Қазақстандағы Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны
23.04.2024 1987

Қазақстан Республикасы – астық өндіруші және өзін өзі астық өнімдерімен толық қамтамасыз ете алатын мемлекеттің бірі. Бұл да мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі. Бұл үлкен жетістіктің негізі 1954 жылы қаланған болатын. Биыл тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына жетпіс жыл толды. 


Тың игеру науқанының даңқы мен дабырасы әлемге, оның ішінде социалистік лагерь елдеріне молынан жетіп жатты. Тың игерумен қатар, Қазақстанды индустрияландыру да үлкен қарқынмен жүрілді. «Қазақстан магниткасы» атанған бұрынғы Жауыртау, қазіргі Теміртау қаласының индустриялық аумағынсалу үшін КСРО мен шетелдерден мыңдаған мамандар мен жұмысшылар тартылды.

Басы: Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына 70 жыл

Осы кезеңде КСРО құрамындағы одақтас республикалардың меншікті аумақтарын бірінен екіншісіне қосып жіберу тәжірибесі кеңнен өріс алды. Осыған орай КСРО ОК-нің Орта Азиялық бюросы құрылды. Бұған Орта Азия республикалары мен Қазақстан кірді. КСРО Бас хатшысы Н.С.Хрущев келекшекте бұл республикалардың өзара шекараларын алып тастау саясатын жүргізді. Қазақстан компартиясын ұзақ жылдар бойы басқарған Д.А.Қонаев өзінің «Өттің дәурен, осылай» атты кітабында былай деп жазады: «Бір кездесуде Маңғышылақ жартыаралын Түркменияға беру керек екенін, түрікмендердің шөл және шөлейт жерлермен жұмыс жасауда тәжірибелері бай екенін және олардың геологиялық бақылау ұйымдарының күшті деп жариялады. Мен бірден қарсы болдым. Хрущев күйгелектеніп, қызарып кетті. Юсуповтың үш ауданды Өзбекстанға беру керегі жөнінде жазғанын маған ұсынып, «Орындау үшін бердім» деді де, Юсуповтың іске мемлекеттік деңгейде қарағанын мақтады». Міне осылайша КСРО көсемі өзімбілемдікке салынып, өрескел қателіктерге жол берумен болды.

Кеңес көсемі Н.С.Хрущев Тың және тыңайған жерлерді игеру» деген желеумен қазақ даласын келімсектерге толтырды және онысын мақтаныш көрді. «Патша үкіметі бір ғасырда істей алмағанын бірнеше жылда атқарып шыққанын» мақтанышпен жариялады. Қазақстанды бөлшектеу ісін одан әрі жалғастыруды көздеген ол КОКП ОК шешімімен Мәскеу мен Алматыға екі жақты бағынышты өлкелік бюросын (Тың, Оңтүстік-Қазақстан, Батыс-Қазақстан) құрған болатын. Бұл дұрыс емес еді, әрі ол «КСРО Жарғысында» да көрсетілмеген еді. Осының салдарынан жергілікті басқарма Мәскеу мен Алматыдан келген бұйрықтар мен тапсырмалардың қайсысын орында бойынша бас қатырды. Осы кезеңде көптеген волюнтаристік шешімдер ышғарылды. Атап айтқанда Н.С.Хрущев пен оның жергілікті биліктегі сенімді адамы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы И.Юсуповтың шешімімен Қазақстанның үш мақта егуші ауданы Өзбекстанға беріліп кетті. И.Юсупов бұл әрекеті Н.С.Хрущевтің көңілінен шықты. Ол сол аудандарды беруге қарсы болған Д.А.Қонаевті орнынан алып, Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы етіп И.Юсуповты тағайындады.

