Ұлытау шайқасы
27.10.2022 2692

XV ғасырдың орта тұсында құрылған Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап ел мүддесіне сай, ру-тайпалардың этностық аумақтарын қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. Ол мемле­кет­тің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сондай күрестердің біріне – 1510 жылы қыс айларында Ұлытау маңында Қасым хан мен оның сол кездегі басты қарсыласы – Мұхаммед Шайбани хан арасында өткен ұрыс жатады. Бұл ұрыста кім жеңіске жетсе, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа иелік етуші еді.  


Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен құрылған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-90-жылдары Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін Темір әулетімен күрес жүр­гізеді. Мұхаммед Шайбани хан атасы Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан және әкесінің туған інісі, Әбілқайырдан соң хан тағына отырған ағасы Шайх Хайдар ханның қаза табуынан соң (1470/71 жылы) қашып жүріп, ақыры Мауереннахрдағы Темір әулетін паналайды. 

Самарқан билеушісі темірлік мырза Сұлтан Ахмет оған көмек беріп, Сыр бойын иелене бастаған Қазақ хандығына қарсы қояды. Сөйтіп, Қазақ хандығының ширек ғасырға созылған Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан қалалары үшін кескілескен шайқастар жүреді. Шайқастар барысына Мұхаммед Шайбани хан белсене араласады. 

Бұл күрестің 1494-1496 жылдары өткен үшінші кезеңіне Моғолстан мемлекеті де қатысады. Ақыры, шамамен 1497 жылы күресуші үш жақ: Қазақ хандығы, Моғолстан және Мұхаммед Шайбани хан бастаған шибанилық сұлтандар өзара бейбіт келісімдерге келіп, Түркістан аймағын үшке бөліп алады. 

Қазақ хандығы аймақтың Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлері енетін сол­түс­тік бөлігін, Моғолстан мемлекеті оңтүс­тік бөліктегі Ташкент пен Сайрам өңірлерін, ал шибанилық сұлтандар аймақтың орталық бөлігіндегі Яссы мен Отырар өңірлерін иемденеді. 

Бейбіт келісімдер туысқандық байланыстармен нығайтылады. Деректерде қазақ ханы Бұрындық өзінің бір қызын Мұхаммед Шайбаниға, екінші бір қызын оның туған інісі Махмуд сұлтанға ұзатқандығы жөнінде айтылады. Сондай-ақ қазақ сұл­тан­дары кешегі қарсыласы – моғол хан­дарымен де туыстасады. Қасым сұлтан­ның туған ағасы, сол кездегі ең беделді қазақ сұлтандарының бірі – Әдік сұлтан моғол билеушісі Сұлтан Махмуд ханның қарындасы, Жүніс ханның ең кіші қызы – Сұлтан Нигар ханымға үйленеді. Сөйтіп, соғысушы жақтар арасында бейбітшілік орнағандай болады. 

Бірақ бұл бейбіт жылдар ұзаққа созылмайды. Темір әулетінің мырзалары арасындағы шиеленіскен саяси дағдарыс пен өзара күрестерді өте шебер пайдалана білген Әбілқайыр ханның немересі 1500 жылы моғол ханының әскери көме­гімен Самарқан тағын басып алады да, көп ұзамай Мауереннахрдың өзге де аймақтарын бағындыра бастайды. 1501-1504 жылдар аралығында бүкіл Мауереннахр аумағында Мұхаммед Шайбани ханның жеке-дара билігі орнығады. 1505 жылы Хорезм аймағы да бағын­дырылады. Бұрынғы темірлік мырза­лар мен оның жақтастарының бар байлығы шибанилық сұлтандар мен олардың жақтастарының қолына өтеді. Осылайша, Орта Азияда 130 жыл бойы билік құрған Темір әулетінің орнына, жаңа әулет – шибанилық әулет билікке келеді.

Мұхаммед Шайбани хан Мауерен­нахр­дағы билігін әбден орнықтырып болған соң, назарын қайтадан солтүс­тіктегі Қазақ хандығына аударады. Қазақ хандығын өзіне тәуелді ету үшін ол 1506 жылдан бастап қазақтарға қарсы күрестің бірнеше түрін бірден қолданады. 

1505-1510 жылдар аралығында Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға қарсы төрт рет жойқын жорықтар ұйымдастырады. Оның алғашқы үшеуі біршама табыс­ты өтеді. Осы үш жорық барысында Сыр бойында қыстайтын Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары көп шығынға ұшырайды. Сол жылдардағы қазақ би­леу­шісі Бұрындық хан тарапынан жау­ға қарсы ешқандай қарсылық ұйым­дас­тырылмайды. Бұл жағдай оның ел ішіндегі беделін түсіріп жібереді. 

Үш жорық барысында бірнеше қазақ ұлыстары талан-таражға түскенімен Мұхаммед Шайбани хан өзінің түпкі мақсаты – Қазақ хандығын бағындыруды жүзеге асыра алмайды. Сөйтіп, ол 1510 жылы қазақтарға қарсы өзінің төртінші, соңғы жорығын ұйымдастырады. 

Бұған дейінгі жорықтар секілді бұл төртінші жорық та қыс айларында басталады. Өйткені, қазақ ұлыстары шаруашылық жағдайларына байланысты қыс айларында бір-бірінен өте алыс орналасатын және әрбір ұлыс көрші ұлыста не болып жатқанынан бейхабар болатын. Осындай заңдылықты жақсы білетін Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға жорықтарын тек қыста ұйымдастырып отырды.

1510 жылдың қысында шибанилық би­леуші көп әскерімен Дешті Қыпшақ ау­мағына басып кіреді. Ханның өзі Сыр бойындағы Көк Кесене деген жерде қалып, ұлы Темір сұлтан мен немере інісі Ұбайдаллах сұлтан бастаған бар­лық әс­керді Ұлытау маңындағы Қа­сым хан­ның ордасына аттандырады. Қасым ханда оларға қарсы тұрарлықтай күш болмады. Сөйтіп, оның Ұлытаудағы Ордасы мен ел-жұрты сұлтандардың қолына түсті. 

Тәжірибесі аз жас сұлтандар жеңістерін бірнеше күн бойы Қасым хан ордасында тойлап, қарсыластарынан ешқандай қауіп күтпеді, жау бар екенін естеріне де алмады, күзет те қоймады». Одан арғы оқиғалар барысы Абдаллах Балхи мен Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінде былайша жалғасады: «Қасым хан шибанилық сұлтандардың қаннен-қаперсіз екенін білгеннен соң, жағдайдың бәрін анықтау үшін барлауға өзінің сенімді адамдарының бірі – Мойынсыз Хасен деген батырын азғантай адамдармен жібереді. Қасым ханның батыры қарауылы жоқ ордаға өте жақын келіп, Қасым хан келіп қалды деп қауесет таратады да, тікелей ұрысқа түспей алыс­тан қарасын көрсетіп отырады. Қатты қорқып қалған шибанилықтар бір-біріне қарауға мұршалары келмей, бойларын үрей билеп, қаша бастайды. Ешкімнің ойына қарсылық көрсету туралы ой да келмейді. Шайбани ханның әскерлері, сірә Қасым ханның өзі келген екен деп ойлап, алған олжаларының бәрін тас­тап, Шайбани ханға қашып келеді».