Сұлтан Бейбарыс туралы үлкен энциклопедия шығады – министр
05.06.2023 1856

Сұлтан Бейбарыс туралы үлкен энциклопедия шығару жоспарда бар. Бұл жайында бүгін Каир қаласында Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі Каирден


Министрдің айтуынша, бүгін Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық конференция аясында «Байбарыс араб және түрік сұлтаны» деген үлкен кітаптың тұсаукесері өтеді.

Сұлтан Бейбарыс тек Мысыр елінде емес, бүкіл Таяу-Шығыста мұра қалдырды. Сондықтан Бейбарысты Меккенің және Құддыстың қызметкері деп атаған. Өз заманында бабамыз Мұса пайғамбардың, Дәуіт пайғамбардың кешендеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, сахабалардың мазарларын қалпына келтірді. Онымен қоса, көптеген мешіт пен медіреселер салдырды, – деді ведомство басшысы.

Қыдырәлінің айтуынша, Сұлтан өзі салдырған ғимараттарында көптеген мәлімет қалдырған.

Мұның бәрі бір кітапқа жинақталды. Кітап ағылшын тілінде жарық көрді. Болашақта араб және қазақ тілінде шығады. Мұны Сұлтан Бейбарыс туралы көп дерек жинақталған дереккөз деп айтуға болады. Кітап “Байбарыс - арабтың және түріктің сұлтаны” деп аталды, – деді Ақпарат министрі.

Бүгін аумағы 10 мың шаршы метрден асатын Сұлтан Бейбарыс аз-Захир мешітнің ашылуы өтетінін хабарлаған болатынбыз. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сұлтан Бейбарыс аз-Захир мешітінің ашылу салтанатына барған болатын. Әшімбаев Қазақстан мен Мысырды не байланыстыратынын айтқан еді. Сонымен қатар Оралов Мысырмен туризм саласы дамитынын айтқан еді.