Қазақ қарулары: түйе мылтық
26.04.2024 1324

Үлкен ақын Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында:

«Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер,

Зеңбірек атанға артқан найзагерлер,

Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,

Алатау берік қорған жұмақ жерлер», – деп жырланған шумақ болса, қырғыздың «Манас» эпосының екінші кітабында ««Көкетайдың асы» атты бөлімде:

«Жайсаңбайдың маңғұлы,

Түйе үстінен оқ атты,

Күркірете боратты,

Түйе мылтық күркіреп,

Жауған оққа беттемей,

Несқараның әскері,

Жосып берді дүркіреп...» дейтін жолдар бар.


Демек жоғарыдағы жыр мәтіндерінен біз байырғы көшпенділер ұрпағы  ерте кезде елі мен жерін жау-жардан қорғау үшін  түйе мылтық, яғни зеңбірек қолданғанын аңғарамыз. Үлкен ғалым Әлкей Марғұлан кезінде қазақтар жауға қарсы зеңбірек қолданғаны туралы жазып (Маргулан, 1987. Т-1. 167-б), бұл қарулар қазіргі таңда Омбы музейінде тұр деген екен. 

Қарутанушы-этнограф Қалиолла Ахметжан 2016 жылы жарық көрген «Қазақ отты қаруларының тарихы» атты зерттеу еңбегінде: «Зеңбірек қоладан құйылып жасалып, қазына (дәріхана) және оқпан атты екі бөліктен тұрады. Дәрі зеңбіректің қазына бөлігіне салынып, оның түбіндегі арнаулы тесік арқылы пілтемен от беріледі. Зеңбірек оғын «топ» («доп») деп атайды» деп жазыпты. 

Түйе зеңбірек

XVII-XVIII ғ.ғ. Темірден құйылған, ұзындығы 200 см. Моңғолия, Селенге аймақ музейі. 

Парсылар бұл қаруды «замбурак» деп атаған. Қазақ оны тіліне бейімдеп «зеңбірек» деп алған. Парсылар зеңбірекпен қамал атқан. Зырқырай ұшқан зеңбірек добы қамалға тиіп оны құлатпаса да ойып түсіретін болған. Осы ойықты «дық» дейді екен. Атам қазақтың «көңілде өшпес дық қалды» дегені осы.

Ал өткен тарихи мәліметтер мен жыр-дастандарға сүйенсек, жоғарыда айтқанымыздай, аталарымыз ертеде өздерін жаудан қорғау үшін  әртүрлі зеңбірек қолдаған. Көп жағдайда зеңбіректі түйе үстіне орнатқандықтан «түйе зеңбірек» деп атаған. Екінші тараптан бұл сөз «үлкен мылтық», «ұзын зеңбірек» дегенге саяды. 

Сонымен қатар қазақ жасақтары орта ғасырда белге байлап алып жүріп ататын қол зеңбірек, ат үстінде ердің қапталына бекіткен арнайы құрылғыға орнаттып ататын ұзын зеңбірек т.б. қолданған. Мысалы, қазақтың батырлық дастаны «Қобыланды батыр» жырында (С. Ділманов нұсқасы) қалмақ ханы сахараның барлық батырларын шақырып мергендер сайысын өткізеді. Ол үшін алтын бағана басына алтын жамбы іліп қойып, кім атып түсірсе оған қызымды берем деп жар салады. 

Ханның қызынан үміткер не бір сайыскер мергендер келіп, жамбыға оқ кезейді. Бірақ ешкім атып түсіре алмайды. Бұл хабар қазақ даласына да жетіп, Қобыланды батырдың құлағына тиеді. Жырда айтылғандай Қобыланды атамыз алтын жамбыны зеңбірекпен атып түсіріп, ханның қызын алып қайтады. Бұл оқиға туралы жырда:

Бұлайша деп Қобыланды,

Ат үстінде тұрады. 

Зеңбірегін қондырып,

 Оң тізеге қояды.

 Көз жетпейтін қабағын,

 Үзейін деп сабағын, 

Толғай тартып қалады. 

Бір атқаннан қалдырмай, 

Қалмақтың алтын қабағын 

Үзіп жерге түсірді (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 37-том. – 238-239-бб).

Ердің қапталына қондыратын арнайы құрылғысы  бар ат үстінде атуға арналған зеңбірек

XVIII-XIX ғ.ғ. Темірден құйылған, ұзындығы 183,6 см.  Моңғолия Әскери музейі. Ұланбатыр

Сол сияқты қырғыз халқының батырлық дастаны «Манас» эпосында батырдың «Ақкелте» атты деген шағын зеңбірегі болғаны туралы дерек бар. 

Есіне түсті Ақкелте

Өзегі болат, аузы обыр, 

Түтіні тұман дүмі зіл, 

Көзесең тажал, оғы ажал, 

Асынып жүрген Ақкелте,

 Ашуы келсе қырыпсал, 

Шындығында зеңбірек,

 Бабын білсең тым бөлек, – деп жырланады («Манас» бірінші том. ҚМКӘБ. Алматы – 1961. – 81-б).

Жуықта Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда Әскери музейден қоладан құйылған шап-шағын «Ақкелте» зеңбіректі көрдік. Атүсті шайқастарда қолдануға ыңғайлы бұл қарудың ұзындығы 44,2 см болса, салмағы 1575 грамм екен. Сыртына көне жазу қытайша бар. Онда:      «Бұл зеңбірек 1372 жылы жасалды» деп жазылыпты.