КСРО көсемі Н.С.Хрущевтің өзім білемдікпен Қазақстанды бөлшектеуге кірісуінің бір көрінісі – Тың өлкесін (Целинный край) құруы болды. Оның құрамына Солтүстік Қазақстан, Акмола, Костанай, Көкшетау, Павлодар облыстары кірді. Тың өлкесінің жеке басқарушылық құрамы болды. «Тың өлкесі» газеті шығып тұрды. Тың өлкесінің негізінен Мәскеуден басқарылуы да оны біртіндеп РКСФСР-ға қосудың алғышарты еді. Тың өлкесіне енген облыстардағы қазақтардың үлесі 15-30 пайыздың үстінде ғана болып қалды. Тіпті кейбір аудандардағы қазақтардың үлесі 10 пайызға әрең жетті. Содан бері жетпіс жыл өтсе де, қазірге дейін қазақтардың үле-салмағы отыз пайызға жетпеген аудандар әлі бар. Бұл аудандарда қазақ тілінде оқытылатын мектептер болған жоқ. Ондағы азғана қазақ балалары орыс мектебінде оқуға тура келді және осыдан кейін қалалар мен ауылдардағы қазақ тілінің қолданыс аясы мүлде тарылды, енді бір ұрпақ өткенде тұрғылықты ұлт өкілдері ана тілінен гөрі орыс тіліне бейім бола бастады. Осылайша Тың игеру жылдарында қазақ мектептерінің жабылып, орыс тіліндегі мектептердің қанат жаюы қалыпты жағдайға айналды.

Тың игеру жылдарында қазақ даласында аянбай еңбек еткен қарапайым адамдардың, көптеген дарынды да еңбеккер тұлғалардың, әр түрлі деңгейдегі басшылар мен жетекші ұйымдастырушылардың ел өмірін жақсарту, миллиардтаған астық өндіруде атқарған таудай еңбегі бар. Олардың жан аямай тер төккен еңбегі кезінде лайықты ескерілді. Сол тұста 250 мың тың игеруші мемлекеттік жоғарғы наградалармен марапатталған екен. Және олардың 650-іне Социалистік Еңбек Ері деген ең жоғарғы атақ берілген. Тың игерудің алғашқы жылдарындағы және кейінгі толқынындағы небір жасампаз диқандар мен білікті басшылардың еңбегі күні бүгінге дейін аңыз болып, ұрпақтан ұрпаққа есімдері ұмытылмай келеді.

Тың игерудің даламызға әкелген зардаптарын бүгінгі дәуірде еркін де ашық айтатын сәт туып отыр. Орасан зор тұмса табиғатты, жайылымды-шабындықты өлкені ойламсыз зертханалық полигонға айналдырып, тың жерлерді игеру деген желеумен ойланбай жасалған кең көлемді акциясының тигізген қиянаты бүгіндері өз зардабын танытып жатыр. Ғылыми тұжырымдамалық дайындықсыз, агрономиялық-техникалық әдістерді алдын- ала жасап бақылаусыз жаппай жыртудың салдарынан Қазақстанның орталық және солтүстік аудандарындағы көлемі жағынан Франция сияқты еуропалық ірі мемлекеттің аумағына тең 9 миллион гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады.

Әкімгерлік-әміршіл жүйе тың игеруде сан-цифр қуалаушылық пен көзбояушылыққа жол берді. Соның салдарынан егістікке мүлде жарамайтын, малға жем-шөп дайындауға ғана болатын құнарсыз сортаң жерлерді де жырту кең өріс алды. Сол себепті кейбір алқаптарда гектарына 2 центнерден дән себіліп, ол жерлерден асыра айтқанда 7-11 центнерден ғана жиналды. Мұндай ақылсыз әрекеттермен елдің астық өндірісін одан әрі қарай өркендету мүмкін емес еді. Осыдан болып алпысыншы жылдардан КСРО-дағы дәнді дақылдарды өндіру қарқыны күрт төмендеп, астықты шет елдерден сатып алуға мәжбүр болды.

Миллиондаған гектар дәстүрлі жайылымдық жерлерді егістік үшін есепсіз жырту – ондағы мал өрісінің тарылуына әкелді. Ғасырлар бойы төрт мезгілдік цикль бойынша көшіп-қонып дәстүрлі өсіріліп келе жатқан мал шаруашылығына, оның тұқымдарына – жылқының, ет-жүн беретін қой түрлерін өсіруде қайтадан еш уақытта түзелмейтін қиянат жасалды. 1960 жылы 1953 жылмен салыстырғаңда жылқы, түйе саны күрт төмендеп кеткен.

Тың игеру тұсында жергілікті тұрғындар үшін билік тарапынан кейбір шектеулердің болғанын да тарих куәландырады. Атап айтқанда тың науқаны барысында селолықтарға жеке шаруашылығында мал ұстауға тыйым салынды. Ұжымдастырудың солшыл саясатының ықпалында селодағылар өзінің жеке секторын ұстап, жеке кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндігі болмай, негізінен қауымдық өндірісте еңбек етуге мәжбүр болды.

