Жетіген-аңыз
02.11.2023 1404

Жуырда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мен «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблі Қарагөз Гасимованың «Жетіген-аңыз» атты жеке концертін ұсынды. Мұнда музыканттың төл туындылары да бар. Шығармашылық кеш «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында өтті.


«Сарыарқа» халық музыкалық ансамблінің XXVI концерттік маусымының ашылуы музыкант әрі композитор Қарагөз Гасимованың шығармашылығына арналды.

Жалпы Қарагөз Гасимова өз шығармаларында қазақтың көне аңыз-әңгімелері, салт-сана мен салт-дәстүрде көрініс тапқан адам өмірінің кезеңдері, жыл мезгілдері, халық психологиясы сияқты тақырыптарды қозғайды. Ал әсерлі музыка кең байтақ қазақ даласын суреттейді. Аталмыш кеште де дәл солай болды. Сахнадан жетігенмен қатар сазсырнай, сыбызғы, шертер, адырна, қобыз аспаптарына арналған шығармалар да орындалды.

Таулары ақша бұлтпен таласқан Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген Қарагөз Гасимова бала күннен тылсым табиғатпен сырласып өседі. Сол кездегі кішкентай Қарагөздің әкесі жаз шыға баласын қасына ертіп, жайлауға барып, болашақ шығармашыл адамға түрлі аңыз-ертегілер, жыр-дастандар оқып, ән айтып, күй шертетін деседі. Әдебиеттен ерекше әсер алып, қоршаған ортаның сұлулығына тамсанған бала Қарагөз кейін көз алдында өткен табиғат құбылыстарын шығармаларына арқау етеді. Міне, Қарагөз Гасимованың шығармалары табиғатпен үндесіп жатуының сыры осында. 

Аядай ғана ауылдың мектебінен алғаш білім алып, оның даласымен дидарласып өскен Қарагөз Гасимова 1983 жылы Алматыға арман қуып аттанады. Сол жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық музыка мектеп-интернатына қабылданады. Домбыра сыныбы бойынша аталмыш оқу орнын аяқтағаннан кейін, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білімін шыңдайды. Оқуды тәмамдаған соң өзінің еңбек жолын Нұрғиса Тілендиев жетекшілік еткен «Отырар сазы» оркестрінен бастайды. Саз саңлағының шығармалары, ұжыммен жұмыс істеуі Қарагөз Гасимоваға ерекше әсер етеді. Нұрғиса Тілендиев туындыларынан шабыт алып, қанаттанған соң, өзі де шоқтығы биік шығармалар, көңіл толқытар әндер жазуды қолға алады. 

Саф өнер адамның бойына ананың ақ сүтімен, әкенің асыл қанымен дарыса керек. Шығармашылық кеш иесінің талантты болуы да сол екі адамның өнерге деген аса бір құштарлығынан болды деп ойлаймыз. 

Анасы жайлы ол: 

«Мені Алматыға жетектеп әкеліп, музыкалық білім алуыма себепкер болған – анашым. Ол кісі менің қарым-қабілетімді жақсы білетін. Мен он жасымда сахнаға шықтым. Анам бойымдағы өнерімнің оты өшпеуін қатты тілейтін. Қазіргі таңда сол кісінің ақ тілегі қабыл болды»-деп есіне алды кеш барысында.   

Жаны тау суындай мөлдір, қыр гүліндей нәзік Қарагөз Гасимованың шығармалары нәзіктік пен қайсарлықты сипаттайды. Сазгер жүрегі табиғаттың ғажайып әсемдігімен қатар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еліне қорған болған батырларға да қуатты туындылар тудырады. 

Қарагөз Гасимова – жан-жақты орындаушы, сазгер, өңдеуші. Қарагоз Гасимованың тағы бір ерекше қыры – композиторлық дарыны. 

Музыкалық ортада сазгердің көбіне «Көк бөрілер», «Аңыз дала», «Арын», «Көктем әуені», «Сырлы дала», «Жібек жолы» шығармалары ерекше танымал. «Жетіген-аңыз» кешінде ол көрермендерге «Сенім», «Шарын шатқалы», «Туған жер», «Ұлы дала» сияқты шығармаларды орындады. Сонымен қатар Жұбан Молдағалиевтің өлеңіне жазылған Қарагөз Гасимованың «Мақпал түн» әні, Ермек Сахариевтің сөзіне жазылған «Анама» әні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның орындауында, аяулы ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңіне жазылған «Қазақ батырлары» әні Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаевтың орындауында  тыңдарманның жүрегінен ойып тұрып орын алды.