қана қоймай, алғысөзі мен ескертпелерін жазады. Автордың өмірбаяны мен өлеңдерін хронологиялық тұрғыдан жинақтайды. Нұғыман Манай Шәңгерейдің ақындық сипатына: 

«Шәңгерей  сыршыл ақын. Шәңгерей кез келген сөзді малданбайды, таңдамалы сөздерді талғап, теріп алады. Тек таңдамалы сөздерді теріп, оны шеберлеп тізіп қиындастырып ғана қоймайды, өлең жазғанда оқушының көңілін тербететін біреуінің болмаса біреуінің құрметтейтін, сыйлайтын, қолы жетпесе де көңілі толқитын «ұлы» тілектерді айтып шебер әдіс қолданады»,-деп баға береді. Демек, Нұғыман Манай – қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш шәңгерейтанушылардың бастауында тұрған қайраткер деп нық сеніммен айта аламыз. 

1937 жылы Нұғыман Манай өзге де қайраткерлер сияқты қудалауға түсе бастайды. Алаштың басына түскен қайғы Нұғыманды да айналып өтпеген екен. Оның жары Шарипа Манайды «АЛЖИР» абақтысына қамаса, балаларын Шымкент қаласындағы жетімдер үйіне жібереді. Ал 44 жастағы қайраткер Нұғыман Манайды күнделікті тергеу, тінту жұмыстарынан кейін 1938 жылы наурыз айында ОГПУ «үштігінің» шешімімен ату жазасына кеседі. Тек қана араға небәрі 20  жыл салып 1958 жылы Нұғыман Манай Қазақ ССР Жоғары кеңесінің шешімімен  ақталады. 

Міне, тұлға туралы азды-көпті дерек осы. Десек те, қайраткердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде әлі де болсын бір ізге түспеген, зерттелмеген мәселер аз емес. Мәселен, сан қырлы талант иесі Нұғыман Манайдың шығармашылық мұрасы әлі күнге дейін библиографиялық көрсеткіші жасалмаған, толыққанды, жүйелі зерттелмеген. Зерттелмегені былай тұрсын, мақалалары, ғылыми еңбектері ескі қаріптен бүгінгі қаріпке түспеген. Бұл – бір.       

Екіншіден, Нұғыман Манайдың шығармашылығының ендігі бір белесі – драматургиясы. Оның қолжазба күйінде жазылып, ауыл арасында қойылған «Азамат ары», «Жастар арасында» деген пьесасы бар екендігін білгенімізбен, өкінішке қарай, бұл пьесалар қолжазба болғандықтан, кейбір нұғымантанушы ғалымдарың айтуынша бүгінгі күнге жетпеген-ді. Десек те, біздің ойымызша, бұл мәселе нұғымантанудың болашақтағы зерттелуі тиіс нысанына айналуы керек. 

Үшіншіден, тұлғаны зертеу барысында оның қай жылы және не себепті қайтыс болғаны туралы бірнеше дерекке кездестік. Сол деректерге тоқталып өтсек: 

1. 1938 жыл, 7 наурыз. Ату жазасына кесілді;

2. 1939 жыл. Түрмеде өз ажалымен өлді. 

3. 1942 жыл. Өкпе ауруынан қайтыс болды. 

Яғни, бұл жөнінен келгенде де қайраткердің хронологиялық мәліметтері нақты емес екеніне көзіміз жетті. Мұның себебі: тұлғаның әр жылдары баспасөзде жарияланған көсемсөздерінің қазіргі қаріпке түспегені және архив материялдарына тұтастай анализ жасалмауынан деп білеміз. Мұндай мәселелер тек Нұғыман Манайдың тұлғасында ғана емес, басқа да алаш қайраткерлерінің өмір тарихында кездеседі. 

Нұғыман Манай тұлғасын зерттеу барысында ҚР Ұлттық кітапханасы, Ғылым ордасының орталық ғылыми кітапханасындағы сирек қорлары мен ҚР Орталық Мемлекеттік, ҚР Президенттік архивтерімен жұмыс істеп, Нұғыманның 20-ға жуық көсемсөзі мен 2 іргелі ғылыми еңбегін қазіргі қаріпке түсіріп, тұлғаның архив беттеріндегі 15-ке жуық жеке ісімен таныстым. Ендігі мақсат – жиналған материалдар негізінде Нұғыман Манайдың тұңғыш шығармалар жинағын құрастыру. Бұл ауыр да аса керек шаруаны қолға алып, қоғам қайраткерінің алғашқы кітабын жақын күндері оқырман назарына ұсынбақшымыз. Өйткені ақталғанына 65 жыл өтсе де қайраткердің мұраларының жинақталмауы бізді пұшайман етеді. Сондықтан да 44-ақ жыл ғұмырында қызыл үкіметтің қол астында қызмет ете жүріп ұлтына қызмет етіп, рухани мұраны қалдырған тұлғаның есімі қазақ тарихында кеңінен танылуы қажет деп ойлаймыз.

– Алаш тарихының оқырманға белгісіз қандай оқиғалары бар? Жалпы алаштану ғылымын толық зерттелді деп айтуға бола ма?

– Ойыңызды аңғардым.Сұрағыңыз өте өзекті, әрі алаштану ғылымының бүгінгі таңдағы «жанды жер» деп білемін.  Десек, те мен жас алаштанушымын. Жас зерттеушімін. Сондықтан да алаш тарихындағы белгісіз оқиғалардың бірін жете біліп, бірін қалыс қалдыруым мүмкін. Алаштану ғылымының толық зерттелді, я болмаса зерттелмеді деп те кесіп айта алмаймын. Бұған менің зерттеушілік қарымым, тәжірбием әлі жете қоймады. Десек те, бүгінгі таңдағы алаштану саласындағы көзіммен көріп, жүрегіммен сезіп жүрген бірнеше мәселелер мен зерттелуі кемшін түсіп жатқан тарихи оқиғаларды айтпай кетпеуім болмас. 

