Қарқаралы округі тарихынан
19.05.2023 2874

Орта жүздің аумағын бөлшектеу барысында ондағы рулардың басты билеушілері болып саналатын Бөкей хан мен Уәли хан иелігіндегі Қарқаралы мен Көкшетау өңірлеріне ерекше мән берілді. Сыртқы округтер осы екі өңірде ашылды.


Қарқаралы сыртқы округі 1824 жылы 8 сәуірде ашылды. Бұл кезде Қарқаралы округінде 20 мыңнан астам отбасы, онда 60 мыңнан астам ер адам болды. М.Красовскийдің жазуынша жаңа ашылған Қарқаралы округінде 18 болыс, 147 ауыл, 18 320 түтін болған деген мәлімет бар. Округте тұрғындар саны үнемі өсіп отырғаны статистикалық деректерден байқалады. 1850-жылдары П.Кеппенің мәліметі бойынша мұнда 146 655 адам тұрған. Бұл статистикалық деректер жүргізілген санақ нәтижесіне сүйенілген. Округ істеп, ондағы шешеуніктер құрамы жұмыс істеп тұрғанымен, Қарқаралы округін ашу туралы нақты жарлық 1824 жылдың 24 шілдесінде бекітілді. Осылайша Орта жүз қазақтары ішінде ашылған алғашқы мекемелердің бірі – Қарқаралы приказы болды.

Қарқаралы округі – Сібірден басқарылатын сегіз округтің ішіндегі ең үлкені болды. 1824 жылы алғаш сібір қырғыздары (қазақтары) облысының, 1854 жылдан Дала генерал-губернаторлығы Семей облысының құрамында болған Қарқаралы округі әкімшілік-аумақтық бөлігінің орталығы Қарқаралы станицасы (кейіннен қала мәртебесін алды) болды. Әскери әкімшілік басқармасының Батыс Сібір шекаралық басқармасының округтік приказы қарамағында шекаралық және жазалаушы әскерлер, сот және финанс органдары, кейінірек облыстық басқарма енді. Округтік приказдың құрамы мынадай болды: төрағасы – аға сұлтан, билер сайлайтын екі заседатель, патша әкімшілігі тағайындайтын шенеунік. Олардың барлығын генерал-губернатор бекітетін еді.

Қарқаралы округінің аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай Ертіс өзенінен Балқаш көлінің сол жағалауына дейін созылса, батыстан шығысқа қарай Ащысу өзенінен Шыңғыстау жоталарына дейінгі аумақты қамтыды. Бұл – қазіргі Қарағанды облысының едәуір бөлігі, Павлодар, Абай облыстарының біршама аумағы деген сөз. Округтің халқы негізінен мал шаруашылығымен шұғылданған және ХІХ ғасырдың олардың қолында 220 мың жылқы, 77 мың сиыр, 1 миллион 164 мың қой-ешкі, 32,7 мың түйе болған.

Сонымен қатар Қарқаралы округі аумағындағы халық егін шаруашылығымен де шұғылданған. Мұны ХІХ ғасырдың ортасында осы аумақта болған ресейлік билік өкілдерінің жазбалары растайды. Қарқаралы өңірінде санақ мәселесі бойынша болыстарды аралаған А.Янушкевич Түндік өзені бойында қазақтардың егістіктерін көргенін жазса, М.И.Красовский Дадан-Тобықты болысында 180 егінші 310 пұт бидай дәнін отырғызғанын және оларда 5 диірмен барын жазады. 130 верст егістікті суару үшін 100 тоғам құлақтарын пайдаланған және олардың әрқайсысы 3-12 верс болған. Тоғандардың жалпы ұзындығы 500 верст болған. Осы тоғандар арқылы 700 десятина жерге егін салған. Бұған қарағанда, ХІХІ ғасырда Қарқаралы округіндегі қазақтардың тек малмен ғана шұғылданбағанын, егіншілікпен де айналысқанын да көруге болады.

Қарқаралы сыртқы округінің аумағында 1840 жылдар соңында мынадай үш бекеттік жол тартылған:

1) Баянауыл арқылы Омбыға өтетін ең алғашқы желі;

2) Қу, Едірей арқылы Омбыға баратын қосымша жаңа желі;

3) Қарқаралы мен Ақмола арасындағы желі. 

Пошта ісін патшалықтың ресми қызметі атқарумен қатар, 1840-жылдардан «онша маңызды емес құжаттарды таситын» пошташы қазақтар қызметі де жұмыс жүргізе бастаған. 1860-жылдары уез ашылған соң, Қарқаралыны Семеймен жалғастырған Майлығара трактысы ашылды.

