Мысыр мәмлүктері және  Дәшті-Қыпшақ
24.02.2023 3230

«Мәмлүк» деген сөздің араб тіліндегі  мағынасы «біреудің  иелігіндегі адам» дегенді білдіреді. Ерте кезде  Еуразия далалық аймағынан Мысыр өңіріне тағдырдың талқысымен барып қалғандарды «абд мәмлүк» деп атаса  керек, яғни «иеліктегі құл» деген мағынада. Кейін келіп «абд» сөзі тек құлдарға қатысты  қолданыста қалса, «мәмлүк» сөзі ресми терминге, әскери қызметшіге қатысты айтылатын болған. 


Ортағасырлық араб тарихшылары мәмлүктердің отаны «Қара теңізден Хазар теңізі арқылы Түркістанға дейін созылған Қыпшақ даласы» дейді. Ал енді қазақ шежірешілерінің  ішінде де  «Дәшті-Қыпшақ» ұғымына дәл және әдемі анықтамалар берген көптеген адамдар болғанын біле бермейміз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы берген анықтаманы қарайық: «Күнбатысы -Сырдария, күншығысы-ұзын аққан  Ертіс, оңтүстігі -Жетісу-жеті  өзен, солтүстігі -Еділ-Жайық. Осы төрт судың арасы заман- қадымда тауарихларда «Дәшті-Қыпшақ» атанған. Ол Қыпшақ өзі Уыз хан заманында іші қуыс шірік ағаштың ішінде туып, аты «Қыпшақ» қойылып, өсіп жігіт болған соң, Уыз хан оны қолына түсіріп, қолбасы қылып:

-Қытай, Қалмақ, Олақ, Шығмұруа, Сақлаб, Мажарды жаула!-деп жіберіпті.

  Мұның бәрін қырып-жоқйып, өзіне қараатып алып, осы төрт судың бойында бір шеті Әмудариясына дейін билеп-төстеп: «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе ?» -деп мақал болған Қыпшақ осы» дейді (Көпейұлы. 8 т, 2013: 276). 

Әдемі анықтама,  бірақ «Дәшті-Қыпшақ» ұғымының  Еділ- Жайықтан арғы батыс өлкеге де қанат жайып  кеткенін  Мәшһүр Жүсіп біле қоймаса керек. Негізінен «Дәшті -Қыпшақ» шығыс әдебиетінде  жиі қолданылатын, ал ауыз екі тілде айтыла қоймайтын кітаби термин. Алтын Орда дәуірінде алып империя құрылуына байланысты «Дәшті- Қыпшақ» атауы  Шығыс Еуропа, Қырым-Кавказ жұртына да тарады.  Мысалы   атақты араб-бербер  саяхатшысы Ибн Баттута Мысырдан шығып Кіші Азия мен Сирия арқылы Түркия жеріне келеді. Түріктің Алейе, Анталье, Бурдуре, Сабарте, Кайсари, Сивас, Амасье, Эрзэрум қалаларын аралағаннан кейін  1331 жылдың соңында Қара теңіздегі портты қала Синопқа жетеді. Осы жерден ол 1332 жылдың басында кемеге отырып Қырымдағы Керіш (Керч) қаласына ат басын тіреді. «Біздің келген жеріміз Дәшті-Қыпшақ деп аталады, -деп бастайды өзінің әңгімесін Ибн Баттута. - «Дәшт» түркі тілінде дала деген мағынада қолданылады. Бұл шетсіз-шексіз дала жап-жасыл кілемдей және қайырымды, бірақ ол жерде өсіп тұрған ағаш жоқ. Ұлан-байтақ далада не тау, не төбе, не құрылыс, не отқа жағатын ағаш табу қиын... Бұл ұзындығы алты айлық жол болатын далада арбамен саяхаттайды, оның үш айы Мұхаммед Өзбек сұлтанның иеліктерінің үстімен өтсе, қалған  үш айлығы  өзге  иеліктердің жерімен өтеді» (Ибрагимов, 1988: 21).

