Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой...
10.02.2023 1816

Асан ОМАРОВ – техника және философия ғылымдарының кандидаты.Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармасын зерттеп, оның пәлсапалық маңызын насихаттаумен айналысады. «Шәкәрімнің өмірбаяны» атты көлемді монографиялық еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағалануда. Осы орайда, шәкәрімтанушы ғалым Асан Қайырбекұлымен жүргізген сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


– Шәкәрім Құдайбердіұлы исі қазаққа қай кезден бастап танымал болды?

– Шәкәрімнің есімі 1917 жылғы төңкеріске дейін-ақ исі қазаққа танымал болды. Ол кісінің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» дейтін кітаптары 1911 жылы Орынборда мың данамен басылып шықты. «Қазақ айнасы» атты өлеңдер жинағы, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары 1912 жылы Семейде жарық көрді. 

 

– «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» қай жылы жазылған?

– Бұл – ақынның алғашқы еңбегі. Бірақ еңбектің жазылған уақыты белгісіз. Шежіре автордың  көп жыл там-тұмдап жинаған дүниелерінің түйіні сияқты. Өйткені, шежіренің  кіріспесінде «Қазақтың түп атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әртүрлі жұрттың шежіре кітаптарын көп оқыдым» дейді. Кітапты жазу үшін ұзақ уақыт дайындалған сияқты.

 Одан кейін Шәкәрім қажының «Абайдан кейінгі ұстазым - Тәржіман» деген сөзі бар. Соған қарағанда, И.Гаспринский шығарып тұрған «Тәржіман» газетін Шәкәрім оқыды деген пікір айта аламыз. Осыдан көп дүние алған. 

 

– Бұлардан басқа қандай дереккөздерін пайдалануы мүмкін?

– Бұдан басқа қандай дереккөздерін пайдаланғаны туралы автордың өзінің жазғаны бар. Мысалы, мұсылман тарихшылары – ат-Табари және Нажиб Ғасымбектің еңбектерін пайдаландым дейді. Орыс тарихшылары Радлов пен Аристовтың дүниелерінен көп мағлұмат таптым дейді. Тіпті «Қоша-цайдам» дейтін ескі жазуды қажетіме жараттым дейді. Бұл – байырғы «Орхан» жазуы. Соған қарағанда, Шәкәрім қажы көне түркі деректерінен де хабары болған ғой. 

 

– Жоғарыдағы И.Гаспринский деген кім?

– Исмайл Гаспринский – қырым татары. Османлы (қазіргі Түркия) мемлекетінде 1839-1878 жылдары жүргізілген жаңару кезеңі «Танзимат» реформасымен жақсы таныс болған. Қысқасы, «Танзимат» реформасы Гаспринскийге үлкен ой салады деуге болады. Ол – Ресейдегі мұсылман  жұртының  оқу-ағарту жүйесін түбегейлі жаңарту үшін жұмыс істеген адам. Сол себепті, 1883 жылы Бақшасарайда жаңа үлгідегі мектеп ашып, «Тәржіман» атты газет шығарған. Өз заманында озық ойлы саналған оқымысты Ш.Маржаниге жолығып, көп ақыл, кеңес алған.

 

– Ал орыс білімпаздары Радлов пен Аристовтың қандай еңбектерін кәдесіне жаратуы мүмкін?

– Радловтың 1893 жылы Петерборда басылып шыққан «К вопросу об уйгурах» деген кітабын пайдаланғаны анық. Одан кейін орыстың шығыстанушы ғалымы, тарихшы, этнограф Н.А.Аристовтың «Түркi тайпа-ұлыстарының этникалық құрамы мен саны туралы мағлұматтар» деген зерттеу еңбегi Петербор қаласында шығып тұрған “Живая старина” атты журналға 1894-1896 жылдар аралығында басылған екен. Шәкәрім осыларды  оқып, пайдаланған.

 

– Қажы бұл дүниелерді қайдан тауып,  оқып жүр?

