Т.Шаңбай, шәкәрімтанушы: Жұрт алаштық рухты бойына сіңіріп келеді
23.11.2023 2581

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне 165 жыл. Еліміздің іші-сыртында ғұлама ғалымды ұлықтаған үлкенді-кішілі іс-шаралар жалғасуда. Алаштанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлының әдебиеттанушы-философ, ұзақ жылдар бойы шәкәрімтанудағы  іргелі жұмыстарды  атқарған Тұрдықұл Шаңбаймен жасаған әңгіме-сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз. 


Тұрсын аға, тақырыпқа тіке қатысы болмаса да әңгімені есім-сойыңыздан бастасақ. Бір басылымдарда еcіміңіз Тұрдықұл, ал біз Тұрсын аға атап кеттік. 

— Мұндай тосын сауалды бұрын ешкім қоймаған еді. Айтайын. Әкеміз біреудің жалғызы, иманы күшті адам еді. Ата-анамыз 1962 жылы арғы беттен үркіп көшіп келгенде елімізде атеистік түсінік әлі басылмай тұрған. Соған қарамастан әкеміз бес уақ намазын қаза қылмағаны есімде. Азан шақырып қойған атым – Тұрдықұл. Студенттік кезден бастап замандастарым Тұрсын деп атап кетті. Ағайынды бір қыз, алты ұлмыз. Кенже інімнен басқа, бесеуміздің атымызға «құл» сөзі қосылған. Әкеміз «Алланы бірден-бір Жаратушы деп таныған, оған мойынұсынған адамды құл дейді» деп айтып отырушы еді. Өзің білесің, мұсылмандар Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) «Алланың сүйікті құлы» деп атайды. Қазақта «Алланың құлы, адамның баласы бол» деген сияқты тіркестер мол. Жаратушыға шексіз ризашылығы болар, кенжесінің атын – Жомарт қойды. Анамыз Фатима да «біссімілласы» аузында, ерекше жан еді. Қысқасы, біздің есімдеріміз ата-анамыздың мұсылмандық дүниетанымының жемісі.

Өзіңіз жиі қаузап жүрген тақырыптардың соңғы жаңалығынан сөз қозғалық. Жақында Мәскеуге сапарлап барыпсыз. Көрші ел орыс тіліндегі ірі басылымдарында Шәкәрім шығармаларын жиі жариялауға қызығушылық танытып отырғаны туралы ақпарат алдық. Осы басқосу туралы айта отырыңызшы.

— Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Әскербекұлы Абаев мырза 25 қазан Республика күніне орай Мәскеуде үлкен мәдени форум өткізді. Сол форум аясында Шәкәрімнің туғанына 165 жыл толуына орай өткен дөңгелек үстелге арнайы шақырылған едім. «Шәкәрім феномені» деген тақырыпта сөйледім. Жақсы сұхбат болды. Көрші елде Шәкәрім мұрасының адамзатқа ортақ құндылық екені айтылды. Тіпті Мәскеулік әріптестеріміз риза болып, осындай тұлғаға біз де ескерткіш қойсақ та артық болмас деген ұсыныстар айтты. . Ұтымды сәтте мен сөз алып,  1978 жылы   шығармалары Қазсқатанда әлі де құпия режимде тұрған Шәкәрімнің 14 өлеңі  Мұхтар Мағауин ағамыздың дайындауымен Ленинградта басылған «Поэты Казахстана» жинағында жарық көргенін айттым. Сондай-ақ, қазіргі кезеңде Шәкәрім шығармаларының көбі орыс тіліне аударылғанын жеткіздім. Енді соны Мәскеуден шығарайық деген ұсынысымды да білдірдім. Елші Дәурен мырза бұл идеяны бірден қолдады. Сол жиынға қатысқан атақты «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин де жақсы ұсыныс деді. Осы басқосудың нәтижесінде үш жақты келісімге келіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Жыл аяғына дейін кітап жарық көріп қалар.

Биыл Шәкәрім жылы. Өзге де Алаш арыстарының бірталайының мерейлі жылы елімізде аталып өтуде. Ұзақ жыл айналысқан іргелі істеріңіздің бірі де осы Шәкәрім мұраларын құрастыру, баспадан шығару болды. Еліміздегі шәкәрімтану ісі мұнан әрі қарай қалай өрбісе өскелең ұрпақ тез арада ұлттың абыз ғалымын толық санасына сіңіре алады деп ойлайсыз?

