Батыс пен Шығысты біріктірген Бату
27.09.2023 1772

XIII ғасырда Еуразияның Ұлы даласын мекен еткен тілі, діні, ділі бөлек халықтар бір мемлекет құрамында бірікті. Ертістен Дунайға дейінгі жерлерді алып жатқан бұл алпауыт мемлекет “Жошы ұлысы” деп аталды, алайда тарихта ол негізінен “Алтын Орда” атауымен белгілі. 


Келесі жылы Алтын Орданың тарихи мұрагерлерінің бірі Қазақстанда Жошы ұлысының (Алтын Орданың) құрылуының 800 жылдығы аталып өтетін болды. Осыған орай, осы мемлекеттің тарихи тұлғаларына арналған бірнеше мақала ұсынуды жөн көріп отырмыз. Ең алдымен ізденісімізді Алтын Орданың негізін қалаған, “Әлемді жаулаушы” Шыңғыс ханның даңқты немересі Батудан бастамақшымыз. 

Батудың дүниеге келген нақты жылы белгісіз. Ғалымдар жанама деректер негізінде ол 1204-1206 жылдар арасында дүниеге келген деген жорамал жасайды. Батудың әкесі  көшпелі түрік-моңғол халықтарының империясын құрған Шыңғыс хан мен Бөртенің тұңғышы Жошы. 

Ал Батудың анасы, Рашид ад-Диннің мәліметіне сәйкес, қоңырат тайпасынан шыққан Уки-хатун еді. 

Ортағасырлық тарихи шығармалар бойынша, Жошының 40 жуық ұлдары болған. Олардың 18 аты осы деректерде аталған. Бату Жошының Ордадан (қайтыс болғаннан кейін оны Орда-Ежен деп атаған) кейінгі екінші ұлы еді. 

Жошы белгісіз жағдайда 1225 жылы (басқа деректер бойынша, 1227 жылы)  қайтыс болады. Оның қазасына байланысты жазба деректер мен халық ауыз әдебиеті нұсқаларында түрлі, бір біріне қайшы деректер бар. Бір деректе Жошы аңшылық құрып жүрген кезінде қайтыс болды делінсе, қазіргі уақытта көптеген ғалымдар Жошы ауырып қайтыс болды деген пікірді қолдайды. 

Жошы қайтыс болғаннан кейін, оның қазіргі Қазақстанның далалық аумағын алып жатқан ұлысына жаңа билеуші тағайындау мәселесі туындайды. Жошы ұлысына тақ мұрагерін тағайындау мәселесіне қатысты ортағасырлық автор Өтеміс қажының «Шыңғыс нама» қолжазбасында қызықты мәлімет кездеседі. «Шыңғыс хан Жошының үлкен ұлдарын Орда Ежен, Бату, Шайбан мен Тұқай-Темірді Қорақорымға шақырады. Сол жиында Жошының үлкен ұлы Орда тақ билігінен бас тартып інісі Батуға жол береді. «Шыңғыс хан немерелеріне риза болып Алтын босағалы Ақ Орданы Батуға, күмістен жасалған Көк орданы Еженге, болат босағалы боз орданы Ордаға берсе, Тұқай Темірге түк те бермеді деп жазады». (Қазақстан тарихы туралы Түркі деректемелері. І том. Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме. Алматы 2005. 158-159 беттер) 

Бату құрған мемлекеттің тарихта Алтын Орда атануының бір себебі осында жатса керек. Ал Орда Ежен ұрпақтары қазіргі Қазақ даласының басым бөлігінде хандық құрды. 1465-66 жылдары Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек осы Орда Еженнен тарайды. Жошы ұлысының негізінде Алтын Орда империясы құрылғанда, оның ішінде көптеген Ордалар болған. Бұл Ордалар территориялық жағынан Жошының ұлдары арасында бөлініске түскен шекарасы нақтылы жерлерді алып жатты. Әр Орданың өз ханы болып, салық жинады, өз аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырды. Барлығы үлкен хан ретінде Алтын орда ханын мойындады. 

Тарихшылар арасында Шыңғыс ханның Батуды таңдауға қатысты бірнеше пікірлер бар.  Ғалымдардың басым бөлігі (Б.Д. Греков пен А.Ю. Якубовскийден бастап) бұл таңдауды жасауға Батудың осы уақытқа дейін өзін қабілетті қолбасшы және ақылды билеуші ретінде көрсетуі болды деп санайды. Алайда басқа тарихшылар, Батудың жасы осы кезде 20-дан жаңа асқанына назар аударып, ол әлі қолбасшылық қабілетін көрсетіп үлгермеген деп санайды. Олар бұл Шыңғыс ханның бұл таңдауына оның әйелі Бөрте ханым әсер етті деп санайды. Батудың анасы Уки-хатун Бөртенің туған ағасы, қоңырат тайпасынан шыққан Алшы-нойонның қызы екеніне назар аударып, осындай пікір айтады. 

