Ұрдажық ұжымдастыру
01.04.2024 1444

Өткен ғасырдың басында қазақ халқы ең ауыр кезеңді басынан өткерді. Советтік Қазақстан тарихының ақтаңдық әрі қайғылы парақтарының бірі – 1930-ншы жылдар. Осы уақытта қазақтар өз Отанында этникалық азшылыққа айнала бастады.


Халық санағындағы айырмашылық

 ССРО-да 1926 жылы жүргізілген бірінші бүкілодақтық халық санағы Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындар санын анықтап берген болатын-ды. 1926 жылғы мәлімет бойынша, батыс өңірде Қазақстан халқының 19,6 проценті тұрған. Осы жылы Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарының қазақтары 922,2 мың адамды немесе аймақтағы барлық халықтың 74,3 процентін құрады.

1939 жылы қазақтар саны 39,7 процентке немесе 366,4 адамға кеміген. Қазақ халқының басына ауыр қайғы-қасірет әкелген 1931-1933 жылдар кезеңін жан-жақты әрі мұқият зерттеп, ақиқатпен зерделеу арқылы қазақ тарихына қомақты үлес қосылған болар еді. Мәселен, Орал, Гурьев облыстары бойынша қазақ халқының саны 1931 жылы 445415, 1932 жылы 322853, 1933 жылы 281793 адамға өзгерген. Күрт азаюы 163622 адамды немесе 36,7 процентті құраған. Қорытындылай келе, 1926-1939 жылдары советтік үлгідегі тоталитарлық қоғамның жүргізілген саясаты салдарынан адамдар жаппай жазықсыз қырылып, этнодемографиялық даму күрт өзгеріске ұшырап, Батыс Қазақстан халқы 400 мыңдай адамға азайған. Сөйтіп халық саны 20 пайызға қысқарған. Нәтижесінде қазақтар саны күрт азайып, барлық халықтың 48,9 пайызын құраса, ал орыс халқы 1926 жылмен салыстырғанда 65,9 пайызға өседі. 1962 жылы ғана 1926 жылғы халық саны қайтадан қалпына келеді.

 Адам өмірін қиған қайғылы оқиғалар салдарынан туындаған осындай жағдай бүкіл Қазақстанда болып жатты. Осы тұста советтік үлгідегі тоталитарлық қоғамның саяси-экономикалық реформаларының ақиқатты өмірге сәйкес келмеуі мен саяси қуғын-сүргін жүйесінің орнығу ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасап көрдік.

Ұжымдастыру қалай жүргізілді?

1920-1930 жылдардағы сот жүйесін қайта құру саяси қуғын-сүргінге әзірлік болатын. Совет үкіметі тұсында сот жүйесі өзінің дербестігінен айырылды. Заң органдары әкімшіл-әміршіл жүйенің құрамына еніп, Қылмыстық Кодекстің баптарын үкімет пен партия нұсқауларын сәйкес бұрмалағаны жұртшылыққа жақсы таныс. Советтік құқық «биліктен айырылған қанаушы таптарға» қарсы бағытымен ерекшеленіп, заңдар бұқараны Отаншылдық рухта емес, коммунистік санамен тәрбиелеуге қызмет етті. Билік тармақтарының сабақтаса байланысуы салдарынан сот билігі саясаттың құралына, партияның қолшоқпарына айналды.

Қазақстан сталиндік басқарудың еркімен 1932 жылы ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру аймағына енгізілді. Eгep республикада 1928 жылы шаруашылықтың небәрі 2% ұжымдастырылған болса, 1930 жылдың 1 сәуіріне 50,5%, ал 1931 жылдың қазан айына 65% ұжымдастырылды. Орал округінде ұжымдық шаруашылықтардың 70% астамы болды. Жымпитыда 80%, Жәнібекте 95% шаруашылық ұжымдастырылды. Бұл арада ашық қысым жасау әдісі басшылыққа алынды. Бірінші күннен бастап өз еркімен ұжымға кіру және қарапайым заңдылық принциптерін жаппай бұзу кең құлаш жайды.

