Алыптар алшаң басқан жер І бөлім
22.10.2022 1418

Зайсан жерінің елі Абай ауылымен аралас-құралас болған. Құнанбайдың анасы Зере найман қызы болғандықтан, Құрбан қажы (кезінде Қоңыз батыр атанған) нағашы-жиен болып, қатты қалжыңдасады екен. Зайсан өңірінің алғашқы қажылары Абай ауылына ат басын тіреп, құжаттарын Семейде реттестіріп, Құнанбаймен бірге Мекке-Мадинаға сапар шеккен. Осы сапарда Меккеде балаларға дәріс беріп жүрген зайсандық Әбдірахман Сыпырандыұлына жолығады. «Елге келіп, дін жолына түскен елге көмек бермейсің бе?» деген дерге ол «Әлі де екі жылдық оқуым бар» деген екен. Құнанбай бастаған қажылар оған қаржылай көмек беріп, ақ жол тілеген.  


Шығыс пен Шыңғыстау

Құнанбай қажы Зайсан жерінде талай рет болыпты. Аға сұлтан болып тұрған кезінде Семей уезінің жігіттері пошта тонап, басқа да ауыр қылмыс жасап, қашып кетеді. Бұл қылмыс ашылмай, аяқсыз қалса, бағынышты елі патша билігін мойындамай, осындай бассыздық қайталана береді деп Семей облысының губернаторы қаһарына мінеді. Өзгелерге сабақ болсын деп қашқындарды індете іздеттіреді. Тексеру барысында пошта тонаған топтың екі басшысы Ресей билігінен тысқары Зайсан мен Алтайдың шығыс түстігіндегі керей еліне қашып кеткенін біледі. Билік басы губернатор аға сұлтан Құнанбайға қашқандарды ұстап әкелуді тапсырады. 

Ол маңдағы елді Көгедей төренің баласы Ажы төре билейтін. Ресей мен Қытай мемлекеттері шекараны нақтылы заңдастырған 1864 жылы Ажы елін бастап 1865 жылы Алтай тауының оңтүстігіне, яғни Қытай иелігіндегі жерлерге қоныс аударады. Соған қарағанда Құнанбай сапары сол он тоғызыншы ғасырдың 40-50 жылдары болса керек. Батыстан орыс, шығыстан Қытай билігі елдің ішкі ісіне араласпаған, сол бір мамыражай кезеңді кейін халық тамсана еске алып, тарихшы жазбаларына түсірді.

Құнанбайдың Абақ Керей еліне келуіне орай, Ажы төре бас болып, Шәу жырау, Шөгетай батыр, Көкен, Жетібай, Тілеуді билер қостап, Қаба өзені бойына елу үй тіктіріп, елдің сән-салтанатын көрсетеді. Енді бір әңгімелерде Зайсан қаласы жанындағы Жеменей өзені бойында аға сұлтанды қарсы алды деседі. Құнанбай керей елінің мал, басының өсіп, шалқып отырғанына риза болып аттанады. 

Абақ балаларының Құнанбай барғанда бір билікте болғанымен, бір болыс ел (Зайсан жеріндегі) Ресей қармағында қалады. Бұл кейінгі уақытта болған өзгеріс. Алда не күтіп тұрғанын ол кезде кім болжап білсін. Дәл сол кезде қазақ салтымен сыйластық, қимастықпен мәмілеге келеді. Құнанбай іздеп келген ақсақ Қиян мен Табылдыны ұстап бермей: «Біз жаққа келгені рас, бірақ бір жылдан соң өлген», – деп анықтама жазып береді. Оларды ұстап беру Құнанбайдың өзіне де абырой әпермес еді.

«Сөздеріңізге сенейін, бірақ Қиян мен Табылды қайта тіріліп кетпесін», – деген екен.

Осы сапардан оралғанда Құнанбай Абақ Керей баласы он бес мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен.

«Түбі біздің қазақтың бір тиянағы осы болар», – депті. Расында, 1916 жылғы аласапыранда, Азамат соғысы зобалаңында, отызыншы жылдардағы нәубет кезінде бас сауғалаған елге (арасында Құнанбайдың өз ұрпақтары да бар) Абақ Керей пана болды.

Бір әкімшілік жүйеде (Семей облысы) болғандықтан, Абай Зайсан жерімен байланыста болған. Қара Ертіс өзені жағасындағы «Көкиірім» съезіне қатысқан. Бірде Зайсан жақтың қазақтарына таңсық көрінетін пәуескемен келіп, осы елдің білікті билері Сегізбай, Назар деген кісілермен жүздесіпті. Екеуі де өз заманында атақтары шартарапқа жайылған билер екен. Отаршылармен күресіп, есесін жібермеген Зейнолланың әкесі Бұтабай қажыны жоқтағанда Әрімжан ақын:
Төртуылда жақсы кім? 
Назар менен Сегізбай, 
Ақылы артық теңіздей,
Сағындым, әкем, келсеңші-ай!.. 
Еліме қайғы жегізбей, 
Сегізбай, Назар, Үкі би,
Құдайым салды мұндай күй, 
Сағындым, әкем, келсеңші-ай!.. – деп Шығыстағы барлық игі жақсылармен бірге есімдерін жырға қосады. Абаймен ел қамын жеген абыздар достас болса, ақындар да сырлас болды. Солардың арасында Жанұзақ ақынның аяқ алысына қатты риза болады екен. Ол кісі Зайсан жеріндегі кетеуі кеткен тірлікті былай жырлаған екен:

Азырақ сөз сөйлейін заманадан, 
Отырмыз бекер қарап бағанадан. 
Аралас бары-жоқты сөз қылайын, 
Мен емес сөз білмейтін бекер надан.

