Қазақ қоғамының рухани ұстыны
08.02.2023 1496

Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ азаматтары Ресейдің жоғары оқу орындарында, жергілікті гимназия һәм семинарияларда, өлкелік әскери реалдық училищелер мен кадет корпустарында,  одан қалды «Ғалия» (Үфі), «Расулия» (Тройцкі), Құсаиния (Орынбор) сияқты заманауи медіреселерде біліп алып, қазан төңкерісі бұрқ еткен бұлғақ жылдары пайда апалас-төпелесте жеке ел болудың қамы ойлады және осы жолда бастарын бәй тікті. Тірі қалғандары кеңес заманында білім-ғылым жолында аянбай еңбек етті. Қазір осы кісілер қалдырған рухани ілімнің жемісін жеп, қайраткерлік рухынан нәр алып жүрміз. 


Осы орайда, мына бір дерекке назар аударыңыз, жоғарыда айтқан мықтылардың барлығының дерлік өмірбаяндық жазбаларында «ауыл молдасынан оқыған» деген бір сөйлем жүреді. Расын айтайық, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында балаларға алғашқы білім үйретіп, арфаметиканың төрт амалын ұқтыратындай қазақ даласында бастауыш мектеп болды ма?! Әрине болмады. Ендеше, ресейлік жоғары оқу орындары мен гимназияда оқыған арыстарымыз бастауыш бітірмей-ақ төтесінен жоғары оқу орындарына қалай барып жүр? Мәселе осында. Бұларды үлкен ілімге, зор білімге құлшындырып, айнымас адамгершіліктің мызғымас үлгісін үйреткен кім? Ол – кәдімгі қарапайым ауыл молдасы. 

Айталық, үлкен ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, соның арқасында 1850 жылы Орынбордағы қазақ-орыс мектебіне оқуға түседі. Ұлы Абай ше, ол да ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі Ахмет Риза медіресесінде оқығаны айтылады. Баянауылдық ғұлама атамыз Машһүр Жүсіп Көпеевте Камараддин Бижомартұлы деген ауыл молдасынан сабақ алған. Бұған дәлел Мәшекең «Ерейментау сапары» атты жырында: «Сұрасаң руымды Сүйіндікпін, Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ, Баласы Құлболдының нағыз текпін, Ұстазым Камар молда сабақ алғам» деген жолдар бар. Сол сияқты үлкен ілім иесі Шәкерім Құдайбердіұлының өмірбаянында Абай ағасының нұсқауымен бес жасынан бастап, жеті жасына дейін екі жыл үзбей ауыл молдасынан оқығаны жайлы дерек бар. 

Атақты ақын Құмар Қарашта ауыл молдасынан хат танып, одан кейін Жалпақтал медіресесінде білімін жалғастырса,  Алашорда үкіметінің мүшесі, Дума депутаты, заңгер Ахмет Бірімжановта ауыл молдасының түлегі көрінеді. Ұлт ұстазы саналып жүрген Ахмет Байтұрсыновтың да өмірбаянында «1882-1884 жылдары ауыл молдасынан оқыған» дейтін елеусіз сөйлем тұр. Ал, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхановты әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың оқуына берсе, Мағжан Жұмабаев ауыл молдасынан сауатын ашып, одан кейін бес жыл Қызылжардағы Бегишев медіресесінде білімін жалғастырған. Міржақып Дулатов та осы жолмен жүрген. Жақаңның өмір-тарихын зерттеуші заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков, бала Міржақып ауыл молдасынан хат танып, екі жыл оқығаннан кейін 1897-1902 жылдары орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады, дейді. Жетісудың дүлдүл жыршысы Ілияс Жансүгіров те әуелі өз әкесінен қара танып, одан кейін Қарағаш деген жердегі ауыл молданың алдын көрген. Одан кейін Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын курсқа аттанған. Ал бір жасқа толмай жатып әкесінен, алты жасында шешесінен айрылған қазақ әдебиетінің ірі өкілі Бейімбет Майлинда ауыл молдасынан оқып сауат ашса, дарынды ақын Сәбит Дөнентаевда Қасымқажы Ертісбаев деген ауыл молдасынан білім алған екен. 

Күнбатыс алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов де ағасы Дәулетүмбеттің ықпалымен ауыл молдасынан хат таныса, екінші алашшыл тұлға Жанша Досмұхамедов болыстық орыс-казақ мектебіне бармай тұрып, әуелі ауыл молдасынан сауатын ашыпты. 

Қазақтың мықты ақындардың бірі – Сұлтанмахмұд Торайғыровта алғашында Мұқан, Әбдірахман, Тортай дейтін ауыл молдаларынан оқыса, танымал ғалым Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланда осы жолдан өткен. Атақты Жүсіпбек Аймауытовтың өзі Бармұхамед деген ауыл молдасынан үш жыл оқыған.

Мұндай дерек солтүстік тумалары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де өмірбаяндарында жазулы тұр. Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы да алғашында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныпты. Тіпті заңғар тұлға Мұхтар Әуезов әуелі өз атасынан ескіше сауат ашып, 1908 жылы Семейдегі Камараддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін барып орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. Айта берсек көп. Осы жерден тізгін тарттық. 