Бұл заңсыздықтар кулактар мен байларды тап ретінде жою саясатында ерекше орын алды. 1930-1931 жж. республикадан тыс жерге құлақ ретінде 6765 адам жер аударылды. Қазақстанға басқа жерден 46091 отбасы (барлығы 180015 адам) қоныстандырылды.

Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды жоспарлы түрде отырықшыландыру деп аталатын шаралар барысында әкімшілік бассыздық тереңдей бастады. Бұл әрекеттер ұжымдастырумен тығыз байланыста өтті. Мемлекет мүддесін көздеу деген сылтаумен ауылшаруашылық өнімдерінің әр түрін дайындау барысы сорақы сипат алды.

Мал шаруашылығы елеулі зиян көрді. 1928 жылы Қазақстанда 6 509 мың ірі қара, 18 566 мың қой, 3 616,1 мың бас жылқы болса, 1932 жылы 965 мың ірі қара, 1 382 мың қой, 416,1 мың жылқы қалды. Қазақстанда іс жүзінде дәстүрлі сала болып саналатын түйе бағу әбден құлдырап кетті.

80 мыңдай адам қатысқан 392 көтеріліс болды

Осындай жағдайда республика ауыл шаруашылығы тұрғындарының наразылықтары біртіндеп қарулы көтерілістерге ұласа бастады. Жалпы республика көлемінде 80 мыңдай адам қатысқан 392 көтеріліс болып өтті. Солардың бірі – Жаңақала көтерілісі.

«Қазақстан Отарлық Атқару Комитеті мен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928-30 жылғы қаулыларын» зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы  Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясының 1992 жылғы желтоқсандағы шешімі назар аудартады. Ол қорытынды бойынша, 1929-31 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс болып, оған 80 000-ға жуық адам қатысқан.

Осылардың бірі – 1930-1931 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданында болған көтеріліс. Облыс орталығындағы архивтердегі осы мәселеге қатысты материалдарды қарап, тексерудің нәтижесінде бұл көтерілістің шығуына мына жағдайлар өз септігін тигізгенін анықтадық.

1) Жаңақала ауданында жүргізілген 1930 жылғы қыс кезінде және көктемде астық дайындауды ұйымдастыруда, егін екпейтін шаруашылықтарда ауыл кедейлеріне, ұжымдастыру қорын ұйымдастыруда әкімшілік әдіспен ұжымдастыру, мемлекетке ет дайындауда жоспардың өрескел, шектен тыс өсірілуі секілді асыра сілтеушіліктерге жол беріледі.

2) Егін егетін солтүстік ауылдарда барлық егіс көлемі колхоз меншігінде болған және ол жерден өнім өте аз алынды. Мәселен, 1930 жылы  №14 ауылда әрбір гектар егістік жерден 4 пұттан өнім алса, ал №13 ауылда әрбір гектар егістік жерден 1 пұт 100 грамм өнім алынған.

3) Астық тапсыру жоспарын орындау мақсатында жергілікті өкімет органдары егін сеппейтін ауылдарға қыстың ішінде әр пұт астық үшін бір ірі қара мал тапсыруды міндеттесе, оның ішінде сауатты, бай адамдарға бұл міндетті қысқа мерзімде орындау тапсырылды.

4) Осы ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсырғандарды колхоз басшылығы ыстық шай, шекер және басқа өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз етуді міндетіне алып, уәде бергенмен, оны орындамаған. Тіпті өнімін уақытынан бұрын тапсырғандар үшін ақшалай-заттай сыйлық бермекші болған. Ал ақша кейбір жерлерде 1932 жылдың наурыз айына дейін төленбеген.

5) Малды қоғамдастыру күшпен жүргізілді, тіпті кейбір (ауылдарда) колхоздарда малын ауласынан күшпен тартып алатын арнаулы бригадалардың ұжымдастырылуы, мемлекетке етке мал тапсырғаны үшін жүргізілетін есеп-қисап – үлкен олқылықтың орын алуы.

6) Өз мүмкіндігінен айырылғысы келмеген ауқаттылардың үгіт-насихат жұмысы.