– Шәкәрім қажы 1903 жылы Семей қалалық Орыс география қоғамына мүше болып кірген. Радлов пен Аристовтың еңбектері осы қоғамның кітапханасында болған. Қалаға келген сайын қажы өз атына жаздырып, кітаптар алып тұрған. Ол туралы баласы Ахат ақсақалдың естелігінде: «Мен әкейдің кітапханасындай мол кітаптары бар кітапхана көрмедім» дейді.

 

– «Үш анық»  шығармасы туралы не айтасыз?

– «Үш анық» қажының пәлсапалық ой туындысы немесе философиялық трактаты деуге де болады. «Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой» деп өзі айтқандай, ой толқудан туған туынды. Кітап 1913-1918 жылдар аралығында  жазылған. Жалғыз өзі Саятқорада отырып алып, оңашада жазып шыққан дүниесі. Өзінің айтуынша, осы кітапты жазып шығу үшін 50-ден астам оқымысты ғалымның еңбегін пайдаландым дейді. Стамбулдан көп кітап алдырған. Ресейде 1889-1918 жылдары шығып тұрған «Вопросы философии и психологии» журналын және 1904 жылы жарық көрген «Философиялық словарь» атты туындының екі томдығын  пайдаланғаны байқалады.

 

– Шәкәрім Құдайбердіұлы өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында Сәкен, Бейімбет, Ілиястармен бірге ақталған дейді. Сол рас па? 

– Ол рас. Ақталуына байланысты «Қазақ әдебиеті» газетіне өлеңдері мен шығармашылығы туралы көлемді мақала жарияланған. Бірақ саяси ахуал кілт өзгеріп, ақын есімі қайта жабылған. 

 

– Себебі...

– Себебі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына домалақ арыз түседі. Онда былай деп жазылған: «Шәкәрім мен Міржақып екеуі Алаштың белсендісі Қази Нұрмағамбетов өлгенде 2000 адам жинап митинг өткізген. Сонда Кеңес үкіметін қарғап, Алаш партиясына беріле егіліп, өлеңмен жоқтаған. 1918 жылы Семей большевиктерімен соғысып, Барнаулға дейін барған. 1931 жылы «Көк қасқа» сойып, ақ ту көтеріп, Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырған. Коммунист Олжабай Шалабаевтың басын кесіп, Рамазан деген комсомол мұғалімді әйелімен бірге сүйретіп өлтірткен. Кеңес органдарына шабуыл жасап, кеңсені өртеп, банк пен кооперативті талап алған...» деген тәрізді.

  Осы арыздан кейін дүние теріс айналған. Өйткені, ол заманда қажының өліміне қатысы бар адамдар аман-есен жүріп жатқан болатын. Олар тірі тұрғанда Шәкәрімді ақтау мүмкін емес еді.

 

 – Осы арызда айтылған оқиғалардың шынымен Шәкәрімге қатысты жағы бар ма? 

– Жалпы айтқанда, 1930 жылдан бастап ақынның отбасын қара бұлт торлаған. Жылдың басында  үлкен баласы Ғафурды кәмпескілеп, Семей түрмесіне жабады. Ақпан айының 7 күні Шәкәрімнің өзін кәмпескілейді. Түрмеде жатқан Ғафур ақыры шыдамай өзін-өзі бауыздап өлтіреді. Кіші ұлы Ахатты 5 жылға соттап жібереді.

Мұндай жағдай тек Шәкәрімнің отбасында ғана емес, ауыл-аймақты түгел қамтыған. Әсіресе, қазақтардың ұйық мекені Шыңғыстау, Қарауыл өңіріне шолақ белсенділердің тырнағы батып кеткен. Осыдан кейін ел ішінде толқу пайда болған. Оның арты көтеріліске ұласқан. Шолақ белсенділер осының бәрін істетіп отырған Шәкәрім деп ойлаған. Міне осыдан барып, «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, артынан істің бәрін осы кісіге жауып жіберген. 

 

– Жоғарыда қажыны ақтау кезінде пәле болып жабысқан Олжабай Шалабаев деген кім? 

– Бұл адам Кеңес үкіметіне адал берілген, сол кездің тілімен айтқанда, қырағы чекист болған көрінеді. Жаңағы көтерілісшілер ә дегенде, аудан орталығынан 3-4 шақырым жерде отырған Олжабайдың ауылын басып алған. Себебі, мұнда жұрттан тартып алып, сойған малдың етін сақтаған қойма болған.  Әп-сәтте Қарашоқы жақтан мылтық атып, «Ақсарбас» деген айғаймен құжынаған атты адамдар баса көктеп кірген көрінеді. 

 Осы шабуылда чекист Олжабай Шалабаев көз жұмады. Өзен жағалап жаяу қашып бара жатқан жерінде Қарабала Қожақанов дейтін малшы адам балтамен бастан салып қалып өлтірген екен. Бүлікшілер бәрін күйретіп болған соң кермеде тұрған Олжабайдың торжорға атын Қасымбек Солтабаев деген көтерілісші іле кетеді. 

Артынан барлық пәле осы торжорғадан шығады. Әзімбайдың баласы Бердештің айтуына қарағанда, бұл торжорғаны Олжабайға ертеде Шәкәрім сыйлаған дейді. Ал білетіндер: «торжорғаны Шәкәрім емес Олжабайға осы Бердештің өзі сыйлаған» деп айтады. Соңғы сөздің жаны бар сияқты. Өйткені, көтерілістен соң, Қасымбектің астындағы торжорғаны  Бердеш «бұл - менің атым» деп тартып алған.   

Осы оқиғадан кейін арада бір ай өткенде Шәкәрім қажы оққа ұшады.  Дәл сонда қажының астында осы торжорға ат болған. 

 

– Бұл ат қажының тақымына қалай түсіп жүр?

– Кезінде Бердештің өз аузынан жазып алып, өткен 90-жылдардың басында газетке жариялаған Қабден Есенғараұлының мақаласы бар.  Сонда Бердеш: «Торжорға атты көтерілістен кейін бір ай өткен соң Шәкәрімге өзім апарып бердім. Ондағы ойым Шәкәрімді Қытайға алып өтпек едім. Оған көнбеді. Атты да алмады. Ойланар деп атты тастап кеттім. Оның үстіне Шәкәрім мен баласы Зиятта жалғыз қоңыр аттан басқа бұт артар көліктері де қалмапты» дейді. Бұл сөзді Бердеш 1963 жылы айтқан.  

Жоғарыдағы оқиғалардың басы-қасында болған, тіпті көтерілісті басқарған  нағыз көкжал Бердеш Әзімбайұлы 78 жасында ауырып отырып осылай деген. Бердеш үшін үкіметтен қаймығатын, туысы Шәкәрім туралы сыр жасыратындай  ештеңе де қалмаған шақ еді. Өйткені, дәл осы тұста тағы да Шәкәрімді ақтаймыз деп үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс жүріп жатқан еді.

 

– Шәкәрімнің қазасы туралы не білесіз?

– Шәкәрімнің қалай атылғаны, кім атқаны жөнінде, жалпы дүмпу басталған 1931 жылдың 3 қыркүйегінен бастап, қажы оққа ұшқан 2 қазанға дейінгі оқиғаларды сараптап қарағанда, қауесет әңгімелер өте көп. Әрі дерек-дәйектер бір-біріне қиғаш келіп жататыны бар. Себебі, Шәкәрімнің өліміне қатысты адамдар сол кездің өзінде-ақ көпшілікті куәге тартып, оларға «қылмысқа бізді апарған Шәкәрім десеңдер, босатамыз, әйтпегенде өздеріңді жоқ қыламыз» деп, немесе «ол жалғыз болмаған, қарулы бандымен бірге келе жатқан» деген сияқты  жалған «мифтерді» жаздырту арқылы қылмыстың ізін жасырған.