Ақкелте зеңбірек

Сол сияқты «Манас» эпосында:

Түйе үстінен оқ атты,

Күркірете боратты,

Түйе мылтық күркіреп, – деп жырлағандай атан түйеге артып жүретін «жезайыр» атты зеңбірек қазақта да болған. Бұл туралы қазақ дастаны «Ер Шобан» жырында: 

Он екі құрсау жезайыр,

Қара мылтық жұмсаған,

Бұ жиынның ішінде,

Қара найман Жанақ бар ( «Бес ғасыр жырлайды». 1-т., 56-б). Осы жезайыр – түйе зеңбіректі өткен ақпан айында Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда Шыңғыс хан музейінен көрдік. Зеңбіректі түйенің үстіне орналастыратын ершігі де бар екен (суретте).

 

Жезайыр түйе зеңбірек

ХVІІ-ХІХ ғ.ғ. Темірден құйылған, ұзындығы 217 см. Шыңғыс хан музейі. Ұланбатыр

Сол сияқты халқымыздың бай фольклоры жинақталып 2006 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты жүзтомдықтың 44-томының 324-бетінде «Ақөрме» атты зеңбірек туралы мәлімет бар екен:

Тастай беріп садақты, 

Тарс еткен де қорс еткен, 

Қорс еткенде қан шыққан, 

Қанға ере жан шыққан. 

Жау талауы ақөрме 

Сыпырып бастан алады-ай. 

Бірін-бірі көздесіп,

Басып келіп салады-ай, – деп жырланса,  1961 жылы Алматыда жарық көрген «Манас» батыр эпосының 1-томының 130-бетінде: «Көк шыбық» атты зеңбірек хақында айтылыпты: 

Білтеліге от берді,

Көздеп тұрып дәл басын,

Көк шыбық үні гүрс етті,

Бұрқана келген Сұқсақтың 

Басын жарып оқ өтті, – деген жолдар бар.

Тарих деректерге жүгінсек, қазақ жасағы ХІV ғасырда қызылбастармен (парсы тұқымдастар) шайқаста зеңбірек қолданғаны жайлы дерек бар. Бұл туралы «Көрұғлы» («Бозайхан») дастанында:

Алатауға зеңбірекпен атады,

Соғысқандар қызыл қанға батады,

Қарсы келген қызылбастың әскері,

Келген жерден қаза тауып жатады, - деген екен.

 

Ат үстінде алып жүріп атуға арналған зеңбірек.

XV-XVI ғ.ғ. Темірден жасалған, ұзындығы 113 см.  Моңғолия Әскери музейі. Ұланбатыр

Қол атуға арналған мыс зеңбірек

Юань империясы. Мыстан құйылған. Салмағы 3,55 кило, ұзындығы 34 см. ҚХР. Хэйлонжань провинциясы. 1287 ж. 

Қол атуға арналған қола зеңбірек

Юань империясы. Қоладан құйылған.   Салмағы 6,94 кило, ұзындығы 35,5 см, ұңғысының  диаметрі 10,5 см.

ҚХР. Шаньши прованциясы. Сиань қаласы музейі

Ал өткен күндер бедеріне үңілсек, қазақтың соғыс тарихында соңғы рет зеңбірек қолданған Кенесары хан. Бұл қаруларды Кенекеңе Бұқар әмірі сыйлағаны жайлы жазба дерек бар. Онда: «Бұқар ханы Кенесарыға 60 мылтық, 15 зеңбірек сыйласа, Хиуа әмірі екі зеңбіректі оқ-дәрісімен бірге берген» деген мәліметті көрдік. 

Кенесары осы қаруларды қырғыздарға қарсы қолданған. Оған дәлел ханның қасында болған Нысанбай жырау Жаманқұлұлының:

Ембіден алған зеңбірек,

Салып ерге теңдеді... – деген сөзі дәлел болса, тағы бір дерек: Тілеген атты ақынның «Кенесары-Наурызбай» атты толғауында:

Аттанды он төрт мың қол жер қайысып,

Басы екен – Кенесары, бір зеңбірек, – деген жыр мәтіні бар екен («Қазақ халық әдебиеті», 1996, Т.3. 200-б).

Қарутанушы Қалиолла Саматұлы өзінің «Қазақтың оты қаруларының тарихы» атты еңбегінде: «Кенесарыға қарсы қырғыздар Алатаудың бір асуына қамал тұрғызып, бекініп соғысады. Кенесары қамалды зеңбірекпен атуға бұйырады» деп жазса, бұл оқиғаны Нысанбай жырау:

Қаһарланып хан Кене,

Ашуланып сол жерде,

Алдырды екі түйені,

Шөгеріп салып түйеге, 

Зеңбірегін сүйеді, – деп жырлапты. 

Кенесары қырғызға қарсы зеңбірек қолданғаны туралы орыс поручигі Грен: «Кенесарының әскерінде түйеге артып жүретін үш ұзын зеңбірек болды» деп жазыпты (Қ. Ахметжан. «Қазақтың оты қаруларының тарихы». – Астана: «Фолиант», 2016. – 61-б). Осындағы екі зеңбіректі Кенесары жеңілген соң, орыс әкімшілігі Пішпек қорғанысының бегіне сыйлаған екен.