Осыдан келіп халық алдындағы мал басының кенеттен қысқарып, жалпы мал шаруашылығына кері ықпалын тигізген күшпен ұжымдастыру науқаны негізінен мал шаруашылығы өнімімен өмір сүрген халықта жалпы азық-түлік мәселесін қиындатып, жергілікті бұқараны сол үшін басқа жаққа көшуге итермеледі.

1930-1932 жылдары жалпы Батыс Қазақстан облысы бойынша Төменгі Еділ және Орта Еділ өлкесіне, Түрікменстанға 35000 шаруашылық көшіп кеткен. Осы шаруашылықтардың 287-і Жаңақала ауданынан тек 1930 жылдың тамыз айы ішінде ғана көшіп үлгірген. Академик М. Қозыбаевтың 1992 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты кітабының 73-бетінде мынандай деректер бар: «1930 жылы В. Молотовтың Батыс Қазақстандағы шаруалардын көшу себебі неде?» деген сауал хатына Голощекин еш шімірікпестен: «Оның басты себебі – шаруашылықтағы кемшілік пен қиыншылықтарға байланысты емес, бұл тек байлардың ғана ісі» деп жауап берген.

Ал облыстық архивте сақталған  материалдарда 1930 жылғы 2 қыркүйекте Жаңақаладан жазған өлкелік және округтік төтенше өкіл Масановтың баяндама-ақпарында: «ауданнан көшкен 287 шаруашылықтың 176-ы немесе 61,3% кедей-батрақтар, 100 шаруашылық немесе 35% орташалар, тек қана 11 шаруашылық немесе 3,9% ғана байлардың қатарына жататындар» көрінеді (Батыс Қазақстан облыстық архиві). Алайда өз жерінен шаруашылықтардың амалсыз көшу себебі неде екенін анықтауға өлкелік партия ұйымы басшының тиісті дәрежеде көңіл бөлмегенін жоғарыда аталған кітаптың 74-75 беттеріндегі: «1932 көктемде БОАК(6)-нін бір нұсқаушысының тексерілмеген дабылы бойынша, Өлкелік партия комитетінің  бюросы қаулы қабылдады. Онда казактардың Орта Еділ өңіріне көшуінің негізгі себебі – қазақтардың есесінен ет даярлау жоспарын  орындау үшін сол өнірде тауармен астық бөлініпті-міс деген пікір келтірді» деген мәліметтен-ақ, мәсленің шет жағасын аңғаруымызға болады.

Біз танысқан архив материалдары бойынша, осы кезде аталған аймақтарға көшкен 287 шаруашылықтың 229-ы немесе 80% өздеріне қысқа тамақ әзірлеу үшін отбасыларымен астық жиналған егістік даладағы қалған масақты теріп, жинау үшін көшкен.

Егер ауданда 1928 жылы 48 654 халқы бар 11 453 шаруашылық болса, 1930 жылғы 1 мамырда 47 453 халқы бар 11 160 шаруашылық қалған.

Бұл кезеңде, яғни 1930 жылғы 15 тамыздағы мәлімет бойынша Талов ауданынан 4000 шаруашылық, Жәнібек ауданынан 27 тамызға дейін 1545 шаруашылық (26%). Сламихино ауданынан 26 тамызға дейін 400 шаруашылық, Жымпитыдан 1833 шаруашылық. Тайпақтан 639, ал Қаратөбедегі шаруашылықтардың 50%-ы көшіп кеткен.

Еділ өңіріне көшуді тоқтатпау және көшіп кеткендерді кері қайтару ниетімен ол жерлерге аудан округтен әдейі адамдар аттандырылып, осы бағытта жұмыстар істелгенімен, ол ешқандай нәтиже бермеді. Себебі кейін қайтып келушілерді колхозға алмай және ешқандай көмек бермей, екі арада сабылған халық әбден күйзеліп шарасыздыққа ұшырайды.

