Күндерек. 27 тамыз - әлем және Қазақстан тарихында
27.08.2023 1009

27 тамыз - Григориан жылнамасының 239-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.


27 тамызда дүниеге келген танымал тұлғалар

Хакімжан Есімханұлы Наурызбай – Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші. «Еңбек қызыл ту» және «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иесі. Қазақ ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушыларының бірі.  

Атақты мүсінші 1925 жылы 27 тамыз күні Қостанай облысы, қазіргі Меңдіқара ауданы, Ұлыкөл ауылында дүниеге келген. Украинаның Харьков қаласындағы көркем сурет институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы көркемсурет училищесінде оқытушы болып бастады.  Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 

Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі, КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі сынды лауазымды қызметтер атқарды. Қазақтың даңқты тұлғаларына арналған ескерткіштердің авторы. Алматы қаласындағы «Абай Құнанбаев», «Шоқан Уәлиханов», Тараз қаласындағы «Жамбыл Жабаев», Орал қаласындағы «Мәншүк Мәметова», Қостанай облысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы» монументтері Хакімжан Наурызбайдың қолтаңбасы.  Атақты суретші 2009 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Қабдыкәрім Ыдырысов – қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, журналист, ақын, көркем аудармашы. Ақын ұлы тұлғалар дүниеге келген Кереу-Баян өңірінің тумасы. 1928 жылы 27 тамызда дүниеге келген. Павлодар педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.  1960-1970 жылдардағы қазақ поэзия-сында өзіндік өрнегімен, қайраткерлік болмысымен танылған ақын. 1957–1961 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, 1965–1972 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1972–1975 жылдары Қазақ мемлекеттік кітап палатасының директоры, 1975–1978 жылдары «Жалын» баспасының директоры қызметтерін атқарды.

Қайраткер ақынның отыздан астам кітабы жарық көрген. Орыс және шетел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Қазақ КСР-нің Құрмет Грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін» тағы басқа медальдарымен марапатталған. Халық ағарту ісінің озық қызметкері. Ақынның «Өмір гүлі», «Әке жолы», «Жолыққан жолдар», «Жасырынбақ», «Саяхатта», «Армысың Арабстан», «Ертіс толқын», «Аршында балақай», «Адамның кейбір кездері» тағы басқа поэма және өлең кітаптары жарық көрген. 

Сұлтан Шаханұлы Аманов – мемлекет және қоғам қайраткері, экономист. «Ленин» және «Құрмет» ордендерінің иегері. 1933 жылы 27 тамыз күні Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. 1957 жылы – Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің экономика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі. Еңбек жолын Қазалы ауыл шаруашылық техникумында оқытушы болып бастады. 1959–63 жылдары Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1963–66 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің хатшысы, Жалағаш ауданының атқару комитетінің төрағасы, 1966 – 72 жылдары Қызылорда облысының халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарды. 1980 жылдан Республикалық кәсіптік-білім беру комитеті төрағасының орынбасары, халықты еңбекпен қамтамасыз ету комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. 

Дастан Шәймерденұлы Сартаев – заң саласының маманы. ҚР Прокуратурасының Құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері. 

Заң ғылымдарының кандидаты Дастан Шәймерденұлы Алматы қаласындағы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің заң факултетін тәмамдаған. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы: «Кәмелетке толмағандардың құқығына нұқсан келтіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар». Заңгер құқықтық тақырыпта жазылған көптеген мақалалар мен жарияланымдардың авторы. 

Еңбек жолын Жамбыл облысы Меркі аудандық прокурорының көмекшісі қызметіне сынақ мерзімінен өтуші, прокурордың көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Жамбыл облысы, Ақмола облысы, Маңғыстау облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Павлодар облыстарының прокуроры қызметтерін атқарған. Дастан Шәймерденұлы 1959 жылы 27 тамызда Қызылорда облысы, Жаңақорған кентінде дүниеге келген. 

27 тамыз - әлемде

27 тамыз – Ресей Федерациясының кино күні. Кәсіби кинематографистер мен ресей киносын қолдайтындардың мерекесі. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 1 қазандағы «мерекелік және естелік күндер туралы» Жарлығымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1988 жылғы 1 қарашадағы «КСРО-ның мерекелік және естелік күндер туралы заңнамасына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығымен бекітілген.

Бұл мереке өзінің тарихын 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастайды. 1919 жылы 27 тамызда Халық Комиссарлары Кеңесінің (Халық Комиссарлары Кеңесі) елдегі кино жасаушыны ұлттандыру туралы Жарлығы шығарылды. Осы кезден бастап барлық фото және кинематографиялық өнеркәсіп пен сауда Анатолий Луначарский басқарған Халық ағарту комиссариатының қарамағына өтті. Бұл оқиғаны еске алу үшін 27 тамыз күні кеңестік кино күні, кейінірек Ресей Федерациясының кино күні болып санала бастады. 