Осылай атасының қалауымен Бату Шығыс Дәшті Қыпшақтағы Жошы ұлысының билеушісі болып тағайындалды. Алайда ол Ертіс пен Жайық арасындағы шексіз даланы алып жатқан ұлысты ағасы Ордамен бірге басқарды. Әкесінің ұлысындағы биліктен өз еркімен бас тартып, інісінің билігін мойындаған Орда Ежен өз отауын Ертістің жағалауында тігіп, ұлыстың шығыс бөлігін басқарса, Бату ұлыстың батыс бөлігін, Ұлытау мен Жайық арасын мекендеген ру-тайпаларда билік құрды. 

1225 (1227) жылы Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына жаңа ханды сайлау үшін үлкен құрылтай ұйымдастырылды. Жошы ұлысының билеушісі ретінде Бату құрылтайға қатысу үшін Қарақорымға аттанды. Ол Ұлы моңғол империясының жаңа билеушісі болып сайланған Үгедей қағанның сеніміне кіріп, онымен бірге Қытайды билеп отырған Цзинь империясына жасаған жорыққа қатысты. 1234 жылы моңғол әскері Цзинь империясын толығымен талқандады. Келесі 1235 жылы Қарақорымда жаңа құрылтай өтіп, онда моңғол билеушілері жаулап алынған жерлерді бөліске салып, жаңа жерлерді жаулап алу мәселесін талқылады. Құрылтай қорытындысы бойынша Бату да Қытай жерінен өз үлесін алды, оған Пиньянфу өлкесінен алым-салық алу құқығы берілді. Сонымен қатар, бұл құрылтайда моңғол әскерін батысқа жорыққа жіберу туралы шешім қабылданды. Келесі жылы өткен құрылтайда оның әскери қабілетін бағалаған Үгедей қағанның қолдауымен Бату осы батыс жорығының ресми қолбасшысы болып тағайындалды. 

Батысқа Ұлы жорық 1236 жылы басталды. Бату Еділ Болғариясына аттанған әскерді өзі басқарып, 1237 жылдың күзіне дейін бұл жерлерді Шыңғыс хан империясының құрамына кіргізді. Содан кейін 1237-1241 жылдары орыс княздықтары, қыпшақтар мен Солтүстік Кавказ халықтары толығымен бағындырылды. 1241 жылы Бату әскері Орталық Европаға жорығын бастады. Оның бір бөлігі Молдавия мен Валахия жеріне шабуыл жасаса, екінші бөлігі Польшаға, ал Бату мен Сүбедей бахадүр басқарған моңғолдың басты күштері Венгрияға жорық жасады. Шайо өзені бойындағы венгр королі IV Белы әскерімен болған үлкен шайқаста Бату өзінің дарынды қолбасшы екенін көрсетіп, жаудың ең күшті әскерін тас-талқан етіп жеңді.    

Енді Бату әскеріне қарсы тұратын күш Батыста қалған жоқ еді, Шыңғыс империясына Еуропаға жол толығымен ашылды. Еуропа билеушілері, император ІІ Фридрих, Рим папасы ІХ Григорий онымен әскери одақ құрып, басқа қарсыластарымен күрес жүргізу үшін келіссөздер жүргізе бастады. Алайда 1242 жылдың күзінде Бату аяқ астынан жорықты тоқтатып, әскерін Еуропа жерінен шығысқа алып кетті. Жорықтың тоқтауының бірнеше себебтері болды. Ең алдымен Бату әскері жорықтың мақсаттарын толығымен орындады. Венгрлерде пана тапқан моңғолдардың басты қарсыласы қыпшақ ханы Котян өлтірілді, Еуропадағы ең күшті әскері бар мемлекеттер талқандалды, сонымен империяның батыс шекарасының толық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.  Жорықтың тоқтауының ең басты себебі осы кезеңде Ұлы қаған Үгедейдің қайтыс болғаны еді. Бұл туралы хабар алған Бату мен басқа хан тағына үміткер Шыңғыс хан ұрпақтары империяның жаңа билеушісі сайланатын құрылтайға қатысуы керек еді.   

Алайда Шыңғыс империясының жаңа ханын сайлау мәселесі ұзаққа созылып кетті. Тек 1246 жылы хан тағына Батумен ара-қатынасы нашар Үгедейдің ұлы Гүйік отырды. 

