Көне садақты жаңғыртқан шебер
12.03.2024 1966

Ұланбатыр қаласында «Эрийн гурван наадам» («Ер жігіттің үш өнері») атты жеке меншік компания бар. Бұл мекеме – ежелгі еуразиялық көшпенді ұлыстар ғұн, сақ, көк түркілер дәуірі, одан кейінгі Шыңғыс қаған негізін қалаған Моңғол империясы тұсында қолданыста болған атыс қаруы садақ түрлерін, сонымен қатар соңғы бір ғасырда Моңғол үстіртіне жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған көне садақтарды жаңғырту ісімен айналысудан өзге көшпенділердің дәстүрлі құрама садағын жасайтын бірден-бір ұйым.


Жуықта республикалық «Жамбы ату» федерациясының (президенті Еркебұлан Ілиясов) қолдауымен Ұланбатыр қаласына барып,  жоғарыдағы компания басшысы, көне-қару жарақ маманы әрі садақ атудан ұлттық дәргейлі сұрмерген Төмөрхуу Батмунке мырзаға жолығып, көшпенділердің жауынгерлік өнерінің бір саласы – садақ қаруы хақында әңгімелестік. 

– Қайырлы күн, Батмунке мырза, жалпылама айтар болсақ, моңғол мен қазақ халқы ежелгі еуразиялық көшпенділердің ұрпағы екенін күллі әлем біледі. Сондықтан да осы екі халықтың діні басқа болғанымен байырғы дүниетанымы, әскери-жауынгерлік өнері, әдет-ғұрпы, тұрмыстық-шаруашылық аспектілері өте ұқсас. Демек біз өткен ғасырларда еуразиялық кеңістікте ұлыстық-империялық билік құрған халықтың ұрпағымыз. Осыған келісесіз бе?

 Толық келісемін. 

Олай болса, сіз бен біздің аталарымызда ортақ дүние көп. Соның бірі – жауынгерлік өнері мен мергендік қабілеті. Осы орайда сіз садақ атудан бірнеше дүркін мемлекеттік мерген һәм ел көлемінде садақ жасайтын шебер ретінде не айтасыз?

– Ерте дәуірде адамдар тас құралдарды пайдаланып аң аулағаны хақында тарихтан білеміз. Оны тас дәуірі деп атап жүрміз. Сол тұста әрқилы жағдайға байланысты адамдардың аңдарға лақтырған тас жетпейтін сәттер көп болғаны анық. Сөйтіп тастың орнына садақ пайдаланған. Ол үшін кәдімгі табиғи ағашты қиып алып, екі басын иіп бау тағып, ағаштан жасаған оғының ұшына тас-жебе байлап ататын болған. Зерттеуші мамандар бұдан 2000 жыл бұрын адамдар пайдаланған аталмыш қаруды «Қапcағай садақ» деп атап жүр. Ертедегі жартас суреттерінде бейнеленген садақ түрі осы. Бір қызығы, бұл садақтың  қарапайым нұсқасы күні бүгін ұранқай туғандар арасында сақталған. 

Уақыт өте келе еуразиялық дала тұрғындары бірден-бір қолайлы атыс қаруы садақты жетілдерді. Осындағы жетілген садақ түрін қазіргі зерттеушілер «ғұн садағы» деп атап жүр. Бұл садақтың ерекшелігі – бұрынғы ағаш садаққа мүйізден астар жапсырып, жон тәртесін тарамыспен қаптаған садақтың ерекше түрі пайда болды. Ғылымда бұл садақты «күрделі құрама садақ» деп атап жүр. Осы садақ күні бүгінге дейін ешқандай өзгеріссіз қолданылып келеді.

 Садақ өзгерген жағдайда оның оғы мен жебесі де өзгерері хақ. Жоғарыда айтқанымыздай алғашқы тас дәуірінде адамдар садақ оғына тастан немесе қатты мүйіз-сүйектен жасалған жебелер түрін қолданып келсе, қола және темір дәуірінде жебенің түрі де, формасы да өзгеріп қола-темір жебелер жасауды үйренді. Осы кезден бастап оқтың ұшу қарқынын жеделдету және ұшу траекториясын тұрақтандыру мақсатында оның артқы бөлігіне қауырсын – қанат қондыруды ойлап тапты. 