— Шәкәрім мұрасын насихаттау мен зерттеу еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан бойынша қарқынды дамыды. Соның ішінде Шәкәрімтану ғылымының жүйелі қалыптасуына басым бағыт көрсеткен Семейдегі Шәкәрім университеті болды. 2002 жылы сол университеттің ректоры Ерлан Сыдықовтың шақыруымен Алматыдан Семейге оралдым. Университет жанынан Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығын аштық, ғылыми концепция дайындап соның негізінде жүйелі жұмыс жүргіздік. Сол ғылыми жұмыстардың сүбелі деген бір-екеуін атайын. «Шәкәрімтану мәселелері» атты 6 томдық сериялық ғылыми жинақ, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы – осы еңбектер бүгінгі таңда ғылыми құндылыққа айналды. «Шәкәрім» журналы жарыққа шықты. Ең бастысы, Шәкәрімнің есімі, Алаш алыптарының есімі ақталып, ел-жұртқа оралды. Ендігі мәселе бізде. Ғылыми қарым, біліктілік, елдік ұстаным тағы басқа факторлар шешуші рөл атқарады. Күнді көлегейлеу мүмкін емес, бұлт сейілді. Қазақтық сана енді пассионарлық қуатпен дамиды. Кедергі, түрлі келеңсіздіктер әр қоғамда болған. Дегенмен ел-жұрт Алаштық рухты бойына сіңіріп жатыр. Елдік сана өз жемісін беретіні анық, мен оған сенемін.

Абай музейінде де алаштың бір азаматы тындыруға тиісті жүгіңізді арқаладыңыз. Бүгінгі таңда Шәкәрім университетінде де ғұлама Шәкәрімге арнаған бір жобаңыз бар сияқты... 

— Рас, Абай музейіне ең бір жауапты, әрі қиын кезеңде басшылық қызметке шақырылдым. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы мен классик Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңы болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен үкімет мол қаржы бөлді. Уақыт тығыз болды, оған пандемия жағаласты. Осы жағдайда құрылыс-жөндеу, қайта жаңғырту, музейлендіру және ғылыми зерттеу сияқты тізбекті жұмыстарды шайқалтпай, кезегімен алып шығу қажет болды. Оңай болмады. Біз қысқартып Абай музейі дейміз, толық атауы «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» деп аталады. Бас музейден басқа, Абай облысы аумағында 10 филиалы, яғни музей-экспозициясы, музей-үйлер бар. Жидебай қорығы көлемінің өзі 6400 гектар. Бас музейден ең алыста орналасқан бөлімі Мақаншы елді мекеніндегі – Әсет Найманбайұлы музей-үйі, Семейден 500 шақырым жерде. Ұжым үлкен, жұмылып жұмыс істедік. Өзбекстанға көрме апардық, Мәскеуден кітап шығардық, тағы басқа халықаралық деңгейде мәдени іс-шаралар өтті. Жаңарған Абай музейін Мемлекет басшысы өзі келіп ашты. Абыройсыз болмадық. Жаңа тұрпатты Абай музейін жас буын өкілдеріне, өзіңнің замандастарыңа өткізіп бердім. Министрлік, Абай облысы, Абай ауданы құрметтеп шығарып салды. Оған рақмет.

Мен өзім Семейдегі Шәкәрім университетінің түлегімін, қазір құрметті профессорымын. Университет басшысы, жаңа буын өкілі Думан Рымғалиұлы Орынбековтың идеясымен жоғары оқу орны жанынан Шәкәрім музейін дайындауды қолға алдық. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық музейлер Кеңесі (ICOM) талаптарына, жалпы жаңарған заман талабына сай музейлерді цифрландыру бүгінгі күн талабы. Сол арқылы мәдени кеңістікте бәсекеге қабілетті болу алдыңғы қатарға шықты ғой. Міне, еліміздегі тарихы бай Абай музейі осы талапқа сай жабдықталса, енді Шәкәрім музейін де заманға сай жасауға кірісіп кеттік.

Ғылымдағы жолыңызды Ахмет Байтұрсынұлынан бастағаныңыз да бізді қызықтырады. Ахметтен  өзіңіз қаузаған тақырып туралы қысқа айта кетіңізші.

— Менің диссертациялық жұмысым ғана емес, жалпы ғылымдағы бағытым Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының даналық ойтанымынан нәр алған бағытта десем дұрыс болар. Мен оны мақтанышпен айтамын. Кезінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында академик Зәки Ахметов басшы болып «Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы» деген ғажап бөлім ашылған болатын. Менің ғылымдағы жолым сол бөлімнен басталды. Осы бөлімде Ахаңның даналығы нұрын шашып тұратын. Әдебиет теориясы мәселелері бойынша көкжиегі көркем талай-талай даналық пайымдарды сол бөлімде бойымызға сіңірдік. «Әдебиеттану терминдер сөздігі» сол бөлімде дайындалды. Қазіргі таңда «Әдебиет теориясы» оқулығын дайындау үстіндемін. Ахаңның даналығы – бізге бағдаршам. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының энциклопедиялық мұрасы ақылдың кені ғой. Қазақ халқының таусылмас байлығы.

 Сіз энциклопедияларды құрастыруда еселі еңбек еттіңіз. Энциклопедия – біздің білуімізше, ең жоғары деңгейдегі ғылыми қорытынды. Ондай деңгейге жеткізу үшін де үлкен ғылыми топ жұмыс істейді және талассыз тұрақтанған ғылыми тұжырымдар негізінде жинақталады. Осы барыстағы тәжірибеңізден бірер сөз айта кетесіз бе?