****

Қазақтың бетке ұстар мықтыларының бәрін оқытып, онымен қоймай оларды өз кезінде ғаламдық бәсекелестікке шыңдап, тар жол, тайғақ кешуде табаны таймайтын етіп тәрбиелеп шығарған – ауыл молдасы деген кім?

 Бұл сұраққа тақ еткізіп жалғыз сөзбен жауап беру қиын. Әріден тартып айтар болсақ, қандайда бір қоғамдық жүйені әлеуметтік тұрғыдан шайқалтпай ұстап тұратын және жүздеген ғасырлар бойы шыңдалған мызғымас рухани-мәдени ұстындары болады. Бұны ғылыми тілде «институционализм» деп атайды. Бұл дегеніміз – көптеген ғасырлар бойы эволюциялық жолмен дамып, ұзақ уақыт сұрыпталу нәтижесінде толық мойындалған, сөйтіп әркез қоғамдық қатынасты реттеуші нормалар мен әлеуметтік топтар арасындағы құқықтық статустарды сақтауға бағытталған аса қуатты құрылым. Байырғы қазақ қоғамы осы институционалдық жүйе арқылы дамыған. 

Атап айтқанда, «Билер институты», «Байлар институты», «Бәйбішелер институты», «Жезде-жеңгелер институты», «Ақын-жыршылар институты», «Батырлар институты», «Малшы-қосшылар қауымы», «Ақсақалдар институты», «Келіндер институты», «Енелер институты», «Құдалар қауымдастығы» т.б. болып кете береді. Осындағы құрылымдық институттардың бірі – «Ауыл молдасы». 

Бұлардың бірен-сарындары болмаса көбінің аты-жөні белгісіз. Бір таңданарлығы бұндай молдалар күллі қазақ даласының қай бұрышында да болған. Олар шәкірттеріне еуропалық білім бере алмауы мүмкін, бірақ халқымыздың байырғы ғасырлар бойы шыңдалған керемет дәстүрлік жүйесі оқытып, қазақы танымның терең қайнарынан сусындатып, соңында құранның қарасын танытқан. Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, батыс пен шығысты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби атамыздың трактаттарында айтылғандай, ауыл молдалары шәкірттеріне әуелі білім емес, тәрбие яғни, адамгершіліктің терең тәлімін сіңірген. 

Осы орайда, ақтөбелік зиялы, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин: «Сол кездегі мешіт жанындағы медреселерде ұлттың тарихы мен әдебиеті, жыраулар поэзиясы, тіпті химия мен астрономияға дейін оқытқан. Осы мешіт, медреселер Алаш зиялыларының қалыптасуына, мәдени ағартушылық жұмыстың жүруіне ықпал етіп, қазақ қоғамына қастандықпен жүргізілген идеологияға қарсы тұрды» деп жазыпты. Бұл өте ақиқи пікір.

Екіншіден, ауыл молдалары қазақ қоғамындағы өмір сүрудің бұлжымас тетігі балалардың болашағын аңдап, сұрыптау жүргізіп отырған. Нақтырақ айтқанда, ауыл молдасы алдында отырған 20-30 баланың қайсысы білімге бейім, қайсысы малсақ, қайсысы өнерлі, қайсысы ұғымтал, қайсысы бойкүйез... бәрін анықтап ауыл ақсақалына немесе елиесі тұлғаға «мына баланың ынтасы зор оқыту керек, ана баланы мал бақтырған дұрыс, ана қара ұл қолөнерге бейім ұста болсын...» дегендей, жеткіншектердің болашақ әлеуметтік статусын белгілейтін. 

Соның арқасында елағасы білімге құмар, тұла бойында табиғи тәрбиесі басым балаларды Бұхара, Самарханд сияқты мұсылманшылық ілімін беретін медіреселерге аттансырса, тағы басқаларын заманауи мектептерге бағыттаған. Елиесі тұлғалар әр тарапқа білім іздеп аттанған жастарды қаржы-қаражатпен қанымдайтын дәстүр болған. Оқып келген бала әдеттегідей «Ауыл молдасы» міндетін жалғастырған. Осы күні көп айтыла бермейтін ақихат – ауыл байлары бір-бір ауыл молдасын ұстаған. Оның барлық шығынын өздері көтерген. Молданың міндеті – ауыл балаларын адамгершілікке тәриелеп, сан ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұлттық мінез, салт-дәстүр, діни ғұрыптарды үйрету. Ауыл молдасынан оқығандар алыс-күлесі көп өткен ғасыр басында түгелдей дерлік табандары таймай, азаттық жолында күресуі сөзімізге дәлел. 

Осы орайда, орыс ғалымы А.И.Левшин «Қырғыз – қазақ немесе қырғыз-қазақ ордасы мен далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде: «...Құранды арабша ұғатын қырғыз үлкен ақыл иесі болып саналады. Өз тілінде және татар тілінде оқып, жаза алатын әр қырғыз кемеңгер деп есептеледі. Хандар, сұлтандар, билер өз жандарына сауатты іс жүргізуші, аудармашы ретінде молдалар ұстайды» деп бекер жазған жоқ. 

