Ертіс, Есіл өзендерінің алабында жерасты суының сарқылмас қоры бар
29.03.2024 2050

Аталмыш су қоры жер бетінен 150 метрден 900 метрге дейін терендікте жатыр.  Зерттеу материалда жауын-шашын түрінде түскен ылғалдың қарағайлы орман алқабының әсерінен жерге сіңіп жатқаны жазылады. 


Елімізде ауыз су мәселесі мәселесі жыл өткен сайын өзекті болып барады. Себебі, еліміз су ресурсы өте тапшы елдер санатына жататыны белгілі. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметіне сенсек, 2030 жылға қарай елімізде ауыз су ғана жалпы су тапшылығына ұрынуы мүмкін екен. Ал 2050 жылға қарай еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің санатына қосылады деген қорқынышты дерек тағы бар. 

Ендеше жерасты су қоры мол Қазақстан неге ауыз суға зәру?  

Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру болып отыр. Алайда соған қарамастан Қазақстан халқы су үнемдемейтін елдердің бірі болып отыр. Яғни су үнемдеу мәдениеті қалыптаспаған. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр, Ресейде 1,3 мың литр, Германияда 855 литр, Англияда небәрі 348 литр екен. Яғни көрші Ресейге қарағанда суды үш есе артық тұтынамыз.

Ресми деректерге сенсек, еліміз еліміз басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында екен. Есесінде су тапшылығы жағынан 8-орында тұрмыз. Жалпы Қазақстан бойынша, ауыз судың қоры небары 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдер есебінен екен. 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында жатыр. Қалған 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтар есебінен делінеді. Яғни негізгі су көзі өзендер арқылы қалыптасып отыр деуге болады. Алайда оның өзі жылдан-жылға азайып барады. 

Жалпы су мәселесі елімізде бүгін ғана қалыптасып отырған дүние емес. Ол баяғыдан келе жатқан дүние. Осыған байланысты су үнемдеу мәселесі, Қазақстанның су қорлары секілді көне журналдарды парақтап отырып, бір қызықты материалаға тап болдық. Онда Ертіс пен Есіл өзенінің қолтығында ұлан-ғайыр алапта жерасты суының сарқылмас қоры бар екені  сондай-ақ аталмыш су қорының жер бетінен 150 метрден 900 метрге дейін терендікте жатқаны айтылған. Зерттеу мақалада Ертіс өзенінің алып жағалауындағы жерасты суы жауын-шашынның әсерінен пайда болғаны алайда бұл су көздерінің мақсатсыз пайдаланылып, босқа рәсуа болып жатқаны айтылған. Түскен ылғалдың қарағайлы орман алқабының әсерінен  жерге сіңіп жатқаны жазылады. 

«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №7 санында жарияланған зерттеу мақала «Солтүстік Қазақстанның жер асты сулары»  деп аталады. Авторы ретінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының гидрогеология және гидрофизика институтының сектор басшысы С. Мұхамеджанов және Қазақ ССР Геология Министрлігінің Павлодардағы гидрогеология экспедициясының бас гидрогеологы Н. Шаймерденов деп көрсетілген. 

Енді осы материалға назар аударсақ: 

Солтүстік Қазақстанда жер асты суын пайдалану 

Eртіс өзенінің жағалауы мен Ертіс пен Есіл өзенінің қолтығында ұлан-ғайыр алапта жерасты суының сарқылмас қоры бар. Су жер бетінен 150 метрден 900 метрге дейін терендікте жатыр. 100 метрге дейін тереңдікте жатқан суды ауыл шаруашылығында пайдалану жыл сайын жақсарып келеді. Павлодар облысындағы Ертіс жағалауында қазір өздігінен атқылайтын 123 скважина бұрғыланып секундына одан 1280 литр су шығады. Судың сапасы жақсы, суаруға әбден жарайды. Бар скважинадан секундына орта есеппен 20-25 литр су шығады, ал кейбір кездерде 40-60 литрге дейін жетеді. Жерасты суымен егін суарып жүрген («Қазақстанның XXX жылдығы», Тельман атындағы, Киров атындағы т. б.) шаруашылықтар овощ және басқа дақылдардан жоғары өнім жинап келеді. Сонымен қатар әрбір скважинаны бұрғылауға жұм салған шығын бір жылдың ішінде өтеледі екен.