Сондай-ақ көне жазбаларда аң ататын садақ, соғыста қолданатын садақ және той-думан сияқты салтанаты жағдайда сайыс ойындары кезінде керек қылатын садақтың түрлері болғаны туралы дерек бар. Соған қарағанда ежелгі көшпенділер бір ғана садақ түрін қолданбағаны анық. Садақ өзгерген сайын оның жасалу тәсілі мен ату қару ретіндегі  тиімділігі артып отырған.  

Мысалы, Шыңғыс қаған жасақтары садақтың үш түрін: қапшағай садақ, күрделі құрама садақ және сұқсыз жеңіл садақ қолданғаны жайлы дерек бар. Жалпы қазіргі таңда археологиялық қазбалардан табылып жатқан ежелгі  садақтардың ерекшелігі сұғы ұзын, иіні қысқалау болып келсе, көшпенділер ХІІ-ХІІІ ғасырдан бастап сұғы қысқа, иіні доғал садақты көп пайдаланғаны аңғарылады. 

–  Күрделі құрама садақ туралы айтып берсеңіз?

 Бұл – әлемге ең көп тараған садақ түрі. Садақтың күрделі құрама болатын себебі: бұл садақтың өзегі ағаш, астары мүйіз, жон тәртесіне тарамыс желімделіп жасалатындықтан осылай аталған. Кейбір жазба деректерде «мүйір астарлы, тарамыс қаптамалы» садақ депте атап жүр. Мұндай садақтың ерекшелігі –  ат үстінде отырып, қозғалыстағы нысанды атуға қолайлы. Оның сыртында сұғы ұзын, иіні қысқа болғандықтан, мерген артына бұрылып немесе екі қапталына кезек-кезек аударылып маневр жасап атуға қолайлы. 

Мысалы, ертедегі көшпелілер тұрмысында «күзгі қомырған» деген болған. Бұны қазіргі тілмен айтқанда «қысқа дайындық» десек дұрыс. Яғни, көшпелі халық даланың қоңыр аңы: ақбөкен, марал, қарақұйрық, т.б. жануарларды шеңберлі қоршау жасау арқылы аулап, олардың етін сүрілеп, келесі жазда болатын жорық асын әзірлейтін дәстүр болған. Бұл тұста даланың қоңыр аңы еуразиялық кеңістікке жыртылып-айырылып жатқан. Осыларды аңлау барысында әуелі, мерген жауынгерлер осы құрама садақты пайдаланып соғыс машағын жетілдіретін болса, екінші тараптан жоғарыда айтқанымыздай жорық асын дайындағын. 

– Өзіңіз қай жылдан бері садақ жасаумен айналысып жүрсіз?

– Мен 1965 жылдан бастап садақ жасаумен айналысып келем, міне 50 жылға тақады. Өткен алпысыншы қазіргі Ұланбатыр қаласындағы Педогогика университетінде студент кезім. Ұлттық спорт түрлерінен Жалпыхалықтық спартакиада өтетін болып, осыған  институтаралық іріктеу өтті. Мен дәстүрлі садақ ату түрінен сыннан өтіп спартакиадаға қатыстым. Міне, содан бері садақ қолымнан түскен жоқ десе болады. 

Моңғолияда менен бұрын садақ жасайтын екі-ақ адам болды. Бірі – аңшылар қоғамына дәстүрлі аң аңлау тәсілін жаңғырушы Пүрбе деген ағай да, екіншісі – Генінбаба деген шебер. Осылардың ізін жалғап үшінші болып мен шықтым. Соңғы он жылда садақ жасаушылар саны күрт қаулап кетті. Бұл жақсылық. Өйткені, садақ жасау арқылы ата-бабаларымыздың дәстүрлі генеологиялық санасын жаңғырта аламыз. 