Көптеген басқа ұлт өкілдерінің тың игеру науқанымен Қазақстанға көптеп көшіп келуі республикадағы тұрғындардың этникалық құрылымын өзгертті: байырғы тұрғындар саны 1959 жылғы санақ бойынша 30 пайызды әрең құрады. Бұл жағдай қазақ этносың әлеуметтік мәдени дамуына, қазақ тілінің қолданыстан шығуына нақты қауіп төнді. Бұл жағдайдың салдарынан еліміз күні бүгінге дейін арыла алмай отыр.

Осы және көптеген жағдайлар мен факторларға орай тың игеру науқанына түрлі баға беріліп жатыр. ҚР экс-президенті Н.Ә.Назарбаев «Тарих тағлымдары және қазіргі заман» атты кітабында: «Қиын экономикалық тәуелділікке түсіп қалмау үшін, халықты тамақтандырып, өнеркәсіптің дамуын қолдай алу үшін елімізге үлкен астық қажет болды. Сөйтіп, астық пен азық-түлік зор құнмен алынды. Бар қиындықта ең үлкен құнды алдағы жарқын болашаққа күмәнсіз сеніп, қаншама ауырлықты басынан өткеріп, көп нәрсені жоғалтып, өмірдің берген азына шынайы қуанып, осы идея үшін күш-қайратын аямай жұмсаған, адамдар төледі», - деп жазған екен. Иә бұл пікірмен келіспеу мүмкін емес. Болашақта да әрбір буын ұрпақ кзең-кезеңіментың игеру науқанының түпкі нәтижесіне өз пайым-көзқарасы тұрғысында лайықты бағасын беретін болады. 

Сөйтіп, Қазақстан астық шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімін өндіретін совхоздық өндірістің ірі аймағына айналды. Бірақ та колхоздардың орынына ірілендірілген совхоздарды ашудың дұрыс-бұрыстығына баға берілуге тиіс болды. Ондағы басқару жүйесінің икемсіздігі айқын сезілді. Мұндағы кооперативтік шаруашылықты жүргізудің демократиялық негіздері бұзылды. Сондықтан да совхоздардағы еңбек өнімділігі, еңбеккерлердің психологиялық көңіл күйі т.б. ескерілуі қажет болды. 

Совхоздарды басқаруда кадр тұрақсыздығы орын алды. Бұл тұрақсыздық төменгі буында ғана емес, тұтас кеңестік билікте жаппай көрініс тапты. Кеңес Одағының Бас Хатшысы Н.С.Хрущевтің өзім білемдікпен тікелей басқаруымен жасалған орынсыз қайта-қайта өгертулері, түпкі нәтижесін ойламай шығарған асығыс шешімдері қоғамды біртіндеп тығырыққа тірей бастады. Бұл тіпті әдетте ешқандай өзгеріс енгізуді қаламайтын мемлекеттік бюрократияның, яғни партиялық-мемлекеттік номенклатураның алаңдап, мазасыздануға алып келді. 

«Кадр бәрін шешеді», - деген сөзді басшылыққа алған Кеңес Одағының құрамындағы мамандар ағыны өте көп болып келген Қазақстанда қазақ тілінің қадірі төмен түскен дәуір басталды. Кадрларды сапырылыстырып айырбастай беру – Қазақстанға қиын қиын тиді. Тек Н.С.Хрущевтің басқаруы кезінде ғана республиканың жоғары басшылығы жеті рет ауысты, республиканың байырғы халқы қазақтардың үлесі әсіресе қалалар мен кенттерде өте аз мөлшерде болды. 

Республикаға келген басшылардың көбі-ақ Қазақстан мен оның байырғы тұрғындары, ел иесі қазақтардың үлес салмағы үштен бір мөлшеріне де жетпей қалғандықтан, Мәскеудің бұйрығымен партиялық, шаруашылық лауазымдарға республиканың экономикасын, мәдениеті мен қазақ ұлтының салт-дәстүрін білмейтін, қазақтың тілі мен өзіндік мәдениетінің рөлін кемсіткендер тағайындалып отырды. Өз кезегінде олардың ел ертеңіне тигізген зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы, байырғы дәстүрлері туралы мүлде түсінігі жоқ келімсек тыңгерлер тарапынан кемсітулер жиі көрініс тауып отырды. Мұның өзі де тың игеру деп аталатын ауқымды жобада жіберілген кемшіліктің ең негізгілерінің бірі болып саналды. Мәскеу тағайындаған өркөкірек басшылар мұны қаперге алуды қажет деп санамады.

