Ғұндардан қалған мұра – Ноин Ула кешені
05.02.2024 2065

Жалпы әлемдік тарихқа үңілсек, ең алғаш еуразиялық ауқымда империя құрған біздің бабаларымыз көшпенді ғұндар екені әмбеге аян. Қытай жазбаларында, б.з.б. 209 жылы Модун (Мүде) шаньюй (қаған) 24 тайпаның басын қосып, Ғұн ұлысының іргесін қалғаны хақында дерек бар.


Ғұн елінің оңтүстік шекарасы ақ қорғанға тірелсе, солтүстігі Байқал көлінің жиегіне жетіп жығылыпты. Ал батысы Іле-Тарбағатайға тиіп жатса, шығысы Корей түбегіне иек артқан. Осы ұлыстың кіндігі – Өтукен қойнауы (Моңғол үстірті). 

Қазақ ақыны Мағжан Жұмабай «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, // Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегеніндей, біздің ежелгі ата-бабамыз ғұндардан қалған мұра көп. Күллі Еуразия даласында ғұндарға тән 13 кешен қорған-кешен болса, осылардың 9-ы моңғол даласында екен. Ішіндегі ең көлемдісі әрі өте құнды жәдігерлер табылған нысан – Ноин Ула кешені. Бұл жерден табылған тарихи жәдігерлер дүниежүзілік археологияға зор төңкеріс әкелді.  Биыл осы жаңалықтың ашылғанына 100 жыл толып отыр.

Кешен ел астанасы Ұланбатыр қаласынан 130 шақырым қашықта Төб аймағының Борнор сұмын жеріндегі атақты Ноян тауының (Ноин Ула) Сүжікті, Жұрымты, Құжырты атты үш сайдың кең қолатына орналасқан. Аумақтың жерасты гидромеханикасы жартылай мұздақ болғандықтан, мұндағы көне заман жәдігерлері жақсы сақталған. 

Ескерткіш кешен алғаш рет 1912 жылы ресейлік алтын іздеуші, техник А. Баллодтың назарына ілінеді. Бұл адам Жұрымты сайының ауызында адам қолымен қазылған терең ұраны көріп, «ерте заманда алтын өндірушілер қазған із болуы мүмкін» деген оймен ол жерді қазып көреді. Бірақ ол жерде алтын емес, әлі белгісіз көне тарихи жәдігерлер жатқанын аңдайды. 

Сөйтіп алтын іздеуші тапқан дүниелері жайлы сипаттама жазып,  оны Петербордағы Орыс география қоғамына жолдайды. Бұл хабар патшалық Ресей ғалымдарының құлағына жетеді. Олар дереу аттанбаққа қам жасағанымен, бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, сапар аяқсыз қалады. Одан кейін патша тақтан құлап, большевиктер билікке келеді. Ақыры моңғол даласында жатқан құнды дүниелерді зерттеу ісі совет үкіметінің еншісіне бұйырады.

Аталмыш тақырып бойынша еңбек жазып жүрген талантты тарихшы һәм ғұн дәуірінің білгірі, археолог, Ұланбатыр қаласындағы Америка мектебінің ұстазы, ұлты қазақ Маратхан Анарханұлына тілдесіп, Ноин Ула кешені хақында сұрап көрдік. 

– ХІХ ғасырдың 70 жылдары Патерн деген саяхатшы Күреден (қазіргі Ұланбатыр қаласы) аттанып Ұлястайға бара жатып, жол бойында қаптаған қорған-обаны көреді. Оның бәрін сызып-жазып, сипаттамасын қағазға түсіреді. Кейін осы жазбасын ғылыми көпшілікке таныстырады. Нәтижесінде бұл дерек еуропалық археологтардың назарын аударады, – дейді бауырымыз. 

Тоқыма бұйымдар

Сол екі арада, яғни 1923 жылы саяхатшы әрі әскери географ, этнограф Петр Кузьмич Козлов экспедиция бастап, 1908 жылы моңғол-тибет шекара маңындағы Эзен өзені сағасынан орнын өзі тапқан Хара-хото бекінісін тереңдете зерттеу үшін Күре қаласына келеді. Өйткені бұл қала-бекініске зерттеу жүргізген Петр Кузьмич аса құнды қолжазбалар және металь ақша түрлерін тапқан болатын. Бұл жәдігерлерді Петербордағы Орыс география қоғамы жоғары бағалап, үкімет әскери саяхатшыға полковник шенін берген екен. Шын мәнінде бұл кісі археолог емес, саяхатшы болатын. Ұзақ жыл орыстың атақты саяхатшысы Н.М. Пржевальскийдің отрядында қызмет еткен,  оның сенімді шәкірті есебіндегі адам. 

