Жетісудың Жаркент өңіріндегі саяси дүрбелең
02.05.2023 1794

Қазіргі кезде XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы, тұтастығы, теңдігі үшін арыстанша алысқан Алаштықтардың өмірі мен қызметі – терең зерттелуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Алаш қозғалысы өз заманында халықтың ең алдыңғы қатарлы зиялы азаматтарын топтастырған, сол тұстағы аумалы-төкпелі кезеңдерде елінің мүддесі үшін жан аямай арпалысқан тұлғалардан құралған еді. Ғұмыры қысқа болса да, аталған қозғалыс төл тарихымызда өшпес із қалдырды, ең бір айтулы тарихи құбылыс ретінде елдің есінде қалды. «Алаш» қозғалысының дүниеге келуі өткен ғасырдың басында болып өткен қоғамдық-саяси уақиғалармен тығыз байланыста болғаны шындық.


Алаш азаттық қозғалысы – ұлттық деңгейде қорытылып игерілген, ұлттық дүниетаным өзегіне айнала алған, ұлттық бірегейлік идеясын насихаттай отыра, қазақты алға жетелеген қозғалыс. Сталиндік репрессия белең алған 1937 жылы ұлтына қорған болған ұлылар НКВД-ның құрығына ілікті, қолына түсті, тергелді, кейін оққа ұшып, жер құшты. Алайда, аттары өшкен жоқ. XX ғасырдың тарихы – ащы термен, һәм қанмен жазылған тарих. Қазақтың қаншалаған мықтылары, нарлары қыршын кетті, түрмеге қамалды, итжеккенге айдалды, азаптың, қайғы-қасіреттің неше атасын көрді. Мұндағы шовинистік биліктің басты мұраты – ұлттық құндылықтары мен артықшылық-ерекшелігінен айырып, мәңгүртке айналдыру. Бұл жолда саяси машина ешкімді аяған жоқ, асау жылқыдай алдындағысын қыршыды, артындағысын тепті, жан-жағын жапырды, тұқымын тұздай құртты. Яғни, Алаш қозғалысы Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, тарихи, һәм рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде туындады деуге толық негіз бар. Өткен ғасырдың басындағы ұлт келешегі үшін жасалған ұлы идеялардың бірі – «Алаш» қозғалысы. Сол кезде азды-көпті сауаты бар, жалпы саясаттан хабары бар делінгендердің бәрі осынау игі бастаманы қолдап, соның сапынан табылды.

Алаш идеясын қолдап, ұлт-азаттық қозғалыс қазақ даласының барлық аумағын, өңір өңірді тұтас қамтығаны көптеген дәлелдер келтіруге болады. Халқымыздың азаттығы мен бостандығы таразыға түскен алмағайып кезеңде аса ірі ауқымды күрестер Алаш қозғалысының жалпыға тән ерекшелігін танытады. Осы ұлттық қозғалыстың маңызды тарауларының бірі – Жетісудағы Алаш қозғалысы болғаны күмән тудырмайды. Алаш қозғалысының басталу уақыты, өрістеу арналары және оған қатысқандар жөнінде нақтылау турасындағы белгілі әдебиетші ғалым Ербол Тілешевтің ой-тұжырымын негізге алмау мүмкін емес. «Біріншіден, Алаш қозғалысы 1905 жылғы отаршылдыққа қарсылықты шаралардан басталғандығы жөнінде тарихшы ғалымдар К. Нұрпейіс пен М. Қойгелдиевтің еңбектерінде дәйектелген, – деп жазады ғалым. – Мұндай шаралар ауқымына дәл осы жылы Қазақстанның әр өңірінен патшалық билікке жолданған, жиыны 25 мыңнан астам адам қол қойған 500-ге жуық құзырхат, Семей және т.б өңірлерде ұйымдастырылған саяси басқосулар, Оралда өткізілген «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құруға арналған сиез, Ә. Бөкейхан, М. Тынышбайұлы сияқты қайраткерлердің Мәскеуде, Санкт-Петербургте ұлттық мүдде тақырыбындағы баяндамалары, қазақ өкілдерінің І Мұсылман сиезіне қатысуы сияқты саяси, қоғамдық құбылыстар енеді. Екіншіден, Алаш қозғалысы аталған жылдан бастап 1920 жылдың 5 наурызында төңкерістік комитет тарапынан Алашорданың жұмысын тоқтату жөнінде шешім қабылдағанға дейін жалғасқан тұтас үдеріс. Үшіншіден, қозғалыс қатысушыларына келсек, оған отаршылдыққа қарсылықты рухани шараларды және саяси, қарулы күрестерді ұйымдастырған ортақ мүдде жолында тығыз байланыста болып, бірлесе жұмыс атқарған азаматтар енеді. Сол кездегі Қазақстан аумағындағы Ақмола, Жетісу, Орал, Семей, Сырдария, Торғай сияқты облыстардағы оқыған, елшіл азаматтар ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында «Алаш қозғалысы» атауымен тарихқа енген ұлт-азаттық қозғалысты дайындады».