****

Өткен ғасырларда ресейлік отарлаушылар болсын, кейінгі кеңестік колонизаторлар болсын ең алдымен қазақ арасындағы «Ауыл молдасы» институтын жоюға күш салды. Өйткені, олар бұл институтция көзге аса шалына бермейтін қарапайым көрінгенімен, ұлттың ұстынын ұстап тұрған керемет мектеп екенін, осы құрылымды бұзса этнос бірлігі ыдырайтынын жақсы білді. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресей барлаушысы П.И.Рычков 1887 жылы Орынборда жарық көрген «История оренбургская» атты еңбегінде: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адамдарын құрметтейді. Бұл адамдарға ақыл-кеңес беріп, мұсылманшылық қағидаттарын үйрететін арнайы адамдары (ауыл молдаларын айтады) бар. Қайсыбір іске ру басылары осы кісілер мақұлдаған кезде ғана жұмылады...» десе, Абай дана өзінің 39-шы қарасөзінде: «Әуелі –  ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Олар қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен...» деп сол кездегі қазақ қоғамның  институционалдық жүйесінің бірлік-ұстынын сипаттайды.

****

Кеңес үкіметі ең әуелі дінге қарсы күресті. Осы мақсатта 1919 жылы «Революция и церковь» журналы және 1922 жылы «Безбожник» газетін шығарды. Осы газет қоғамдық тілшілердің сиезін өткізіп, 1929 жылы «Жауынгер құдай­сыздар одағын» құрды. Аталған одақ­ты ұлты еврей Е.М.Ярославский басқарды. Бұндай құрылым Қазақстанда да пайда болды. 1940 жылы елімізде құдайсыздар одағының 148170 мүшесі бар, 4657 бастауыш ұйымы жұмыс істеп тұрды («Жұлдыз» журналы. № 9. 2010 ж. Амантай Кәкен. Ұлттық сана мінездемесі. 151-б).

Кешікпей 1937-38 жылдары жүргізілген қуған-сүргін ең алдымен ауыл молдасын қырына алды. Өйткені, олар бұлардың көзін жоймай қазақтың ұлттық рухани қайнарын бітей алмас еді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев: «Отарлаушылар  ислам діні шын мәнінде ұлттық тұтастықты ұстап тұратын ғаламат күш екенін түсінді. Дінсіздік – сананы мәңгүрттікке әкеліп, жат өркениетке бас игізіп, мәдени-рухани ассимиляцияға ұшыратып, надандыққа қалдырып, халықты ұлтсыздыққа душар ететін өте қауіпті дерт екенін жақсы білді», депті (С.М.Мәшімбаев, Г.С.Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Қазақ университеті. Алматы, 2013.18-б).

Тағы бір таңданарлық оқиға Кеңес одағында жүргізілген адам аулау (репрессия) науқаны бір уақытта, бірдей мақсатпен Шыңжаңда және Моңғолия жеріндегі қазақтарға қатар жүргізілді. Осы жылдары кеңестік жүйенің айтқанымен жүретін Шыңжаң билігі ең әуелі атақты Ақыт қажы Үлімжіұлы қатарлы молдаларды ұстаса, Моңғолияда да дәл осы үрдіс жалғасты. 

Бай-өлкелік зерттеуші Мәдениет Түркістанұлының 2014 жылы Ұлан-батырда жарық көрген «Ақтаңдықтар ақихаты» атты кітабында, қазақтары «халық жауы» ретінде ұсталу үшін үш түрлі айып тақты дейді. Олар.

Шыңжаң-Алтайға қашуға әрекеттенушілер;Кеңес одағынан қашып келгендер;Ауыл молдасы болғандар. 

Расын айтқанда, қытай – моңғол үшін қазақтың ауыл молдасы онша маңызды емес еді. Бірақ жоғарыдағы үкім кеңестік кеңесшілер арқылы берілген сталиндік тапсырма екені анық. Өйткені, кеңестік идеология «байлар мен молданы қойдай қу қамшымен» дейтін ұран тастап, ұлттық қоғамның негізі ұстыны молдалар мектебін ескінің қалдығы ретінде баяғыда есептен шығарып тастаған болатын. 

Соның бір дәлелі – 1921 жылы наурызда өткен Қазақ­стан компартиясының съезі жаппай дін­ге қарсы тұру қозғалысын өмір­ге әкелді. Жауынгер құдайсыздар ұйы­мына мүше болу жағынан қазақтар Одақ көлемінде украиндардан кейінгі екінші орынға ие болды. Нәтижесінде, қазақ қоғамында ауыл молдасының мектебі жойылды. Кеңес билігі орнаған жылдары республика бойынша 465 діни ұйым мен мешіт жабылса, 1920 жылы Орталық Азияда қызмет еткен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мыңы ғана қалған екен. Барлық медреселер жойылып, 47 мың діни тұлғалардан 2 мыңнан азы тірі қалды.