Керіште (орысша -Керчь)   жерге  түскен  саяхатшы одан әрі Кафа (Феодосия)  портына келіп, одан әрі  Солдайа (Судак),  Солхат (Ескі Қырым шаһары) т.б.  қалаларға аялдап  Азау теңізінің батыс жағалауын жағалап Азак қаласына, одан әрі  Мажар  қаласына келеді. Бұл жерде Өзбек ханның өзінің жаз жайлауы   Бестау маңында екені анықталады, одан әрі сұлтанның ордасымен бірге көшіп Астрахан қаласына келді. Астраханда жүрген кезінде  Өзбек ханның  Байалын атты византиялық әйелі өз  еліне төркіндеп баратын болғасын, оның көшіне еріп Константинопольге (Стамбул) бір соғып кетіп, одан Астраханға қайта оралып, одан Алтын Орданың сол кездегі астанасы Сарай-Беркеге келіп бірақ демалды. 

Міне, осы сипатталған аймақтың бәрі де Дәшті-Қыпшақ аталады. Тарих саласындағы ғылыми  әдебиетте ғалымдар өздеріне ыңғайлы болу үшін бұл суреттелген аймақты Батыс Дәшті-Қыпшақ деп, ал Еділ-Жайықтан шығысқа қарай жатқан аймақты Шығыс Дәшті-Қыпшақ деп атайды. 

Жоғарыда араб жазбаларында айтылатын Хазар теңізі  біз үшін қазіргі Каспий теңізі болып табылады. Тіршілік алға жылжи береді, оған еріп заман өзгереді,  оның ұлы оқиғалары шаң беретін жер мен су да өзгеріс үстінде.  Енді келіп кешегі Хазар теңізі  деген атауды тек ортағасырлық  тарихи жазбалардан ғана табасыз. Сол сияқты Х ғасырда «Оғыз даласы» аталып жүрген дала ХІ ғасырдағы ұлы көші-қондардан соң  «Дәшті- Қыпшақ» атана бастады дейді білетіндер. Бұл жерде де біз оғыз мәселесінің біздің тарихымызда ерекше орын алатынын және көне заман тарихының көмескі бір тұсы екенін ескерткіміз келеді.

Мәмлүктердің тарих сахнасына шығуы

Байбарыс  қайта жаңғыртқан және сол арқылы өзі де әлемге танылған Мысырдың мәмлүк кезеңі ерекше назар аударады.  Ғылыми және көпшілік қолды әдебиетте   мәмлүктер  Еуразиялық ұлы даладан,  яғни ортағасырлық Дәшті-Қыпшақтан  әлдебір себептермен  Шығыс елдеріне барып қалған азаматтар және олардың тұқымдары. Біз білетін жазушылардың көпшілігі мәмлүктер өз ара жаугершіліктердің тұсында тұтқынға түсіп, кейін құл ретінде сатылып барғандар еді дейді. Тарихи жазбалардан біз  Қырымның жағалауындағы  Судак,  Азау бойындағы Кафа сияқты қалалардың құл саудасының орталығы болғанын білеміз.  Түркі тектес құлдардың  Шығыс елдеріне келетін тағы бір жолы -Хорезм және оның маңындағы сауда қалашықтары. Дәшті-Қыпшақтан барған азаматтардың құны өзгелдерден көрі көбірек болған еді дейді білетіндер, себебі даладан жаугершілікке төселген мықты, шыдамды, ержүрек азаматтар саудаға көбірек түсетін. Шығыс елдерінің патшалары мен мырзалары оларды көптеп сатып алып, өздерінің жауынгер жасақтарын Дәшті-Қыпшақ даласының азаматтарының  есебінен көбейтіп отырған. 

Деректерге қарағанда сонау Құтайба ибн Мүсілім заманында түркі елдерінен барып қалған құлдар Шығыс мемлекет билеуші әулеттерінің жанында өзгеше топ болып көзге түсе бастайды. 