Сонымен қатар садақ атумен айналысатын адамдар көп күрт көбейеді. Айталық, 1967-1968 жылдары садақ атудан республикалық чемпионатқа ары кетсе 60-қа жуық мерген қатысатын едік. Қазір мемлекеттік чемпионатқа аймақтар ішінара іріктеу өткізіп, содан сыналған мергендерді алып келгеннің өзінде 500-ден астам адам қатысып жүр. Жалпылай айтар болсам, дәл қазір 2 мыңдай адам дәстүрлі садақ атумен тұрақты айналысып жүр. Бұл – өте үлкен жетістік. Сондықтан өз басым алдағы күндері дәстүрлі садақ жасау тәсілін жастарға үйретіп, шеберлік сабақтар өткізу жоспарымда бар.  

Садақтың қандай түрлерін жасайсыз?

– Барлық түрін жасаймын. Әсіресе, қару-жарақ мамандары тарапынан «мүйіз астарлы, тарамыс қаптамалы» деген атпен белгілі ежелгі ғұндар дәуірінен келе жатқан садақ түрін ғұн қорғандарына жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған садақтардың құрылымы мен өлшеміне қарап жаңғыртып, оны замануи түрлендіріп жасаймын. Ғұн садағының негізі сипаты: ағаш өзекті, мүйіз астарлы (бауырлы), тарамыс (сыртқы жоны) тәртелі болып келеді де,  адырна, сұғы, жалпы корпусы, тұтқасы, тобыршығы, адырна ашасы деген негізі бес бөліктен құралады. Ғұн садағына айырықша мән берілудің себебі – дәл қазіргі мемлекеттік деңгейдегі барлық мерекелік үлкен сайыстарда тек осы ғұн стиліндегі садақпен ғана аттырады. Оның бер жағында, қазіргі жағдайда күрт дамып келе жатқан ат түсті садақ атушылар да осы ғұн садағын сәл өзгертіп пайдаланып келеді. Көп осы садақты жаңғыртып жасап жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, мен жаңғыртқан ғұн садағы осыдан екі мың жыл бұрынғы садақтан ешқандай айырмасы жоқ деуге болады. 

Соңғы жылдары жартылай мүйіз астарлы оқу садағы деген шығып жүр. Бұл садақ жасөспірімдер үшін өте қолайлы. Әйелдің садағы ер адамдарға қарағанда жұмсақ әрі тарту күші төмендеу болады. Тапсырыс болса бұны да жасаймын. Сондай-ақ садақтың қысқы және жазда ататын түрі бар. Бұл жасалуына байланысты. Қыста суықта күрделі садақтың мүйіз бен тарамысы қатып, иіні қатайып қалатындықтан, өзгеше материал қолданып жасап жүрмін. 

Жалпы көшпелілер садағының ерекшелігі иіні жұмсақ әрі серіппелі болады. Ал ат үстінде шауып келе жатып ататын садақтың сұғы ұзын болады да, иіні қысқа жасалады. Яғни қозғалыс кезінде атуға, оқтауға қолайлы деген сөз. 

Күрделі садақ қалай жасалды?

– Күрделі садақ жасау үшін 12-13 түрлі материал қажет. Соның негізгілері – ағаш, мүйіз, тарамыс, желім, тері, бояу, таспа, қайыс, адырна өретін жіп, т.б. Садақты көп жағдайда қайың ағаштан жасайды. Қайыңның түрі көп. Соның ішінде садақ жасауға жарамдысы – өзіміздің жердің қайыңы. Сібірдің ақ қайыңдары жұмсақ әрі табиғи тығыздығы нашар болады. Бұл қайыңнан оқ және ұштық жасауға болады. Оқ жасайтын қайыңның жігі тығыз әрі талы ұзын болғаны оңды. Бұл жерде оқтың ұштығы мен жебесі екеуі екі түрлі. Жебе деп қатты сүйек немесе қола, темірден жасалып оқтың басына қондырылған затты айтады. Жебенің түрі көп. Ал ұштық дегеніміз – оқтың басына ағаштан жасап орнатылған бұйым. Бұны «доғал оқ» деп те атайды. Адамдар ертеде атқан аңның терісін зақымдап алмау үшін өлтірмей талдырып түсіретін ағаш ұштықты доғал оқ қолданған. Әрі оқтың күшін арттыру мақсатында ұштықтың нысанаға тиетін дәлдігіне қатты мүйіз жапсыратын болған. 