Ұжымдастырылған өңірлер

Алайда 1930-1931 жылдардағы ұжымдастыру кезінде кеткен қателіктерге қарамай, 1932 жылғы 1 маусымнан бастап 8 ауданда жаппай ұжымдастыруды кеңейту міндеті қойылады. 1932 жылғы 19 маусымдағы ОГПУ-дің саяси құпия бөлімінің мәліметі бойынша дәл осы уақытта облыс бойынша кедей-орташалардың шаруашылықтарының 82% Жәнібек ауданында осы кезде 98%, Шыңғырлауда 97%, Жымпитыда 92%, Орал ауданында 90% ұжымдастырылған. Сонымен бірге таза мал шаруашылығымен айналысатын аудандарды қамтыған бұл науқандық жұмыстың көрсеткіштері Тайпақта 70%, ал Орда ауданында 66%-не жеткен.

Ұжымдастыру барысында орын алған осындай асыра сілтеушіліктер нәтижесінде әртүрлі жағдай болған. Бұдан былайғы деректердің барлығы ҰҚК мен Батыс Қазақстан облыстық басқармасы архивінің материалдары бойынша дайындалды. Жаңақала ауданында 1930 жылдың сәуірінде №24 ауылдың бай, атқамінерлері Шамсутдинов Шотқара, Карашиев Затек, Жаңалиев Сұлтанғали, Жаңалиев Мұқаналы, Еділбаев Тоқбар, Ахметов Меңдіғали, Ахметов Мардал, Сисенов Салмен, Қуанғалиев Тоқжан, Ақпейісов Талап, Қарақұлов Исмағамбет, Тасқарин Тасмағамбет және тағы басқа барлығы 150 адам «Шағыл-Мұрат» деген жерде жиын өткізген. Сөйтіп онда ұжымдастыруға және мал дайындауға наразылықтарын білдіріп, жиыннан қайтқан беттерінде №24 ауылдық кеңесінің хатшысы Сұлтановтың үйіне келген, онда хатшыны және онымен бірге отырған осы ауылдық кеңестің және №24 ауылдық кеңесінің төрағасы Құбиев пен Шариповты бірнеше адам жабылып ұрып соғады. Ақыры оларды қамауда ұстап, ертеңіне таңертең 300 адам жиналған жерде бір-ақ босатады. Осы арада жалпы жиналыс шақырып, малын таратып беруін және өздерінің колхоздан шығатынын мәлімдейді.

Мұндай жағдай осы кезде №1 ауылда болады. Қодаров Жұмағали, Дүйсекенов Қойбағар және Елеусинов Бекмұханның ұжымдастыруымен барлық малды алғанмен орнына ешқандай тауар бермей, өздерін алдап отырғанын айтады. Сондықтан Жаңақала поселкесіне өздерінің колхоздан шығатынын жеткізуге (Исақаев Дәулет, Молдағалиев Тілеш) екі адам делегация аттандырады. Оларды аудан орталығында дереу қамауға алыпты. Қаниев Мұқанбетқали, Қодаров Жұмағали және тағы басқалардың бастауымен 200 адам ертеңіне барып Жаңақаладағы камалғандарды қарулы милиционерлерден күшпен босатып алады. Нәтижесінде бұл колхоздан шығушылар көбейіп, колхоз ыдырап кетеді.

Осыдан кейін Жаңақала ауданында ұжымдастыруға қатысты партия мен совет үкіметінің кезекті жұмысы жөніндегі үгіт-түсінік жұмыстары жүргізіледі, бірақ колхоздан шыққандарға қарсы ешқандай жазалау шаралары жүргізілмейді. Келесі 1931 жылы Жаңақала ауданында әкімшілік әдіспен одан әрі жалғастырылған мал дайындау науқаны осы ауылдарда наразылықтың тағы да күшеюіне әкеледі. Ақпан айының 15-інде Шамсутдинов Шотқара, Тасқарин Асим, Баймағамбетов Ажмулда, Жаналиев Сұлтанғали, Құлбаев Ермек және тағы басқалар орын алып отырған кемшіліктерді талқылай келіп, алғашқы ұжымдастыру мәжілісін өткізеді. Сөйтіп көтеріліс штабын құрып, басшылықты өз қолдарына алады.