Біріншіден, 1921 жылы Ташкентте алаш қайраткері, көсемсөз шебері Иса Тоқтыбайұлының бастамасымен құрылып, 1922 жылы жұмысын бастаған жергілікті халықтың оқу-ағарту ісімен шұғылданған ұйым – «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы» құрылады. 1922 жылдан бастап комиссияның төрағасы – Алаш қайраткері, дәрігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы болып сайланады. Комиссия құрылуының нәтижесінде Ташкент қаласында «Сана» журналы жарық көріп, «Талап» қоғам құрылады. Ал сонымен бірдей уақытта қазақ жерінде Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен құрылған білім комиссиясының құрамына: Мағжан Жұмабай, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы сынды алаш қайраткерлері жүйелі түрде оқулықтар шығарумен айналыса бастайды. Аталған білім комиссияларының негізгі мақсаты – ұлттық мектептер үшін ғылыми және көркем әдебиеттер шығару болғандықтан, осы жылдан бастап алғашқы қазақ оқулықтарының екінші кезеңі, жаңа деңгейі өріс алады. Міне, бұл тарихи контекстегі маңызды оқиға. Енді осы білім комиссияның нәтижесінде: Мағжан Жұмабайдың «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілі», Жүсіпбек Аймауытұлының «Психология», «Тәрбиеге жетекші», Иса Тоқтыбайұлының «Бастауыш жағрафия», Халел Досмұхамедұлының «Табиғаттану», «Жануарлар», Кәрім Жәленұлының «Есептану», Нәзипа Құлжан «Мектептен бұрынғы тәрбие», Жүсіпбек Басығараұлының «Күн күркіреу мен найзағай», Елдес Омарұлы «Физика», Мырзағазы Есполұлы «Су туралы әңгімелер» т.б. аударма, төл оқулықтар жарық көреді. Бұл оқулықтар аударма кітаптан қарағанда қазақтың танымына негізделген ұлттық құндылықты дәріптеген оқулықтарымыз болды. Ең өкініштісі – сол жылдары жарық көрген қаншама кітаптардың есімін көпшілік біле бермейді, тіпті, олар ескі қаріптен қазіргі қаріпке түспеген. Аталмыш оқулықтардың авторлары туралы да зерттеулер кемшін түсіп жатыр. Бірінің шығармалар жинағы құрастырылмаған, бірінің архивтегі ісі ашылмаған. Менің ойымша, бұл мәселеде кешенді жұмыстар атқарылуы қажет. Мәселен, дәл осы мақсатта Qуr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ өткен жылы «100 оқулық» жобасын қолға алған болатын. 50-ден аса қор мүшелері арнайы бекітілген жетекшілерімен 100-ден аса кітаптың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, кейбір еңбектерді қазіргі қаріпке түсіріп, көпшілікке белгілі оқулықтарға текстологиялық талдаулар жүргізіп жатыр. Ендігі мақсат – бұл кітаптарды заманауи нұсқада жарыққа шығарып, мектеп оқушылары мен ұстаздарға ұсыну. 

Екіншіден, 1905 жылы 25 шілдедегі «Қарқаралы құзырхаты», қазақ тарихындағы Қасым ханның «Қасқа жолы», «Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағынан кейін жарық көрген 1911 жылы 13 маусымдағы Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы», Алаш автономиясының құрылып, Алашорда үкіметі жасақталған 1917 жыл 12 желтоқсан, қазақ жерінің территориялық тұрғыдан шегенделген 1920 жылы 26 тамыз күні, қазақ-қырғыз білім коммиссиясының 1922 жылы құрылуы, 1919-1922 жылдардағы ашаршылық және т.б. оқиғалар – алаш тарихындағы әлі де болсын жіті зерттелмеген, көпшілікке белгісіз, оқулыққа енбеген ақтаңдақ оқиғалардың бірі. 

Үшіншіден, жас алаштанушы, тарихшы ғалымдардың ескі жазуларды (шағатай, қадымша, төтеше) білмей, түпнұсқа материалмен таныспай, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, сілтеме беруі, менің ойымша, шұбалаңқы пікірлер мен әртүрлі ғылыми тұжырымдарды туғызады. Солай тарих бұрмаланып, өз терімізге өзіміз қайтадан иленеміз. Сондықтан да жас ғалымдардың ескі қазақ жазуларын білуі өте-мөте қажет деп білемін. Өйткені біздің мұрамыздың көп бөлігі ескі жазуда жазылған. 

Төртіншіден, XXI ғасыр – өркениетті дәуірі, технологиялардың жаңғырған кезеңі болғандықтан, алаш мұрасын насихаттаудағы контент мәселесінің жағдайы мүшкіл деп айтуға толық негіз бар. Бірді-екілі (youtube) желісінде деректі фильмдер болмаса, арнаулы тұлғалар жайлы түсірілген контенттер, подкасттар көп емес. Тіпті, алаш тарихына ғана қатысты ортақ сайттың болмауы, алаш қайраткерлерінің түбегейді зерттелмей жатуының бірден-бір себебі ме деп ойлаймын. Әйтпесе, алаш мұрасының 30 жылда түгенделіп, бүгінгі күнде біз алаштану саласының жаңа деңгейіне көтерілуіміз қажет едік...

– Есті әңгімеңізге ризашылық білдіреміз! Жазарыңыз таусылмасын! Іске сәт!      

Ж. Алаш