Сәуле Досжан: «Кешірім Бозтаев басын бәйгеге тікті»
31.05.2023 3173

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі. Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанның полигоннан зардап шеккендерге арналған «Қасірет пен тағдыр» романы жапон тіліне аударылған болатын. Қазақ тілінен тәржімалаған Масуджима Шигенебоу Сан. Осы орайда автордың өзімен романы, шығармашылығы туралы сұхбаттасқанды жөн көрдік.


– Сәуле ханым, полигон қасіретін танытатын «Қасірет пен тағдыр» романын жазуға не себеп болды?

– Негізі, осы полигон тақырыбын бастауы­ма жарым – генерал-пол­ковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақ­баев себепкер болды. Ол жас кезінде Семейге жер аударылған екен. Сон­да қызмет барысында халықтың жағдайын көріп, қасіреттері жүре­гіне қан болып қатып жүріпті. Кейін менімен қосылған соң  «сен осы та­қы­рыпты жаза алсаң, жаз­шы!» деп маған көптеген деталь­ды айтып берді.  Екеуміз бірге Семей мен Қарағанды жерлерін шарладық. Қарауыл мен Дегелеңнің басына шықтық, көп халықпен кездесіп, сырластық. Ол кісінің айтқан дүниелері менің осы шығармама арқау болды.

Романға «толғатып» жүре­генімде түс көрдім. «Ол – қасірет!», «Ол – тағдыр!» деп шошып оян­ғанмын. Содан басталды… Атын «Қасірет пен Тағдыр» деп қойдым. Басты кейіпкерім Аяулым әйел болғанымен, басты мақсатым – қазақ ерлерін биіктетіп көрсет­кім келді. Аягөз ауданының ар­дақты ақсақалы Әскен Күріш­баевтың, Мэлс пен әкесі Үсен аға­ның, Әмі­рдің ағасы Дәулеттің образдары арқылы қазақ ер-азама­тының қай­сар мінезі, бауырмал­дығы, отан­сүйгіштігі, отбасындағы әкелік орнын айрықша көрсеткім келді. Мен үшін әлемде семей­ліктердей туған жерінің топырағын қасиет­тейтін елжанды адамдар жоқ! Өздері у ішіп, қан құсып жа­тып, балалары­ның ауру болып туғанын көре отырып, ұрпағына үш жүз жылға кете­тін қасірет барын білсе де ата-баба мекенін, туған топырағын қи­май, қымызын дәрі етіп, жақ­сылықтан үміттерін үзбей қара­ шаңырақтарында отыр… Бұл маған үлкен серпін берді

 «Қасірет пен тағдырдың» жалғасы - «Үзілмеген үміт» деген тақырыппен екінші кітабын аяқ­тадым. Сол екінші кітапты жазуыма Медеу аға мен Шәкәрім мем­лекет­тік универ­ситетінің профес­соры, М.Қозыбаев атындағы тари­хи-ғылыми зерттеу институтының директоры Мұқтар­бек Кәрімов, философия ғылы­мының канди­даты, абай­танушы Асан Омаров, Шәкәрім мемле­кет­тік универ­ситетінің қазақ әде­биеті кафедра­сының меңгеру­шісі, фило­софия докторы Арай Жүнді­баева, «Семей полигоны айма­ғындағы соры арыл­маған ауыл» атанып, қасіретінен бүкіл елімізге аты шық­қан шағын ғана мекен Сары­жалда ұзақ жыл мектеп дирек­торы болған Сәкен Сейсенұлы деген азмат­тардың бер­ген мате­риал­дары мен полигон қасіретін шеккен суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріп­бек Күйіков (кітап мұқа­басына сурет салып берді) маған көп ақыл-кеңесін берді.


–  Бұл романды жазарда қандай тың деректерге тап болдыңыз, қандай ақпараттарға, құжаттарға сүйендіңіз?