Жетісу өңірі де Қазақстанның өзге аймақтары сияқты Алаш қозғалысы басталған жылы болашақта мейлінше ұйымдасқан, мақсатты қозғалысқа айналған және ұлттық идея төңірегінде ақырына дейін күрескен, қарулы қақтығыстар мен қанды шайқастарды басынан кешіре отырып күрескерлік рухы сақтап келгенін айтуға тиіспіз.

Жетісу өңіріндегі қозғалыс аясындағы атқарылған әрекеттерге келер болсақ, Ұзынағаштағы кеңес, Мұхамеджан Тынышбайұлының саяси қайраткерлік қызметі және еңбектері, Барлыбек Сырттанұлының қайраткерлік қызметі және ол дайындаған «Қазақ елінің уставы», облыстық қазақ, кейінірек Алаш комитеттері, облыстық қазақ сиездері, Жетісу облысы өкілдерінің І, ІІ Жалпықазақ сиездеріне қатысуы, олардың арасынан Алаш Орда үкіметіне сайлануы, большевиктермен саяси және қарулы күресі сияқты оқиғалар мен құбылыстар осы өңірдегі ұлт-азаттық қозғалысының мазмұны мен барысы аңдатуға дәлел бола алады. Мұндай жағдайға бірінші кезекте Жетісу өңірінен қазақ жастарының Ресейдің ішкі қалаларында білім алғаны және солардың өзінің Алаштың саяси көсемдерімен ниеттес, мүдделес болғаны тікелей ықпал етті. Ел астанасы Петерборда Императорлық университеттің шығыс тілдері факультетін бітірген Барлыбек Сырттанұлы, Теміржол инженерлері институтының түлегі Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мәскеудегі Лазарев атындағы шығыс тілдері институтын тәмамдаған Сатылған Сабатаев, Қазан университетінің заң факультетін аяқтаған Садық Аманжолов пен Базарбай Мәметов, осындағы Малдәрігерлік институтты бітірген Түбек Есенғұлов, Варшаваның Малдәрігерлік институтын аяқтаған Ж. Сұлтанаев, Киевтегі университеттің медицина факультетін тәмамдаған Н. Жақыпбаев сияқты ел азаматтары білім алып, ел мүддесі, ұлт мұраты жолында қайтпас күреске келді.

Қандай да бір саяси оқиғаның басында білім-білігі жағынан асып тұратын, ойы мен сойы көрінген азаматтардың жеке-дара шығатыны белгілі жайт. Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын саралағанда ең алдымен Барлыбек Сырттанұлының есімі біздің ойымызға оралатыны еш жасырын емес.