Садақтың сапалы жасалуы тәртеге қондырылған тарамысқа байланысты. Оған ілбіс, бұғы, бұлан, тау ешкі сияқты дала жануарларымен қатар ірі қара малдың арқасының ұзын тарамысы жарамды деп есептеледі. Өйткені садақтың иілгіштігі және серпінді болуы тарамыстың қаншалықты дұрыс шапталғанына байланысты. Әуелі тарамысты суға салып жұмсартады, одан кейін жас баланың шашын тарағандай тарап қылшық сияқты бір-бірлеп талдайды. Одан кейін арнайы дайындалған айран сияқты қою желімге батырып, желім сіңген соң оны апарып садақтың тәртесіне (жонына) жапырады. Мұндай садақтың оғы 500 метр қашықтыққа жаймен жетеді. Бірақ қазіргі таңда әуесқой жастар күрделі садақпен 380-400 метрге дейін оқ оздырып жүр. 

Одан кейін мән беретін дүние – садақтың адырнасы. Мұны ерте кезде жан-жануардың терісінен таспалап тіліп немесе берік мата-жіпті өріп жасайтын болған. Адырнаны өрудің өзі үлкен шеберлікті қажет ететін өте нәзік өнер. Қазіргі таңда қытай және мажарлықтар өндірген жіңішке жіпті өріп жасап жүрміз. Садақтың ерекшелігіне байланысты бір адырна өру үшін 9-11 тал жіп кетеді. Бұл жіптің беріктігі соншалық, қылдай болып тұрған бір талының өзі 10 келі салмақты үзіліп кетпей көтере алады.

Ағаш пен мүйіз толық ешқандай дақсыз берік қабысу үшін бір ай керек. Ал садақтың сыртқы тәртесіне желімделген тарамыс толық кеуіп, өзек ағашпен бірігу үшін бір жыл уақыт кетеді. 

Садақ жасаудың басты қиындығы – кептіру кезеңі. Бұған көп уақыт кетеді әрі дұрыс кебуі керек. Оның бер жағында ұят деген бар. Сатқан садағың 2-3 жылға жетпей сынып жатқа масқара ғой. Мықты садақты мергендер қысы-жазы мал қайыратын «қой торы сияқты» берік дейді. 

Соңғы кездері осы құрама садаққа адырнаны тартқан кезде жіп ауытқып кетпес үшін қатты ағаш немесе сүйектен жасалған тобыршықтың қасына екі айыр ашамай орнатып жүр.

Ең басты мәселе жасалған садақ пен оны таратын иесінің қуатын сәйкестендіру деген бар. Оны реттеудің жолы –  құйысқан қалай орнатылады соған  байланысты. Құйысқан деп өзек ағаш пен сұғынның түйіскен жерін айтады. Қуатты садақ жасау үшін ағашын қалың етіп алады. Садақтың иілгіштігін қамтамасыз етудің тәсілі тұтқаға қосымша қыстырылған сынаға (мұрындық) байланысты. 

Келесі кезекте қуаты садақ жасау үшін желімделген тарамысты 3-5 қабаттап қалыңдатады. Соңында сыртын ұзын тарамыспен өңдейді. Қысқасы қуатты садақ жасаудың тәсілі – ағашы, мүйізі, тарамысы қалыңдату арқылы іске асады. Сол сияқты қуаты аздау жұмсақ жасау үшін садақтың құрамындағы ағаш, мүйіз, тарамысты жұқалайды. Осы үш заттың мөлшеріне байланысты 20, 15, 10 келі садақ деп өлшейді. 

Толық жасалып болған садақтың сыртын жұқа былғары немесе терімен, одан қалды көктемде сыпырып алып, көлеңке жерде кептірген қайыңның қабығымен қаптайтын болған. Тіпті қытай туғандар садақтың сыртын жыланның терісімен де қаптайды екен. 1950 жылдары Моңғолия садақ атуды ұлттық спорт деңгейінде дамыту үшін ҚХР-нан 1500 садақ алдырды. Соның бәрінің сыртын жылан терісімен қапталғанын көрдім. Соның біреуі менде әлі сақтаулы тұр.