Шығыс елдерінде Аббас  әулетінен шыққан Бағдат халифасы әл-Мұғтасам 830-шы жылдары Самарқанд, Ферғана, Шаш (Тәшкент) құл базарларынан арнайы әкелінген түркі текті құлдардан алғашқы әскери қосын құрады. Бағдат халифасы мәмлүктерінің үлкен тобын Хорезмнен келген жауынгер түріктер құрайды. Біртіндеп Иракта Сейхунның (Сырдария) арғы жағынан әкелінген жауынгерлердің саны бірнеше түменге жетеді. Мәмлүктердің өзіне сенімділігіне, адалдығына, ержүректілігіне  риза болған  әл-Мұғтасам  оларды жақсы  киіндіріп,  Бағдат көшелерінде   қару-жарағымен,   атпен жүруге рұқсат береді. Шығыс елдеріне тән бір тәртіп қаланың халқына қару-жарақпен, атпен жүруге  рұқсат етілмеген. 

Бағдатта сырттан келген мәмлүктердің қару-жарақ асынып, атпен жүргені оларды құл деп қабылдайтын жергілікті халыққа ауыр әсер етсе керек. Біртіндеп қаланың тар көшелерін атпен баса-көктеп жүретін мәмлүктер мен жергілікті халық арасында қақтығыстар басталады. Осы себепті әл-Мұғтасам мәмлүктеріне арнап астананың жанынан жеке қалашық салады да, оны Самара деп атайды. «Самара» атауы арабтың «сарра ман раа» деген сөзінен шыққан дейді Қайрат Сәки, яғни «көрген адам қуанған» тамаша құрылыс деген мағынада.

Фото: muftyat.kz

Әл-Мұғтасамнан кейін билікке келген әл-Мутауккидің заманында Бағдаттың жауынгер мәмлүктері мемлекет билігін біржолата қолдарына  алды. 

Осы кезеңде араб және парсы ортасында түрік халықтары және оның жауынгерлік қасиеттері туралы толып жатқан шынайы және алып-қашпа хабарлар да көп тарады. Өздерінің санының аздығына қарамастан түрік азаматтары шет жерде тектіліктерін сақтай білді. Олар тек әскери қызметпен ғана шұғылданып қоймай билік ісіне де белсенді араласты. Бір жағынан түріктердің беделінің өсуіне араб-парсының билеушілерінің өздері де кінәлі еді. Өзінің қарамағындағы халықтан қорқатын, оны күштеп басып отыруға әдеттенген басшылар тек түрік мәмлүктеріне ғана сүйенді. Өз кезегінде билеушілердің осы осалдықтарын түріктер де жақсы пайдалана білді. 

Қалай болғанда да әл-Жаһиз сияқты араб тарихшылары түрік тегіне қошеметін көп білдіріп, олардың беделінің артуына тікелей себеп болды. Оның ІХ ғасырда жазылған «Фатх ибн Қағанға жолдау» атты еңбегінде түріктердің мінездемесі берілген. «Түрік  жауынгері жер басып жүргеннен  көрі ат үстінде көбірек болады» дейді  әл-Жаһиз, «олар аңшылықты жақсы көреді және жорықта жүрген кезінде де ат үстінде жүріп, кездескен аңын ала береді. Олар аңшылықта аса төзімді, құлан мен жайранның соңына түсіп, әп сәтте қағып алады, ал соғыс кезінде садақты төрт жағына бірдей атады». Түріктің тағы бір ерекшелігі «ол өзі қолөнердің бәрін игерген, ешкімнен көмек сұрамайды, өзгенің ақылы да оған керегі жоқ, олар қару-жарақты, садақ  оғын,  ер-тоқымды, найза мен қалқанды өздері жасап ала береді» (Мандельштам, 1956: 232).

Бұл ІХ ғасырда түрік жауынгерлігін сипаттаған жолдау текке жазылмаған. Оның авторы  Шығыста белең алған үлкен процессті көрсетіп отыр, ол әскери іске және билікке түріктердің көптеп араласуы. Шығарманың өзі де белгілі дәрежеде әл-Жаһиздың түріктердің билікке араласуына қатысы барын және оларды дәріптеу арқылы көбірек келтіруге мүдделі екенін көрсетеді. 