Сонау студенттік кезеңде-ақ туған халқының тағдыры алаңдатқан Б. Сырттанұлы елдік мәселенің қай-қайсысында да шет қала алмаған. Ұлт лидері Әлихан Бөкейханның құрдасы болған жетісулық бағлан азамат өзінің азаматтық, өмір принциптерін ерте кезден айқындап қойған. Онысы – елдің тағдыры, халық мұқтажына шын болысу. Сөйтіп 1903-1907 жылдары Барлыбек Сырттанұлы Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне белсенді араласады, жұмыс нәтижесін карта бетіне түсіруге көң еңбек сіңіреді. Кезіндегі Талдықорған, қазіргі Алматы облысының шетелмен арадағы шекараларын сол кезде Барлыбек Сырттанұлы белгілеген еді. Содан осы күнге дейін өзгеріске ұшыраған жоқ.

Барлыбек Сырттанұлының бұдан басқа ең маңызды қайраткерлік қызметі жайында С. Өзбекұлы: «Ол өз заманының озық ойлы зиялыларының бірі ретінде Столыпиннің «Барыңдар, олардың жері мен малдарын алыңдар. Олар сендердің жауларың. Біз оларды қууға көмектесеміз, олар сендердің батрактарың, құлдарың болуы қажет» деген ұранына қарсы батыл үн көтеріп, жердің қазақ халқының меншігінде болуын жан-тәнімен жақтайды, – деп жазады. – Өзінің әскери министрге жазған хатында былайша ашына мәселе қояды: «С 1905 года в Семиреченской области производится отвод переселенческих учасков из земель, находящихся в пользовании киргиз. Местная переселенческая организация отводит под переселенческие участки киргизские усадебные места (зимовки), культурные поля, занятые садами, искусственными рощами, клевером и пашнями, которые орошаются искусственными канавами (арыками), произведенными киргизами, ремонтируемыми ежегодно после спада весеннего половодья. Киргизы выселяются. Жалоба киргиз оставляется без удовлетварения.. Современная практика местной переселенческой организации Переселенческого Управления не только разоряет массами киргизское население, отнимая у него неотчуждаемые усадьбы, культурные поля, но идет вразрез существующему закону».

Жетісу өлкесінде жерді келімсектердің талан-таражға салып жатқан іс-әрекеттерін тоқтату үшін ол 1910 жылы 20 қазанда Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, кеңес өткізеді. Кеңесте өзі баяндама жасап, қазақ халқының жер тарлығынан көріп отырған зардаптарын айтып, патша өкіметінің отарлау саясатын әшкерелейді. «Ел-жұртым, – деді Барлыбек Сыртанов, – қара шекпенділер күннен күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр. Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерлерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет». Ол осы сөздерін іс жүзіне асыру мақсатымен Санкт-Петербургке де барады, талай лауазымды патша чиновниктерінің қабылдауында болады. Олар құлақ аспаған соң Жетісуға оралып, патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен шұғылданады».

Жас ғалым, зерттеуші Е. Тоқтарбайдың дерегінше, Ұзынағаштағы кеңеске «Жетісу облысының барлық түкпірінен келген қырғыздар мен қара қырғыздар қатысқан». Нақтырақ айтқанда кеңеске кейінірек ІІ Жалпықазақ сиезіне қатысқан Мәнке Исмайылов, Дәулетбақов, сонымен бірге кейінірек І Жалпықазақ сиезінде «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылған Дүр Саурамбаев, қазақтар мен қырғыздардың атынан Министрлер кеңесінің төрағасы Г. Виттеге шағымхат жолдаған Жетісу облысы Пішпек уезінің азаматы, қырғыз халқының ірі қайраткері Шабдан Жантаев қатысыпты. Бұл айтулы оқиға да Жетісудағы Алаш қозғалысының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Сондай-ақ осы кезеңде аты атылған қозғалыс қайраткерлерінің қатысуымен құпия жиналыстардың ұйымдастырылғаны да жандармерия құжаттарында ашық жазылады.