Бұл жолы Козлов мырза Хара-хото бекінісін толық зерттеумен қатар көк түріктер кешені Көше Цайдам жазба ескерткішіне де баруды жоспарлаған көрінеді. Бірақ жағдай күрт өзгереді. Осы жылдары билікке ие болған большевиктер Козловты бұрынғы патшалықтың адамы деп танып, экспедиция жұмысына тоқтау салады. Өзін кері шақырады. Коммунистерден сақтанған ғалым өзі Күреде қалып қояды да, көмекшісін жібереді. 

Осы екі арада П.К. Козлов Ноин Ула кешені жайлы шығыстанушы поляк Жоза деген адамнан естіп біледі. Тіпті осы кісінің нұсқауымен жоғарыдағы алтын іздеуші А. Баллодтың Күреде өмір сүріп жатқан жесірімен танысып, одан күйеуінен қалған жазбасын алып танысады. Сонымен қатар әйелдің қолында сақтаулы жәдігерлерді (матаға ораған шаш, алтын бұйымдардың қиығы, ағашты ойып жасаған әшекей заттар, т.б.) көреді. Сөйтіп Ноин Улаға көңілі ауады. 

 Осы кезде жаңадан социалистік бағытты таңдап, даму жолына түскен Моңғолия астанасы Күре қаласында «Көне қолжазбалар орталығы» атты ғылыми мекеме ашылады. Оның басшысы ресейлік бурят оқымысты Жамцарано Цыбен деген адам еді. Ноин Ула алқабына қазба жұмысын жүргізу үшін аталмыш мекемемен келісе отырып, 1924 жылы 20 ақпан күні өзінің көмекшісі А.С. Кондратьевты Ноин Ула кешенін көріп келуге жұмсайды. Ноин Ула қорғандарын барып көрген ол көптеген дерек алып келеді. Козлов болса көмекшісі әкелген дерекке Баллодтың сызбасын қосып Петерборға жолдайды әрі қазба жұмысын жүрізуге ұлықсат сұрайды. Кешікпей сәуір айында оған «Ноин Улаға зерттеу жасасын» деген қуанышты хабар келеді.

Дереу зерттеу ісін қолға алған П.К. Козлов бастаған моңғол-тибет экспедициясы Ноян тауына келіп, кең алқапта 200-ден астам қорған-оба барын анықтап, картасын жасайды. Осылардан таңдап алынған 10 қорымға (6-уы үлкен, 4-уі шағын қорым) қазба жұмысын жүргізеді. 6-ншы қорымнан 14551 дана кілемнің, 13904 дана торғын-мата қалдықтарын санап алады. 

Оның сыртында, бұғы, қодас сиыр, барыс қатарлы жануарлардың бейнесі бәдізделген сырмақ, жібек желек, сауыт  киген сарбаздар бейнесі, хас гауһар тастан жасалған әшекей, тапталған алтын бұйымдар, сонымен қатар бітеу самырсынды ойып жасаған табыт ішінен астық толтырған құмыра қатарлы толық нұсқалы 1900 дана артефакт табады. Қазіргі таңда осыларды 60 пайыз, яғни 1150 данасы Эрмитажда сақтаулы тұр. 

Ноин Уладан қазып алынған бұйымдарға ғылыми тұжырым жасап, сараптама беру үшін 1925 жылы СССР ҒА-нан арнайы адамдар келеді. Олар бірауыздан «табылған жәдігерлер ғұндар мұрасы» деген пәтуа айтады. Сөйтіп Ноин Ула кешенін ашу арқылы Козлов ату жазасынан аман қалып, әлемге әйгіленді. 

 

***

1927 жылы Ноин Ула қорғандарына А.Д. Симуков зерттеу жүргізеді. Бұл жолы киіз сырмақтың бір жартысы, жапырақ оюлы қиқым заттар, қытай жазуы бар бояулы кесе табылады. Бұл артефактілер әлем археологтарының назарын ерекше аударады. Кеседегі қытай жазуын оқығанда бұл бұйым б.ж.с. алғашқы жылы Сычуан өлкесінде жасалғаны анықталады. Сонымен қатар кесені жасаған шебердің аты, аяқтаған уақыты, сапасы... – бәрі бүйірінде жазулы тұр. Осындағы дата негізінде ғалымдар Ноин Ула қорғандарының тұрғызылу мерзімі б.ж.с алғашқы ғасырына тән деген тұжырым айтып отыр.  

Қытай жазу бар кесе

Маман археологтардың пайымына қарағанда, бұл қорғандарға негізінен ақсүйектер жерленген. Жерлеу рәсімі жайында айтар болсақ, қазылған көрдің тереңдігі 7-12 метр. Төрт бұрыш лақаттың ішкі-сырты ағашпен қоршалып, ортасындағы табытқа мүрде орналасқан. 