Ал бұл уақытта Бату Жошы ұлысында өз саяси мәселелерін шешіп жатты. Оның негізгі мақсаты жорық нәтижесінде жаңа бағындырылған жерлерде өзінің билігін нығайту болды. 1242 жылдан бастап, ол өте қысқа уақыт ішінде тек өзіне бағынатын мемлекеттің негізгі билік институттарын қалыптастырды. Осы кезеңде Жошы ұлысының салыстырмалы түрде нақтыланған шекаралары қалыптасты. Оның құрамына Сібір, Орал, Еділ, Қыпшақ даласы, оңтүстік орыс жерлері кірді. Батуға сонымен қатар Солтүстік-Шығыс орыс жерлері, Грузия, Селжүк сұлтанаты, Қырымдағы Феодоро княздігі, Влахо-Болғар патшалығы бағынышты болды. Батудың тағайындаған нойондары Иранның кейбір өлкелеріне де билік құрды. 

Бату өз астанасы ретінде Еділ өзенінің жағалауындағы қаланы таңдады. Бұл қала билеушінің атымен “Сарай Бату” деген ат алды. 

Осындай саясаттың нәтижесінде Бату жалпы Моңғол империясының билеушісі Гүйік ханнан тәуелсіз болды. Сонымен қатар, Бату ұлы хан болып саналған Гүйікпен соғысқысы келмеді. Сол себепті ол оның билігін сөз жүзінде мойындап, Гүйік ханмен ортақ тіл табуға талпынды. Алайда Гүйік ханның Батумен ертеден бері арасы бұзылған еді. Сондықтан ол Батумен ашық тіке-тіреске барды. Ұлы империяның екі бөлігінің билеушілері арасында соғыс өрті лаулауға жақын еді. 1248 жылы Гүйік үлкен қол жинап алып, Жошы ұлысының шекарасына келді. Алайда Самарқанд маңында ол аяқ астынан қайтыс болды. Француз елшісі Вильгельм Рубрук оның өліміне Бату кінәлі деп нақты жазғанмен, ал Гүйік ханның өлімі тарихтың ашылмас бір сыры болып қалды. 

Осыдан кейін Бату Жошы ұлысына шығыстан келетін қауіп-қатерден құтқару мақсатында, Ұлы Моңғол империясының билеушісін сайлауға араласты. Ол 1251 жылы өзіне қолайлы Менгу ханның билікке келуіне көмектесіп, жалпы Ұлы Моңғол империясының билеушісі ретінде оның билігін мойындады. Алайда шын жүзінде ол осы кезеңде Менгу ханнан толық тәуелсіз болды. Бату Ұлы Моңғол империясының батыс бөлігін құрайтын Жошы ұлысын емін-еркін басқарса, Менгу-хан империяның шығыс бөлігінде билігін жүргізді. 

Батудың басқарған жылдары Жошы ұлысы дербес мемлекет ретінде қалыптаса бастады. Ортағасырлық мұсылман тарихшыларының көрсетуінше, оның иелігіндегі жерлер батыстан шығысқа 6-8 ай, ал солтүстіктен оңтүстікке 4-6 ай жол алып жатты. Бату осындай алып жерлерді басқару үшін қатаң әскери-бюрократиялық жүйе құрды, өз иелігінде ұлтаралық, дінаралық тұрақтылықты қамтамасыз етті. Ол ұлысында қала мәдениетін, халықаралық және ішкі сауданы дамытты. 

Белгілі ортағасырлық Иран тарихшысы Рашид ад-Диннің келтірген мәліметіне сәйкес, Бату хижраның 650 жылы / 1252-1253 жылы 48 жасында қайтыс болған. Ата Мәлік Джувейнидің хабарына және орыс жылнамаларына сәйкес, ол 1255 жылы қайтыс болды. Белгілі қазақ тарихшысы Зардыхан Қинаятұлының пікірінше, ол алапес ауруы салдарынан дүниеден өткен. Бату өз ұлысының астанасы болған Еділ жағалауында орналасқан Сарай немесе Сарай-Бату қаласында жерленді. 

Батудың әйелдері көп болған, алайда жазба деректерде оның 4 ұлы ғана болғаны  айтылады. 

Батудың өзі не бары 48 жыл өмір сүрсе де, ол негізін қалаған түрік халықтарының алып мемлекеті - Алтын Орда екі жүзден астам жыл Еуразия даласында салтанат құрды. Дала өркениетінде өзіндік орны бар бұл мемлекет қазақтың ұлттық мемлекеті Қазақ хандығының із ашары болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Алтын Орда - қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі” деп бекер айтпаған. Жошы ұлысы (Алтын Орда) ұлтымыздың терең тарихы, бай мұрасының құрамдас бөлігі. 

Ғалымжан Өтелбайұлы

тарихшы