Абай Мырзағали: «1920-1930 жылдардағы қазақ оқулықтарында Алаш зиялыларының аманаты бар»
Бөлісу:
28.10.20222626
Тарих порталының бүгінгі қонағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, педагогика ғылымдарының магистрі, қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші Абай Мырзағали. Зерттеуші қазақ тарихына қатысты салмақты мақалаларынан бөлек, осыданбір ғасыр бұрын шыққан қазақ басылымдарының сарғайған беттерін салып, архив деректерін келтіріп отыратын ерекше жазбалары арқылы да әлеуметтік желіде танымал. Оның келтіріп отыратын деректері жай деректер емес, ол сарғайған беттер қазақтың басынан кешкен кезеңдері мен оқиғалар туралы сыр шертеді, ал архив құжаттарында ұлтымыздың басынан кешкені, жады сақталғаны анық. Тарихында ақтаңдақтары көп, өткені туралы анық ақиқатқа жете алмай жатқан ұлт үшін мұндай ізденістердің пайдасы көп боларына, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде ұлтқа қатысты көптеген құнды дүниенің табыларына күмән жоқ.
«Олар сол кездерде баспаларға жарияланған дүниелер, айталық, біреудің жеке естелігі емес, мыңдаған тиражбен шыққан дүние болғандықтан сол кездегі жала жабу сияқты науқаншылықтардан сабақ алып, қателіктер жібермеу үшін көпшілік оқырман оны білгені жөн. Әр мөлшерде жариялап, сараптап, деректік тұрғыдан талдау жасалса дұрыс, мысалы, бір-ақ рет жазылса жала болуы мүмкін, сондықтан тағы қай жерде жарияланды, басқа да деректермен салыстыра пайдалануға болады деп ойлаймын», – дейді Абай Мырзағали.
- Сіздің әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларыңызды тұрақты оқып отырамыз, көптеген қызықты мәліметтер саласыз. Байқағанымыз – негізінен 1920-1930 жылдардағы қазақ оқулықтары туралы зерттеген сияқтысыз. Осы тақырыптағы ізденіс барысында не байқадыңыз, не түйдіңіз?
- Негізгі бағытым – өткен ғасырдағы 20-30 жылдардағы алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдары туралы болған, сонымен бірге алғашқы қазақ баспасөзі туралы да зерттеу жұмыстарымен айналысамын, Мысалы, алғашқы қазақ оқулықтары қалай қалыптасты немесе қазақ кітаптарының тарихы қайдан бастау алады деген сияқты... 1807 жылы Қазан баспасында ең бірінші қазақ кітабы «Сейпіл-Мәлік» шыққан, ал алғашқы оқулық ретінде Ыбырай атамыздың «хрестоматиясын» атаймыз, ол 1879 жылы шыққан, сосын барып 20-ғасырдың басында төте оқу, ресей түріктері арасындағы жадитизм бізге де жайылды ғой, сол кезде төте оқу яғни жаңаша оқу тәсілінде жазылған оқулықтар, әліппелер пайда болды, соның ішінде 7-8 автордың 1911,1912,1913 жылдары 5-6 әліппелері қатар шықты, кейін олардың бәрі кемелдене түсті. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін А. Байтұрсынұлы басқарған оқу комиссариаты құрылып, соның негізінде алғашқы қазақ оқулықтары кезең-кезеңімен қалыптасып шыға бастады. Мұнда ең бірінші термин мәселесі, тіл тазалығы туралы айтылған, қазақи тұрмыстан алынып жазылған мысалдар, жаратылыстану оқулықтарындағы мысалдарды қазір де қолдануға болады, болашақта сол терминдерді қолданысқа қайталай енгізсек деген ойымыз бар.
- Осы жазбаларды үлкен зерттеу жұмыстардың басы деуге бола ма? Архивте отырасыз ба?