Шынында да Шығыстың отырықшы мәдениеттері сырттан келетін қажырлы адамдарға мүдделі еді. Себебі отырықшылық өрокениет туындылары мен сауда-саттық  адамды тез бұзатын. Тіпті түркі жауынгерлерінің тұқымдары да бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін әлжуазданып, жауынгерлік қасиеттерінен айрылып, мінезі ұсақтанып, азып кететін.

Арабтың жазушысы Ибн Йиас Мысыр шаһарының тұрғындары туралы «Мысырдың  Ніл өзені  ғажап,  жері  алтын, бірақ ол жер жаулап алғандікі, әйелдері ойнақы, мүлкі тонаудан құралған, байлығы сырттан әкелінген, халқы щуылдақ, қорыққанына ғана бағынады.

Мысыр тұрғындарының мінез-құлықтары, жүріс-тұрыстары бір-біріне ұқсас. Дене құрылыстары әлсіз, өздері құбылмалы, шыдамсыз және төзімсіз келеді. Мінез-құлықтары өзгергіш, бір заттан келесі затқа тез ауысады. Олар қорқақ, күйрегіш, сараң, қиыншылыққа төзбейді, сұлтаннан қатты қорқады. Өздерінің үй-іштеріне селсоқ. Бір-бірлерін көре алмайтын іштері тар. Суайттыққа жететін өтірікшілер. Басқалар туралы жаман ойлап тұрады, сыртынан сөз қылуға құмар. Олардың ішінде Құдай ақыл, үйлесімді мінезді бергендері де бар. «Мысырдың иттері басқа елдің иттерінен жуас» деген сөз бар. «Егер арыстан Мысырға енсе бұрыңғы түз мінезінен айрылып, жартқыштығы азайады».

Білгірлер мысырлықтардың денелері әлсіз, грек және парсы кітаптарында көрсетілген дәрі-дәрмекті көтере алмайды деп айтқан екен.

Кейбіреулер  мысырлықтар  болатын  оқиғаларды  алдын  ала   болжай алады, оның себебі  Егіздер  шоқжұлдызы  олардың  төбесіне орналасқан» дейді» ( Сәки,2006:  52-53).

Осы сияқты пікірлер ежелгі отырықшы өркениеттің жергілікті халықтары туралы көп айтылады. Көбінесе ауа-райы ыстық, жері егіншілікке және бау-бақшаға  пайдалы, халқы ұсақ кәсіпке ыңғайлы  Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың солтүстік аймақтарындағы  өркениеттер адамзат баласының дамуы үшін ерен еңбек сіңірді. Бірақ олардың қоғамдық дамуына  қозғау салып, мемлекет деген ұғымды саналарына енгізіп,  күнделікті ауыр еңбектен езіліп кеткен тіршіліктерінен бас көтертіп, қулық-сұмдық билеген өмірлеріне  сәл де болса тазалық енгізетін Еуразия көшпелілері еді. Бұл жағдай сонау Шумер көші-қонынан басталып осы бертіңгі ХУ ғасырға дейін созылды.  Қазақ даласынан  дүркін-дүркін аттанған жауынгер көшпелілер тасқыны адамзат табынының соңындағы қасқырды еске түсіреді.  Олар дағдарысқа, қулық-сұмдыққа, нәпсіқұмарлық пен әбестікке батқан отырықшы өркениеттерді мезгіл-мезгіл талқандап, тірі қалғандары мен көшпелілер билігін мойындағандарын  даңғыл жолға салып отырды. Бірақ жылдар өте келе өздері де жергілікті елмен араласып, олардың мінез -құлқын, дәстүр-салтын қабылдап, түздік қасиеттерінен айрылып қалып отырды. Біздің даламызда ол кезде көшпелілердің жаңа толқыны пайда болып, ол толқын төрт құбылаға қарай жөңкіле бастайтын. Міне, мәмлүк мәселесі бізге осы жағымен де қызық. 