Мал дайындауға наразылар

Әрі қарай мал сойылып, халықтың басын қосып, көтеріліс жасау үшін қару жинастырып, басқа ауылдармен қатынас орната бастайды. Шамсутдиновтың басшылығымен 10 адам №24 ауылдан дайындалған етті Алғай станциясына апара жатқан 15 атты арбаға шабуыл жасап, оны түгелімен иесіне қайырады. Гурьев округінің Айбас аулынан келген қарулы 20 адамға Шамсутдинов Шотқара мен Қарашиев Затек бастап 7 адам көмекке барып, Гурьев жер секторының отрядымен болған ұрысқа қатысады.

Ақпан айының аяғында Тауберат ауылында жергілікті жерде мал дайындауға наразы болған Шадыров Сұлтанғали, Сариев Жұбат, Смақов Камереждин, Мұхамедяров Қайсағали, т.б. ұйымдастыруымен 50-60 адам бас қосқан көтерілісшілер штабы құрылады. Тауберат ауылдық кеңесінің келесі бір ауылында да осындай 20 адамнан тұратын көтерілісшілер штабын құрады. Бұлар №24 ауылдағы көтерілісшілер штабымен байланыс орнатып, ауыл-ауылды аралап, қару жинастыру ісін қолға алады. Осы кезде бұлармен қатарлас №6 ауылда да бай Ағасов Бекжанның басшылығымен Нарыш Мұрташев, Қуанышев Бақтығұл, Жамешев Шағырбай және т.б. қаруланып, №6 ауылдық кеңесі Бимен ауылында 50 адамнан көтерілісшілер штабын құрады. Осында келген Орал оперативті секторының Орда аудандық бөлімі отрядымен бірнеше сағат ұрыс жүргізіп, сәтсіздікке ұшыраған Арисовтың тобы Тауберат ауылындағы көтерілісшілер штабына келіп қосылады, бірақ ертеңіне Орал оперативті секторының біріккен отрядын басқарып келген Болдыревтің күшіне қарсы болған ұрыста бірнеше көтерілісші өледі. Қалғандары қолға түсіп, Тауберат ауылындағы штаб талқандалады.

№4 ауылда Дәулетқалиев Қобыланның басшылығымен 40 адам 1931 жылдың 15 наурызында Жаутөбе мал дайындау орнына шабуыл жасап, 27 ірі қара, 3 жылқы, 14 түйені айдап әкетеді. Сөйтіп оларды штабтағы 200 көтерілісшінің керегіне жаратады және осы шабуыл кезінде №4 ауылдық кеңестің төрағасы мен хатшысын бірге ала кетеді. Бұл ауылдағы көтерілісшілер штабының басшылығы Гурьев округінің Айбас ауылындағы және Лбішін ауданының №7 ауылындағы, Жаңақала ауданының №11 ауылындағы көтерілісшілермен байланыс орнатып, бірлесіп қимыл жасамақшы болған екен. Алайда 21 наурызда ауылға келген Орал оперативті секторының отряды көтерілісшілердің штабын жойып, басшыларын тұтқындайды.

№11 ауылдық кеңестің Азғыр, Жаманқұл, Кашут ауылдарының 100-ге тарта адам Март ауылындағы мектепке жиналады. Сөйтіп олар жергілікті өкімет орындары басшыларының алдына өздерінің мал дайындау науқанына орай наразылығын білдірген. Болашақта мұндай жұмысты орындамайтынын айтып, үзілді-кесілді қарсы шығады. Дәл сол жиналыстан соң, яғни 6 наурызда Шоқатаев Қадырхан, Хайруллин Бисенғали, Салықов Арыстанғали және т. б. ұйымдастырумен көтерілісшілер штабы құрылған. Ауыл-ауылдан жақсы мініс аттары мен қару жинап, Айбас ауылымен және Лбішін ауданының №1 ауылымен байланыс орнатады.