- Ия, осы жазбалар үлкен зерттеулердің шағын бөлшектері деп айтуға болады. Мысал ретінде осы шағын жазбалар кейін сарапталып, талданып, толықтырылып ірі көлемді мақалаларға, одан кейін көлемді еңбек болып жинақталатын еңбектің алғашқы басқыш деуге болады. Бұның барлығы шынымен де архивте кездеседі, жеке тектік мұрағат қорларында сол кездегі зерттеушілердің кітаптары, газет-журналдар бар, естеліктері бар, жазбаша түрде баспа бетін көрмей қалған кітаптар да бар, мысал ретінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығын айтуға болады, жазылған, бірақ баспа бетін көрмеген, кейіндері шығып жатыр, сол сияқты дүниелерді жинап реттеп, сала бойынша, мысалы, денсаулық саласы бойынша жұқпалы аурудан сақтандыратын кітаптар қалай болды, жаратылыстану бағытындағы кітаптар, тіл туралы деген сияқты санатқа бөліп, қарастыруға болады. Болашақта жасалатын жұмыстардың бір бөлігі осындай.
– Ескі газеттер мен жазбаларды оқу үшін ескіше оқи білу керек, төте жазуды қашан үйрендіңіз?
- Негізі ол жазу мың жыл көлемінде осы қазақ территориясындағы әртүрлі мемлекеттер қолданған араб жазуы негізіндегі жазу ғой. Ең алғаш Қарахан мемлекеті 960 жылы мемлекет ретінде ислам дінін қабылдағаннан кейін біздің түркі жазуларын ығыстырып, өзінің қолданыс аясын кеңіткен. Кейін сол араб жазуы негізінде 14 ғасырдың соңына қарай шағатай жазуы деген жазу пайда болды. Ол 19-ғасырға дейін қолданылды. 20-ғасырдың басында шағатай жазуының жаңаланған жеңіл нұсқасы да болды, ол төте оқу немесе төте жазу деп аталады, жоғарыда айттым, сондай төте әліппеден 7-8 автор 5-6 әртүрлі оқу құралдарын жасады. Соның ішінде ең кемелденген нұсқа осы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» еді. Ол 1912 жылы алғаш рет басылады, сосын іркес-тіркес 1927 жылға дейін әртүрлі әріптері реформаланып, кейбір әріптер қысқартылып, немесе қосылып қалыпқа түседі. Қазір енді ол жазуды шетелдегі қазақтар, соның ішінде Ирандағы, Қытайдағы қазақтар қолданады, оларда 1-2 әріпте ғана өзгешелік бар, қалғандары сол жүйеде қалыптасқан. Біз енді сондай әліппемен сауат ашқанбыз, университетте қосымша парсы тілін оқыдық, сол арқылы ескі жазуды оқуға деген тәжірибеміз біртіндеп қалыптасты деуге болады.
- Сол кездегі қазақ ішіндегі ахуал мен біздің бүгінгі тірлігіміздің арасында онша айырмашылық жоқ сияқты. Арада бір ғасыр өтсе де алауыздық азаймай тұр. Бірақ ол кезде үлкен интеллигенцияның ролі болғаны анық.
- Айырмашылығы шамалы деуге де болады, дегенмен айырмашылық бар. Әрине, біз интеллигенция деңгейінде алаш зиялылары қалыптастырып кеткен қозғалыс – тәуелсіз жеке ел болу, өз алдына ұлттық мемлекет құру процесі 20-ғасырдың соңында қайта көтерілгенін білеміз, мысалы, 1988 жылы Алаш зиялылары ақтала бастады, олардың көбі 1937-38 жылы айыпталып, қуғынға ұшыраған еді. содан соң арада жиырма жыл өткеннен кейін 1958 жылы коммунист қазақтар ақтала бастады. Бірақ, Алашқа қатысы бар тұлғалар тек 1988 жылдан бастап ақталып, еңбектері жариялана бастады. 1989 жылы Тіл туралы заң қабылданған білеміз, 1990 жылы егемендік туралы декларация қабылданды, 1991 жылы Тәуелсіздік жарияланды. Осы жүріп өткен кезеңдерді қарап отырсақ, ұрпақтар сабақтастығы сияқты, Алаш зиялыларының аманатына адал болған буын сол аманатты бізге аман жеткізді.
