Қас таңба һәм қазақ танымы
17.07.2023 8581

Қазақтың рухани танымында айырықша орны бар дүниенің бірі – қас таңба немесе қас белгі. Бұл сөздің жазылу нұсқасы «хас» немесе «қас» деп екі түрлі таңбаланып жүр. Біз қазақы сөйлеу үндестігіне сай келетін «қас» мәтінін қолай көрдік. Сонымен... 


Зерттеушілердің пайымдауына жүгінсек, қас таңбаның (卍) тарихы тым терең. Бірақ оның  халқымыздың тарихынан өшіріліп, рухани танымынан аластатылуына басты себеп – өткен ғасыр басында Кеңес одағының қас дұшпаны Германияның мемлекеттік рәмізі болғандықтан. Яғни қас таңба фашистік идеологияның көрінісі ретінде бағаланып, барлық тараптан шеттетілді.

Әйтпегенде, бұл таңба қазаққа жат емес. Халқымыздың рухани танымында бұл белгіні: «айқыш таңба», «қосу таңба», «ашамай таңба» т.б. деп атап жүр. Сонымен қатар «қас» атауының синонимі дүние танымымызда «ерекше», «керемет», «нағыз» деген ұғымға сай күшейтпелі түсінік беретін сөз.

 Мысалы, «Қас жүйрікте сын болмас, қас сұлуда мін болмас» (мақал),  «Ә, келдің бе, қас батырым, жан қияр, Кетіп едің үш күн бойы хабарсыз?» (М.Шаханов) немесе «Шыңнан ұшқан қас қыранның бірісіз, Дархан қазақ өнерінің гүлісіз» (М.Шаханов), «Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне қас мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл сабағының міндетін атқаруы тиіс» (Ж.Аймауытов), «Мұндай суыт жүріс... белгілі адамға ғана қас жүріс қой» (Х.Есенжанов) т.б.

Қазақ ақыны Олжас Сүлейменов, қас таңба байырғы қыпшақтардың символы болған десе, зерттеуші Бақытбек Бәмішұлы: «Қас белгі қазақ танымында – ашамай таңбасына өте ұқсас екi көсеудiң айқасуымен ттаңбаланып, әр таяқшаның ұшы күн айналысына қарай немесе кері бағытта тiк бұрыш пішінде иiлiп жасалады. Бұл өте көнеден жалғасқан – мұра. Оның сыртында қас таңбаның қазақ танымында қосу (+) һәм көбейту (х) мазмұнды мистикалық нұсқалары бар. Бұларды кейбір өлкелерде «ашамай таңба» депте айтады. Жоғарыдағы қосу және көбейту таңбаларының танымдық - рухани маңызы біріншіден, «елге ел қосылса құт», «досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» дегеніндей немесе ырыс пен берекенің тоғысы (қосылуы) сияқты ұғым-түсінікпен астасып жатса, екіншіден құшақ айқасқан достықтың, өсіп-өніп көбейудің ырымдық титулы ретінде қалыптасқан» депті  (Бәмішұлы Б. Сөз мәйегі.  Публицистикалық мақалалар. Алматы, ЖШС РПБК «Дәуір», 2019.- 88 бет). 

Осы орайда, қазақтың «Көп қорқытады, терең батырады», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», «Көп қараса, жоқ табылар», «Көптік қайда болса, тоқтық сонда», «Көптің құрығы ұзын» мақалдары жоғарыда айтқанымыздай «көбейту» (х) және «қосу» (+) символдарының қарапайым халық аузындағы тәпсірі іспеттес. 

Көне жазу-таңбалардың білгірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доценті Талғат Молдабай: «Қас таңба ежелгі халықтардың барлығында киелі символ ретінде: азтек, ари, шумер, еврей және көне түріктерде (прототүрік) қолданылған. Тіпті көне түрік жазу таңбаларында «д» әріп таңбасы   және «з» әріп таңбасы   нұсқада таңбаланған(Молдабай Т. «Көне түрік жазу тарихы». – Астана, 2016. – 80 бет) деп жазыпты. Осыған қарағанда, көне түркілер жазу таңбасында қас белгісін пайдаланғаны анық.

