Күндерек. 24 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында
24.02.2023 1208

24 ақпан күні әлем елдерінде көптеген айтулы мерекелер атап өтіледі. Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.


24 ақпанда дүниеге келген тарихи тұлғалар

Алмас Бекбосынов – биші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, алғашқы қазақ балет артистерінің бірі. 1924 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. Алмас Бекбосыновтың әкесі Бекбосын Диханбаев Алматы маңындағы Медеу шатқалында ұжымшардың малын баққан. Болашақ балет артисі жиын-тойда би билеп, өнерге қабілеті барлығын танытады. Осыдан кейін ол 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түседі. Осы жерде екі жыл білім алады. 1939 жылы Алматыдағы Қазақ филармониясына биші болып қабылданды. 1940-1949 жылдар арасында Қазақ академиялық опера және балет театрында биші болды. 1959 жылы бишілер группасы құрамында АҚШ-та гастрольдік сапармен болып өнер көрсетті. Оның орындаған «Көкпар» биін Нью-Иорк көрермендері экзотика ретінде қабылдайды. Отандық балет театры сахнасында қойлыған көптеген партияларды және опералардағы би номерлерін орындады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Талантты балет бишісі Алмас Бекбосынов 1974 жылы 10 тамызда дүниеден өтті.

Рахима Шәріпқызы Нуриден – журналист, журналистика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор. 1955 жылы 24 ақпанда Қарағанды (қазіргі Ұлытау) облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылында дүниеге келген. 1973-1976 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінде оқып бітірген. 1979 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1979-1992 жылдары Қазақ радиосында қызмет істеді. 1992-1997 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМҰУ-де оқытушы, бөлім меңгеруші болып қызмет атқарды. 1996 жылы «Қазақша хабар тарататын шетел радиолары» деген тақырыпта 10-01-10 «Журналистика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Қазіргі күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында профессор болып қызмет етеді. Көптеген кітаптардың, ғылыми еңбектердің авторы.

Тазагүл Мұқашқызы Әбдікәрім – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдіскер ғалым. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі. Педагог ғалым Тазагүл Мұқашқызы Әбдікәрім 1942 жылы 24 ақпан күні Ақмола облысы, Вишневка (қазіргі Аршалы) ауданында дүниеге келген. 

Орталау мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды облысындағы Абай атындағы Саран педагогикалық училищесіне түсіп, 1964 жылы бітіріп шығады. Шахандағы № 41 кәсіби-техникалық училищесінде кітапханашы болып жұмыс істей бастайды. 1966-1968 жылдары эстетикадан сабақ берді. 1976 жылы Қарағанды қаласындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдады. 1973-1977 жылдары Жезқазаған қаласының № 8 мектебінде пән мұғалімі болып қызмет етті. 1977-1984 жылдар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша мұғалім,  әдіскер болып жұмыс істейді.

1985-1990 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының кіші ғылыми қызметкері болды. 1990-1994 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 1991-1992 жылдары «Қазақ филологиясы» факультеті деканының орынбасары қызметін атқарған. 1993 жылы «Бастауыш сыныптарда мәтін арқылы тілді дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1994-1997 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ тіл білімі кафедрасының доценті қызметін атқарған. 1998 жылдан бастап Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасында ғылыми және оқытушылық қызметін жалғастырды. 2007 жылы Тазагүл Мұқашқызы Әбдікәрім ««Әліппе» және «Ана тілі» оқулықтарында мәтіндерді құрастыруда ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. 2011 жылы Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясының толық құқылы мүшесі атанды. Көптеген ғылыми-әдістемелік кітаптардың авторы.

Шәміл Әбілтай – күйші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шәміл Әбілтайұлы 1948 жылы 24 ақпанда Атырау облысы, Дендер ауданы, Толыбай құмындағы Қарақызыл қысауында дүниеге келген. Орта мектептен кейін Атырау музыка училищесін 1972 жылы домбыра мамандығы бойынша бітірген. 1972-1975 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясында күйші-лектор болып қызмет істеген. 1975-1985 жылдар аралығында еркін шығармашылық жұмысымен айналысты. 1985-1988 жылдары Қазақ радиосының бас редакторы болып қызмет істеді. Дәулескер күйші «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет ата», «Қыдыр кезген Қызылқұм», «Қожа Ахмет Яссауи», «Жер ұраны – Ұлытау» қатарлы  көптеген күйлердің авторы. «Ұлытау» атты күй кітабы мен «Ордабасы» атты күйтабағы жарық көрген. Қазақ телевизиясында Үкілі домбыра», «Домбыра-дастан» қатарлы бағдарламалар жүргізді.

24 ақпанда дүниеге келген шетелдік танымал  тұлғалар

Ювал Ноаһ Харари – израильдік тарихшы, Иерусалимдегі Еврей университеті тарих департаментінің директоры. Ювал Харари 1976 жылы 24 ақпанда Израильдің Кирият Ата қаласындадүниеге келген. Арғы аталары Ливан мен Шығыс Еуропадан шыққан иммигранттар. Хараридің әлемге танымал кітабы – «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы». 2011 жылы ивритше және кейін 2014 жылы ағылшын тілінде жарияланды; содан бері ол әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Бұл кітап «Әлемнің 100 үздік кітабы» бағдарламасы аясында қазақ тіліне де аударылған.

Кіші Флойд Мейуейзер (ағылш. Floyd Mayweather Jr) – кәсіпқой бокс әлеміндегі ең әйгілі жұлдыздардың бірі. Жартылай жеңіл салмақтағы боксшы. Қазіргі уақыттағы салмақ дәрежесіне қарамастан, әлемдегі ең үздік боксшы.

