14 Наурыз қандай күн?
14.03.2023 2546

14 Наурыз еліміздің батыс өңірінде Амал мерекесі, яғни Көрісу күні тойланады. Өзге өңірлер үшін таңсықтау көрінгенімен, бұл мерекенің жалпы қазақ үшін маңызы да бір һәм биік. Себебі аталмыш мерекеде қалың жұртшылық бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болып қана қоймай, егер көңілінде қалған өкпе-реніші болса, оны ұмытып, бір-бірімен татуласады.


Сондықтан да шығар, өңір халқы үшін «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Қайырлы жас болсын!» деп тілек айту – сол 14 Наурыз күні игі дәстүрге айналған. Жылдан аман шыққанына, Жаңа уақыттың, Жаңа жылдың басталғанына ерекше қуанып, дәл осы  күнді ерекше қадірлеген.

 

Сурет: Т. Құсайындікі

 

Бұл туралы тарихшы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымұлы:

«Иә, 14 наурыз жылдың басы, көрісу күні болып табылады. Себебі қазақ халқы жылдың басын наурыздан бастап есептеген. Қаңтарды жылдың басталуы деп есептемеген»-дейді.

 

 

Наурыз туралы тарихи жазбалар мен деректерге көз жүгіртсек, ғаламтор бетінен Ахаттың жазбаларына тап боламыз. Ал Ахат деп отырғанымыз – Құдайберді ұрпақтарының бірі, әке аманатын жалғаған, Шәкерімнің кенже ұлы, ақын, фольклоршы, шежіреші Ахат Шәкерімұлы еді. 

Иә, сол Ахат Шәкерімұлының жазбасында да бұл күн туралы: «Е, міне! Солай-ау, бәсе! Табиғаттың қайта түлеп жаңаруы, адамзаттың да жаңа тілеу, жаңа үмітпен жаңарып, жаңа өмірге аяқ басуы марттың бірі болуы керек емес пе?!» - деп келетін дүние бар.

Одан  соң осы сөздің артын іле-шала ол: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз», – деп жазыпты.

Жалпы 14 Наурыз Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау өңірінде атап өтіліп, жергілікті тұрғындар арасында жыл басы саналады. Көрісудің рәсіміне сай, барлығы бір-біріне сәлем беріп, жасы кішілері жасы үлкеннің үйіне кіріп, амандасып шығады. Бұл – сол Көрусі күнін тойлайтын жұртшылыққа тән заңдылық. Ал аталған өңірлер ішінде Маңғыстау жұртшылығы бұл күнді сәл өзгеше атап өтеді. Яғни өлкеде Амал мерекесін тойлау Отпан таудың басындағы бас қосуымен басталады. Жергілікті дәстүрге сәйкес, Отпан тауда ұран-оты жағылып, елдің зиялы, қадірлі адамдары да отты жағу үдерісіне белсене ат салысады. Сондықтан да шығар, Маңғыстаудағы Отпан тау жайлы ақын Сабыр адай:

«Туысқа туыс ерген күн,

Кербездеп кеуде керген күн.

Бірлігін көріп халықтың,

Отпан тау төрін берген күн»,-деп жырлайды.

Ал 14 наурыз туралы Маңғыстау өлкесінің тұрғыны, педагог Қабыл Әбдірахманұлы:

«Баяғыда жұлдызшылардың дәурені жүріп тұрған заман болған. Сол кездегі күнтізбе бойынша, жаңа жыл наурыздан басталған. Мысалы, желтоқсан бізде 12-інші ай ғой, ал сол күнтізбеде  10-ыншы ай саналған. Тіпті «декада» деген сөздің өзі 10 күндікті білідіреді. Алайда Кеңес үкіметінің кезінде бұл күнтізбені жойып жіберді. Міне, содан бері халық жадында сақталып қалса керек, жылдың келуін осы күнмен, яғни 14 наурызбен басталады. Ал кейбір жерде, мәселен, Бесқала қазақтары мұны 13 наурызда тойлайды»-дейді.

