Құт қонған Қарқаралым
29.02.2024 1465

ХХІ ғасырда әлемдегі табиғат ресурстарын барынша қорғаудың қажеттілігі арта түсіп отыр. Себебі жыл өткен сайын табиғаттағы экология мәселесі өткірленіп, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зор қатер төніп келеді. Адамзат баласының түрлі әрекеттерінен Жер шарында проблемалық жағдайлар туындап отырғаны ақиқат.


Дегенмен адам баласы Жер шарын сақтап қалуға жауапты екендігін анық сезініп, әлемнің әр түкпірінде қорықтар мен табиғи парктер ашып, ондағы флора мен фаунаны қорғау жолында күш-жігер танытып жатыр. Осы бағыттағы әлемдік үрдістен Қазақстан Республикасы да қалып отырған жоқ. Қазақстанда жер көлемі орасан зор қорықтар бар. Сонымен қатар мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде он үш мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылып, жұмыс істеуде. Солардың бірі – Қазақстанның кіндігінде орналасқан Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы бірегей таулы-орман ландшафтысын қорғау, ондағы  саяхатты дамыту және халықтың демалу мүмкіндігін жақсарту мақсатында сонау кеңестік дәуірде, ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 1 желтоқсандағы №212 «Қарағанды облысы территориясындағы жеке ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кейбір мәселелер туралы» Қаулысы бойынша құрылған. Ұлттық парктің аумағы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 2009 жылы 90,3 мың гектардан 112120 гектарға дейін кеңейтілген болатын.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Сарыарқаның сары даласының шығысқа қарай созыла түскен тұсында, Қарқаралы және Кент тауларының аумағын алып жатыр. Осындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орманды қорғаудың маңызы жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Бұл өңірдің Жетісуға немесе Сібірмен астасқан солтүстік орманды даласына, Алтайдың таулы-орманды қыраттарына қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Бір замандарда биік таулар болғанымен, миллиондаған жылдар өткенде мүжілу процесі нәтижесінде аласарып, ұсақ шоқылар мен адырларға бөлінген Қарқаралы тауларының ең биік нүктесі – Жиренсақал тауы. Қарқаралы ұлттық табиғи паркі аумағының әсем табиғаты – Сарыарқаның ойдым-ойдым гүлжазирасы іспетті көрінеді. Таудың баурайларынан бұлақтар ағып шығып, олар ойпаттарға қарай құлдилап шағын өзендер мен көлдер түзіледі. Қарқаралы тауларынан бастау алатын Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Кент тауларынан басталатын Қызылкеніш, Қадыр өзендері – өңірдің көркін келтірумен қатар, халық шаруашылығы үшін маңызды суайдындары болып саналады. Шайтанкөл, Үлкенкөл, Бассейн және басқа көлдер – халықтың демалысын көңілді өткізу үшін маңызға ие. Бұлардан өзге де шағын суқоймалары , суға толы гранитті жартас шұңқырлар баршылық. Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің ауар райы континентті, топырағы қоңырқай орман және шымды-күлді таулы орманды болып келеді. Яғни топырағы шөлді, шөлейт өңірлерге қарағанда анағұрлым құнарлы және жайылымды-шалғынды болғандықтан, шөпқоректілер үшін аса қолайлы мекен. 

Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы өсімдіктер, жануарлар әлемі де алуандыққа ие. Сібір елігі, бұлан, арқар тәрізді ірі тұяқты жануарлар мен құстардың, бауырымен жорғалаушылардың саны едәуір. Мұндағы аңның – 40, құстың – 114, өсімдіктің – 66, балықтың – 8 түрі қорғауға алынған. Яғни оларды жаппай аулауға тыйым салынған. Мұндағы қорықтық, рекреациялық, эндемиктік белдемдердің әрқайсысының халықаралық, мемлекеттік заң нормаларына сәйкес қорғау туристік, сауықтыру шараларын жүргізуге қатысты ерекшелігі бар. Жалпы саябақ аумағында шаруашылық әрекеттерін жүргізуге тыйым салынуы мұндағы тұмса табиғаттың қалыпты сақталуына әсер етеді.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы – археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін ғалымдар үшін нағыз таптырмас өңір. Мұнда, әсіресе Кент таулары аясында адамзат қоғамы қалыптаса бастаған кезеңдерден бастап, көптеген дәуірлерден қалған археологиялық ескерткіштер бар. Кент қонысынан табылған ежелгі металлургиялық кешен мен ғұрыптық құрылыс және баспана – қола дәуіріне тән артефактілер болып саналады. Мұндағы қоныстың едәуір үлкен көлемі, өзге де сипат белгілеріне қарап Кентті ежелгі алғашқы қала деуге негіз бар. Бұл қоныс Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады.  Кент аулынан шығысқа қарай 8,5 шақырымда, Қызылкеніш өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан бұл ежелгі қаланың жалпы аумағы – 30 гектар. Қазба деректер арқылы мұнда бір уақытта бес мың адам тұрақты өмір сүріп, саяси-әкімшілік, сауда-саттық, діни орталық ретінде қызмет атқарған деген қорытынды жасалған. Бұл жерден табылған қыш ыдыстар, өзге зат қалдықтары негізінде олардың жасалу аймағы, қарым-қатынас ареалы жасалған. Мұндай қыш ыдыстар қазіргі Өзбекстан мен Түркіменстан, Ауғанстан және Арал маңында жасалған. Кентте шетен әкелінген ыдыс-аяқтың болуын зерттеуші ғалымдар мұнда металл саудасы жүрілгендігімен түсіндіреді.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы ерекше архитектуралық ескерткіштің бірі – Қызылкеніш сарайы. ХІІІ-ХҮ ғасырларда тұрғызылған деп болжанған бұл ескерткіш те Кент ауылының оңтүстігіне таман, бір жарым шақырым қашықтықта, Қызылсу өзенінің бойында орналасқан. Сонау 1872 жылдан ғылыми айналымға белгілі ескерткішті әр кезеңде А.И.Левшин, Ә.Х.Марғұлан белгілі археолог т.б. зерттеп сипаттаған екен. Бұл сарай – сол дәуірдегі адамдардың ғұрыптық сипатта  тұрғызған ғибадатханасы деп болжанған.  Кент сарайының қашан тұрғызылғаны туралы нақты дерек әлі жоқ. Кейбір зерттеушілер бұл арғы ғасырлардың жәдігері десе, енді біреулері – бұл сарайдың Жоңғар хандығы тұсында салынған, будда ғибадатханасы деп біледі. Расымен де бұл өңірде батысқа, Еділ-Жайыққа қарай беталған ойраттың Көнделең Убаши тайшы, Очирту шешен хандары тұрғызған деген болжам бар. Қызылкеніш сарайына қатыстыөзге де біршама аңыздар да айтылады. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркі аумағын зерттеу тарихының өзі біршама кезеңді қамтиды. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің сапарында осы өңірді жолай соғып өткенде, біршама сипаттама жасаған. Бұдан өзге орыстың белгілі ғалымы В.В.бартольд 1894 жылы Орта Азия мен Қазақстанды аралаған кезде сипаттама берген болатын. Бұл өңірдегі Қызылкеніш сарайының нақты жобасы туралы өз заманында дерек қалдырған – генерал С.