Қарқаралы округі 1868 жылғы реформалар нәтижесінде Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының Семей облысына қарасты Қарқаралы уезі болып аталды. Уездің құрылымы да округтен айырмашылығы шамалы болды. Уезд болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. 1897 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша Қарқаралы уезінің аумағында 171 655 адам тұрған және оның 169656-ы қазақ болған.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында (Қазан төңкерісіне дейін) Қарқаралы уезінде жалпы саны 22 болыстық, оларда 181 ауыл, 31 мың түтін болған. Жер көлемі – 189200 шаршы шақырымды құраған.

ХХ ғасырдың басында, нақтылай айтқанда 1907-жылдан Қарқаралы уезі аумағына Ресейдің ішкі өңірлерінен қоныс аударушылар келіп орныға бастаған. Сонымен қатар Қарқаралы уезіне Ресейдің еуропалық бөлігінен түрлі саяси оқиғаларға байланысты жаза жүктеп жер аударылғандар келе бастады. Қарқаралы өңірі Ресейдің қиыр шетте жатқан, ешбір шетелдермен шекаралық байланыс жоқ өңірі болған себепті де, саяси жер аударылғандарды жіберуге қолайлы деп саналған. Атап айтқанда ІІ Александр патшаны өлтіруге әрекет жасаушы А.Желябовтің сыбайласы деп саналған Ф.Дениш 1883 жылы Қарқаралыға жер аударылып келді. Халық ерікшілдері Л.К.Чермак, Н.Я.Коншин қатарлы саяси сенімсіздігі үшін көптеген Қарқаралыға жер аударылып келген петербургтік, мәскеулік зиялылар арасында Абайдың жақын досы болған Е.П.Михаэлис те бар еді. ІІ Николай патша тақтан тайдырылған 1917 жылға дейін Қарқаралыға жиырмадан астам саяси сенімсіз деп танылған адам Қарқаралыға жер аударылып келген болатын.

Қарқаралы қаласы жер аударылып келген саяси сауатты, көзі ашық адамдар мен жергілікті зиялылар қауымның өзара пікір алмасу орталығы болды. Осы қалада Патшалық Ресей тұсындағы қазақ даласындағы тұңғыш ірі қарсылық петициясы әзірленді. Қарқаралы немесе Қоянды петициясы деген атпен тарихқа енген бұл хат – Ресей үкіметіне қазақ халқы атынан қойылған талап-тілек болатын. Оны дайындаушылар – осы қаламен байланысы бар болашақ Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаевтар және қазақ тілінен орыс тіліне аударған Темірғали Нұрекенов болған. 1905 жылы 22 маусымда Семей, Ақмола облыстарының қазақтары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, өздерінің арыз-тілектерін жазып, 16 мыңнан астам адам қол қойып, бармақ басып ел астанасы Петербургке жолдаған. Мұндай петициялар бұған дейін де болғанымен, Қарқаралы петициясы қол қойылған адамдар санының молдығымен ерекшеленді. Патша үкіметі бұл петиция акциясын мемлекеттік билікке қарсы саяси күрес сипатында деп қарастырып, жергілікті билік органдарына бақылауды күшейтуге пәрмен берді. Осыдан кейін Дала генерал-губернаторы петицияны ұйымдастырушыларды анықтап, оларды қолға алып, қылмыстық іс қозғау жөнінде Қарқаралы уезінің бастығына нұсқау береді. Осы нұсқау бойынша әрекетке көшкен уезд басшысы Б.А.Оссовский Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларын анықтап, олардың үстінен іс қозғап, соңдарынан аңдушыларын салып қойды.

Қарқаралы петициясынан кейін Петербургке Торғай, Орал облыстарынан да осындай талап хаттар әзірленіп жолданған. Олардың барлығының ортақ мазмұны – қазақтардың діни көзқарасына еркіндік беру, бітімші сот институтарын енгізу, қазақ даласына орыс шаруаларын жаппай әкеліп қоныстандыруды тоқтату және т.б. болды. Бұл – қазақ халқының өз жерінде саяси-экономикалық қысымға ұшырай бастағандығының анық көрінісі болды.

Қарқаралы уезінде ХІХ ғасырдың соңына қарай барша Қазақстан аумағында жүріліп жатқан күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық, т. б. үдерістер мен өзгерістер қарқын алды. Бұл кезеңде заман үрдісіне сай қазақтың дәстүрлі шаруашылығы мен қауымы да барынша өзгерістерге түсті. Өңірде бұрын болмаған сауда, кәсіпшілік, өндірістік бағыттар өрістеді. Атап айтқанда кен өндіру кәсіпшілігі біршама дамыды. Благодать-Стефанов және Николаев балқыту зауыттары жұмыс істеді. Ол өндірістерде қазақ жұмысшылары да еңбек етті. Округ орталығы Қарқаралы қаласының халық саны жыл сайын арта түсті. Қала мәдениеті қалыптасты. Мұнда маңызды саяси оқиғалар жүріліп жатты. Бұл өңірде тек осы өңір ғана емес, барша қазақ халқының қамын жейтін тұлғалар туып шығып, қазақ зиялылары елге қызмет етуге кірісті.