 

 

Спикеріміздің сөзін тыңдай отырып, оған жаңа жылды 14 наурыздан бастау неге дәл батыс өңірден басталатын сұраған едік. Оған:

«Неге дәл еліміздің батыс өңірінде бұл дәстүр сақталған десек, мұның себебі мынадай болса керек... Шыны керек, оңтүстік өңірге отырықшы мәдениет ерте келді. Сол себепті ол жақта иран, парсы халықтарының жазба мәдениеті кеңінен сақталған. Ал ол жазбаларға сүйенсек, жыл басы 21-22 Наурыз екені анық. Ал біздің өлкедегі аңыз-жырларда жыл басы 14 наурыздан басталатыны жазылған. «Амал» деген сөздің өзі сол «хамал» дейтін жарық жұлдыз атауынан шыққан деседі»-деп жауап берді. 

Маңғыстауда Амал деп аталғанымен, өзге батыс өңірлерде мұны тек «Көрісу күні» деп, адамдар бір-біріне «Көрісу айт қабыл болсын!» деп жатады. Осыған байланысты атыраулық тарихшы Ш. Нағымұлы:

«Амал деп атыраулықтар табиғаттың көктемде бірінен соң бірі кезекпен келетін табиғат құбылысын атайды. Мысалы, бес қонақ, бес ешкі, отамалы, құралай. Бұл күндері ауа райы бұзылады. Көрісу қазақтың жаңа жылының мерекесі, ал Наурыз жаңа жыл емес, ол – бүкілхалықтық зайырлы мейрам, оның дінге қатысы жоқ»-дейді.

 

Сурет: Т. Құсайындікі

 

Әрине, бұл сөздің де жаны жоқ емес. Себебі қазақ халқы ежелден бері күнкөріс қамына ауыр зардабы тиер деп, табиғи процесстерді ұзақ зерттеген. Және оның алдын алу үшін, яғни «амал ету» үшін уақытты кезеңге бөлген. Сонымен сол 7 амалға: Күннің тоқырауы, Ай тоғамы, Қарашаның қайтуы, Мұздың қатуы, Қыс тоқсан, Киіктің матауы, Үркердің батуы жатқан. 

Дегенмен аталған күн жайлы пікір айтушылар оның жалпыхалықтың мерекеге ұласуын тілейді. Мысалы: 

«Сол күні тек адамдар көрісіп қана қоймайды, ұлттық спорт, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр дәріптеледі. Ел-жұрт бір-бірімен етене араласып, өкпе-ренішін басады. Сондықтан оның жалпыхалықтық мейрамға айналуын құптаймын.»-дейді маңғыстаулық Қ. Әбдірахманұлы.

P.S. Сонымен сөз басында айтқанымыздай, 14 наурыз – адамдар тек бір-бірімен көрісетін күн емес. Жас пен кәрінің, дос пен дұшпанның ымыраға келіп, ортақ шешім табатын, ағайынның арасындағы кикілжің көктемгі қардай еритін күн. Сондықтан да болар, қазір тіпті оңтүстік өңірде де оқтын-оқтын жыл басын дәл осы күннен бастау дәстүрі қалыптасып келеді. Ал соңғы уақытта БАҚ бетіне жарияланған жаңалықтарға сүйенсек, еліміздің батыс өлкесін су басып, төтенше жағдай жарияланғаны мәлім болды. Осындай сәтте «амал ету» дегеннің шын қадірі мен парқын білген, көктемгі қар суының еритін, өзеннің таситын уағын ерте аңғарған қазақ халқының терең тәжірибесіне қарайсың да, қайран қаласың. Тек соны сол өңірдегі басшылық та, Астанадағы жауапты министрліктің де білмей, ескермей қойғаны өкінішті-ақ...