- Жуырда «Алаш автономиясы құрылды, жоқ құрылмады» деген дау шықты, сол кезде сіз Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайдың қазақ-қырғыз облыстарын біріктіріп, бір жергілікті автономия қылу туралы қаулыға байланысты 1918 жылдың басында Түркістан шаһарында өтетін съезге шақырғаны туралы хабарламаны жарияладыңыз. Осыдан кейін ол съездің қорытындысы, жалпы қалай өткені туралы мақала жарияланған ба екен?
- Ия, Алаш автономиясы құрылды, құрылмады деген талас-тартыстар жүріп жатыр, бірінші, жалпы қазақ съезі 1917 жылы шілде айында Орынборда болғанын білеміз, екінші жалпы қазақ съезі желтоқсан айында болды. Екінші жалпықазақ съезінің қорытындысы бойынша Алашорда автономиясы жасақталады және оны жария ету-етпеу туралы мәселе көтеріліп, соңында ол дауысқа салынады, сол дауыстың көпшілік басымдығымен бір айдан кейін жарияланатыны туралы келісім шығарылады. Алашорда ұлттық автономиясына қазақ-қырғыз облыстары Жетісу мен Сырдарияны (ол кезде Түркістан автономиясы Алаш автономиясынан бұрын жарияланып қойды ғой) қосу мәселесі көтеріледі және Түркістанда сол Жетісу, Сырдария облысы қазақтарымен съезд өткізу жоспарланады, соның ішінде Алашорданың белгіленген Міржақып бастаған өкілдері келеді. Сосын Түркістанда жиналыс өткізеді, нәтижесінде Түркістан өлкесінің қазақтары айтады: «біз қосылу үшін Алашорданың орталығы Түркістан қаласына көшіп келсін» дейді, сондай талаптарын қояды, кейіннен ақтар мен қызылдар арасындағы соғыс өте қиян-кескі болып кетіп, бұл мәселенің бәрі кейінге қалады және бұл съездің қорытындысы Тәшкенде шығатын «Бірлік туы» деген газетте жарияланған. Бұйыртса, келесі жылдары сол газет жеке кітап болып шығады, сол кезде толық танысатын боласыздар.
- Жалпы ізденіс, зерттеу барысында сізді таңғалдырған деректер болды ма?
- Таңғалдыратын деректер көптеп кездеседі, мысалы, қазақтың ұлттық тұтастығы жөнінде, шәкіртақы тағайындау, мектеп-медресе салу ісінің сол кезде өте жоғары деңгейге көтерілгенін білеміз, сонымен бірге шетелде оқыған қазақтардың көбейгенін, саны өсіп, сапасы да жетілгенін білеміз. Мысалы, анау Европаның Варшава, Мысырда, Түркияда, Мекке-Мединеде оқыған студенттердің «Қазақ» газеттерін, «Айқап» журналдарын жаздырып алуы, арнайы мақалалар жіберуі, Медине шаһарында медресе салмақшы болғаны, жыл сайын мұқтаж шәкірттерге көмек қолын созуы деген сияқты деректер біздің ұлттың сол кездегі оқу-білімге деген ынта-ниетінің жоғары дәрежеге көтерілгенін көрсетеді. Сонымен қатар Мамани мектебінің мамандары көбіне Мысырда білім алған, мысалы, Ғабдулғазиз Мұсағалиев Батыс Қазақстандыкі, Файзрахман Жахандаров деген кісі бар, ол сол Мысырда білім алған, сонда ол қазіргі «Болашақ» бағдарламасы сияқты ғой, шетелде оқып келген адамдарды жұмысқа тарту, арнаулы ұсыныспен шақыру сол кезде де болған.