– «Қасірет пен Тағ­дыр» деген кітабымды жазу ба­ры­сындағы іздеп тап­қан­да­рым­нан және Семей өңі­рін аралап, ел ішіндегі өмірді көріп, оқыған кі­тап­тарымнан, ғалам­тордан, бұ­қаралық ақпарат құрал­дарынан көр­ген­дерімнен қо­рыта келе, «Полигон жайлы алғаш дабыл қаққандар шын­дығында кімдер екен?» деген ойға қалдым. Семей полигоны зар­дап­тарын 1957 жыл­дан бастап ал­ғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріс­кен адам көрнекті ға­лым, ме­ди­цина ғылым­дарының докторы, профес­сор, Қазақ­стан ғы­лым ака­демия­сының коррес­пондент-мү­шесі, Өлкелік пато­логия ғылы­ми-зерттеу инсти­ту­тының дирек­торы болған Бахия Атшабаров екен. Ол кісіге тапсырма берген – Қазақстан Ғы­лым акаде­миясының президенті Қаныш Сәт­баев. Ал Қаныш Сәт­баевқа заманы­мыздың заңғар жазу­шысы Мұхтар Әуезов өзінің 60 жылдық мерей­тойында туған же­ріне барған са­парында халқының жағдайын көріп, Деге­леңдей «тауы өліп», топырағының тозы шығып, суы уға, ауасы радиа­цияға айнал­ғанын көріп қасірет­теніп оралады. Келе Қаныш ағаға жағдайды айтып, зерттеу жасауын өтінеді. Содан Қаныш Имантай­ұлы­ның кеңесімен Бақия Атша­баров арнаулы ғылыми экс­педиция құ­рып, полигонның кесел­дерін жан-жақты анықтап, респуб­лика бас­шылығына жазбаша мәлім­деген, бірақ біздің басшылар Кремль­­дің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, атақты академик Сайым Балмұхановтың зерттеулеріне де тыйым салыпты. Мен кітабымда таратып жаздым, осы зерттеулерден кейін ғана атом­ды жер бетінде сынауды тоқтатқан.

Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі – Мұ­хамедғали Әленұлы Сужиков бол­ған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жарылыстардан зәрезап болған шер­менде халықтың мүддесін қор­ғап, сынақ жасап жатқан әскери зонаның бастықтарымен, әскери кешеннің жетекшілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген. С.Бал­мұха­новтан білген М.Сужиков зорға деп обкомның бюро мүше­лерінің келісімін алып, Семей по­ли­гонын­дағы атом және термоя­дролық қа­ру­ды сынаудың зардап­тары туралы 1959 жылы КПСС Орталық Ко­митетінің бірінші хат­шысы Н. Хрущев пен Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комите­тінің бірінші хатшысы Н.Беляевке құпия ашықхат жолдаған болатын. Мұхамедғали Әленұлы өзі айтқан­дай, «халық өліп жатқанда үндемей, үнсіз келісіп, әрекет етпей отыра алмаған». Өйт­кені Мұхамедғали Әленұлының ар-ожданын әркез халық қамы, соның мүддесі бас­қаратын. Жазушы Ғаббас Қабы­шев полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың бірі Әнуар Әлім­жанов екенін былай баяндайды: «Атом-ядролық сынау­лардың «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу» дүниеге келген жерде жасалғанын алғаш айтып ашынған адам мем­лекет және қоғам қайраткері, сан елге, сан жұртқа белгілі қаламгер Әнуар Әлімжанов еді. Ол айтарын көшеде, алаңда ұрандап, аттандап жүріп емес, халықаралық конфе­рен­циялардың мінберлеріне шы­ғып тұрып айтты», – деп екі мы­салмен дәлелдейді.

Ал 1989 жылдың ақпан айының 20 жұлдызында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хат­шысы Кешірім Бозтаевтың сол кездегі Министрлер Кеңесінің тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаса отырып, М.Горбачевке Семей полигонының зардабы жайын­да жіберген жеделхаты та­рих­­та полигонды жабуға жол аш­қан күрестің басы болған. Бозтаев басын бәйгеге тікті. Бірінші болып мәселе көтерді. Ол – батыр адам! Мәскеуге хат жазды. Олжас Сүлей­менов бастаманы іліп әкетіп, халықтық қозғалысқа ұластырды. Ақиқат осы. Полигон туралы нағыз шындықты білгілерің келсе, Медеу Сәрсекеевтің деректі құжаттармен жазған кітабын оқыңыздар! Жа­зушы Медеу Сәрсеке: «Иә, Нұр­сұлтан Әбішұлымен ақылдаса оты­рып, полигонды жабуға бірінші қадам жасаған азамат Кешірім Боз­таев бүгінде ортамызда жоқ…», – дейді.

qalamger.kz

 

– Бұл жапон тіліне аударылған екен. Сол туралы айтып берсеңіз. Жапондар бұл романды қайдан естіп-білген?

– Осы орайда бұл сапарды ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атсалысқан ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов пен орынбасары  Салтанат Әшімоваға және «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қоғамдық қозғалысының вице-призиденті Валерий Жандәулетовке рахмет. 

Бізбен қарағандылық делегация да бірге барды, соның ішінде жазушысы мен суретшісін жалғыз жібермей, қолдау білдіріп барған Қарағанды облысы  әкімінің орынбасары  Ербол Әліқұлов пен мәдениет басқармасының басшысы Жұмакенов Еркебұланға  және командасына ризашылығымды білдіремін.