Мысыр мәмлүктері

Мысыр жеріне Дәшті -Қыпшақ даласынан келген түркі азаматтарын алғаш әскери қосын есебінде ұйымдастырып, өзіне қорғаныс есебінде пайдаланған Мысыр әміршісі Наджмуддин Аюп еді дейді деректер. Жергілікті елмен және олардың қауым басшыларымен дұрыстап тіл таба алмаған әмірші өзінің жанына араша болар дала азаматтарын көптеп сатып алады да олардың саны мыңға жеткен кезде,  1230 жылдары Ніл дариясының ортасында орналасқан Рауда аралына мүмлүктерге арнап казарма -қамал салғызады.

Мысыр тарихына  қатысты әдебиетте   мәмлүктердің екі тобы болды делінеді, олардың алғашқы келгендерін «бахри» деп, ал соңынан келгендерін «бурджи» деп атады (Amitai-Preiss R., 1997: 267-301). «Бахри» араб тілінде теңіз деген мағына береді дейді зерттеушілер, осы себептен алғашқы мәмлүктер теңіз арқылы әкелінгендіктен солай атанды деген де пікір бар  ( Baybars I. Mamlūk sultan of Egypt and Syria// https://www.britannica.com/biography/Baybars).   Қалай болғанда да осы бахри мәмлүктері Мысыр шахарының іргесіне алғаш қоныс теуіп, болашақтағы мәмлүк билігінің негізін салды-мыс. 

Мәмлүктердің екінші тобын «бурджи» деп атайды.   Зерттеушілер «Бурджи»  сөзін араб тілдеріндегі  «мұнара» деген ұғыммен байланыстырады.  Ал бізде  егер олар да теңіз арқылы әкелінгені анық болса,  неге бірінші топ «бахри», ал екінші топ «бурджи» атанды екен деген сұрақ   туындайды.  Осыған байланысты мәмлүктердің бәрі де қыпшақ па еді деген мәселені көтерген дұрыс деп есептейміз.

Енді осы сұрақтарға жауап берейік

Мәмлүктердің шыққан жері  Дәшті- Қыпшақ даласы  болғанымен, олардың шыққан тегі мен  ру-тайпасы әр түрлі. Жалпы ортағасырларда қыпшақ атанған ел  Ұлы даланың  толып жатқан ру-тайпаларынан құралғаны анық. Қазақтың атақты шежірешілерінің бірі Нұржан Наушабаев «Мәнзумат қазақияда» қыпшақты «тоқсан екі баулы», яғни тоқсан екі рудан тұратын ел дейді:

«Ойбас» деп ұран салған дулы Қыпшақ,

Қоймаған қарсы келген жауды Қыпшақ.

Баласы Тоқтар абыз-Бес таңбалы,

Бұл күнде тоқсан екі баулы Қыпшақ.

Қыпшақтың тоқсан екі баулы екенін Мәшһүр де жазады және олардың бәрі Шайхы бұрқы диуанының қасиетімен пайда болды деген әңгімені де қосады: «Қыпшақтан Шойым  (Нұржан Наушабаевта -Сүлім алып-Ж.О.) алып, мұнан Ақкөбік алып, мұнан Мүйізді алып, Сары алып, мұнан Тоқтар, мұнан Қобыланды.

Қара, Сары, Қытай, Еділ, Жайық атанған аталары бар. Бесеуі бір туысқан деседі. Кімнен өсіп, өнгенін айрып білуші болмады. Бұрынғылардан айтылып жүрген бір сөз бар еді: қыпшақ бұзады, арғын түзейді. Қыпшақтың қарасы ашуланшақ, омырау келеді. Сарысының көзі өткір, тілі ащы келеді. “Жақсы кезеңге таласады, жаман отыратын орыннан адасады”. “Жақсылар басын қосқанда әңгімені кезек-кезек айтса сонда жарасады”. “Екі жақсы ерікпес, екі жаман бірікпес”. Бір жүйріктің, аузынан шыққан сөз. Оның арғы жағы кімнен туып, қалай өсіп-өнгендігінде нем бар. «Естіген құлақтың жазығы жоқ» деген, естігенімді сөйлеймін.