Демек құрама садақ жасау үшін ең қажет зат желім екен. Ол әзірлеудің жолы қандай?

– Ерте де көшпенділер желімді сиырдың үйтілген сирақ немесе таңдай терісін үш күн, үш түн тоқтамай 72 сағат жұмсақ қайнату арқылы жасайтын болған. Осылай үш тәулік қайнаған тері қоюланып қап-қара қатты желімге айналады. Одан кейін осы желімге айналған затты түйгіштеп, ұсақталған соң ыдысқа салып сұйылып, желімге айналғанға дейін тағы қайнатады. Осылай желім дайын болған соң, садақтың жонына тарамыс шаптап, оны желіммен бекітетін болған. Бұл желімделген тарамыс толық кепкенге дейін толық бір жыл уақыт кетеді. Садақ сапалы болу үшін мергендер бір жыл толғанға дейін қатты қайырымға салмайды. Көп болса айына 5-6 оқтан артық атпайды. Осылай тағы бір жыл шынықтырады. Қысқасы, тарамыс толық беку үшін екі жыл күту керек. Үшінші жылдан бастап, қалағанынша ата береді. Осындай әдіспен жасалған садақты 30 жылға дейін ұстауға болады. Садақты жүйрік ат сияқты баптап, күтіп ұстауды қажетсінеді. 

Садақтың оғын қалай жасайды?

– Садақ оғын қатты талдан, шама келсе, қайыңнан жасаған дұрыс. Әуелі қиып алған қайыңның шырынын сорғытып және шайырынан арылту керек. Ол үшін қайыңды ағынды суға 3-4 күн тастап қояды. Одан кейін көлеңке жерге кептіреді. Толық кепкен соң ұзын тілігінен садақ, қысқы тілігінен оқ жасайды. 

Оқты ыстықпен күйдіріп түзейді. Ыстық өткен ағаш жібиді. Оны көзбен бақылап отырып, қолмен иіп түп-түзу қылады. Одан кейін оқ жақсы ұшуы үшін оқтың кіріске (кезге) оқталатын бөлігіне қарақұс, тазқара, бүркіт, т.б. ірі құстардың қауырсынын пайдаланып қанат орнатады. 

Жылына қанша садақ өндіресіз, оларды сатасыз ба?

– Екі жылда әртүрлі стилде 100-ге тарта садақ жасаймын. Садақ болса, алатын адам табылады. Қазіргі таңда менің қолымнан шыққан садақ әлемнің 70-тен астам еліне тарады. Олардың менен садақ алатын себебі мен ерте дәуірдің садағын жаңғыртып жасайтын болғандықтан, олар да ерте дәуірдің садағымен атып көруге құмар. Мысалы, 2006 жылы Шыңғыс қағанның 800 жылдық торқалы тойын атап өту үшін Бурят Республикасы менің бір жыл бойы жасаған садақтарымды түгел сатып алып кетті. 

Өткен жылы Ішкі Моңғол елі шақырды. Соларға барып садақ жасаудың қыр-сырын үйретіп қайттым. Бұрынғылардан қалған сөз бар: «Адырнаны тартқан қолдың күші мен атқан адамның ақылы тоғысқанда оқ мүлт кетпейді» деген. Осыны тәпсірлеп айтар болсақ, садақ адамды байсалдылыққа баулиды және мергендікке жетілген адамның ойлау жүйесі, қырағылығы басқалардан оқ бойы озық болады. Ең бастысы, мерген дұрыс атуды үйренгені жөн. Одан кейін барып өзіне сай садағын таңдап алып, соған үйлескені дұрыс. Ескі көздер бізге садақ атудың көне дәстүрін сақтаңдар дегенді көп айтатын. Осыны мен қазір жастарға айтып жүрмін.

– Батмунке мырза, осымен сұхбатымызды тәмамдаймыз. Көп нәрсеге қанықтым. Әсерлі әңгімеңізге рақмет!