Өз кезегінде Қазақстанда шаруашылық жүргізудегі орын алған бұл дағдарысты жағдай өзінің шешімін табуы тиіс болатын. 

Тың игеру жылдары КСРО көсемі Н.С.Хрущевтің Кеңес Одағы аумағында жүргізген оспадар әрекетінің бірі – солтүстік өлкелерде жүгері өсіру әрекеті болды. Жүгері – күн ыстық әрі ұзақ жалғасатын жылы жақтарда өнім беретін дәнді дақыл. Сондықтан да қоңыржай суық өңірлерде жүгері өсіру жоспары орындалмақ түгілі, орасан шығын келтірді. Осы және басқа да сәтсіз қадамдары мен шешімдері үшін 1964 жылы қазанда КОКП ОК-нің Пленумы Н.С.Хрущевті орнынан алуға шешім қабылдады. Ол Тың игеру науқаны басталар алдында, яғни 1953 жылғы қыркүйектен бері КСРО билігін ұстаған болатын. Н.С.Хрущевттің тұсындағы ең ауқымды, ел есінде қалатын қадамдар – Тың игеру мен кеңес адамы алғаш ғарышты бағындыруы болды. Осындай жетістіктерге қарамастан ол шаруашылық мәселелерді шешкенде субъективизмге, волюнтаризмге, басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдісіне басымдық берді. Н.Хрущевтің солақай саясатынан өзге елуінші жылдары «жылымық» деп аталған кезең басталды. Осы тұста сталиндік зұлматтың құрбандары болған көптеген жазқсыз жандар ақталып, есімдері халқымен қайта қауышты. Жоғарыда аталған Пленум Н.С.Хрущевты ОК Іхатшысы, ОК Төралқа мүшесі және КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы міндеттерінен босатты. Ол өзінің кемшілік, кінәсін мойындағанымен, миллиондап есепсіз жыртылған жерлер бірден қалпына келмейтіні белгілі. Пленум КОКП Орталық Комитетінің І хатшылығына Қазақстанда қызмет істеген Л.И.Брежневті сайлады және КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н.Косыгин тағайындалды. Бұл басшылар КСРО билігінде тұрған кезеңде Қазақстандағы тың игеру өз жалғасын тапты. Л.И.Брежнев басқарған тұс – тоқырау кезеңі деп аталды және астық өндіруші мемлекет шетелден астық сатып алушыға айналғаны – осы тұс болып тарихта қалды.

Тың игеруге қатысты мынадай сан-деректерді осы орасан зор акцияның қорытындысы ретінде қарастыруға болады. 1954-1960 жылдарда РКФСР бойынша 16,6 млн. гектар тың және твңайған жерлер игерілсе, Қазақстанда бұл мөлшер 25,5 млн. гектарға жеткен. Бұл жерде РКФСР-дің жер көлемі 20 миллион шаршы шақырымнан астам, Қазақстанның жер көлемі 2 миллион 717 мың шаршы шақырым екендігін ескерсек, орасан зор аумақтың жыртылғанын көреміз. Тың игеру басталғаннан кейін ауыл шаруашылығының балансындағы жердің көлемі 223 млн. гектарға жетті. 