Жапон тіліне аудару идеясы келгелі үлкен еңбек жасалды. Қаржы таппай қиналған кезде "Біз әлі мұның тұсаукесерін Токиода өткіземіз!" деген ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығы Астана филиалының директоры  Үмітхан Мұңалбаева сол арманына жетті!

Кітаптың аудармашысы Масуджима Шигенебоу Сан. Ол кісі қазақ тілін жетік меңгерген. Шеберлігі, әр нәрсеге жауапкершілікпен келетіні таң қалдырды.


– Жалпы бұл елге сапарыңыз қалай болды, сіздің шығармаңызбен үндес туындылар бар ма екен?

– ҚР Жапониядағы елшісі Сабыр Ердембеков қазақстандық делегацияны жылы қарсы алды. Отанынан келген делегацияға Елшілік жақсы қолдау білдірді.  «Қасірет пен тағдыр» кітабының жапон тіліне аударылғаны үлкен жетістік екенін атап өтіп, кітапқа «екі ел арасын жақындата түсетін рухани дәнекер» деген баға берді.  Мен де елшіге өзімнің үлкен алғысымды айтып, қазақ елінде Мураками сияқты мықты жазушылар көп екенін, тек әлемге құлаш сермей алмай жатқанын айттым. Қазақтың талантты жазушылары көбірек аударылып, кітаптарын әлемге тарата беру керек деген ойымды жеткіздім.

Жапонияның символы Фудзияма тауын Токио қаласынан байқауға болады. Астананың қақ ортасында ағып жатқан Мэгурогава өзенін жапондықтар «көзімнің қарасы» деп атайды екен. Жапондар Токиода туғандарды «эдокко» деп атайды. Бұл «Эдоның ұлы» деген мағынаны білдіреді. Токионың көне атауы Эдо екен. Қазақстан мен Жапония ядролық қаруға қарсы елдердің қатарында. Атом бомбасының зардабын өз басынан өткерген мұңдас ел болған соң, бір-біріне ықыласы да өзгеше.
Қазақстандық делегацияны зор құрметпен қарсы алды.

Токиода «Қасірет пен Тағдырдың» және суретші Кәріпбек Күйіковтың "Жасанды күн" көрмесінің тұсаукесері өтті. 

12 миллион мүшесі бар Жапон-Еуразия ядроға қарсылық қоғамының вице-президенті Сока Гаккай маған "Ядролық жарылыстарға қарсы Әлемді бейбітшілікке шақыратын кітап жазғаны үшін" сертификатын табыстады. Онда:
"Қымбатты Сәуле Досжан ханым, Сіз романыңызда Семейдегі сынақ полигоны трагедиясын жазып, ядролық қауіп-қатерге қарсы дабыл қақтыңыз. Азаматтық қозғалыстың ядролық сынақ полигонын жаптыруға қол жеткізгенін паш еткен шығармаңыз арқылы бәрімізді ядросыз өмірге бет бұруға шақырып, бойымызға батылдық пен үміт сыйладыңыз.
Жапон-Еуразия қоғамының төрағасы
Ютака Исикава" деп жазылған.

 

**
Хиросима мэрі Кадзуи Мацуидің қабылдауында болдық.
Кадзуи Мацуи - жапон саясаткері, 2011 жылдан бері Хиросима мэрі.
Оның отбасы 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан зардап шеккен.
"Мэрлер бейбітшілікті қолдайды" қозғалысының Президенті.
Қазір Кадзуи Санның жасы 70-те.

Мэр менің кітабымды осы тақырыпқа жазылған тұңғыш көркем шығарма едп бағалады. Жастар қызығып оқиды деп ойлаймын романды деді.

Электричка атқан оқтай зулап Хиросимаға бет алды. Алыстан Фудзиама шыңы мұнартады. Елден алыста жүргенде жүрегіңді ерекше сағыныш кернейді екен. Топырағы мен ауасының қадірін біліп, Отанға деген махаббатың ұлғая түседі.

Қазағымның руханият туын көтеріп жапон еліне келгенім – ​ қашан да қолдап, алақанына салатын, жазушысын қадір тұтатын қазақстандық оқырмандарымның арқасы. Ертесі жұмысты Жапонияның Ұлттық мұражайын тамашалаудан бастадық. Қазақстандық делегацияны Хиросима музейінің директоры Такехиро Кагава қабылдады. Бұл кісі Семей жерінде болған екен, жалпы, қазақ еліне төрт рет жолы түсіпті.
Ол қонақтарға жапондықтардың ұлттық дәстүрі - шәй рәсімін зор ілтипатпен ұсынды.  Маған Хиросима трагедиясы бейнеленген қолөнер туындысын сыйға тартты. Қарағандылық қазақтар да өз тарапынан ұлттық дәстүрден таймай, Такехиро санның иығынан шапан жапты. Мен қолтаңба жазылған кітабымды сыйладым. 