1917-1918 жылғы аштыққа қатысты мәліметтерді таңғалдыратын деректер қатарына жатқызуға болады, бұл туралы бізде көп айтылмайды. Қазақ даласындағы 1917-1918 жылғы аштық және 1921-1922, 1931-1932 жылдарда үш реткі аштық болғанын хронологиялық ретпен айтып, соны оқулықтарға қайтадан жазу керек сияқты. Көбінесе соңғы екі аштық айтылады-дағы, 1917-1918 жылдардағы аштық айтылмайды. Сол кезде балаларын сатқан, әйелдерін, қыздарын сатқаны туралы деректер газеттерде кездеседі, бұл өте аянышты. 1921-1922 жылғы аштықта балаларын балалар үйлеріне өткізіп, кейін 1925-1926 жылдары оны іздеп, хабарландыру берген мәліметтер газет беттерінде кездеседі. Ұлттың трагедиясына қатысты ондай мәселелерді болашақта толықтай қарастыру керек.
- 1928 жылы конфискация жүрген кезде ірі байларды кәмпескелеп болған соң орташа жағдайдағы адамдарға бас салғаны көрінеді. Мысалы, сіз салған деректен «Күшіктің Жәудәсі, бұдан алынған 84 ірі қара, бір кірпіш, бір ағаш үй, бір кійгіз үй. Бір шөп машинесі тырнауышымен..» деген жолдарды оқыдық. Бұл соншалықты қисапсыз байлық та емес қой…
- Ия, 1928 жылғы 28 августтегі жарлық бойынша ірі және орташа байларды кәмпескелеу жүрген, сол кезде 800-ден астам байды мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару туралы қаулы шыққанын білеміз. Одан кейін орташа байларға келді кезек, енді бұл жерде айтылып отырған Күшіктің Жәудәсі деген кісілер бұлар негізі ірі байлардың қатарына жатқан. Бұл жерде мал санының азаюы – олар алдын-ала кейбір мәліметті білді. Осы түбінде бір тәркілеу болатынын біліп, кейбір малдарын сатты не басқалардың атына жазған сияқты деректер бар. Бұл кісінің інісі Варшавада малдәрігерлік институтында оқыған, ол кезде Варшаваға барып оқу үшін қаншама қаражат керек екенін білесіздер, бұлар ірі байлар болған. Бұл жердегі деректер соған байланысты болу керек.
- 1925 жылы "Шаншар" журналында 1902 інші жылдан 1907 інші жылға дейін Николайдың миссонері (Қазақты шоқындырушысы) болдым. Қазақты шоқындыра алмаған соң Николайдың қызметін тастап үш жылдай өз еркіммен "Поп" боп жүрдім. Ол да көңіліме жақпады. Содан кейін ахранкеде 2 жыл қызмет еттім. Патша үкіметіне сенімсіз болғандықтан содан былай кейде, цензур, кейде тыңшы болып Қазаққа қызмет сіңірдім. Енді стажымды есептеп отырсам 1905 жылдан Коммунист екенмін» деген мақала шыққан екен. Бұл кімнің мақаласы, бұдан не байқауға болады?
- 1925 жылы Тәшкенде «Шаншар» деген журнал шыққан, ол аты айтып тұрғандай қоғамдағы мәселелерді сынап, түйреп, шаншып жазатын болған, мұнда сондай мәліметтер кездеседі. Алашорда таратылғаннан кейін оның мүшелерінің көбі әртүрлі қалаларға шашырап, сол жердегі жергілікті баспасөзде қызмет істеді. Бір топ алашорда мүшелері Тәшкенге жиналып, «Ақжол» деген газет шығарды. Сол газетке қосымша ретінде «Шаншар» деген журналы шыққан, бірақ бір ғана яғни жалғыз саны шығып жабылған. Жоғарыдағы мақала журналға цензуралық тыйым салынуына алып келді. 1922-1923 жылы «Шолпан» деген журнал шыққан Тәшкенде, Семейде «Таң» (1925) деген журнал шығып жабылған, Мәскеуде «Темірқазықтың» (1923) үш саны шығып жабылған, «Шолпанның» 8 саны шығып жабылған. Ол журналдардың тоқтауына өткір мақалалар себеп болды.