Қарқаралы өңірінің аумағында қазақ даласы бойынша сол тұстағы жәрмеңкелердің ең ірісі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесі 1848 жылы ашылды. Ол кеңес дәуіріне дейін жыл сайын көктем мен күз айларына дейін мүлтіксіз қызмет етіп тұрып, 1930 жылы коммунистер жаптырып тастаған болатын.

Қарқаралы – ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясында болып жатқан саяси оқиғалардан мүлде шет қалған жоқ. Керісінше, мұнда саяси өмір қайнап жатты. 1905 жылғы төңкерісшіл оқиғалар мен бүкілресейлік ереуілдердің әсерімен осы жылы 15 қарашада Қарқаралы қаласында демонстрация өтті. Қаланың орталық алаңында өткен демонстрацияны жергілікті социал-демократиялық топ дайындаған. Аттылы-жаяу мыңнан астам адам қатысып, қала көшесімен жүріп өткен демонстранттар «Полиция жойылсын!», «Шаруа бастықтары жойылсын!» деген ұрандар жазылған қызыл тулар ұстаған. Қатысушылардың дені – қазақ кедейлері, қоныс аударған орыс шаруалары, солдатттар болған. Алаңда митинг ашып, ауыл шаруашылық мектебінің басқарушысы Белдыцкий Петербургте жарияланған «Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру» туралы манифесті сынап, патша диктатурасына қарсы шығуға үндеп, халықты әрі қарай белсенді күреске шақырған. Халықтың жаппай ереуілінен қорыққан жергілікті билік өкілдері демонстранттарды күшпен қуып тарату керек деп шешкен. Сол үшін казактар жүздігін шақырады. Осыдан кейін тұтқындау жаппай жүргізілген. Омбыдан Қарқаралыға арнайы жазалау, сот коллегиясы келеді. Қарқаралыдағы тәртіпті қадағалаудағы жіберілген кемшіліктері үшін уезд бастығы Б.А.Оссовский қызметінен қуылады. Қарқаралы петициясы мен Қарқаралы демонстрациясы – патша самодержавиесіне қазақ даласынан жасалған тұңғыш қарсылық акциялары ретінде тарихта қалды.

Кеңес өкіметі жылдары КСРО-дағы әкімшілік-аумақтық реформа негізінде Қарқаралы округі қайта құрылды. Бұл кезеңдегі әкімшілік-аумақтық құрылымдар Ресей империясы тұсында қалыптасқан территорияларды негізінен сақтады. Бірақ губерниялар, уездер мен болыстар таратылып, оның орнына облыстар (өлкелер), округтер мен аудандар құрылды. Қарқаралы округінің құрамына осы кезеңде жеті аудан кірді. Олар: Абыралы, Ақсары, Балқаш, Берікқара, Қу, Шет, Шұбартау аудандары болды. Қарқаралы округінің бұл тұстағы аумағы да үлкен болды. Жер көлемі – 181800 шаршы шақырымды құраса, халық саны – 177089 адам болған. Округтің әкімшілік басқару құрылымында округтік жоспарлау комиссиясы осы әкімшілік аумаққа кіретін өңірлердегі табиғи байлықтар қорын анықтау мақсатын іске асырған болатын. Осы жұмыстың нәтижесінде Қоңырат пен Көктас-Жартастағы мыс, Берікқара мен Сәмембеттегі полиметалл, Кеңтөбе мен Торғайдағы темір кендерін игеру жоспары қойылды. Осыған орай Қарағанды-Балқаш теміржол желісі жобаланып, Қарқаралыдан Павлодар, Қоңырат, Ақмола, Сергиополь елді мекендеріне қатынайтын автомобиль жолы төселе бастады. Осы кезеңде Қарқаралы қаласын жарықпен, электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін электр станциясы салынды. Алғашқы кеңшарлар ұйымдастырылды. Ауылшаруашылық дақылдарын егу көлемі ұлғайтылып, егіншілердің саны арта түсті. Отырықшылық өмірге көшуге барынша қолдау жасалды. 1930 жылғы есеп бойынша Қарқаралы округінде 89 мектеп, 23 кооперациялық қоғам, 5 аурухана жұмыс істеді. 1930 жылы 17 желтоқсанда Қарқаралы округі таратылды. Бұдан соң округ аумағында ауылшаруашылық бағытындағы алты аудан құрылды. Дегенмен барша Қазақстан, соның ішінде Қарқаралы округі үшін аса ауыр тиген жылдарды атап өткен жөн. Ол – ұжымдастыру кампаниясы болатын.