— Рас айтасыз. Энциклопедия – адамзат баласы ойлап тапқан ерекше құбылыс, жинақталған, жүйеленген білім мұхиты. Менің білетінім, Кеңес Одағы ыдырағанда екі ел, Қазақстан мен Украина өздерінің ұлттық энциклопедиясын дайындауды қолға алды. Украина толық бітіре алды ма, мен қазір білмеймін... Сол кезде хат жазысып, Украина мәдениетіне қатысы бар деген қазақ тұлғалары туралы мақалалар дайындап жібергенім есімде. Бізде де, оларда да нақты мақсат, кеңестік идеологиядан аршылған, ұлттық танымдағы энциклопедия дайындау болатын. Ал сол ХХІ ғасыр басында басталған 10 томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы бүгінде нағыз құндылыққа айналды.

Энциклопедияға келуімнің тарихы былай болды. «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясының бас редакторы, академик Әбдімәлік Нысанбаев бір топ жас ғалымды энциклопедияға жұмысқа шақырды. Бізді «Жас түріктер» деп атайтын. Біз от болып жанып еңбек еттік. «Түркістан» халықаралық энциклопедиясын дайындау үшін құрылған арнайы бөлімді басқару маған бұйырды. Ол энциклопедия, Түркістан қаласының 1500 жылдығы құрметіне дайындалды. Тілеухан Жұмаханов, Бақыт Жұматаев, Леонид Титенко және мен – төртеуміз 16 томдық «Балалар энциклопедиясын» жоспарлап, «Ежелгі Қазақстан», «Алтын Орда», «Қазақ хандығы» деген томдары сол кездері жарық көрді. Ол кез еркіндіктің самалы мен жастықтың жалыны үндескен шақ еді. Ешкімнен ештеңе дәметпей, етікпенен су кешіп еңбек еттік. Қазір сол әріптестерімнің бәрі дүниеден озып кетті... Еңбектері еліне ескерткіш болып қалды. 

Энциклопедияның бір ғажабы онда әр ғылымның саласы қамтылады. Оны жинақтаушыларда да әмбебап білім болады. Біз сіздің де бір қасиетіңіз сол әмбебаптылық деп танимыз. Яғни әмбебап ғылымды індетіп жүріп өзіңіздің бесаспап тұлға болғаныңызды байқадық. Мысалы, сіз Алтай туралы тақырыпты да жиі қозғап жүрсіз. Осы қазаққа ауадай қажет болып тұрған Алаш пен Алтай ұғымы туралы оқырманға аз-кем айтыңызшы.

— Жалпы, энциклопедияның түрлері көп. Ол ғылыми, ғылыми-көпшілікке арналған, тағы басқа болуы мүмкін. Шартты түрде «жанрлық» түрлері қандай десек: ұлттық, халықаралық немесе балалар энциклопедиясы болады. Нақты ғылымға арналған салалық, жеке тұлғаға арналған тұлғалық энциклопедиялар болады. Міне, осындай түрлері көп. Мен өзім «Шәкәрім», «Лев Гумилев» сынды тұлғалық энциклопедияларды дайындауға бел шешіп кіріскен адаммын. Басқа да көптеген энциклопедияларды дайындауға қатыстым.

Қазіргі уақытта да, бірнеше энциклопедиялық басылымдар дайындау үстіндемін. Соның ішінде шоқтығы биік тұрғаны «Хан Алтай» энциклопедиясы дер едім. Кезінде біз «Алтай – түріктің алтын бесігі» деген концепцияны ұсынып, алғашқы томы жақсы шығып еді, кейін иелігі басқаларға өтіп, арты сиыр құймышақтанып кетті.

Бізге қазір Алтайдың алтыны мен кенін емес, әр тұстан табылып жатқан мәдени-материалдық байлығын емес, Хан Алтайдың өзінің субстанциялық мәнін танып, соны насихаттау басым бағыт болуы керек. «Хан Алтай» энциклопедиясы тұтас түріктің атажұрты Алтайға арналған. «Хан Алтай» энциклопедиясы осындай маңызды, мәңгілік қажеттіліктен туындап отыр. Оның ішкі құрылымын таратып айтпай-ақ қояйын.

 Қазақтың бір зиялысы ретінде сізді не толғандырады?

— Мені толғандыратын басты мәселе – тұтас түріктің атажұрты Хан Алтайдың тағдыры. Бүгінде Алтай төрт мемлекетке бөлініп тұрса, соның ішіндегі тәуелсіз түрік елі – ол Қазақстан. Ендеше тұтас түрік әлемінің алдында біздің жауапкершілігіміз өте үлкен. Соны түсінген дұрыс. Дана да, дара Мағжан: «Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен, Алтайға бетегедей алтын біткен. Бейіштей алтын Алтай етегінде, Ертеде Алаш елі мекен еткен» деп бекер жазбаған!