Байбарыс сұлтан  Бурджи (Бөрші) мәмлүктердің өкілі
28.02.2023 2029

Мысыр  мәмлүктері туралы жазылған ғылыми және көпшілік әдебиетте  олардың  «бахри» және «бурджи» атанып  екіге бөлінетіні туралы айтылады.   Бұл жерде  «бахри»  қымбат деген  мағынаны  білдіруі мүмкін, ал «бурджи»  арабтың   мұнара  деген ұғымына келеді.  Мәмлүктердің  соңғы  тобын  әдебиетте Кавказдан келген, немесе Шеркеш мәмлүктер деп атайды. 


Бұл мәселе біз үшін аса маңызды, себебі Байтбарыс сұлтан  осы  соңғы  «бурджи» тобының өкілі.  Біздің ойымызша  «бурджи» сөзін мұнара деп түсіндіру    Мысыр мәмлүктерінің   тарихына да,  мінездемесіне  де  келмейді.  Біздің пікірімізше «бурджи» атауы  осы топтағы  мәмлүктердің  басым көпшілігі шыққан  Бөрші рулық атауын  нұсқап тұр. Себебі   «бурджи» мәмлүктерден шыққан Байбарыс та, одан кейін билік құрған Қарауын да, оларға қызмет жасаған мәмлүктердің  көпшілігі  де  Қырым жерінен әкелінген әскери тұтқындар. Біз тарихи  жазбалардан Байбарыс  сұлтанның    Қырым аймағында туғанын,  бала  кезінде  Бұлғар ханы Анардың  қолына тұтқынға түсіп, кейін құлдыққа сатылғанын нақты білеміз. 

Тарихи деректерден Бөршілердің  Қырым жеріне қатысы туралы толып жатқан мәлімет алуға болады. Қырымның дәл ортасында, Қырым хандарының ордасы болған Бақшасарайда Бөрші атты елді мекеннің орыны жатыр, ал Қырым топопонимиясын түгел  қарасақ Бөрші аталатын  елді мекен біреу емес бірнешеу.  Соның бірі және мықты дәлелі Қырымның нақты картасында (Подробная карта Крыма масштаба 1 см: 2 см) мен мұндалап тұрған Қотыр Бөрші (түпнұсқада -Котур Бурчи).  Бұл елді мекен қазіргі күні әкімшілік жағынан Қырым автономиялық облысының Красногвардейский ауданының жерінде. Бөршілердің қазақстандық бөлігін көрші рулар «Қотыр Бөрші»  атайтынын және оған бөршілердің намыстанатынын  ескерткеніміз жөн. Негізінен «қотыр» сөзінің көне мағынасы әлі толық зерттелген жоқ.

Қырымдағы тағы бір Бөрші атауын еске түсіретін топонимдер Үлкен (Ұлық) және Кіші (Кішік) -Бурчи аталатын ескі ауылдардың атаулары (Бушаков, 1991: 45-47). ХVІІІ-ХІХ  ғасырларда бұл ауылдар Таврия облысы (Тавр – бұқа  деген сөз, грекше нұсқасы ) Перекоп (Ор бұғазы) қаймақандығына қараған, оның ішінде Қарауыл қадылығы. Бөрші ауылдары бертінгі карталарда жоқ, көбінесе Қырымның ескі карталарында кездеседі. 

Бір қызығы Қырымдағы бұрыңғы «Арғын қадылығы» деп аталатын уәләйатта Найманның бірнеше қоныстары кездеседі (Жоғары Найман, Жаңа Найман, Ашығы Найман т.б.). Осыдан -ақ Ғұн дәуіріндегі ұлы қоныс аударуларға арғын-найманның бірге қатысқанын мойындауға тура келеді.