Оның сыртында 1970 жылы Есік қорғанынан табылған күміс тостағанға бәдізделген 26 әріптің арасында да қас таңбаға қатты ұқсас түрлері кездеседі. 

Демек қас таңба халқымыздың танымына өте көне заманда орныққаны анық. Тіпті қазірдің өзінде ежелгі символдық таңбасын әлі күнге дейін ұмытпай жүрген адамдар да бар. Басқасын былай қойғанда, Қобда беті Бай-өлке аймағын мекендеп жатқан қандастарымыз арасында өздерінің меншік жылқысына «қас» таңбасын басатындар да бар екен (2-сурет). Бұл дегеніміз –  жоғарыда ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, халқымыз өзінің ежелгі символын ұмытпай сақтап жүргенінің дәлелі.

 

Келесі кезекте қас таңбаның тарихы мен әлем халықтарына таралуына тоқталар болсақ, бұл тақырыпты терең зерттеген американдық қастанушы – свастик Томас Уэлсон (1832-1902) дүниежүзі бойынша қастаңба табылған нүктелердің картасын (Map showing Distribution of the Swastika) жасап, таралу аймағын анықтай отырып, 1893 жылы «Swastika the Earliest Known Symbol and its Migration» («Ежелші мұра, көне симбол қас таңбаның таралу аймағы») атты еңбек жазып шыққан екен. 

Автор осы туындысында, «адамдар қас таңбаны көп жағдайда әсемдік (декорация) үшін қолданып, әртүрлі жүзік, білезік, тарақ т.б. заттарға таңбалаған дейді. Сонымен қатар, бұл символды кейбір еуропалық отбасылар әулеттік танымбелгісі ретінде қолданған. Тіпті ертеде тайпалық одақтар қас таңбаны құлшылық рәсіміне де пайдалған» деп жазыпты.  

 

Сол сияқты, орыстың қастанушы-этнологы Роман Багдасаров «Мистика огненного креста» атты еңбегінде француз ориенталисі Эжен Бурнуфтың пікіріне сүйене отырып, қас таңба әлемдік свастиканың негізі деген пайым айтады. Сонымен қатар, дүниежүзіне кең тараған қас таңбаның негізгі бес түрі бар депті. Атап айтқанда: 

1. Бүктемелі қас (Изломанный крест);

 2. Сирақты қас (Крест с ногами);

3. Шырмаулы қас (Крест с вензелем); 

4. Төрт тіректі қас (Fulfot-четвероногий крест);

5.  Өрмекші пішінді қас (Fylfot-крест паука).

Ал қолымыздағы дерекке сүйенсек, бұдан 4500 жыл бұрын, яғни жаңа тас дәуірінде жасалып, түбіне қас таңба салынған қыш құмыра Қытай Халық Республикасының Ши Пин шан тауының қойнауынан табылған екен.  Сол сияқты моңғолиялық қастанушы М.Энхпүрэвтің «Моңғолия қас таңбаның отаны» атты еңбегінде Убсы аймғының Зуун хангай сұмыны жеріндегі Зұра тұмсығының күңгейіндегі қорым арасынан өң бетіне қас таңба бәдізделген сұр гранит тас табылғаны жайлы жазыпты (1-сурет). Бұл нысанда зерттеген доктор Д. Цэвээндорж «Бұл таңба 7000 жыл бұрын қашалған болуы мүмкін» деген пайым айтыпты.

Одан кейінгі айтармыз: ежелгі ата-бабаларымыздың құт мекені Өтукен қойнауында орналасқан балбалдар, бұғы тастар т.б. ескерткіш нысандардың өн бойына салынған символдар арасында қас таңба пішіндес свистикалар өте көп. Соның бірі Орхан алқабы Дархан қаласына жақын маңнан қас таңбасы бар бұғы тас табылыпты. Бұл нысанды мамандар көне тас дәуірінің соңы, қола дәуірінің басында тұрғызылған депті. Демек, бұл қас символдың бері дегенде 6000 жылдық ғұмыры бар екені даусыз. 