Алайда көптеген скважиналардың суы әзірше пайдаланыл май, сол маңайға жайылып, жерді батпақтандырып, босқа ресуа болуда. Мысалы, Ленин атындағы колхозда (Рождественск селосы) секундына 58,5 литр су беретін 1962 жылы пайдаланылуға косылған скважина, сол маңайда суаруға жарайтын үлкен алап барлығына қарамастан, әлі күнге дейін босқа тұр. «Заңғар» совхозында жалпы дебиті секундіне 40 литр екі скважина суын аспанға атқылауда. Соның салдарынан жер батпақтанып, шаруашылықтың берекесін қашырып отыр. «Октябрь» колхозындағы (Канторка поселкесі) секундіне 25 литр су беретін бір скважинаның суы тек ауыз су ретінде пайдаланылады. Ал ауыз суға оның 1/25 бөлегінің өзі жетеді. Жалтыр Карл Маркс атындағы совхоздар мен басқа да шаруашылықтарда скважина сулары мастерскойларды, комбайн, автомашина тұратын орындарды басып қалған.

Солтүстік Қазақстанның осы бөлегінде секундына 20 текше метр су шығаруға болатындығын есептеулер көрсетуде.

Семей облысындағы Ертіс жағалауында тереңдігі 50 метрден 270 метрге дейін жететін 30 скважина пайдаланылуға берілген. Бұлардан секундына 100 литр су шығады. Кейбір скважиналардың суы тіпті көл-көсір (мысалы, Глуховка поселкесінде секундына 100 литр су шығатын скважина бар). Глуховка бассейнінің бір өзінен) көлемі 2,5 мың шарты метр) секундына 8,7 текшеметр су алып пайдалануға болады.

Семей облысындағы Ертіс жағалауына да орналасқан совхоздар мен колхоздардың орталық усадьбаларынан қазылған скважиналардың суы елді мекендерді толық қамтамасыз етеді.

Суы атқылап шығып жатқан скважиналардың суын егін суаруга пайдаланудың экономикалық жағынан тиімділігін тәжірибе көрсетуде.

Жер-жерлердің бәрінде жерасты суы пайдаланылса, орманды алқап орналастырып, жел эрозиясына мықты тосқауыл жасауга болар еді. Бақ орнатып скважиналардың маңайып көгалдандырудың арқасында сол жердің микроклиматын жақсартуға, топырағын тығыздауға, т. б. жағдай жасауға болады. 

Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің екі жақ қапталындағы суы атқылап шығып жатқан скважиналардың суымен 6 миллион 600 мың гектар аумақты суландыруга мумкіндік толық. Семей облысындағы Ертістің оң жағалауындагы 50 және 200 метрден шығатын жерасты суын пайдаланып, 700 мың гектар жерді суаруға болады.

Сейтіп,республикамыздың бұл өңірі жерасты суына өте бай. Сондықтан мұнда суармалы участоктардың көлемін кеңейте түсіп, барлық қажетке тек жерасты суын пайдалану керек.

Ертіс жағалауының гидрогеологиялық жағдайын зерттеп, оның орасан зор су көзін табуда Қазақ ССР Геология министрлігінің Павлодар және Семей облыстарындағы гидрогеологиялық экспедициялары, Қазақ ССР Ғылым Академиясының гидрогеология және гидрофизика институтының сіңірген еңбегі көп. Жерасты суының қорын анықтаған кезде мынадай мәселелерді естен шығармаған жөн: жерасты суының пайда болуы, олардың жиналуы, сапасының құбылуы, химиялық құрамы, оның қайта қорлану себептерін анықтап, жерасты суын іздеп табу, канша тереңдікте жатқанын, көлемін ажырату оңайлайды.

Батыс Сибирь ойпатындағы жерасты суы, атап айтқанда, оның жер бетіне жақын жаткан қабатының пайда болуы жөнінде әртүрлі теориялар орын алып келді. Ойпаттың астындағы қат-қабат жерасты суының пайда болуына Алтай тауы, Қазақстанның адырлары, Ертіс өзені себепкер деген тұжырым болды.