Мысалы, 1963 жылы Абай аудандық партия комитеті жанынан Шәкәрімді ақтау мақсатымен 9 кісіден құрылған комиссия жасақталып, 3 ай бойы ел аралап, 300-дей адаммен сөйлесіп, көп дүние жазып алған. Комиссияның төрағасы жазушы Х.Ерғалив болыпты. 

Енді осы комиссия жазып алған мәліметтерге үңілсек: Қарасартов басқарған топтың ішінде болған Айтмырза Түңлікбаев айтады: «Оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында қызмет атқардым. Бандылар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткеннен кейін, арада үш күн өткенде Шәкәрім қажы біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не бітірді бұл жұрт, өңшең ақымақтар» деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды» депті. Сонда ол кісінің банды болғаны қайсы?

 Ал ақын қазасы жайында тағы да осы А.Түңлікбаевтың өз қолымен жазған мәліметіне жүгінсек: «Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбақ қырау басқан, боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып бір топ атты адамның келе жатқанын байқайды. Оларды банды деп ойлаған Қарасартов бізге «Атыңдар!» деп бұйырды. Мылтық дауысын естіп, аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтың ішінен бір адам суырылып шығып, астында төгілген торжорға аты бар, бізге қарай беттеді. Қайта-қайта қолын көтеріп, «атысты доғарыңдар!» дегендей белгі берді. Жақындағанда Шәкәрім екенін бәріміз таныдық. Бірақ, «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң Халитов тағы екі дүркін оқ атты. Шәкәрім қажы атының жалын құшып, жерге құлап түсті. Қасындағы адамдар зым-зия жоқ болып кетті. Шәкәрім бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымызда біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Қажы осылай жан тәсілім болды. Маған «мүрдені Бақанасқа жеткіз» деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, өзім түйеге жайдақ мініп, Бақанасқа жеткіздім. Біздің қазған жерімізге қарттың ұзын денесі бойламаған соң, соған отырғыздық та жүзін жасырдық» - депті.

 

– Осы комиссия Бердеш Әзімбайұлының аузынан бірдемелер жазып алып үлгерді ме екен. Өйткені, Бердеш дәл осы 1963 жылы қайтыс болды емес пе? 

 – Бердештің аузынан жазып алынған дүние көп. Оны комиссияның төрағасы Х.Ерғалиевтің өзі жазып алыпты.

 

– Онда не айтылыпты?

– Бердеш айтады: «Біз төрт-бес адам жиналып Шәкәрім қажының күйін білгелі Шақпақтағы мекеніне бардық. Аға бір мезгіл аң аулап, сендермен бірге көңіл сергітейін деген соң шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі, күн бұлыңғыр болатын. Жазықта аттылы-түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергенімізде неше мәрте атылған оқтан секем алдық та іркіліп қалдық. Шәкәрім: «Тегінде бұлар әнеукүнгі бандыларды қуып жүрген отряд шығар, мен оларға жолығып жөнімізді айтайын, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деп жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Шәкеңе оқ тигенін бірден сездік. Бұлар енді бізді де аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай асып кеттік».

 

– Шәкәрім оққа ұшқан соң баласы Зият жаңағы Бердешке еріп Қытайға өтіп кетті. Осы іс қажының құптауымен болған дейді, рас па? 

– Зияттың Бердешпен бірге Қытайға өтуі әкесімен екеуара келісілген шаруа сияқты. Өйткені, қажы сүт кенжесі Зиятқа қимас серігі қоңыр атын береді. Жүріске мықты, әрі қуғын түссе сытылып кетуге лайық бұдан басқа жылқы жоқ. Осылай қажының қоңыр атының басы Қытайда қалды. Зияттың осы жылқыға арнап жазған «Қоңыр ат» өлеңі бар. Оны бізге жеткізген – Қытайда Зияттың қолында тұрған жиені Қожағапан Сүлейменов деген адам. 