Лбішін ауданының №1 ауылында Мамедалиев Сапарғали, Мұратов Хайрош, Досқалиев Нұғман және т. б. 20 адам қатысқан жиылыс өткізіп, енді белсенді әрекет жасауға кіріскенде, Калмыков поселкесінен қарулы отряд келіп үлгереді.

21 наурызда Жаңақала ауданының №1 ауылында Үрекенов Дорбай, Оразбаев Байғожа, Жантөрин Қабдеш және т.б. көтерілісшілер штабын құрады. 23 наурызда 250 адам қаруланып, Буденный колхозына шабуыл жасап, 53 жылқы, колхоз басқармасының төрағасын және Талов ауданындағы Кедей колхозынан 4 ірі қара, 3 түйе, 23 жылқыны айдап әкеледі. Бұл малдарды да көтерілісшілер өз керегіне жаратады. Алайда 24 наурызда ауылға келген Орал операгивті секторының отряды көтеріліс басшыларын тұтқынға алады.

1930 жылғы көктемде Жаңақала ауданын түгел қамтыған қарулы көтеріліс осылай аяқталады. Оперативті отрядпен болған ұрыстарда көтерілісшілер жағынан бірнеше адам қаза болған. Ал отрядтардағы адам шығыны жөніндегі деректерді архивтік материалдардан кездестіре алмадық.

Сөйтіп осындай орын алған оқиғаларға байланысты барлығы 360 адам тұтқындалып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тергеу барысында 160 адам қылмысы анықталмай, босатылады. ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен (Қазақстандағы) 1932 жылы 25 ақпанда 129 адам 58-2, 58-8, 58-10 статьялары (РСФСР ҚК) бойынша әр түрлі мерзімге концлагерге айдалады.

Жалпы алғанда 30 жылдардың басында орын алған оқиғалар халқымыздың санасында өте ауыр із қалдырады. Әйтсе де осы аштық алқымнан ала бастаған 1931 жылы атқа қонып, жергілікті өкімет органдарына бағынбай, бас көтеруге мәжбүр болған, әділетсіз күштеу жүйесіне ашық наразылық білдірген және көпшілігі осы батыл әрекеттің құрбанына айналған кісілердің есімдері күні бүгінге дейін белгісіз. Шын мәнінде, ешқандай да қылмыс жасамаған, күнкөріс қамы мен тоталитарлық жүйенің әділетсіз қысымына қарсы шыққан абзал азаматтар туралы жалпы жұртшылық, соның ішінде олардың кейінгі ұрпақтарының әлі күнге өз әкелері туралы тарихи шындықты біле алмай отырғандары және анық.

Көтеріліске қатысқан адамдар туралы толыққанды мәлімет беру мақсатында халық үшін өте құнды болып табылатын материалдары іздеп тауып және қарай отырып, республикамыздың ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық басқармасы архивінің жауапты қызметкерлерінің рұқсатымен тізім жарияланды. 

Көтеріліске қатысты деген сылтаумен барлығы 360 адам ұсталып, тұтқындалған екен. Алайда тізімде бұдан да молырақ адамдардын аты-жөні тіркелген. Себебі мұның 184-і бұлардан бұрынырақ қамалған болып шықты.

Сонымен көтеріліске қатысты деген сылтаумен ұсталып, қамалғандардыц 160-ы көп ұзамай қылмысы анықталмай босатылған, алайда осыдан соң да ұзаққа созылған тергеу барысында олардың 714-і құрбан болыпты.

1932 жылы 25 ақпанда ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 128 адам әртүрлі мерзімге концлагерьге айдалған да. Ал 18 адам алдын-ала қамалғандығына байланысты және оған қоса тағы бір адам ісі аяқталып, қамаудан босатылады.