Броневский болды. Бұл кешенді зерттеушілердің барлығы дерлік аталған сарайдың салынуы туралы аңызға мән берген және барлығы бірдей Еділ бойындағы қалмақтардың ханы күншығыстағы Жоңғария қонтайшысына қызын ұзатқаны, сол қыз қар қалың болған себепті, осы өңірде қыстап қалып, қазақ батырымен көңіл қосқаны туралы айтады. Расымен де екі бөлініп қалған ойрат тайпаларының өкілі болып табылатын қалмақтар мен жоңғарлар Еділ мен Еміл арасында өзара байланыс жасап тұрған. Қалмақтардың әйгілі ханы Аюке мен Жоңғария қонтайшысы Сыбан-Раптан, Қалдан-Серендер арасында құда-құдандалдық байланыстар болып тұрғандығы туралы деректер бар. Мүмкін бұл сарай сол кезеңнің белгісі болар. Және бір деректерде ерте заманда қазақ пен қалмақ аралас өмір сүрген екен, сол заманда қалмақтың ханы Аюке өзінің қызы Етержапты Жоңғария қонтайшысына ұзатпақ болып, қазақтың Едіге атты батырын жолбасшы қылып, Тарбағатайға аттандырады. Еділден шығып ұзақ жүрген қыз көші Қарқаралыға келген кезде қатты аяз түсіп, қыс ұзақ болып, Кент тауларында қыстап қалуға мәжбүр болады. Хан қызы осы жерге қырық жігітке сарай соқтырады. Осы кезеңде Етержап пен Еділ көңіл қосып, қызық дәурен сүреді. Көктем туа Жоңғарияға аттанып, барған соң Етержап қыз балалы болып, оның атын Сына қояды. Сына – батыр қыз болып өседі. Етержап өскенде оған өзінің қазақ екенін айтады. Сына жоңғар жерінен қашып шығып, ата-бабасының мекеніне жетеді. Кеңес дәуірінде Қарқаралы өлкетанушы Поповтың «Қарқаралы», «Т.Аршабековтің «Қарқаралы күмбездері», С.Ләмбекұлының «Тәттімбет» еңбектерінде біршама атап өтіледі.

Біздіңше, бұл сарайды жоңғар-қалмақтар уақытша пайдаланған немесе қайталап тұрғызған болуы мүмкін. Олар реставрациялағаны болмаса, жаңадан тұрғызған жоқ деп болжай аламыз. «Кент» сөзінің өзі үй-жай салып топтасып өмір сүру деген ұғымды білдіретін түркі сөзі екенін ескерсек, бұл жерге Кент деген атаудың берілуінің өзі де бекер еместігін білдірсе керек. Мұның өзі біздің Қазақстанда, оның ішінде Қарқаралы аймағында ежелден қала салу мәдениеті болғандығының анық айғағы болып табылады. Мұны алдағы кезеңдерде кешенді түрде зерттеп дәлелдеу қажеттігі анық.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында осы және өзге де көне тарихтан сыр шертерліктей орындар баршылық. Оларды зерттеуге, қазба жұмыстарын жүргізуге әлі де болса көбірек мән беріліп, қарқынды жұмыстар жүргізілсе еліміздің өткен тарихының беттері түгенделе түсер еді. Осы арқылы жас ұрпақты өткен тарихын білуге, отаншылдыққа, туған жерін сүюге баулу тиімді жүзеге асады. Ал табиғатты қорғаумен қатар туристік, сауықтыру шараларын ұйымдастыру аясында мұндағы Кент сарайы сияқты орындарды заманауи туристік саяхаттың пайдалы нысанына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Тиімді маршруттар ашып, мемлекеттік ұлттық парктің аумағына туристерді көптеп тартуға үлкен мүмкіндіктер бар. Тек оның менеджментін ғана дұрыс жолға қойса, алдағы кезеңде ел бюджетін нығайтуға үлкен септігін тигізген болар еді. Оған мемлекеттік ұлттық парктің әлеуеті толық жететіні сөзсіз.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің болашақтағы экотуристік әлеуеті де зор. Қазіргі дәуірде экологиялық туризм әлемде зор қарқын алып келе жатқан сала. Өңірдің осы тұрғыдағы әлеуетін жоспарлы түрде пайдаланып ел қазынасын молайту – бүгінгі күннің талабы.