Міне, осындай айтары көп, атқарары мол Барлыбек Сырттанұлындай үлкен қайраткер аяқ астынан жаудың оғынан жазымға ұшырамағанда Алаш қозғалысының қызуы көтерілген 1917-1919 жылдарда белортасында жүрері сөзсіз де еді. Мұндай тағдырлы тұлғадан бағыт алып, жүрегіне от жаққан Мұхамеджан Тынышбайұлының да саяси көзқарасы оның жастық шағынан басталған болатын. «Студент М. Тынышпаевтың қазақтардың құқықсыздығы фактілері туралы Министрлер комитетінің төрағасына хаты» деген атаумен белгілі құжатта 1868 жылғы «Уақытша ереженің» және қазақ даласын басқарудағы патшалық биліктің басқа да құжаттарының «өмірдің жаңа жағдайларына» сай келмейтінін, осыдан қазақтардың құқығы өрескел бұзылып жатқандығы жазылған.

Бұдан өзге М. Тынышбайұлы Автономияшылар сиезінде «Қырғыздар және азаттық қозғалысы» атты баяндама жасап, боямасыз дәуір шындығын, отаршылдықтың халқымызға тигізген ауыр зардаптарын толық көрсеткен. Ғалым Е. Тілешевтің пайымдауынша, «ұлтшыл тұлғаның тұтас халқының тағдырын арқау еткен осы тарихи екі еңбегі жетісулық азаматтардың да Алаш қозғалысының бастау кезеңінде тұрғандығын аңғартады».

Жастық шағында-ақ азаматтық позициясын айқындап алған М. Тынышбайұлы Алаштың Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сияқты аса ірі қайраткерлерімен бірге мүдделес бола жүріп, Жетісудағы Алаш қозғалысының барынша жандануына, өрістеуіне жан аямастан еңбек етті. Оның тарихи қызметі Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысына жалпыұлттық кеңістік тұрғысынан да, аймақтық кеңістік тұрғысынан да серпін берді. Өлкедегі санасы ояу азаматтардың топтасып, шоғырлануында да М. Тынышбайұлының әсері мол.

1916 жылғы көтеріліске қатысты Алаш қайраткерлері өз көзқарастарын жалпыұлттық «Қазақ» газеті арқылы бірнеше мәрте білдіргені мәлім. Жетісудағы Алаш қозғалысы Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған Алаш көсемдерінің платформасында болып, бұл оқиғада жалпыалаштық пікірді ұстанғаны айқын. 1917 жылдан бастап Жетісудағы Алаш қозғалысына жетекшілік еткен Ыбырайым Жайнақұлы және тағы басқа да күрескер азаматтардың позициясынан аңғарамыз.

Кейіннен Алаш қайраткері, большевизмммен бітіспес майданға түскен Ы. Жайнақов 1917 жылдың 12-14 сәуір аралығында Верный қаласындағы Әскери жиылыс мекемесінде өткен Жетісу облыстық қазақ съезіне басшылық жасады. Тарихшы К. Ілиясованың зерттеуінше, съезге Верный уезінен – 54 өкіл, Лепсі уезінен – 4, Қапалдан – 3, Пішпектен – 12, Пржевалскіден – 5 өкіл, барлығы 81 делегат қатысқан.

«Жетісу съезіне қатысушылар көбінесе Торғай съезінде талқыланған мәселелерді қайталады. Күн тәртібіне қойылған 17 мәселе – соның айғағы. Олар:

1) Соғысқа көзқарас;

2) Уақытша үкіметке көзқарас;

3) Жергілікті және өлкелік өкіметке, сонымен бірге атқару комитеттері мен басқа қоғамдық ұйымдарға көзқарас;

4) Россияны басқарудың болашақтағы жоғарғы түрі;

5) рухани-діни іс;

6) азық-түлік мәселесі;

7) жергілікті басқару;

8) сот;

9) партиялық араздықты тоқтату шаралары;

10) білім мен оқу-ағарту;

11) облыстағы жер мәселесі;

12) су мәселесі;

13) мал шаруашылығы;

14) отырықшылыққа көшу;

15) заттай салық (натуралды міндеттілік);

16) қырғыздар мен орыстардың қарым-қатынастарын реттеудің тәсілдері;

17) босқындарды Қытайдан қайтару тәсілдері» деп жазады К. Ілиясова.