Барлығы да сол заманның белгілі 58 статьясына жатқызылған. Дегенмен осы айыпталушылардың ішінде төменде көрсетілген 18 адамға осы көтерілісті ұйымдастырушылар ретінде өте қатаң жаза қолданылған. Олар Қапасов Ғұбайдолла, Ахметов Мардан, Шамсутдинов Шотқара, Қарашиев Запик, Жаналиев Мұқаналы, Сисенов Салмен, Жүсіпов Қарабала, Бегалиев Бигали, Жәмашев Шағырбай, Шабдаров Әліпқали, Қуанышев Бақтығұл, Есқалиев Шәпен, Мұсалиев Суханкү, Искеев Тасмағамбет, Өтеулиев Бисенғали, Дәулетқалиев Қоблан, Піштенов Елеу, Қожықов Жанқожа. Және бір көңіл бөлетін жағдай, бұлар 1989 жылы басқа көтерілісшілерден кейін, бірнеше айдан соң барып ақталған.

1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін саясатына деген даярлық 1920 жылдардың ортасынан басталады. 1920 жылдың ортасына дейін ауыл шаруашылығына зиян келтіруші жәндіктер мен жануарларға қолданылған «зиянкес» сөзі 1925 жылдан бастап саяси мәнде айтылып, айыптау процестерінде, әсіресе ОГПУ коллегиясында 1934 жылға дейін жиі пайдаланылады. 

1928 жылы Қазақстанға Л.Д. Троцкийдің, кейін Л.Б. Каменевтің, Г.Ю. Пятаковтың және т.б. көрнекті саяси қайраткерлердің жер аударылып келуі жергілікті зиялыларды қудалауды жеделдетті. «Троцкийстік ұйымның мүшелерін іздестіру» нәтижесінде Қазақстандағы көрнекті қоғам қайраткерлерінің басым көбі аталған ұйыммен «астыртын байланыста болғаны үшін» айыпталады.

1928-1931 жылдар аралығында жалған айып пен жала жабу әдісі күшейіп, айыпкерді «мойындатудың» әдіс-тәсілдері жетілдіріліп, ОГПУ-дің қолында саяси қуғын-сүргінді жүргізудің дайын механизмі болды. Осы механизм 1930 жылдың ортасынан бастап күшіне енеді. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жалпылама бағыт алады.

30-50 жылдар тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл бұрынғы одақ құрамына кірген мемкеттердің тарихында «Ұлы террор дәуірі» деген айдар таққаны баршамызға мәлім. Бұл сталиндік репрессия машинасы механизмінің барлық күшпен жұмыс істеген кезі еді. Бұл апаттың кезеңін Батыс Қазақстан тұрғындары да бастан кешірді. Саяси репрессия жылдарында біздің облысымызда 5 мың адам сталиндік тоталитаризмнің құрбаны болды. Оның 1 300-і ату жазасына кесілді. 

Бұл жылдарда Одақтық прокурор Вышинскийдің 1936 жылы айтқан «Біздің өмірімізде көсеміміз Сталин айтқандай заңдар ескірген болуы мүмкін, сондықтан оларды тысқары қалдыру қажет» деген сөзі басшылыққа жиі алынды.

Бұл кезеңде арнаулы үштік құрылып, оның құрамында кезінде прокурорлардың қатысуы міндеттелді. Үштіктің кезінде тұтқындалғандарды жауапқа алу конвейерлік жүйемен жүргізілді.

Алғашқы кұрбан болғандар облыс басшылары болды. Олар негізінен алғанда партия, кеңес шаруашылық және мәдениет ұжымдарының басшылары еді. Олардың ішінде Тайпақ аудандық партия комитетінің басшысы Нұрғазы Әжиев, Қазталовка аупарткомының хатшысы Торан Айтмағамбетов, Орал аупарткомының басқармасы Жақсылық Құлтасов, Облыстың жоспарлау басқармасының бастығы Әбдірахман Құлшурин, Орал обаға қарсы күресу станциясының бастығы Мәжит Шомбалов, колхоз басқармасы Ишан Сатаев және т. б. болды. 

Репрессияға ұшырағандардың басым көпшілігі контрреволюциялық совет өкіметіне қарсы әрекеті үшін, ұлтшыл ұйымдардың мүшесі ретінде жазаланды. Оларға әртүрлі айдар тақты: «Алашордашыл», «Құрамысовшыл», «Қожановшыл», «Сәдуақасовшыл», «Меңдешовшыл» және т. б.

Жалғасы бар…

         Тайыр Қасымұлы