Тағы бір дәлел жақын жылдары Кашмир өлкесі Смаст – Мардан қаласынан 50 шақырым қашықта Сақара тау-жотасында теңіз деңгейінен 1130 метр биікте орналасқан үңгір-ғибадатханаға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде 5-6 ғасырларға тән көптеген артефактілер табылады. 

Солардың бірі – ежелгі тиын. Еуропалық маман нумизматиктер бұл жәдігерді бірауыздан – біздің ежелгі ата-бабамыз ақ ғұндар мұрасы деп таныды. Сондай-ақ үңірге қазба жұмысын ұйымдастырған Пешавар университеті археологиялық бөлімінің басшысы Насим Ханның пайымдауынша, аталмыш үңгірдің биіктігі 33 метр де, жалпы ұзындағы 180 метр шамасында екен. Бұл үңгір әуелі алғашқы адам баласына қоныс болған.

Жалпы бұл өлке 5-6 ғасырларда ақ ғұндардың (эфталит) билігінде болған. Ежелгі ғұн дәуірінің білгірлері ақ ғұндардың мемлекеттік тілі – түркі тілі болған дейді (Гумилев Л.Н, Эфталиты и их соседи в ІV в. // Вестник древней истории, 1959, №1). 

Сонау жылдары Моңғол империясының астанасы Қарақорым қаласының тұғырына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қас таңба соғылған кірпіш табылды. Осыған қарап зерттеушілер әлем әміршісі Шыңғыс қас таңбалы мөр пайдаланған дейді. 

Орыс философы Александр Дугин «Мистерий Евразий» атты кітабында: «Барон созерцал символ свастики - печать великого Чингисхана» деп жазса, неміс қаламгері Райнхолд Нойман-Ходиц 1985 жылы жарық көрген «Шыңғыс хан» атты зерттеу еңбегінде «Фюрер Адольф Гитлер мемлекеттің ең жоғарғы симболы ретінде қас таңбаны таңдап алуындағы басты себеп – бұл свастиканы жаһанды жаулаушы Шыңғыс ханның пайдалануына байланысты. Яғни фюрер қас таңбаның мистикалық қуатына сүйеніп әлемді бағындыруға ұмтылды» деген тұжырым айтыпты. 

«Жалпы қас таңба әлемді бағындыруды мақсат еткен тұлғалардың бәріне тән», дейді қастанушылар.  Осындай әлем әміршісі болуға ұмытылған патшаның бірі Әмір Темір сарайының ішкі безендеруі және төбесіне жасалған әсемдік өрнектері, сонымен қатар өз атынан соқтырған монеталарда қас таңба болғаны жайлы дерек бар. 

Ежелгі көшпенділер ұрпағы қас таңбаны күні бүгінге дейін шаруашлық һәм ғұрыптық заттарына таңбалап жүргені жайлы жоғарыда дәлел келтірдік. Осыған ұқсас тағы бір мысал, моңғол жұрты 1930 жылдары қарапайым шаруашылық үзеңгіні Кеңес еліндегі үлкен зауыттарға тапсырыс беріп жасататын болған. Осында өндірілген үзеңгілердің табанына қас таңба шекітілетін. Германия мен Кеңес одағы арасындағы саяси дүздараздық салдарынан қас таңба «қасиетсіз» белгі ретінде танылып, моңғолдардың үзеңгісіне байланысы мәселе Сталинге жетеді. Бір қызығы Иосиф Вассарионович 1937 жылы 31  қаңтар күні жиын өткізіп «Моңғол ағайындардың үзеңгісіне қас таңба шекіту ісіне кедергі болмасын» деп № 45 қаулы қабылдатқан екен. Демек, қас таңба немістерге тән емес, ежелгі көшпенділердің мұрасы екенін мұртты көсем де білген сияқты.