Қарғын судан қалай сақтанамыз?
10.04.2024 1675

Бұл сұрақ қазір көптің көкейінде жүр. Өйткені, күллі қазақ даласын су басып кетті. Бір апта бұрынғы ресми мәліметке тоқталсақ, еліміз көлемінде 1 376 үйді су шайып кетсе, республикалық маңызы бар 100-ге жуық күрежол мен 4 көпір қарғын судың кесіріне тап болыпты. Сондай-ақ 70-тен астам елді мекен көлік қатынасынан ажырап қалса, осындай қиындыққа тап болғандарды құтқару үшін 12 000 адам, 2 500 техника жұмылдырылған көрінеді. 


Қазіргі таңда халықты мазалап отырған сұрақ. Осындай су тасқанының болуына кім кінәлі әрі апаттың алдын алуға үкіметтің қауқары жетпегені қалай?

Бұл сұраққа жауапты су астында қалған еліміздің батыс өңірін аралап қайтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлының аузынан естідік. Халық қалаулысының айтуынша, басты кінәлі мемлекеттік һәм жергілікті басқару тетіктеріндегі тұлғалар. Себебі олар әуелі апаттың алдын алуға қауқарсыз, әрі болатын оқиғаның маштабын аңғаруға қабілеттері жетпеген. Басты қателік – оқиғаның себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз.

Ал бұл оқиғаға қатысты осы салаға жауапты үкімет шендісі «су даладан келді, бұл болжанбағандықтан қапы қалдық» деді. Бұл кезекті сылтау ғана. Қазақша айтқанда, «сасқан үйрек артымен сүңгіп жатыр». 

«Бұндай мәлімдеме жасау – дейді су саласының байырғы маманы һәм су ресурстары бойынша сарапшы Ерлен Бадашев мырза, – барып тұрған білімсіздік, мұндай тасқын су апаты қазақ даласында әркез болып тұрған. Қажет болса, ертеде әр ауылда жауған қардың жылдық қалыңдығын қарап, жұртты сақтандырып, өріс-қонысын реттейтін адамдар болған. Осы қазіргі заман тілімен гидротехник дейміз. Қазір ауылдарда осы мамандық жоқ. Тәуелсіздік жылдары қысқартып жіберген. Яғни, тасқынның алдын алу үшін ең әуелі болжамды ақпарат берілуі керек болатын. Сол арқылы сақтану шаралары жүргізілетін. Міне, осы жүйенің болмауынан апатқа қатысты жауапты адам жоқ».

Рас айтады. Елді мекендеде бұрынғыдай қарғын суды болжаймын маман жоқ. Ал республика көлемінде жұртты қарғын су апатынан сақтандыратын Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты деген мекеме бар. Осы институт ғылыми қызметкері Оразхан Қарлыханов мырзаның айтуына қарағанда, бұл реткі су тасқыны бұған дейін қордаланып келген жүйелік қателіктің кесірі дейді. Баяғы маман тапшы. Совет кезінде Су шаруашылығы мамандарын дайындайтын Жамбыл қаласында Гидромелиоративтік құрылыс институты болған екен, ол қазір жоқ. 

Бір қызығы, бұрынғы совет заманында бұдан да күшті су тасқыны болып тұрған екен. Бірақ ол кезде сақтандыру шарасы алдын-ала қабылданып, даланың табиғи су ағатын жылға-жүлгелерін алдын-ала дайындайды екен. Сондай-ақ ол кезде жылда азды-көпті болып тұратын су тасқына қатысты көп жылғы дерек қоры сақталатын болған. Осы қорды қарғын судың алдын алу жолдары мен бұрынғы тәжірибелер жазылып тұрыпты. Қазір осы үрдіс жойылған. 

Осы орайда біз өз тарапымыздан мынадай ой қосқанды жөн көрдік: өткен жылы жаз ыстық қуаншылық болды да, дәл күзде қыркүйек-қазан айларында жаңбыр жауады. Жаздай күйіп кеткен дала қайта көктеп, шалғынға айналды. Яғни, кеш бусанған қара жердің қыртысы күзгі жауын-шашынды бойына толық сіңіре алмай жатып, қыс түсті де, топырақ қыртысы қатып қалды. Ал табиғи үйлесім бойынша, қыс түскенге топырақ қыртысы жазғы суды толық сіңіріп, бойына тартып алуы керек еді. Өткен жылы осы үйлесім бұзылды да, көктемде еріген қыста қатып қалған топырақ қыртысына сіңбей мұздың үстінде жүрген сең сияқты даланы шарлап кетті. Бұл тоң әлі еріген жоқ. Апат әлі алда. Екінші легі бүгін-ертең келіп қалатын түрі бар.  

Көнекөз қариялар ұзақ жылғы тәжірибелеріне сүйеніп, көктемде тасқын болған жылдың жазы қуаңшылық әкеледі дейді. Демек, бізде осындай тасқын суды ұстап қалып, алдағы жазда болатын қуаңшылыққа пайдаланатын дәрмен жоқ. Осындай тасқын суды ұстап қалып, жазда егіншілікке пайдалану үшін салынған ел көлемінде 537 су қоймасы бар екен. Бұның  бәрі бұрынғы совет заманында салынған. Тозып тұр. Бұларға түгелдей дерлік жөндеу жұмысы қажет. Қызық болғанда бұлардың кейбіреуі жеке меншікке сатылса, тіпті иесіз қалғандары да бар екен. Міне, мәселе қайда жатыр? 

Келесі кезекте айтармыз, дамыған мемлекеттерде біздегі сияқты тасқын апатының алдын алу үшін ғарыштан бақылау жасайды екен. Яғни сол жақта түсірілген фотоқұжаттарды мамандар цифрландыру тәсілі арқылы сараптап апаттың алдын алады. Бізде бұндай техникалық мүмкіндіктер бар көрінеді. Бірақ қолданылмайды. Себебін білмедік. 

Су мамандарының пікірінше, бұл жүз жылда бір қайталанатын оқиға дейді. Оның үстіне жалпыхалықтық тәжірибеде Қоян жылы қайткен күнде жұт болатыны анық. Мысалы, 1891 – ақ қоян жылы алапат жұт болған. Бұл оқиға жайлы керей Намаз ақын мен Құлтума Сармұратұлының айтысында былай делініпті:

Еліңді зар еңіреткен қара қоян,

Сенің құрып қалғаның тәңірге аян,

Ішер тамақ, киерге киім таппай,

Бала-шағаң жеп өсті бақа-шаян, – десе, дәл осы қоян жылғы жұт жайлы халық ақыны, айтыскер-жыршы Майлықожа Сұлтанқожаұлы: 

Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,

Қабағы шаруалардың болды салбыр,

Қыста күні болғанда қар тынбады,

Хайуанға өлім жетті аштан әрбір, – деп сөз қалдырған.