Музей Хиросимадағы мемориалдық Бейбітшілік бағы аумағына орналасқан. Жобасын сызған әйгілі жапон сәулетшісі Кэндзо Тангэ. Музей кешені екі үлкен корпустан тұрады, біріншісінің аумағы 1 615 ш.м. болса, шығыс қанаты 10 098 ш.м. құрайды. 

Сәулет идеясы күл болған жерінен қайта еңсе тіктеуге қабілетті қайсар рухты көрсеткісі келген. 

Бұл жерде атом трагедиясының ұмытылмас ескерткіші ретінде сол қалпында сақталған ғимараттар да бар.

Мен романымда келтірген Садако деген жапон қызының жасаған «Мың» тырнасын көрдім.

Мектеп оқушылары қарсы алып, бірге «Қазақстан! Қазақстан!» деп айғайладық. 

Сапар барысында белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтың "Жасанды күн" көрмесі ашылды. Мұнда суретшінің АҚШ экс-президентіне сыйлаған "Жарылыс" картинасы және одан басқа он үш картинасы ұсынылды.
Кездесу барысында Кәріпбек Қарағанды облысы әкімінің атынан ықылас сыйлығын ұсынып, Кадзуо санды Қазақстанға қонаққа шақырды.
Жапон әншісі Мичида Риокко Ұлықбек Есдәулет ағамыздың сөзіне жазылған "Заман-ай" әнін орындады.

Хиросима-Нагасаки атом бомбасы құрбандарына тағзым жасап, азагүл қойдық.
1945 жылы тамызда америкалық бомбалаушы ұшақ Хиросимаға 15 килотонналық атом бомбасын тастап, одан 80 мың адам қаза тапқан. Бұдан үш күн өткен соң Нагасакиге де осындай атом бомбасы тасталған.
Атом қасіреті қайталанбасын!
Ел мен жерде бейбітшілік болсын!



– Енді жалпы шығармашылығыңызға келсек. Кейінгі уақытта балаларға арналған туындылар жазып жүрсіз. Жақсылық Үшкемпіров өміріне арналған «Біртуар» романыңыз көпшілік ықыласына бөленген болатын. Түрік тіліне де аударылды.

– Мен өзім жайлы өзім қалай айтайын. Оқырмандарымның сүйіп оқып жатқаны сол маған баға. Ал, «Біртуар» қазақтың батыр ұлы –Жақсылық Үшкемпіров жайлы балаларға арналған қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман. Сол кітаптың аннотациясында берілген бағадан асырып айтарым жоқ:

«ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «АЛАШ» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Сәуле Досжанның бұл кітабы ұлттық намыстың үлгісіне айналған қазақ батырының біздің замандағы дара бейнесі – Жақсылық Үшкемпіровтің өмірінен жазылған.

Егер Сіз Отансүйгіш, намысты, қахарман ұл өсіргіңіз келсе – «БІРТУАРДЫ» оқыңыз. Егер Сіз қазаққа елдің атын аспанға шығарып, әлемге танытатын жеткіншегіңіз болғанын армандасаңыз – «БІРТУАРДЫ «оқыңыз. Егер Сіз ұрпағым үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын, бауырға қамқор, досқа адал, отбасында абзал ӘКЕ, ардақты жар болатын азамат өсіргіңіз келсе – «БІРТУАРДЫ» оқыңыз.  Осы романның ішінен осындай асыл бейнені тәрбиелеу жолын көріп, келешегіңізге үлгі етіп, балаңыздың баласына қалдырар кітап осы – «БІРТУАР»



–  Жалпы, балалар әдебиетіне кейінгі уақытта көңіл бөлініп келеді. Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз? Кезекті шығармаларыңыз балалар әдебиетіне арнала ма?

Алдағыны Алла біледі жарығым. Әлі аттың үстіндемін, қолымда қаламым! Іздеп оқитын оқырмандарым аман болсын!  Екі ортадағы алтын көпір- баспагерлер аман болсын! Жаңа роман бастадым.  Жұмыс әдісім – роман жазып жатқанда, арасында балаларға арналған хикаят не әңгіме, не ертегі бастап қоямын. Балалармен жұмыс жасау- жан рахаты. Орталарында көп боламын. Шақырған мектептер, жоғарғы оқу орындарына қуана-қуана барамын.

 

– Әңгімеңізге рақмет!