Бес таңбалы қыпшақтың аналары айтқан екен деседі:

- Ұзын бітті бойыма, ерлік-батырлық толды ойыма,— депті. Қол таңбалы ұзын қыпшақ атанады. Атыс, Кедел, Бердікей, Қырық жігіт. Анасы тағы да:

- Бұлтың бітті бойыма, көптік толды ойыма,— депті. Әліп таңбалы бұлтың қыпшақ таңбасын жақтан басады: Бұғыс, Орыс. Бұғыстан - Жолаба. Орыстан — Төбет, Құлатай, Мәдия, Қодас.

Аналары және айтыпты:

- Торы бітті бойыма, кемшілік толды ойыма, — депті. Мойын таңбалы торы қыпшақ таңбасын мойнынан басады...

Аналары тағы айтыпты дейді:

- Балық бітті бойыма, байлық толды ойыма, — депті. «Қарын таңбалы қара балық» атанады. Таңбасын қарыннан басады. Көсеу таңбалы Көлденең қыпшақ бар. Бұлардың бәрін бес таңбалы дейді.

Ел аузында ежелден айтылып келе жатқан әңгіме Қарақыпшақ Қобыланды батыр... Мен Қара, Сарылар Қобыландыдан бұрынғы аталары-ау деп ойлаймын.

Бұл қыпшақ екеу. Бірі Шайқы-бұрқы диуананың дұғасымен бір кісіден тоқсан екі ұл туған, бәрі де өсіп-өніп, ел-жұрт болған. “Қытай көп пе, қыпшақ көп пе” делінген қыпшақ осы. Бұл қыпшақ манғол-татардың манғолынан шыққан.

Бірі арғын- қыпшақтың қыпшағы, мұнан шыққан Қобыланды батыр».

Қыпшақ  шежіресі мен насаб-намасы  ғылыми зерттеулер жүрігізілген жағдайда тамаша тарихи ақпараттың көзі болатыны мәтіндегі-Сұлым алып, Мүйізді алып, Шойым алып,  Ақкөбік алып, Қобыланды батыр, Қара, Сары, Қытай, Еділ,  Жайық   т.б. эпикалық атаулардан  белгілі.

Ақкөбік алыптың әңгімесі  Мысыр мәмлүктерінің ішінде аңыз түрінде көп айтылғанға  ұқсайды. Сол әңгімелерді естіген  белгілі араб тарихшысы Байбарыс әл-Дауадар Ақкөбік алыптың  Дурут (Төртуыл)  тайпасының Қотан ұлы  Маңғұш  деген  бір  адамын  аңға  шыққанда  өлтіргенін жазады.  Қарап отырсаңыз  ғылыми тарихнамада  Қыпшақ деп атап  жүрген «Төртуыл»  тайпасы  Арғын ішінде де,  Найманда да бар. Арғынның үлкен тармағының бірі  Сүйіндіктердің  ұраны «Төртуыл» болса,  Найман ішінде Төртуыл «Төрт Төлегетайдың» (Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл)  бірі. Жоғарыдағы  келтірілген Байбарыс әл-Дауадар әңгімесі қазақтың ішінде кеңінен танымал  Ақжол би мен Қобыланды батыр арасындағы оқиғаны еске түсіреді (Құдайбердіұлы, 2008: 36-37). 

Ендеше біз Арғын-Найман  мен Қыпшақ арасындағы қарама-қайшылық моңғол дәуіріне дейінгі кезеңде де болды деп есептей аламыз. Кейін келе Қыпшақтардың Шайбан ұлысына қарап, ал Арғын мен Найманның  Орда  Ежен қарамағында  қалғаны белгілі. Қазақ хандығының құрылуына осы оқиға тікелей әсер еткен.  Қыпшақтың басым көпшілігінің Шайбани  ханға еріп Мәуреннахр мен Ферғана жағына кетуі де ерте замандағы қарама-қайшылықтарға байланысты. Осы сияқты деректер ортағасырлық Қыпшақ атанып жүрген елдің  өз ішінде қарама-қайшылығы мол құрама екенін көрсетсе керек. 