Ресейде алғашқы фильмнің премьерасы 1908 жылы 15 қазанда өтті. Ол режиссер Владимир Ромашковтың "Понизовая вольница" атты туындысы болатын. Алғашқы ресейлік фильм небәрі 7 минутқа созылды. Ал ең бірінші толықметражды ресейлік көркем фильмнің атауы - "Броненосец Потомкин". Эйзенштейннің осы әйгілі фильмі экранға 1926 жылы шықты. Ағайынды Васильевтердің сүйікті «Чапаев» фильмі 1934 жылы түсірілген. 1935 жылы қазылар алқасының төрағасы Сергей Эйзенштейн болған I Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде «Чапаев» фильмі марапатқа ие болды. 

Ресей Федерациясының кино күні қарсаңында Ресейдің көптеген қалаларында кино көрсетілімдері, кинофорумдар, актерлер мен режиссерлермен кездесулер, түрлі шеберлік сыныптары, тақырыптық көрмелер, фестивальдар мен акциялар өтеді.

27 тамыз - Молдова Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Молдова – еуропаның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Астанасы – Кишинев қаласы. 

Молдова Республикасы – шығыс еуропа жазығының Днестр мен Прут өзендері аралғында орналасқан тарихи мемлекеттердің бірі. Жері бедері жазықты, жонды болып келеді. Батысында Румыния, солтүстік-шығысында және оңтүстігінде Украинамен шектеседі.  Молдова жерін адам баласы алғаш рет палеолит дәуірінен мекендей бастайды. Біздің дәуірімізге дейінгі V-IV мыңжылдықтың басында, энеолит дәуірінде, сол кездегі өнер саласында теңдесі жоқ ең көрнекті ежелгі қоғамдардың бірі–Кукутень — Триполиер мәдениеті қалыптасады.

Әр түрлі мәдени-тарихи ағымдардың — Карпат-Балқан, Орталық еуропалық және Еуразиялық ағымдардың байланыс аймағында орналасқан бұл ел өзінің мыңдаған жылдық тарихында прото-үндіеуропалық халықтар мен ежелгі үндіеуропалықтардың, соның ішінде фракиялықтардың, славяндардың, кельттердің, готтардың, ғұндардың әртүрлі мәдени дәстүрлерін үйлесімді түрде сіңіріп, кейіннен өзінің ерекше және қайталанбас дәстүрлерін қалыптастыра алды.

Ел аумағында көптеген тарихи-археологиялық ескерткіштер сақталған, олардың саны 8 мыңнан асады. Олар бүкіл Еуропа аумағы үшін мәдени және тарихи құндылықты білдіреді.

Молдова КСРО құрамындағы аумақтық бірлік ретінде ХХ ғасырдың соңғы жылдарына дейін, яғни Кеңес Одағы ыдырағанға дейін өмір сүрді. 1991 жылы 27 тамызда Молдова Республикасы тәуелсіз және егемен мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасы мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 31 шілдеде орнатылды.

Тамыздың соңғы жексенбісі - Шахтер күні болып мерекеленеді. Көмір өнеркәсібі жұмысшыларының кәсіби мерекесі 1947 жылдың 10 қыркүйегінде тағайындалған. Кеншілер күні алғаш рет 1948 жылы 29 тамызда атап өтілді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Ресей және бұрынғы кеңестік республикалар — кеншілер күнін атап өтіп, даңқты мыңдаған кеншілер армиясының жанқиярлық еңбегіне құрмет көрсетті.

Шахтерлер туралы әңгімеде бірден еске түсетін есім — Алексей Стахановтың есімі. 1935 жылы 31 тамызда шахтер Алексей Стаханов еңбекті ұйымдастырудың ерекше жағдайларының арқасында рекорд орнатты: 5 сағат 35 минутта 102 тонна көмір өндірді.  Осы кезден бастап тарихқа "стахановшылары", "стахановшылар қозғалысы" деген сөздер енген.

Қазақстандағы алғашқы шахтер күні 1948 жылы Қарағанды көмір бассейнінде атап өтілді. 1948 жылы 27 тамызда бассейн шахтасында кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиналыс болып, онда соғыстан кейінгі бесжылдык қорытындысы шығарылды.  1948 жылы 28 тамызда Қарағанды көмірін өндірудегі жетістіктері, шахта құрылысына еңбектің озық тәсілдерін енгізгені үшін қарағандылық 10 шахтерге (Ж. Әбдірахманов, М.Айтқулов, Ф.Акулов, Т.Кузембаев, Б.Нурмагамбетов, Д. Кобухов, Г. Хаирумин, В. Т.Шибаев, С.Шоманов) Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Көмір өнеркәсібі мекемелерінін 500-ден аса шахтерлері мен қызметкерлері ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Кұрмет грамотасымен марапатталды. Әдетте Шахтер Күні барлық қала еңбекшілерінің жаппай мерекесі түрінде тойланады. Қалада спорт жарыстары өткізіліп, концерттер қойылады. 

Көмір өндіретін қалалар мен аудандар үшін Шахтер күні маңызды мереке болып табылады және ашық аспан астындағы концерттер мен халықтық мерекелермен кеңінен атап өтіледі.

Бірақ бүгінгі күн тек мереке ғана емес, бұл күні шахтерлерге өз өмірін бергендер де еске алынады. Сондықтан мерекелік іс-шаралар дәстүрлі түрде қайтыс болған кеншілердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталады.