«Архив-2025»: Нәтижелер мен мәселелер Ұлттық архивте талқыланды
Бөлісу:
06.12.20231793
Бүгін Елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архив – 2025: Нәтижелер мен мәселелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара «Тарих кабинетінің» ашылуымен басталды. Ұлттық архив пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің бірлесуімен ашылған жаңа кабинеттің лентасын қиған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов арнайы ашылған кабинеттің студенттерге берері мол екенін айтты. «Біздің студенттер архивке жиі келіп жұмыс істейді. Бұл оларға тамаша мүмкіндік. Тарихшылардың жұмыс істейтін жері ең алдымен – архив. Кез келген тарихтың негізі архивтен басталады. Архивті аттап кеткен адам тарихшы емес. Біз архивке бөлінетін сағаттарды көбейтуді қарастырамыз. Басқасын кітаптан оқып алады, ал көрмейінше, іздемейінше, иіскемейінше архивті оқыта алмайсың», деді ол.
Кабинетте жас ғалымдардың ізденуіне көптеген жағдай жасалған. Олар шаң басқан архивтерді ақтарып қана қоймай, фото-құжаттарды зерттеуге арналған заманауи құрылғыны да пайдалана алады. Кабинетке көңілі толған Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп: «қардың астында қалған нәрсені күрекпенен қазғылап тауып алуға болады. Архивтің астында қалған нәрсеге үлкен дайындық, білім, парасат керек. Мына орталық сол үшін құрылып жатыр екен, жастарымыз парасатты, білімді болсын, тарихтың қойнауына сүңгіп ел игілігіне жарайтын дүниелерді таба берсін», деген тілегін жеткізді.
Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов Архив қашанда болашақ тарихшылардың өндірістік базасы екенін, ал бұл кабинеттің терең ізденіске, мол мүмкіндікке жеткізетінін айтты. «Бүгін ғылым мен өндірістің жақындаған күні болды. Біздің өндірістің базамыз – архив. Архивте жұмыс істемеген тарихшы ғылымды жаза алмайды. Бірақ тарих факультетінің архивпен байланысы бүгін ғана басталып жатқан жоқ. Біз ұзақ жылдан бері осы архивпен бірге жұмыс істеп келеміз. Бұл біздің жұмысымыздың жетілген түрі деп айтсақ болады. Бұл жерден студенттер де, магистранттар да, докторанттар да өтеді. Сондықтан ерекше ризашылығымды Архивтің басшылығына білдіремін», деді факультет деканы.
Қыстың қысқа бір күніне толықтай жоспарланған конференцияға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің директоры Улуғбек Юсупов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т. ғ. д., профессор Бүркітбай Аяған және басқа да тарихшы ғалымдар мен әр аймақтан келген мемлекеттік архив басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Онда отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен Ұлттық архив қорын толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге арналған «Архив-2025» жобасын жүзеге асыру аясында істелген жұмыстардың нәтижелері мен мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда әзірге дейін «Ақселеудің асыл мұрасы», 4 томдық «Отанына оралған құжаттық қазына», «История столицы Казахстана», «Архив-2025: Ұлт тарихындағы жаңа деректер» жинақтарын және «Ақмоладан... Нұр-Сұлтанға дейін», «Архивтегі аманат» фотоальбомы жарық көрген. Жиында «Отанына оралған құжаттық қазына» жинағының ІІІ және ІV томдары таныстырылды.
Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораштың айтуынша, 2021 жылдан бері біздің тарихшылар 10-нан аса шет мемлекетке барып, 7000-нан астам құжат алып келген. Оның барлығы Ұлттық архивтегі 83-қорға тіркеліп қана қоймай, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары басталып кеткен. Комитет төрағасы республикалық деңгейдегі архивтер ғана емес, өңірлердегі архивтердің де атқарып жатқан жұмыстарының мол екеніне қарамастан тарихтың терең қатпарын ашу үшін әлі де үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын айта келіп: «Архив – ұлттың жады, ұрпақтың мұрасы. Қазіргі уақытта Қазақстанда 26 млн-нан астан құжат сақтаулы тұр. Былтырдың өзінде 483 мың құжат сақтау бірлігі қабылданды. Сол қазынаны бірге сақтап қана қоймай ғылыми айналымға енгізіп, ұрпақтың рухани игілігіне жаратайық», деп аяқтады сөзін .
Конференцияны басқарған ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова «Архив-2025» жобасы аясында тек қана шетелдік архивтердегі құжаттар айқындалып қана қоймай, еліміздегі архивтердің материалдық, техникалық базасы да жетіліп, жаңа форматта жұмыс істей бастағанын жеткізе келіп, Ұлттық архивтің биылғы жұмысын төмендегі видео-ролик арқылы көрсетті.
Алқалы жиынға қатысқан ғалымдар табылған тың деректер жайлы баяндамаларын жасап, өз нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, туындаған мәселелерді де ортаға салған олар алдағы жұмыс жоспарына білек сыбана кірісетіндіктерін білдірді.