- Жер мәселесі, мысалы, қазақ пен өзбек арасындағы жерлердің дау болғаны туралы да сіз жариялаған үзіктерден оқып-білдік. Қазақ пен орыс арасындағы сондай шиеленіс туралы дерек кездесті ме?
- Патшалық ресей қазақ территориясын өзінің меншігі деп жариялағаннан кейін көптеген орыс шаруаларының жер аударылғаны тарихтан белгілі. Соның ішінде, әсіресе, мынау,сұлу өлкелерге, өзен бойларына, Жетісуға орыс шаруалары көптеп қоныс аударған. Енді қазақ кеңес социалистік республикасы құрылғаннан кейін оңтүстіктегі екі облыс Жетісу мен Сырдария ол кезде Түркістан автономиясы болып тұрды ғой, соған байланысты жер мәселесін реттеуге негізделген қазақтың жер тарихы туралы кітаптар жазылып, мақалалар жарияланды, соның ішінде екі кісінің кітабын атап өтуге болады. Мысалы, Телжан Шонанұлының «Қазақ жер тарихынан» деген кітабы бар. Және Мырзағазы Есболұлының «Түркістанда келімсектер орнаған аудандарда жер мәселесі» деген кітабы. Бұл екі кітапта қазақ жерінің қалай орыс мұжықтарының жер меншігіне айналғаны, және оны қалай шешу керектігі, жергілікті ұлттарға қайтару мәселесі көзделген. Сол кітаптарды қарап пайдалануға болады және бұл кітаптардағы мәселе революцияға дейінгі кезеңде 20 ғасырға дейін көптеп көтерілген. Жер мәселесі, соның барлығы Әлиханның жазбаларында, басқа авторлар жазбаларында кездеседі, соның бәрі жинақталып, өткен жылы «Жер тарихы – ел тарихы» деген кітап шыққан. Соны да қарап көруге болады, құнды деректер мен мәліметтер жинақталған кітап деп есептейміз.
- Халел Досмұхамедұлы туралы екі жазба турасында айтыпсыз. Осы жөнінде оқырманға таратып айтып бересіз бе?
- Халел Досмұхамедұлы туралы екі жазбаны мен Орал губерниясының яғни сол жақтың «Қызыл ту» деген газетінен кезіктірдім, сол кезде Халел Досмұхамедұлының үйі болған, соны мемлекет меншігіне қайтару туралы бір кісінің жазған жазбасы бар екен. Және оған Халел Досмұхамедұлының ол үйді мемлекет қаражатына емес, жеке қаражатына салғаны және де ол жерде өзінің кедей туыстарының тұрып жатқаны туралы мәлімет айтады. Біріншісі – оны қаралау мақсатында, екіншісі – Халел сол қаралаған мақалаға жауап жазу арқылы шындықты айтып жазған жауап хаты деп айтуға болады. Алашорда кешіріммен таратылғаннан кейін де алашорда жетекшілері және олардың мүшелеріне үнемі бақылау, қуғындау сияқты іс-әрекеттер болғанын білеміз, солардың негізінде ең алғаш 1928 жылы олар қудалана бастайды. Шығармалары баспасөзден, оқулықтардан алынады, арада он жыл өткенде өздері қуғын-сүргінге ұшырап атылғанын білеміз. Сол қуғындаудың бастамасы сияқты жазылған жазбалар ғой ол.
- Сол кездегі «Серке», «Қазақ» газеті, «Ұран» газеттерінің мақсаты мен идеясы ұқсас болғаны белгілі, ал бір-бірінен айырмашылығы неде болған?