 Одан кейін «Абай» журналының 1994 жылғы 9-санында Зият туралы мақала шықты. Сол мақалада: «1931 жылы қазан айының бірі күні Шәкәрім қажы қасында Идаят, Ғылымбай деген жолдастары және кенже ұлы Зият бар – төртеуі Шақпақтастағы қорасынан «Керегетас» жаққа аттанады. Осы сапарға аттанар алдында Идаят пен Ғылымбайға Шәкәрім қажы: «Мен көп ойландым, барар жер, басар тауым қалмапты. Қытайға өтетіндерге Зиятты қосып жібермекпін» деген сөзін келтіреді.

 

– Шәкәрім атылған соң Зият арғы бетке өтіп кетті, қалған тұқым-тұяғын үкімет қолға алды ма? 

– Қолға алғанда қандай түгін қоймай құртып жіберген. Жоғарыдағы көтерілістен соң ГПУ-дің кәріне ұшырап опат болғандар мен жоғалып кеткендер жүздеп саналады. Мысалы, Тобықтының 70 адамын Семейге әкетіп, атып өлтіреді. Осылардың ішінде Абайдың баласы Мекайыл бар. Қалған елді Қарауыл маңында халық «Абзалдың азап лагері» деп атап кеткен лагерьге қамап, сонда ұстаған. Осы лагерьде Шәкәрімнің әйелі Айғанша, қызы Күлзия мен ұлы Қабыш өледі. 

 

– Осы Айғанша апамыз аса парасатты адам болған дейді...

– Шәкәрімнің жиені марқұм Тауфиқ Досаевтың жазуы бойынша Айғанша апамыз тегі қазандық татар Махмұт деген кісінің қызы екен. 1882 жылы Шәкәрім үлкен әйелі Мәуеннің үстіне осы Айғанша апамызды тоқалдыққа алған. Осы Айғаншадан Ғафур, Жебірәйіл, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл, Күлзия, Жәкім, Гүлләр деген үш қыз сүйеді. Жебірәйіл мен Күлзия жастай шетінеп кеткен. 

 

Шәкәрім атылған соң кешікпей «Шәкәрімнің отбасы түгелімен қамауға алынсын» деген хабар жетіп, ағайын­туыс, бала­шаға, азан­қазан, у­шу болысады. Сол кезде Айғанша бәйбіше: «Тоқтатыңдар, біз тым жақсы өмір сүрдік, 50 жыл не кием, не ішем демедік, тіпті бір зауал келетін уақыты болды емес пе? Несіне қайғырасыңдар, Алланың жақсылығын көрдіңдер, жаманын қайтармақсыңдар ма?» деген екен.

 

– Ойпырым-ай, нағыз жүрегіне иман сіңген адамның сөзі ғой бұл, сіз бұны қайдан естіп жүрсіз?

– Мен бұл сөзді  Ғафурдың қызы Кәмиланың «Жұлдыз» журналына жазған естелігінен алып отырмын. 

 

– Шәкәрім қажының Алаш Ордамен байланысы жөнінен не білесіз?

        – 1918 жылдың басында Алаш Орда өздеріне ескіше «төбе би» етіп Шәкәрім ақсақалды сайлайды. Қажы Алаш қаласына (қазіргі Жаңасемей) келіп, қызметке кіріседі. Ахаттың сөзіне қарағанда, Шәкәрім қаланың Жоламан жақ шетінде, Үдері қажының бір бөлмелі үйінде тұрып қызмет жасаған. 

Қажы осы байламы жайында «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырбаяндық жырында:

                         Оқыған жастың етегін,

                         Қабыл алдым жетегін.

                         Босқа жатып нетемін,

                         Бостандық туын көрген соң, - дейді.