Тың игерілген жылдардағы Қазақстанның астық жинаудағы қол жеткізген көрсеткіштері де әр жылдары әр түрлі болды. Мұнда атап айтқанда, тың игеру басталған жылдың келесі жылында, яғни 1955 жылы Қазақстан бойынша 475 миллион пұт астық жиналды. Ал келесі 1956 жылы миллиард пұт астық алу межесі белгіленіп, бұл жоспар асыра орындалды. Дегенмен тың игеру жылдарының алғашқы он жылдығында тек 1956, 1958, 1964 жылдары ғана мемлекетке астық сату жоспары орындалған екен. Осыған орай Қазақстан тың игеру жылдарында алты рет қана мемлекет қоймасына жыл сайын миллиард пұттан астам астық өткізген екен. Айта кетерлігі: бұл межені бағындыру үшін ол заманда үлкен күш пен қаражат қажет болған. Астықты өлкелерге егін орағы ерте аяқталатын Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен, тіпті сонау Белоруссия мен Украинадан, Ресей Федерациясынан іссапармен мыңдаған комбайншылар, механизаторлар, жүк машинасының жүргізушілері келіп, солтүстік орақ науқанына қатысатын. Ал қазіргі күні қазақстандық диқан фермерлер тың игеру заманындағыдан аз жерге егін салып, ол алқаптан миллиард пұт астықты еш қиналмай-ақ өз күштерімен жинап алып жүр. Қазіргі заманның ауыл шаруашылық техникалары да еңбек өнімділігі тұрғысында өте қуатты болып отыр. Тың игерудің алғашқы жылдарынан бастап күні кешеге дейін астық алқабында жүзген «Нива», «Енисей» комбайндарын бүгінгі дәуірдің «Класс», «Джон Дир», «Есіл» т.б. әмбебап техникаларымен салыстыруға да келмейді. Бұл әмбебап техникалар бір жолғы жүрісте егістік алқабындағы көптеген функцияларды атқарып кете береді.

Тың игеру жылдарында қол жеткізген көптеген мүмкіндіктер мен жаңалықтардың бірі – отандық қатты және күшті бидай сұрыптары болды. Осындай сапалы сұрыпты шығаруды мақсат еткен ғалымдардың еңбегі босқа кеткен жоқ. Солардың арасында академик А.Бараевтың есімі ерекше құрметпен аталады. Академик А.Бараев бастаған ғалымдардың тынымсыз еңбегі арқылы шығарылып алынған қатты және күшті қамырлылыққа ие астықты Кеңес Одағының өз ішінде және алыс, жақын шетелдер қуана сатып алатын болды. Қатты сыныпты бидайдың ерекшелігі – климаттық өзгерістерге төзімділігінде әрі ұзақ сақталатындығында. Мұндай ғылыми-селекциялық зерттеу үрдісі күні бүгінге дейін жалғасып отыр. Тың игеру жылдарында Тың өлкесінде теміржол желілері көптеп салынып, олардың елеулі бөлігі электрлендірілді. Осы арқылы астық тасымалдау, көлік логистикасы қарыштап дамыды.

Тың игеру жылдары еліміздің солтүстік өңрлеріне он мыңдаған тонна сыятын алып темірбетон астық элеваторлары салынды. Олар астықты сақтау, сұрыптау, тұқымдық астықты өңдеу т.б. қызметтерді атқарды. Олардың бірсыпырасы қазіргі күні де жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қазір заманауи шағын элеваторлар да көптеп салынды.

Тың игеру жылдары қол жеткізілген оң нәтижелерге қарағанда жіберілген қателіктер де көп болғанын қазіргі заман тұрғысында орынды атап өткен жөн. Атап айтқанда тың игеру жұмысы науқаншылдықпен тым шұғыл және толық дайындықсыз, асығыс жүргізілді деуге негіз бар. Алғашқы тың игеруді ұйымдастырушылардың қолында Қазақстанның топырақ сапасын туралы толық көрсетілген карта, өзге де мәліметтер аз, болса да сапасыз болды. Тың игерудің барысында қазақ даласының агроэкологиялық дәстүрлі үрдісі мүлде бұзылған себепті, көптеген кері үдерістер жүріле бастады. Мың-мыңдаған көлдер мен өзенде, бұлақ көздері мен бастаулар адамдардың аяусыз іс-әрекеттері салдарынан құрғап, бітеліп жойылып кетті. Себебі, жер жырту кезінде бұлақ көздері, шабындық, жайылымдық алқаптар т.б. ескерілген жоқ. Негізі Қазақстанда жоғарыда атап өткеніміздей, 22 миллион гектардан асырмай емес, осының жартысын немесе он бір-он екі миллион гектарға дән сіңіріп игерсе де болатын еді. Оған әкімшіл-әміршіл жүйенің даңғаза жарыстары мүмкіндік берген жоқ.

Егістік көлемі есепсіз артқан сайын малмен күн көрген халықтың жайылымдық жері қысқара түсті. Осыдан болып мал шаруашылығының жағдайы нашарлап кетті. 