Бай материалға талдау жасаудың және Қазақстандағы Ертіс өзенінің жағалауында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Семей және Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің алып жағалауындағы жерасты суы жауын-шашынның әсерінен пайда болғаны анық дәлелденіп отыр. Түскен ылғалды жерге сіңіретін үлкен аумакты жатқан қарағайлы орман алқабы екен. Солтүстік Қазақстанның едәуір территориясының табиғи жағдайы Батыс-Сібір ойпатының табиғатымен көп ұқсас. Осыған байланысты Қазақстан гидрогеологтарының Ертіс өзені жағалауында жерасты суын зерттеу жұмыстарының натижесі Батыс-Сібір ойпатындағы жерасты суын зерттеуге және оны пайдалануға игі әсерін тигізетіндігі даусыз.

Батыс-Сибирь ойпатында зерттеу жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік ұйымдардың тәжірибесі қазақстандықтар үшін маңызы үлкен. Атап айтқанда Құлынды даласындағы шағын участоктарды жерасты суымен суарудың тәжрибесі құнды болмақ. Сондай-ақ, мұнда лимандап суармалау қолданылуда.

Айта кету керек, Құлынды даласында жерасты суы жердің бетін жауып жатқанмен, оның қабаты жұқа болғандықтан, бұл суды пайдалану техникалық жағынан да, практикалық жағынан да аса қиын. Сонымен бірге оның суының сапасы әрдайым өзгеріп отырады. Ал Солтүстік Қазақстандағы жерасты суының қабаты қалың, әрі жер бетіне жақын жатуымен бірге, оның сапасы жақсы.

Суы бетке теуіп жататын артезиан бассейндерді сумен жабдықтау және суды тиімді пайдалану үшін оларды пайдалану ережесін дұрыс белгілеу керек. Суаруға пайдаланылатын скважиналар жаздың 3-4 айында іске қосылатыны белгілі. Қалған уақытта олардың суы тектен-текке ағып, жерді бат пақтандырады.

Көптеген су шаруашылығы қызметкерлері арасында суы мол ағатын скважиналарды бекітудің қажеті жоқ деседі. Павлодар облысында жүргізілген көптеген тәжірибелерге қарағанда, скважинаның түтіктері цементпен жақсы қапталып, су сыртка ақпайтындай етілсе, суды кажет мөлшерде ғана пайдалануга болады (қыста, ерте көктемде, қара күзде). Жабық және жартылай жабық скважина бар жерлерде сонымен бірге жерасты суының деңгейі алғашқы қалпына қайта жетеді. Мысалға, жоғарыда айтылған участоктың 8 скважинасы түгелдей жабылған болатын. Жаппай тұрғанда олардан секундына 160 литр су ағып, жерасты суының деңгейі 4-5 метр төмендеген-ді. Үш айдан кейін оларды қайта іске қосқанда 8 скважинадан секундына 180 литр су ақты, судың деңгейі қалпына түсті. Скважиналардың барлығы бірдей бір қалыпты жұмыс істеді.

Қорыта айтарымыз, Солтүстік Қазақстандағы жер бетіне жақын жатқан жерасты суын халық шаруашылығы мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Павлодар және Семей облыстарының көптеген шаруашылықтары Алакөл, Зайсан ойпаттары мен Тарбағатайда, Жоңгар және Іле Алатауының, тағы баска аудандардың жерасты суын егін суаруға суармалауға жане ауыз су ретінде пайдаланып жүрген шаруашылықтар бар.

«Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы 1936 жылдан бастап жарық көре бастаған. Бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығып тұрды. Әрине о бастағы атауы да басқаша болды.  1936-1937 жылдары аралығында «Колхозды Қазақстан», 1938-1951 жылдары ішінде «Қазақстанның колхоз-совхоздары» деп өзгертілді. 1951-ден 53-ке дейін «Қазақстанның социалистік мал шаруашылығы» деп шыққаны бар.  1953-нші жылдан бастап «Қазақстан ауыл шаруашылығы» деген атпен жарық көре бастады. Журнал 1990 жылдың аяғында жабылды. Аталмыш журналда қазақ даласындағы ауыл шаруашылығындағы қолданысқа еніп жатқан озық тәжірибелер, ғылымға еніп жатқан соңғы жаңалықтар жәні оларды  өндіріске енгізу, сондай-ақ ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жазылып тұрды. Егіншілік пен бау-бақша мәселесі де көтеріліп тұрған.