Съезде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты шиеленіскен ұлтаралық қатынастарды реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Соған сәйкес қабылданған қарарларда қазақтар мен орыстар арасында өзара түсінушіліктің жолдары мен тәсілдерін анықтап алуға, екі халық арасындағы шаруашылық қарым-қатынастарды қалпына келтіріп реттеуге күш салу керектігі баса айтылды. Бұл мәселе туралы Ы. Жайнақов: «Раннее утро» газетінде басылған «Жетісудан, Самарқандтан, Қаратөбеден һәм басқа орындардан әскер басы хабар алды. Қазақ ішінде бүліншілік шыға бастады. Жер жайғастырушы мекемелердің (переселенческое управление) адалдықты аттап, жер алу әдісінің салдарынан шыққан» деген телеграммаға Жетісу облыстық қазақ съезі өкілдері наразылық білдіріп, «ондай дәйегі жоқ, өтірік хабарларды ескі тәртіпті жақтаушылардың барша Түркістанды, болмаса Жетісуды жырмалап, мұндағы жергілікті жұрттарға, оның ішінде қазақтарға бостандық дәмін татқызбай, бұрынғыдай езілген, тапталған, құлдық күйінде қалдырмақ ниетінен туған қулық пен сұмдықтары» екендігін баса көрсетеді. Көп ұзамай осы көтерліске байланысты Ыбырайым Жайнақұлы айыпталып, қызметінен алынған.

Бұған себеп – жолдасының көтеріліс күйіп тұрған кезеңде дарға асылуына қатысы бар деп көрсетілген Ы. Жайнақов пен Қ. Шегіровтің іс-әрекеттерін тексеру, істің анығына жету турасында жазған Б. Байбосынованың арыз шағымы. Осы аталған іске қатысты құжаттарды мұқият қараған К. Ілиясова болған оқиғаның жай-жапсарын толық баяндайды.

 

***

Жетісу жеріндегі шекаралық аудан – Жаркент өлкесі – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жолы, Ресей және Қытай сияқты екі алып мемлекеттің түрлі тарихи кезеңдердегі өзара қатынасымен астасып жатқан айтары бай өңір. ХХ ғасыр басындағы әлемдік аласапырандардың ізі аталған өңірді де айтулы із қалдырды. Өңірдің экономикалық келбеті, мемлекетаралық қатынастағы рөлі, тіпті этникалық құрамы тынымсыз өзгеріп отырған саяси факторларға тәуелді болды. Еліміз мемлекеттік тәуелсіздік алған жылдары Жаркент өңірі де жаңғыру, өзгеру жолына түсті, онын мемлекетаралық қатынастағы орны жана сипатқа, мәнге ие болып отыр. Батыс Қытай мен Еуропаны жалғастыратын сауда трассасы Жібек жолы Жаркент арқылы өткені сияқты қазақ ұлт тарихының сүрлеу соқпағы да өлке тарихымен тығыз байланыста менмұндалап тұр.

1916 жылғы Жаркент уезіндегі саяси оқиғаға қатысты дүрбелең жайында жазылған жазбалар аз емес. Соның бір парасы Ілияс Жансүгірұлының қаламына да ілініп, тарихтың шерлі шежіресінде қаз-қалпында баяндалған.

«Жаркент оязы Қытайға шектес болған соң оған өкімет өте сақ болған. Казак-орыс, хохол қалаларын қаруландырған. «Маусым жарлығы» жарияланарда Кравченко дегенді бас қылып Қарқараға отряд жіберген.