Одан кейін айтпағымыз: 1918 жылы көктемге қарай Алаштың үні атанған «Сарыарқа» газетінде «Тұңғыш құрбан» атты мақала жарияланған. Мақаланың авторы, ұмытпасам, Бейімбет Майлин. Оқиғасы - Алаш Орда милициясының өкілі 22 жасар Қазы Нұрмұхаметұлының қызылдар қолынан мерт болуы жайында. Марқұмды жерлегенде Шәкәрім сөз сөйлейді. Қажының сөзі түгелдей хатқа түсіп, журналға шығады. Артынан қажыны 1958 жылы ақтамақ болғанда осы оқиға кедергі болғанын жоғарыда айттық.    

 

– Шәкәрім қажы көзі тірісінде жазушы Сәбит Мұқановқа хат жазып, хабар алмасып тұрыпты. Ол туралы дерек Сәбеңнің Алматыдағы мұражай үйінде бар көрінеді. Ендігі мәселе өзінің ауылдасы үлкен қаламгер Мұхтар Әуезовпен ара қатынасы жайында не әңгіме айтасыз?

– Студент Мұхтар 1925 және 1926 жылдары қатарынан екі жаз Бақанас бойына келіп, Саятқорада жалғыз жатқан Шәкәріммен көп сұхбат құрғаны жайында дерек бар. Бұл кезде Мұқаң Абай өміріне қатысты мәлімет жинап жүрген. Одан кейін тағы бір есте болатын дүние,  1933 жылы Мұқаңның араласуымен Абайдың толық өлеңдер жинағы жарық көрді. Онда 1909 жылы Мүрсейіттің  қолжазбасы негізінде Петерборда шыққан кітапта жоқ 1086 жол өлең жаңадан қосылған. Осы өлеңдерді Мұқаңа Шәкәрімнен басқа кімнің беруі мүмкін.  

Осы кезде ел ішінде жасы жағынан да, ақындық қуаты жағынан да Шәкәрімнің алдын орайтын ешкім жоқ. Мұқаң Абайды тану үшін «Абайдың бар қоймасын білетін адам» Шәкәрімді қалайда атап өте алмас еді.  

Тағы бір дерек: Мұқаң Семейдегі педтехникумға ұстаздық қызметке келгенде, Ахат Шәкәрімұлы осы техникумның бірінші курсында оқып жүрген екен. Ахат өзінің естелігінде: «Әкей мен Мұхтар аға екеуі үнемі хат-хабар алмасып тұратын. Мен соны жалғастырдым» дейді.

 

– «Абай жолы» эпопеясында Шұбар-Шәкәрім бейнесі тым көмескі. Неге олай?

– «Абай жолы» эпопеясы жазылып жатқан заманда Шәкәрімге «халық жауы» деген жала жабылып, есімін атауға тыйым салынды. Бұндай жағдайда  жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай айтқандай, Шәкәрімнің атын бүркемелеп, мегзеуден басқа Мұхтардың өзге амалы да жоқ еді. 

 

– Шәкәрім қажының бәрімізге таныс бір фотосы бар. Оны кім, қалай түсіргені жайында дерек бар ма?

– 1927 жылы КСРО Ғылым академиясының С.И.Руденко басқарған экспедициясы Қазақстанның шығысында болады. Экспедицияның этнография жағын басқарған Ф.А.Фиельструп деген ғалым Шәкәріммен кездесіп, одан этнографиялық мәліметтер алғаны анықталып отыр. Өйткені, ғалым өзінің кітабында: «Семей уезінің қадірлі адамы Шәкәрім Құдайбердиннің бізге айтып беруі бойынша» деген сөзді бірнеше жерде арнайы атап өтеді. 

Осы сапарында Ф.А.Фиельструп Шәкәрім қажыны 2 рет фотосуретке түсірген. Бірінде аң аулайтын құсын ұстатып, екіншісінде жеке өзін ғана түсірген. Қажының осы екі фотосы бүгінге жетіп отыр.  Бір ғажабы, бүркіт ұстап түскен суретте қоңыр аттың да бейнесі бар.