Бұл орайда атап өтуге тұрарлық дүние – қазір Эрмитажда тұрған «ғұн сырмағы». Ол 6-ншы қорымды қазған кезде шыға келген. Сырмақ қабірдің ішкі бөлмесінің еденіне төселіпті. Жер астында 2000 жыл жатса да бүлінбей сақталған. Жәдігерді археолог-ғалымдар бір ауыздан «Әлем археологиясының ХХ ғасырдағы керемет жаңалығы» деп бағалады. 

Кілем-сырмақтың сипатына келер болсақ: ұзындығы – 2,6 м, ені – 1,95 м, қалыңдығы – 5 см. Толық басылып, өңделген аппақ киізден жасалған. Сырмақтың дәл ортасында қошқар мүйіз иір оюлы 24 доғал-дөңгелек бейненің сырма-сұлбасы бар. Сырманың сырты өрнекті жіңіш­ке белбеу-бедермен қоршалған. Жәді­гердің шеттерін айналдыра арпалысып жатқан 9 қос жануардың бейнесі салынған. Оның 5-еуі бұқа басты барысқа ұқсаса, 4-еуі қашып, құтылуға асыққан бұғы-бұлан бейнелі мүсіндер. Бұлардан басқа 9 түрлі өсімдік жапырақтары кестеленген. Сырмақтың өңір жиегін матасы қалың төртбұрыш оюлы қытай торғынмен көмкерген. Бұл бұйым – сол кездегі ғұндардың тоқыма өнері қаншалықты дамығанының дәлелі. Сондай-ақ олардың бейнелеу, кестелеу өнерін кемел дамытқанын да байқауға болады. Атақты суретті П. Пикассоның сөзімен айтсақ, қандай бір өнер туындысы – адам баласының рухани өркенінің дәлелі. Демек, бұл сырмақ – ежелгі аталарымыздың өмір сүру әдебін, танымын өрнекпен бейнелеген керемет туындысы.  

Ғұн сырмағы

Ресейлік ғалым Сергей Теплоухов: «Сырмақтың өн бойындағы: қодас, бұғы, қанатты барыс қатарлы жануарлардың бейне-мүсіні аса шеберлікпен салынғанына қарап, біз ертедегі ғұндар заманында бейнелеу өнері үлгісінің айрықша дамығанын байқаймыз», – деп жазса, сырмақты өз қолымен тапқан С.А. Кондратьев жазған анықтамалықта: «Тегі ерте кезде көр тонаушылар табытты қозғаған кезде кілемнің  бүктелген жері аздап жыртылғаны болмаса, кілем керемет сақталған», – депті. 

 

***

Ноин Ула кешенін зерттеу жұмысы соңғы 20 жыл көлемінде қайтадан жаңғырды. Атап айтар болсақ, Моңғолия ҒА Археология институты мен РФ ҒА Сібір бөлімшесі Археология – этнография институты бірлесіп 2006-2015 жылдар аралағында төрт үлкен қорғанға және дәл осындай төрт кіші обаға қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жаңадан 1300-ге жуық заттық бұйым табылып отыр. Осылардың 60 пайызы Орталық Азия стилінде жасалған тоқыма бұйымдар болса, қалғаны кілем, киіз сырмақ, мифтік хайуандар бейнеленген алтын-күміс заттар, сондай-ақ грек-рим стилінде жасалған әшекейлер, қытайдың Хан империясы кезінде орда пайдаланған кәрлен кесе, т.б. 

Бұл жәдігерлер қазір Ресейдегі лабораторияларда сараптамадан өтіп жатыр. Оның сыртында ресейлік мамандар қазып алынған құнды заттардың реконструкциясын жасауда. Соның бірі – 2006 жылы Ноин Уланың 20-ншы қорғанынан табылған тоқыма кілем. «Осыны қайта қалпына келтіруге екі жыл уақыт жұмсалды», – дейді Ноин Ула кешеніне жүргізілген Ресей-Моңғол экспедициясын 10 жыл басқарған ғалым Моңғолия ҒА Археология институтының ғалым хатшысы Н.Эрдене-Ошир мырза. 

Темірге шекітілген Геракл және Омфаланың  бейнесі

Бұл орайда атап өтуге тұратын тағы бір ерекше жаңалық, осы жылдары 20-ншы қорымнан табылған ежелгі гректердің мифтік тәңірі Геракл мен Омфаланың бейнелері шекітілген қола табақша. Бұл жәдігер ХVIII ғасырда гипстен жасалып, қазіргі күні Копенгаген қаласындағы Торвальдсен музейінде тұрған Геракл, Омфала екеуінің бейнесімен сәйкестігі күллі әлем назарын аударып отыр. Көптеген ғалымдар бұл дүние «Ромның саяси және әскери қайраткері, атақты қолбасшы Марк Красс пен ғұн ақсүйектері арасында байланыс болғанын дәлелдеуде» деген пайым айтып жатыр.