Жаркенттегі алғашқы төңкеріс ұшқыны тамыздың 12-сінде ұшқындады. Бұған дем берген Алматы оязындағы Қызылбөріктердің көтерілісі. Шелек, Меркі және басқа болыстардың қазақтары жиналып, тамыздың 12-сі күні шет Меркідегі Нащепкин деген крестьянның диірменін талап (диірмен қазақ жеріне басып салынған), өзін өлтіріп, аялын байлап, диірменді өртеп жіберді. Онан Жалаңаш қаласына соқтықты. Қаладағы казак-орыстар мылтық атып, кіргізбеді. Егіннен ұстап алып екі казак-орысты өлтіріп, қаланың малын тиіп әкетті және сол күні Шелек басына салынған Ново-Афон қалашығына қазақ тиіп, қаланың бәрін өртеген. Қала адамдары старостаның қорасына жиналып, кешке дейін айтысқан. Жалаңаштан шыққан прапорщик Берг отряды қаланы арашалаған. Қазақтар тауды бауырлай Кегенге қарай жүріп, жолдағы орыс қыстауларының, зайымкелерінің барлығын өртеген. Бұл жолда Спецевский деген поселкені отқа жағып, қазақ қолы со бетімен Қарқарадағы Албанға қосылған.

Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін тұман қылды. Бергтің отряды қазақтың артынан Кеңсу өрлеп түсіп, Кравченконың отряды Қарқарадан, бір жағынан Қырғызстанның қазағы — үшеуі тоқайласып, қазаққа ойнақ салды.

Қазақтар мылтыққа шыдай алмай, быт-шыт боп қашып, Кеген, Текес басына кетті... Көп мал, үй, шаруа иесіз шашылып далада қалды. Оны орыс олжа қылды.

Бұл уақытта қырғыздар Қарақолды алуға қам қылды. Қарақолда орыс күші аздық қылды. Сондықтан Қарқарадағы Кравченкоға жылдам Қарақолға жету керек болды. Тамыздың 14-і күні түннен жәрмеңкені тастап, саудагерлер мен орыс отряды Қарақолға үркіп кетісті.

Жаркент оязында қазақ соқтыққан қалалар: Спецевский, Таврический, Владиславский, Красноярский, Ново-Афонский, Ново-Киевский, Меданский, Шолақ, Медет, Жалаңаш қалалары. Бұлардан басқа жеке диірмен, заимке, хутор, омарталар да көп болды. Бірақ қаланың үйлері өртеніп, үйі талансада, адам өлуден саябыр болды.

Бұл қаланың адамдары «переселен» қарауында болып, сол жылы қыстай қазақ малымен асыралынды.

Тамыздың 10-ы күні сәскеде Қарқара жәрмеңкесіне Санташ жақтан және Жалаңаш жақтан қазақтың қалың қолы көрінді. Осы екі қол келіп, Қарқараның күнбатыс жағындағы жазыққа кеп қосылысты.

Бері казак-орысты алып алдын тосуға бұйырылған еді. Ол 30 шамалы казак-орысты алып алдын тосты. Оқтың оңтайына келгенде екі-үш рет оқты жаппай жібергенде қазақтар быт-шыт боп қашып кетті. 4 адам оққа ұшып қалды.

Тамыздың 12-сі күні қазақ Қарқараға соқтығуға Иір судың бойына және құралды 5000 қаралы кісі болды. Қолындағы қаруы — сойыл, бақан, найза, балта еді. Бұған қарсы 25 казак-орыспен Бері және прапорщик Моргоның ротасы шықты. Бұлар қазақты қамап алмақ болып екі бөлінді.Бергтің отрядының алдынан жаяу қазақтар оқ атқан соң, Берг отряды атысып кетті. Қазақтар атыса-атыса тауға қашты.

Берг қорыққан қазақты қуайын десе де оған бұйрық болмады. Сөйтсе де түс мезгілінде Берг өз бетімен шауып кетіп, қалың қазақтың сыртқа беттеп үріккен көшіне тиді. Түтінің түтініне қосып шапты. Қазақтар жиналып біресе тиіп, біресе шегініп ұйқы-тұйқы болды. Берг қазақ қолының ішінде жүрген ақ жалау көтерген күміс ер-тоқымды көк аттыны дәлдеп атты. Сонда бұл атты қолын бұлғап шауып таудан аса жығылды. Бұл өлген болыс екен. Мойнында III Александрдың алтын медалі бар екен.