Әлемдегі ең жоғары бағаланатын спортшы атағына ие болған, Форбс тізіміне енген. 

Кіші Флойд Мейуезер 1977 жылы 24 ақпанда АҚШ-тың Мичиган штаты, Гранд-Рапидс қаласында боксшы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Флойд Мейуезер, атақты Шугар Рэй Леонардпен айқасқан, бұрынғы жартылай орта салмақ боксшысы. Оның ағалары Джефф Мейуезер мен Роджер Мейуезерлер де танымал кәсіпқой боксшылар болған. Ағасы Роджермен, яғни, қазіргі бапкерімен бірге екі әлем чемпионатын жеңген.

Әуесқой рингтен бастаған ол 90 кездесу өткізіп, оның 84-інде жеңіске жеткен. 1996 жылғы Атланта олимпиадасынан қола медаль алған. 

Осы жылдың 16 қазанында ол кәсіпқой боксқа ауысты. Өзінің кәсіпқой бокстағы мансабында елу рет жекпе-жек өткізіп, соның барлғында жеңіске жеткен. Ең әйгілі жекпе жегі – 2015 жылы 2 мамырда филиппиндік даңқты қарсыласы Мэнний Пакьяомен өтті. Бұл кездесуді әлем бокссүйер қауымы көп күткен еді. Екі боксшы арасындағы гонорар 200 миллион долларға дейін жетіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша Флойд Мейуейзер жеңімпаз деп танылды.

  Ол өзінің жеке өмірі жайлы ақпарат таратуды ұнатпайтындығымен ерекшеленеді. Бокстан өзге ол көптеген кәсіптермен шұғылданады. 2000 жылы өзінің «Флойд» киімдер желісін таныстырған болатын. Кино саласында да бақ сынап жүр. 46 жастағы Флойд Мейуейзер әлі де болса, алдағы кезеңдерде рингке шығатынын айтып жүр.

24 ақпан - әлемде

24 ақпан – Эстонияның азаттық күні (эст. Eesti Vabariigi aastapäev). Бұл мемлекеттік мереке 1918 жылы 24 ақпанда Таллин қаласында қол қойылған Тәуелсіздік туралы декларацияның құрметіне орай атап өтіледі. Дәл осы күні Құтқару комитетінің шешімі бойынша Эстония Республикасының құрылғанын жариялаған болатын. 

Эстония Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1918-1920 жылдардағы эстон халқының тәуелсіздік үшін күресі нәтижесінде құрылды. 1940 жылы Қарсы шабуыл жасамау жөніндегі герман-кеңес келісіміне немесе Молотов-Риббентроп пактісіне және оның құпия хаттамасына сәйкес Эстония Кеңес Одағының құрамына өтті.  Эстония Кеңес Одағындағы одақтас он бес республиканың бірі болды. Сонда да ұлт-азаттық күрес формалары жалғасын таба берді. 1980 жылдардың екінші жартысында азаттық үшінгі қозғалыс күшейе түсті. 24 ақпан мерекесін халық ашықтан-ашық тойлай бастады. 1988 жылы 16 қарашада Эстонияның тәуелсіздігі туралы декларация жарияланды. Аталған құжат бойынша Эстония заңдарының КСРО заңдары алдындағы басымдығы көрсетілді. 1940 жылға дейінгі мәртебенің ресми қалпына келтірілген мерзім 1991 жылдың 20 тамызы болды. Дәл осы күні КСРО астанасы Мәскеуде мемлекеттік төңкеріске ұмтылыс жасалды.

Кеңес Одағы Эстония Республикасының тәуелсіздігін 1991 жылдың 6 қыркүйегі күні мойындады. Кеңес әскерлерінің ең соңғы бөлімдері 1994 жылдың 31 тамызы күні шығып бітті. Кеңес Одағы құлағаннан бергі кезеңде 24 ақпан Эстонияның басты мерекесі ретінде қалыптасып кең көлемде атап өтіліп келеді.

24 ақпан – Мексиканың ұлттық туы күні (исп. Día de la Bandera). Жыл сайын 24 ақпанда атап өтілетін, Мексика елінің ең басты мерекелерінің бірі. Бұл даталы күн 1937 жылы Мексиканың Президенті генерал Ласаро Карденастың жарлығымен бекітілген. Мексиканың туы жан жағы 4:7 қатынасындағы тікбұрықты полотно түрінде көрініс тапқан. Полотно тең дәрежелі жасыл, ақ және қызыл – үш түстен тұрады. Ортасындағы ақ жолақта Мексиканың елтаңбасы бейнеленген. Тудың жасыл түсі – сенімділікті, сонымен бірге Мексиканың құнарлы топырағын нышандайды. Ақ түс мұраттардың асылдығын, қызыл – елдің тәуелсіздігі үшіг төгілген қанды білдіреді. 

Ежелгі ацтек аңызы бойынша Уицилопочотли құдай жұмақтай мекен іздеп жүрген ацтектерге тастақ жерде өскен нопаль кактусының ұшар басында жылан жеп отырған қыранды көрсеңдер, сонда қоныстаныңдар деген екен. 

Олар осы жерді тауып, мұнда Уицилопочотли құдайдың құрметіне тұңғыш ғибадатханаларын салған екен. Елдің туында дәл осы қыран бейнеленген. 

Сонымен бірге 24 ақпан Тәуелсіздік жарияланған күн (Independence Proclamation Day) болып та есептеледі. 1821 жылы 24 ақпанда Мексика Испаниядан өз тәуелсіздігін алған болатын.