- Серке деген газет 1907 жылы Санкт-Петербургте шыққаны белгілі, оның жарнамасы «Улфат» газетінде жарияланған, сонымен бірге Орынбордан шығатын татардың «Уақыт» газетінде де мәлімет бар. Он бес күнде бір шығады деп жоспарланған, бірақ газет шыққаннан кейін тәркіленеді, таратылған сандарына дейін жинап алынады, және Улфат газеті де тоқтайды. Ол туралы арнайы хабарлама да басылған екен. 1911 жылы «Айқап» журналы шыққанын білеміз, он бес күнде, бір айда бір шыққан, 1913 жылы «Қазақ» газеті шығып, большевиктер жағынан қарсылыққа ұшырап жабылады, бірақ, сол аралықта 1917 жылы патша тақтан тайғаннан кейін уақытша үкімет кезінде баспасөз бостандығы болады, сол кезде «Қазақ» газетіне қанаттас басылымдар пайда болады, батыста – Ордада «Ұран», шығыста – Семейде «Сарыарқа» газеті, оңтүстікте – Ташкентте «Бірлік туы» деген газет шығады, 1918 жылы солтүстікте – Петропавлда «Жас азамат» деген газет шығады. Семейде «Абай» шығады. Осы төрт газет пен бір журнал «Қазақ» газетінің ұстанған жолымен жүреді, алашорданы насихаттайды. Оларды бір ниеттегі басылымдар деуге болады. Ұлттық мемлекет құру жолындағы ізгі істерді дәріптейді. Сонымен қатар «Айқап» пен «Қазақ» газеттері арасында пікірталастар болған. Ол емле мәселесі мен басқосу, жиын жасау мәселесінде, қазақтың отырықты ел болу мәселесінде пікірталастар болған. Бірақ екеуін бір-біріне қарсы қоюға мүлдем болмайды, екеуінің де ойлағаны қазақтың қамы, жұрттың келешегіне қатысты мәселелер болған.
– Мәскеуде болған жалпы мұсылман сьезінде қазылыққа Ғұмар Қараш тағайындалып Уфаға барғаны туралы 1917 жылы «Қазақта» айтылған, сонда онда барғанда не істеген? Жалпы ол сьездің маңызы қандай болған?
- Ғұмар Қараш атамыз Уфада жұмыс істегенін білеміз. Сол уақытта қазақта баспасөз болмаған кезде татар басылымдарына ең көп мәлімет жариялап тұрған Ғұмар Қараш екені де белгілі. Сонымен қатар мұсылман мәселесін, соның ішінде діни кейбір мәселелерді көтеруде, шешуде ол кісінің пікірі басты орында болды.
– Сәбит Мұқановтың: "Алаштың сойылын соққан газеттер" туралы мақаласында не айтылған?
- Бұл мақала «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланған, «Бостандық туына» да басылған. Қазақ баспасөз тарихына қысқаша шолу жасап, соның ішінде «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттерін алаш азаматтарының сойылын соққан газеттер, «Бірлік туын» шығарушы Мұстафа Шоқай шетелде қашып жүр, ақтардың сусыны болды, колчактар намаз оқыды» деп, бұл басылымдардың кеңес баспасөзі басылымдарының қатарынан орын алуына құқы жоқ» деп «Еңбекші қазаққа» жарияланған.
– Мағжан Жұмабаевтың «ғылымды өсімін жегізіп тұратын банкеге салулы жатқан көп ақшаға теңегені» туралы сөзі қазір де маңызды болып тұр. Осы арнайы аударылып шыққан оқулық сақталған ба?