Дегенмен Мысыр уәләйатына барып қоныстана бастаған мәмлүктердің ішінде қыпшақ болмады деген сөз емес, олар болған. Тіпті араб деректерін атамасақ та, Нұржан Наушабаевтың «Мәнзумат қазақиясында» да бұл мәселе аталады.

Жігітке ата білмек парыз деген,

Мойыныңда жүрмесін қарыз деген.

Мекке-Мүкәрәма, Шам жұртында

Бір шаһар һәмма Қыпшақ-хариз деген,-

дейді шежіреші (Наушабаев, 1907:15).  Сөз жоқ бұл жерде Мысырдың мәмлүктері аталып отыр.

Сол заманда Еуразияның ұлы даласында қыпшақ атанған тайпалар өзгеден басым болды да, олардың маңындағы елдің көпшілігі қыпшақ атанып кетті.  Мысырға барғанда да олар өздерін өзге елге қыпшақтармыз деп таныстырған болса керек деген пікірдеміз. Ал шын мәнінде қыпшақ атанған елдің ішінде Мәшһүр жазғандай Шайхы бұрқы диуанының «дұғасымен» өмірге келген толып жатқан алыс-жақын аталар мен рулар  болды.  Күшті этникалық топтың жанына өзгелердің топтасатыны ертеден белгілі.

Мәмлүктердің Мысыр жерінде көбейуі бұл елдің өз тәуелсізідігін жариялауына мүмкіндік берді.  Кезінде  Бағдат халифатына бағынып тұрған Мысырда тек уәли отыруышы еді, яғни Бағдат халифының қызметкері  (парсыша -мәлік, орысша-наместник).   870 жылдары Мысырға Бағдаттан  түрік  текті  Тулун Бухара уәли болып келді, осы кезеңнен бастап Мысырдың оқшаулануы басталады. Оның баласы Ибн Тулун заманында жанына 24 мың адамдық мәмлүк  жасағын жинағаны деректерде айтылады. Одан басқа да жауынгер жасақтары көп болғанға ұқсайды.

Мысырлық мәмлүктер  Еуропадан  Ғайса (Айса, Иса)  пайғамбардың табытын мұсылман қолынан аламыз деген желеумен басқыншылық жасап келген кресшілерге қарсы соғыстарға белесене қатысты, бұл жеке мақала болатын тақырып. 

Әдебиет:

Amitai-Preiss R. The Mamluk Officer Class During the Reign of Sultan Baibars // War and society in the eastern Mediterranean, 7th-15th centuries. Brill, 1997, с.. 267-301. 

Baybars I. Mamlūk sultan of Egypt and Syria// https://www.britannica.com/biography/Baybars-I

Ибрагимов Н. Ибн Баттута и его путешествие по Средней Азии.М,. Наука, ГРВЛ, 1988. 198 с.

Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 1-20 томдар. Павлодар, 2013,.

Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Астана: Фолиант, 2008. 381 б (Алғы сөз, редакция, тәпсірлер,  көрсеткіштер- Ж.О.Артықбаев).

Мандельштам А.М. Характеристика  тюрок  ІХ века в  «Послании Фатху ибн  Хакану  ал-Джахиза//ТИИАЭ АН Каз ССР. т.1., 1956,  с.230-235.

Наушабаев Н. Мәнзумат қазақия. Қазан,1907. 63 б.

Сәки Қ. Қыпшақ мәмлүктер. Астана,2006. 289 б.

 

Сөз соңында: Бүгін Астанада Ұлы қолбасшы Бейбарыс Сұлтан атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі, белгілі тарихшылар және қала тұрғындары қатысты.Сарыарқа ауданындағы №189 көшеге Мысыр сұлтанының есімі берілді. 

Жалғасы: 

Байбарыс сұлтан  Бурджи (Бөрші) мәмлүктердің өкілі

Байбарыс пен  Кетбұқа: Ұлы даланың  ұлдары