Енді  Бөрші  эпонимі  Қырым жеріне қалай келді деген мәселеге  келейік. Шежіреге қарасақ Бөрші  руы Арғын ішіндегі үлкені болып саналатын  Қуандықтың  алты баласының  біреуінен тарайды. Тарихшылардың тағы бір ескеретін  мәселесі  Бөрші руы өкілдерінің  ДНК көрсеткіші Еуропадағы негізгі және көне аталатын І гаплотобына жататыны.   Жалпы арғындық  G1 гаплотобы да еуропалық  нәсілдерге жақын болғанымен  бөршілік  І тіпті ерекше зерттеуге сұранып тұрған құбылыс.   

Қазақ құрамындағы бөрші саны қашанда щағын болоғанын біз ХVІІІ-ХІХ ғасырлар деректерінен бірден аңғарамыз. Революцияға дейінгі патша үкіметінің санақтарда екі старшын ғана болған, бірақ генеалогиядағы орны өте көне елдің көпшілігі  қазақ  жерінен  тыс өмір сүретіні   күмәнсіз. Қазақ бөршілерден бірнеше атаға бөлінеді.  Олардың ішінде Жоламан мен Алатаудың көпшілігі Қорғалжын-Теңіз маңында мекендеген, Түркістан аймағында да кездеседі.  Бөршіден тарайтын үшінші ата Аяпбергеннің тұқымы  Қытайда дейді шежіре білетін қариялар. Қай заманда олар Қытайға өтті, ол туралы дерек жоқ.  Бөрші балалары  Ғұн заманында Арғын елі бері көшкенде сонда қалып қойды ма, ол жағы белгісіз.  Қазіргі күні Қорғалжын  өңірінде  Бөршілер   орналасқан  екі ауыл ғана  бар.  Бірі- Сарыөзен бойы, екіншісі- Сабынды. Сабынды қазақи және бертінгі заманға тән көл атауы дейік,  ал Сарыөзен атауы қай заманнан бері келе жатыр ?  Біздің есімізге  бірден  ерте заманда  Ғұндар мен Қытай арасында даулы болатын Хуанхэ (Сарыөзен) түседі.  Сарыөзен мен Ордос жазығы кезінде біздің ата-бабаларымыздың қонысы болған жер. Орталық Азия көшпелілері мен Қытай арасында осы жерге талас бірнеше жүздеген жылдарға созылды. Бұл күрес  Ғұн  дәуірінде  басталып, Түркі дәуірінде жалғасып, Моңғол дәуірінің соңына қарай Қытай пайдасына шешілді. 

Қазақтың  өзге  аталарының  тарихы сияқты Бөршінің тарихы да  көне тарихпен, әсіпесе  Ғұн дәуірінің әңгімелерімен  астасып кетеді.  Батысқа жылжыған ғұндар жолай толып жатқан елдерді бағындырып, Боспор патшалығын талқандап  Қырымды,  Кавказды жайлап, одан Шығыс Еуропаны қаратып,  376 жылы Римге найзасын тіреді. .   Бұл дәуірдің ең ұлы оқиғасы деп тарихшылар 451 жылы болған Франция жеріндегі Каталаун шайқасын атайды. Рим мен Ғұн арасындағы соғыста 200 мың адам қайтыс болған екен. Герман тайпалары амал жоқтықтан бірі Рим жағында, екіншілері  Ғұн жағында шайқасты. Осыдан кейін Аттила Рим империясының орталық бөлігін талқандап патшаның қарындасын, Римнің қазынасын алды. Корытындылай келсек, ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қозғалысы» әлем тарихында орта ғасырлардың қақпасын ашып, феодалдық дәуірді бастап берді. Ғұн соғысынан кейін құл иеленуге негізделген Рим империясы ыдырап Еуропада ұлттық мемлекеттер пайда болды. Бұл Еуропа тарихы үшін үлкен прогресс еді         