Азаматтық соғыстан кейін Кеңес Одағында Жаңа экономикалық саясат жарияланған болатын. Осы кезеңде елде мал басы өсті. Қарқаралы округі аумағында да кооперативтік қозғалыс өрістеді. Мал саны арта түсті. Қазақстанның билігіне келген Ф.И.Голощекин «ауылды советтендіру» деген ұранмен «Кіші Қазан төңкерісін» жүргізудің авантюралық кампаниясын бастады. Мұның салдары Қарқаралы сияқты халқы негізінен мал шаруашылығымен күн көретін өңірлер үшін ауыр тиді. Астық өндіру мөлшері аз болғанына қарамастан, Қарқаралы халқына астық дайындаудың жоспары берілді. Ал оны орындамағандарға ауыр жаза жүктету үшін Ф.Голощекин жалпы қазақ ауылдарына 4800 уәкіл жіберді, 31 мыңдай шаруа жазаланды, 277 шаруа атылды. Ұжымдастыруды тиімді жүргізу үшін күллі ел көлеміндегідей, Қарқаралы өңіріндегі байлар мен кулактардың мүлкі тәркілеуге түсті. 1928 жылғы тамызда «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тəркілеу жəне жер аудару туралы» декрет жарияланған болатын. Себебі бай-феодалдар өздерінің мүліктік жəне қоғамдық ықпалымен кеңестендіруге халықты қызықтыруға қарсы шығады, осы арқылы ауылды советтендіруге кедергі жасайды деп саналды. Осы тұста Қарқаралының кейбір байлары мен ірі кәсіпкер, саудагерлері Қытайға дейін қашып өтіп кетті. Солардың бірі – Бахром Нарбаев болатын. Нарбаевтың Қарқаралы қаласы аумағында тыққан алтыны жайындағы аңыз күні бүгінге дейін ел аузында айтылады.

Ұжымдастыру науқаны еш даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен әкімшілдік-күштеу əдістерімен жеделдеткен түрде мейлінше қатаң тәртіппен, жаппай қуғындау мен террорға негізделді. жүргізілді.

Әскери салғырт салығы бойынша қазақтардың малын жаппай тартып алу кеңінен етек алды. Салдарынан 1931-1932 жылдары Шұбартау өңіріндегі малдың 80%-ы мемлекетке етке өткізілді. «Шаш ал десе бас алатын» белсенділер тым асыра сілтеді. Мысалы, 173 мың малы болған Балқаш ауданына 297 мың малға салғырт салынды.

Совет үкіметінің күштеп ұжымдастыру жүргізіп, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс салтын қирата отырып, орташалар мен кедейлерді кулактар ретінде жоюға бағытталған бұл зорлық әрекетіне қарсы 1929-1931 жылдары әр өлкеде қарулы қарсылықтар болды. Жазалаушы қызыл отрядтар оларды аямай жазалап отырды. 1931 жылғы көктемде Қарқаралы округінің Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарының көтеріліске шыққан шаруалары түгел қырылды. Тәркілеу, қуғын-сүргін, аштыққа ұласқан бұл кезең Қарқаралы тарихында ең бір қасіретті жылдар ретінде қалды.

Жоғарыда аталғандай Қарқаралы округі аумағында құрылған алты аудан (Баянауыл, Жаңаарқа, Қарқаралы, Қоңырат, Қу, Шет) алапат аштық жылдарынан кейін біртіндеп ес жия бастады. Л.Мирзоян билікке келгеннен кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қолдау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

1935 жылы 1 қыркүйекте Бүкілодақтық Атқару Комитетінің Президиумы округ ауылшаруашылықтарына көмек көрсету және ауыл шаруашылықтарында жұмыс істейтін еңбеккерлердің тұрмысы мен мәдениетін көтеру жөнінде қаулы қабылдады. «Қазақ ССР-інің Қарқаралы округіндегі Совет, шаруашылық және мәдени құрылыс туралы» қаулы қабылданған болатын. Осының нәтижесінде Қарқаралы округіне дәрігерлер, ауылшаруашылық мамандары жіберілді. Құрылысшылар мектеп-интернаттар мен балабақшадар салып пайдалануға берді. Бүкілодақтық Атқару Комитеті президиумының 1936 жылғы 27 шілдедегі «Қазақстанда жаңа облыстар құру туралы» қаулысына сәйкес ежелгі Қарқаралы округі жаңадан құрылған Қарағанды облысының құрамына енген болатын. Қарқаралы тауларының баурайындағы әсем табиғатты өлкедегі Қазақстанның байырғы қалаларының бірі Қарқаралы мен ол аттас әкімшілік бірліктің арғы екі ғасырлық тарихы осылай жалғасқан еді.