- Мағжанның 1923 жылдан бастап Мәскеуге тіл-әдебиет институтына оқуға барғаны белгілі, сол кезде «Күншығыс» баспасында (басшысы Нәзір Төреқұлов, қарамағында жұмыс істейтін Әлихан Бөкейхан бар), сол кездегі қазақ ағартушылары Мәскеуде бірігіп қазақ кітаптарын шығара бастайды. Мағжанның 4-5 жыл Мәскеуге тұрған кезінде 25-ке жуық аударма кітабы жарық көреді, қайталап айтамын, бұл кітаптардың бәрі өлең кітаптары не әдеби басылым емес, саяси кітаптар бар, сонымен қатар экономикалық, шаруашылыққа арналған. Жоғарыдағы цитататалр экономикалық бағытта корпорация құру, оны қалай құру керек деген сипатта беріледі. Және осының алғы сөзін Қыр баласы – Әлихан Бөкейхан жазып, қазаққа қажет кітап екенін айтып өтеді. Сонымен қатар Мағжанның «Күркіреу, найзағай, электр» деген кітабы бар. Бұл кітаптың алғысөзін де Қыр баласы жазып, мынандай сөздермен атап өтеді: «Бұл кітап қазақша жазылған алғашқы кітаптардың бірі, өйткені, Мағжанның жазуы қазақ тұрмысына лайықтап жазған. Бұған дейін Халелдің «Жануар», Елдестің «физикасы» болмаса, білім бетінде бұған дейін қазақтың өз кітабы жоқ шығар» деген алғысын айтады. Бұл кітапты оқу арқылы физика туралы алғашқы түсініктің қалыптасатынын, электр туралы білімді арттыру үшін Елдестің «физикасын» оқу керегін атап өтеді. Жалпы алғанда Мағжанның шығармашылығы, аударма ісімен айналысуы ең биік өреге жеткенін көреміз, Мәскеудің өзінде 25 кітап шығару оңай жұмыс емес екені белгілі.
– Соңғы кезде онда-мұнда барып көп еңбектендіңіз, ғылыми айналымға қосатындай бірдеңе тапқан шығарсыз, олжаңыз бар ма? Сондай ақ, кейде қазақ қабылдамайтын шындықтарды яки архив материалдарын саласыз (мыс Мұқанов тур), бұл жалпы қазақ тарихы үшін керек пе, әлде жабулы күйде жата бергені жөн бе? Әдетте осындайдар кейін өзі сөзге үйір елміз, дау-дамай көбейетінін байқаймыз, біз тегі дайын емес шығармыз.
- Жазда Қазан қаласына барып, мұрағатында отырдым. Ең алғашқы қазақ кітабы Қазанда шыққан. 1918-1920 жылдар кезінде қазақ даласындағы баспалар көп дүниесінен айрылды, «Қазақ» газетін шығарған баспа большевиктер қолына өтті, кейбір деректер жоғалды. Кітаптар, оқулықтар, Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдері болсын, Қазанда бастырылғанын білеміз. 19 ғасырдағы басылымдар да Қазанда басылды. Ол жер ғылым мен білімнің орталығы болды. Соған байланысты ол жерде қазақ тарихына қатысты көптеген мәліметтер бар екен, біразымен танысып, біраз көптеген тың деректерге ие болдық. Болашақта оларды ғылыми айналымға енгізе жатармыз.
Архив мәселесіне келсек, кейбір мақалаларды жариялау-жарияламау мәселесін сұрап отырсыз ғой, меніңше көпшілік оқырман оны білгені дұрыс. Олар сол кездерде баспаларға жарияланған дүниелер, айталық, біреудің жеке естелігі емес, мыңдаған тиражбен шыққан дүние болғандықтан бүгінгі газеттерге беріп, жала жабу сияқты сондай науқаншылықтардан сабақ алып, тәлім алып, қателіктер жібермеу үшін әр мөлшерде жариялап, сараптап, деректік тұрғыдан талдау жасалса дұрыс. Мысалы, бір-ақ рет жазылса жала болуы мүмкін, сондықтан тағы қай жерде жарияланды, басқа да деректермен салыстыра пайдалануға болады деп ойлаймын.
- Тарихқа қызығушылық бала кезден, мектеп қабырғасынан басталары белгілі. Туған жеріміз Іле өзенінің жағасында орналасқан еді. Ол ауылда ежелгі үйсін, сақ қорғандары болған, төбе-төбе болып жатқан орындар адамдардың өмірі, дәстүрі солайша қызығушылығымызды оятты, археология мамандығына тапсырамыз ба деп едік, университетке тарих және география мамандығына түсіп, педагогика бойынша білім алып шықтық. Осылай бала шақтағы қызығушылық ізденіске ұласты.