Міне, осы алапат қозғалыс кезінде Бөршілердің алдыңғы қосындары өзге арғын топтарымен бірге, вестготтарды ығыстыра отырып  Солтүстік-Шығыс  Испания өлкесіне барып қалды. Олардың табан тіреген жері кейіннен Арагон облысы аталды. Еуропа траихының орта ғасырларында Бөршілердің атын әлемге шығарған  Борджиа әулеті осы  Арагон өлкесінің, соның ішінде Кампо де Боржа (Campo de Borja) аймағының тумалары.  Осы өлкеде билік құрған әулет кейіннен Италия ақсүйектерінің қатарына кірді де Борджиа, нақтырақ Борджа (италиян тілінде -Borgia) аталды (Артықбаев,  https://e-history.kz/kz/news/show/484)

Байбарыс қа қатысты деректердің бәрінде де  оның  түркінің Бурч  углу тайпасынан шыққаны жазылады . Мысалы мысырлық тарихшы әл-Айни «Иқду ал-джуман фи тарих аһл ал-азман» кітабында  «Байбарыс бин Абдорлла, ұлы Қыпшақ, түркінің Бурш углу тайпасына жатады».   Шихабуддин ан-Нувайри  «Нихаят аль-араб фи фунун аль-адаб» атты энциклопедиясында   «Египеттің төртінші билеушісі, нағыз патша  Байбарыс ас-Салихи  Ел- Бөрілі (Ал-Бурули) тайпасынан» деп жазады  (Сборник материалов, 1884:129).  Қалай болғанда да бұл жерде Бөрші атауында да, Бөрілі атауында да  Бөрі тұрғаны  басты назарда болу керек. 

Сонымен  Байбарыс Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде Қырым түбегінде қалған  бөршілердің арасынан шыққан кемеңгер азамат.

Байбарыс тағдыры

Байбарыстың  қай жылы өмірге келгенін нақты анықтау қиын, деректерде  бірде 1223,  бірде 1225, бірде 1227  жылыдар көрсетіледі.  Бұл моңғол-татардың батысқа аттанған алғашқы жорықтарының аяқталған кезеңі. Дегенмен Қырым мен Еділ-Жайық бойындағы ел осы толқын арасында орнынан қозғалып кеткен.   Шығыстан Батысқа қарай жылдыған елдер  Қырым түбегіне соқпай өтпейді, яғни     Байбарыстың балалық шағы  осы көші қондарға қатысты  болуы керек.    Қырым бөршілері  бұл өлкені ертеден қоныстанғанмен жаңа келген халықтардың тлқыны оларды орнынан қозғап жібергені анық.   Осылайша   1239  жылдары Байбарыстың ауылдары  Бұлғар ханы Анармен келіссөздер жасап, Қара теңіз арқылы бұлғар қонысына көшіп келеді. Олар алдымен Байбарыстың бөршілеріне екі таудың арасынан жер бөліп бермек болады да, кейіннен аярлықпен шабуыл жасап, бейбіт ауылдардың тас-талқанын шығарады. Қалай болғанда да Байбарысты  Мысырға құлдыққа сатқан моңғолдар емес,  түркілердің өзі.   Байбарыспен бірге тұтқынға түскен  Әмір Байсары өзінің естеліктерінде «Тұтқынға түскендердің ішінде мен және Байбарыс бар еді. Сол кезде оның жасы шамамен он төртте еді.  Тұтқындарды  Кіші Азиядағы Сиуас құл базарына жөнелтті. Содан мен Байбарыстан ажырап қалып, кейін Халаб қаласындағы Хан ибн Қылыш базарында кездестік. Оның иесі әмір Айтегін әл Бундукдар  тұтқындалғанда Байбарыс сұлтан иеліген көшті» делінеді   (Сәки  2006: 13 ).  Міне, Байбарыстың карьерасына жол ашқан да соңғы  оқиға, оның  Әмір Айтегін  әл Бундукдар қолына келуі.

Бундуктар деген сөз сұлтанның құс ататын «бундук» атты қаруын тасушы деген  мағынаны  білдіреді. Бундук қазақтың бертіңгі заманға дейін қолданған сақпан деген қаруы. Біраз уақыт өткен соң  Әмір Айтегін  әл Бундукдар сұлтан алдында кінәлі болып,   оның  дүние -мұлкі және мәмлүктері сұлтан қарамағына көшеді.  Өзге мәмлүктермен  бірге Байбарыс та сұлтан қызметіне кіреді. Мысыр мен Шамды қатар билеген, Наджмуддин Айюбтың қарамағына өту Байбарысқа үлкен жол ашты. Байбарыс бұл кезде он тоғыз жасқа жаңа толған еді.  