Тың игеру жылдарында жоғары аталған себептерден жылқы саны күрт азайып кетті. 1951-1965 жылдары жылқы саны 366 мың басқа азайып кетті. Бұл өсім сексенінші жылдары ғана біртіндеп қалыпқа келе бастады. Мұның өзі халқымыздың байырғы ата кәсібінен қол үзіп қалуына әкеліп соқты.

Сонымен қатар қой саны да күрт азайып кетті. 1941-1951 жылдардың өзінде басы екі еседен артық өсіп, мол өнім беріп келген қой саны Тың игеру жылдарында (1951-1961) үш есеге кеміп кетті. Оның есесіне тың игеру жылдары жылқы мен қой саны кемуімен тұспа-тұс шошқа саны төрт еседен астам өсіп, Тың өлкесі құрамына кірген облыстарда алып шошқа өсіру-бордақылау кешендері салынды. Мұның басты себебі – қазақ жеріндегі байырғы түліктердің қалыпты жайылып, өсіп-өнуіне қажетті шабындықтардың орасан зор тарылып кетуі болатын. Атап айтқанда тиісті норма 3-4 гектардан асып жығылса, Тың игеру жылдарында бұл көрсеткіш 2 гектарға жуық қана болып қалды. 

Тың игеру жылдарында Қазақстанның солтүстік бөлігінің флорасы мен фаунасына қайта қалпына келместей зиян келтірілді. Есепсіз жыртау салдарынан сан ғасырлар жүзінде қалыптасып түзілген топырақтың құрамы бұзылып, құнары кеміп, борпылдақ шаң-тозаңға айналды. Сөйтіп орасан зор жыртылған алқап жел мен судың эрозиясына ұшырады. Тың игеру жылдары сортаңданған топырақтан көтерілген шаң Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін жеткен екен. 1955-1959 жылдары есепсіз жыртылған мұндай жердің көлемі бір жарым миллион гектарға дейін жеткен. Мұның салдарынан жер егістікке де жайылымға да жарамай қалды.

Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының топырағы біршама құнарлы, қарашірікті болғанымен, ондағы гумустың үлесі тың игерілген жылдары 30 пайызға дейін кеміп кеткен. Көп жылдар бойы астық егудің салдарынан құнарынан айрылған алқаптар бұл өңірлерде уақыт өткен сайын ұлғая берді.

Қорыта айтқанда Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру – бұл кеңес халқын жұмылдыра отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік, шикізат саласын нығайтуға, халықтың тұрмысын жоғарылатуға мүмкіндік тудырды.

Тың игеру кезінде ескі егіншілік тәсілдерін түбегейлі өзгертетін ғылыми агротехникалық жаңа тәсілдер пайдаланыла бастауы астық шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізді. 

Тың игеру жылдары Қазақстан Республикасының экономикалық әлеуеті арта түсіп, өз дамуының жаңа биік сатысына көтерілді. Қазақстанда салынған ондған жаңа қалалар мен кенттер, зауыттар мен фабрикалар, элеваторлар мен ғылыми-өндірістік және мал шаруашылық кешендері онда жұмыс істейтін адамдардың тұрмыстық жағдайы жақсаруына үлкен әсерін тигізді, әрбір елді мекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп, мәдениет үйлері, мектептер мен балабақшалар салынды. Мұндай елді мекендерде орташа арнайы және жалпы білім беретін мекемелер құрылып, халықтың баласы өз үйлерінен оқыту мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша Қазақстандағы Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны тарихта таңбаланып қалды. Алғашқы тыңгерлердің сол кезеңде қазақ даласынап келген пионерлерінің қатары бұл күндері ғасырға жуық жас жасап, еңбегінің зейнетін көріп отырған жандар. Ал кейінгі буындар астық державасы Қазақстанның қамбасын астыққа толтыру үрдісінде лайықты еңбек етіп келе жатыр. Астық өндіру, оны лайықты сақтап, ішкі қажеттілікті өтеу, шетелдерге экспортқа шығару – кез келген мемлекеттің қолынан келіп отырған үрдіс емес. Бұл да біздің Қазақстанның әлеуетін танытатын индекс. Осы жетістікке қол жеткізу жолындағы бірнеше буын ұрпақтың жетпіс жылдық еңбегі жатыр. Мұны біз ешқашан ұмытпауымыз керек.