Ту ұстаған өлген соң қазақтың жиналған быт-шыт боп қашты. Олардың соңына орыстар түсіп, қозы құйрық қылыштап қырды. Аяғында Берг отряды 10.000-нан астам сиырды, 40-50 мыңдаған қойды, 40 түйелі мүлікті, бірнеше мылтықты Қарқара жәрмеңкесіне айдап келді.

Тамыздың 13-і күні Қарақол жағындағы жолдан бір топ қол көрінді. Алдынан Берг тағы қарсы шықты. Бұлар 300- дей Қарақолдағы апиын кесуге келген қытай, дүңген кедейлері екен. Орыс отряды бұлардың алдынан оқ атып, быт-шытын шығарды. Олар Қарқараны өте қашты. Соңына тағы орыс түсіп, 11-інен басқасын тегіс қырды. 11-ін Қарқараға ұстап әкеліп, оларды да 14-і күні таңертең Жаркент жолының үстінде Серікбайлармен бірге атып тастады.

Тамыздың 14-і күні Қарқарадағы барлық отряд саудагерлерімен қоса Қарақолға көшті. Бұларға Санташ асуында қырғыздар және соқтықты. Бірақ қырғыздар бірнешеуі оққа ұшқан соң қайта серпіліп, тауға кіріп кетісті. Бұл соқтығыста қырғыздың 23-і оққа ұшты.

Тамыздың 15-інде осы отрядты Жырғалаң суын өтерде және көп қырғыз қамады. Көпір бүлінген еді. Екі жақтан атыс болды. Қырғыздар жедел тиіп жіберсе де, жаппай атылған оқ олардың бетін қайтарып бұрды. Аяғында көп өлік қалдырып, қырғыздар тауға қашты.

Орыстар бұл қырғыздардан қанмен жазылған бір ту түсіріп алды.

Жаркент оязындағы көтеріліс Албанда болды. Іленің оң жағында қоныстайтын Суан деген ел Қытай шегіне барып қайта қайтты. Суандар консул арқылы Алматы жандаралынан ұлықсат алып, жігіт бермек болып, жеріне көшіп келді.

Бірақ бұлар да көп шашылды. Жаркент оязында Албан үркіп кетіп, қазақтан қалған Суанға барлық алым-салық кеңірдектен басты. Үй басына айналдырып ат алды. Ояздағы барлық қалған астықты Суан мен қолына түскен Албанға орғызды. Қыстай неше түрлі шығыннан ел ығыр болды.

Жаркент оязындағы тараншылар да алғашқы уақта «жұмысшы бермейміз» деген сөздері болған. Бірақ қазақтай көтеріліп кете алмаған. Оған себеп — олардың отырықшылығы болыңқырады. «Бала бермейміз» деген тараншының бірсыпыра ақсақалдарын әкеп Қарқарадағы түрмеге тығады. Мұның бірнешеуі Албан Серікбайлармен бірге Қайқыда атылды.

Жаркент оязынан үріккен елдің жайы өте нашар болды. Қытай шегіне барған жерде Қытай шерігі өткізбей, бір жағынан орыс қуып, орасан тарлық көрді. Аяғында тарту-таралғысын беріп жүріп, қашып-пысып Қытайға қараған Құлжа ауданындағы Қызай мен Албан қазағының жеріне барды. Осы жерде адамы сатылып, ауылы таланды».

Осы бір заман куәгерінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ, әрине. Қасіретті, қайғылы күндерді еске алу қандай ауыр болса да, еске алмауға тағы болмайды. Себебі бұл біздің өз тарихымыз, өз тағдырымыз.

 

Әдебиеттер:

Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек,1995.Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат,1995.Тынышпаев М. Политические выступления, научные труды, документы. Қазақстан, 2009.Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4 т. Қазақ сиездері. Құрастырушы К.Ілиясова. Астана: Астана полиграфия, 2007.Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1 т. Алматы:Алаш, 2004.Жансүгіров І. Жаркент оязында.