Мысыр билігінің мәмлүк қолына өтуі

 Бұл кезең крест соғысы аталатын жаугершіліктің қызып тұрған уақыты еді.  1248 жылдың күзінде Франция жерінен 60 мың жауынгерді соңынан ертіп король Льюйс Фрэнсис Иерусалимді христаиандарға қайтарып беремін деп жетінші крес жорығына аттанды.  Жолда Кипр (Алаш)  аралына тоқтаған француздар  моңғол-татарлармен Мысырға қарсы келісімсөздер жүргізді,  болашақ жорықтың жоспарын талқылады.  Әскер басылардың   бірі тікелей  Иерусалимге аттануды қолдаса,  екіншілері мұсылман  әскерінің  күш-қуаты   болып тұрған Мысырды шабу дұрыс деді.  Осылайша  еуропалықтар кемелеріне мініп Ніл атырауына қарай бағыт алды. Крест  жорығы түркі тектес мәмлүктердің сұлтандық билікке таласуына жол ашқан жаңа саты болды. 

Мансура қаласы үшін  соғыстардың қызған тұсына   Наджмуддин Айюб сұлтан 1249 жылдың қараша айында қайтыс болды. Сұлтанның өлгенін жариялауға қорыққан мәмлүктер ақылдаса келе, Кайфа қаласына билік жасайтын Наджмуддин Айюбтың жалғыз ұлы Тураншахты шақырады.   Ол келгенге дейін  Наджмуддин Айюбтың әйелі, сұлтан қандай жорыққа аттанса да жанында жүретін Шаджарадур, «хан ием науқастанып жатыр» деп сұлтан сарайына ешкімді жібермей күзетеді. Тұраншах, Шаджарадур әңгімелері  қызық болғанымен тым ұзақ, оны кейінге қалдырамыз.

Бастысы  Мансурия үшін болған соғыстарда Дәшті-Қыпшақтан және Хорезмнен шыққан   мәмлүктер үлкен ерлік  көрсетті, кресшілердің көпшілігі қырғын тапты, қалғаны   француз королі Льюйс Фрэнсис  бастап қолға түсті.  Осы жеңістер,   Айюб сұлтанның өлімі, Тұраншах пен Шаджарадур арасындағы сарайдағы бақталастық Мысыр мен Шам аймағының билігінің  мәмлүктерге өтуіне алып келді. 

Алғашқы бетте   сұлтандық таққа  Мансурия соғыстарында ерлік көрсеткен, содан  кейін   Шаджарадурға үйленген   Айбек мәмлүк отырды. Ол мемлекеттік істерде Ақтай,  Байбарыс және Балапанға   арқа сүйенді. Мәмлүк   билігіне  жергілікті  ел  де наразы  еді. Бір жағынан соғыс шығыны тұралатқан қарапайым шаруалар, екінші жағынан жат елдік адамдардың билікке келуіне наразы араб текті  көсемдер, екі мәселе де оларды  көтеріліске итермеледі. Бірақ Мысыр тарихындағы қарапайым елдің сан жүздеген көтерілісі сияқты бұл бас көтерулер де қан-жоса болып басылып, наразылық басшылары ауыр азаппен өлтірілді. Тарихи жазбаларда Ақтайдың  он екі мың атты, алпыс мың жаяу адамнан тұратын көтерілісшілер әскеріне небәрі екі мың адамдық мәмлүк қосынымен шабуылдап тас-талқан қылғаны айтылады. 

Тарихи жазбаларда бұл соғыс Ақтайдың «Мен білемін оларды» деген сөзі арқылы қалды. Бұл кейін мысырлықтардың қорқақ мінезін қысқаша ғана сипаттап беретін қанатты сөзге айналған еді.

Ақтай беделінің тым шарықтап кетуі Айбектің шошындырса керек. Бұл кезеңде мәмлүктер арасында екі топ анық қарама-қайшылықта өмір сүріп жатты. Бірінші топ шыққан тегі Қырыммен байланысты Дәшті- Қыпшақ мәмлүктері болса, екінші топтың басшылары түбі Хорезмдік түркілер еді. Бірінші топқа жетекшілікті Ақтай мен Байбарыс жасады, ал екінші топқа жетекшілікке Құтыз көтерілді. Бұл соңғы топ Айбектің сарайының  маңына топтасып,  бірте-бірте  шешуші  күшке айналды.  Құтыз атабек (аталық) атағын алды.

Ақыр түбінде Айбек  Ақтайды өлтіріп, оның жанына   ерген мәмлүктер   түн жамылып Мысырдан қашып шығуға мәжбүр болды. Шамға қарай шығып кеткендердің ішінде әмір Балапан, Айтемір, Сұңқар ар-Руми, Ашқар, Байсары, Қалауын, Сегіз, Барамық деген басшылықта жүрген азаматтар бар еді. 

Жеті жыл сұлтандық ғұмырында бірталай іс атқарған, Айюбидтерден кейін биліктің тұрақтап, шаруашылықтың  қайта  гүлденуіне  еңбек сіңірген Айбек өз ара тең атаның ұлы болып есепетелетін мәмлүктер арасында сұлтандық атағын мойындата  алмай  өмірден кетті. Құтыз бастаған мәмлүктер Айбектің он бес жасар ұлы Әлиді таққа отырғызып, оған адалдық туралы ант берді. 

Тарихтың 1257 жылы Мысыр аймағына осындай саяси төңкерістермен келді. Байбарыс тобы да қарап жатпай сарайдағы аласапыранды пайдаланбақ болып шабуылға шықты. Бір-екі жыл бойы екіге бөлініп алған мәмлүктер арасында тағы да қиян-кескі шайқастар жүрді. Құтыз бой бермеді. Осы уақытта моңғол-татар әскері  Бағдатты алды, халифаны кілемге орап тепкілеп өлтірді деген хабар жетті.   Енді бірде Кетбұқа бастаған моңғол-татар әскері Шам шаһарының өзін соғыссыз алды, жау іргеге келді деген ақпарат жетті. 

-Міне, осы алып-қашпа әңгімелер, моңғол-татар алдындағы қорқыныш  Мысыр мәмлүктерінің   басын  қайта қосты. Сұлтандық билікке Құтыздың өзі отырып,  Байбарыс оның әскерінің оң қанатына басшылық жасайтын болып келісімін берді.  

Моңғол империясын  өз қолымен құрған азаматтардың бірі, Жошының аталығы,  атақты  жыршы Кетбұқа  ноян  басқарған моңғол-татар әскерімен  болған 1260 жылғы  шайқас  Байбарыстың ұйымдастырушылық  қабылетін,  әскери қолбасшылық қасиетін және жеке басының  ерлігін көрсетті.  Сонымен бірге бұл шайқас Байбарыс соңынан ерген бөрші  мәмлүктердың   Мысыр билігін  өз қолына алуына мүмкіндік берді.  Бұл туралы біз арнайы жазатын боламыз.

Әдебиет:

Артықбаев Ж.О. Бөрші: ұлы көш тарихы//https://e-history.kz/kz/news/show/484

Аль-Макризи. Книга поучении и назидания// Семёнова Л. А. Салах-ад-Дин и мамлюки в Египте. М.: Наука, ГРВЛ, 1966, с.210-221..

Бушаков В.А. Тюрская этноойкономия Крыма. М.,1991. 225 с.. 

Сәки Қ. Қыпшақ мәмлүктер. Астана,2006. 289 б.

Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.1. (Извлечения из арабских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном). СПб., 1884. 395 с.