Жеменей қала салды орыс келіп, 
Көбінді алып жеді, азды беріп.
Аңғарып қарасаңыз, жамағаттар, 
Әділет әбіреуден кетті жылып.

Орыс кеп қала салды Жеменейге, 
Таластық таудай көріп кенедейге. 
Заманның құрығаны сол емес пе, 
Қыныма үйір болдық делегейге.

Жеменей орыс түсті жағасына,
Жат жұрттың душар болдық табасына. 
Азғаны замананың сол емес пе,
Інісі қарсы тұрды ағасына. Осы жырда Жеменей жағасына отаршылардың Зайсан қаласын салуына деген елдің наразылығы байқалады.

Ақындар жырларындағы өлке сипаты

Абай заманынан кейін Арғынбек ақын Зият Шәкәрімұлымен кездесіп, сыйлас болады. Ұлы ақынның 1909 жылы шық қан кітабымен бұрын да таныс болса, Шәкәрім еңбектерінен ғибрат алады. Сол заманның өзінде көптеген ақындар Абайға жыр арнаған. Солардың ішінен ел Арғынбектің өлеңін жоғары бағалайды екен.
Өскенбей, қажы Құнанбай, мырза Ыбырай
, Абайдың жаннан асқан білімін-ай.
Затың қазақ болған соң, амал бар ма, 
Арманда зарлап өттің, дүлдүлім-ай. 
Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың, 
Атыңыз бақи қалды, бұлбұлым-ай.
Низамия болмаған атаң қазақ, 
Табылмас енді сенің бір күнің-ай. 
Құдайдан әмір болып қайта келсең, 
Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай. 
Далиған даладағы бұл қазаққа
Алла енді келтірер ме сендей ұлды-ай?!
Зайсанда Абайдың ақындық мектебінің шәкірттері қызмет етті, оқу-ағарту саласында із қалдырды. Зайсан қаласынан жіберілген қолжазбалар Ресейдің орталық қалаларынан кітап болып шығып, халыққа тарады. Қазан төңкерісіне дейін Біржан сал мен Сара ақынның айтысы кітап болып шығып, сол кезде әдеби өмірде сілкініс тудырды. Айтыстың бір нұсқасы белгілі фольклор жинаушы Жүсіпбек Шайхысләмұлынікі, және Зайсан нұсқасы бар. 1899 жылы Қазан қаласында кітап болып шыққан нұсқада:
Зайсанның жіберілді қаласынан, 
Кімнің кім зиян шегер данасынан, – делінген.

Әдебиет зерттеушілер осы нұсқаны Әріп Тәңірбергенов жіберген десе, өзі осы айтысты өңдеп, қайта жазған деп болжам жасайды. Зайсанда Керімберді Бабаев деген татар саудагері тұрған. Сол кісі қазақ әдебиеті мұраларына қамқорлық жасап, Біржан – Сара айтысымен бірге Уәлиолла Тұқым қажы ұлының «Қамбар» қиссасын да Қазан қаласында әлденеше рет бастырған. Керімберді әбзимен Абақ Керейдің ақылман ақыны Ақыт Үлімжіұлы тығыз байланыста болды. Ақиық ақын Зайсан өңірін:
Маңырақ, Сайқан, Сауырым, 
Өрісі, қонысы бір ауылым.
Қазақты бөліп, жармаймын, 
Бәрі қандас бауырым.
Айтуға түгел тіл жетпес, 
Жырлайын бөліп қадамын. 
Енші болған отауымыз,
Он екі Абақ Керей бауырың. 
Жайсаңнан жыр бастайын, 
Ертіске көз тастайын 
Жағасы шалғын, бал құрақ, 
Үйеңкі, терек, жас қайың. 
Ертісті бойлап өрлейін, 
Құлашты кең сермейін.
Жайсаңнан үлгі көп алған, 
Өрге тартқын керейім, – деп сүйіспеншілікпен жырлаған. Осы қаладан әрқашан риза болып аттанған. Өйткені ақынның Керімберді досы арқылы көптеген кітаптар жарық көрді.

Ақыт ақын араб, парсы, орыс тілдерін білген ғұлама болған. Шығыс классиктері мен қазақтың жыраулық өнерінен өнеге алған. 1891 жылы Қазан баспасынан «Жаһаншақ Тамұз Шақұғлы» деген кітабы шығып кейін бірнеше рет қайта басылған. 1897 жылы орыс ғалымы Николай Катанов «Деятель» журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес «Хисса хабду-мүлік» (1902, 1904, 1909 ж), «Ахуал қиямет» (1908 ж), «Әдеби ғахлия» (1909 ж ), «Керей ишаны Мұхаммед мумиын» (1909 ж), «Хисса Сейфулмәлік» (1895, 1909, 1914), хисса «Сейд Жағфар шам әулие сұлтан Сейд» (1894 ж) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған.

1991 жылдан бері Моңғолияда «Қажыбаян», «Ақіретбаян», «Жиһаншаһ», «Ғахылия» секілді төрт кітабы, Шыңжаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт – Қазақстанда 2007 жылы «Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы» жағынан «Жиһаншаһ» атты таңдамалы томы жарық көрсе, 2008 жылы Алматы қаласында ақынның 140 жылдығы салтанатпен атап өтілген еді. Сондай аяулы жанды Шың Шысай сынды зұлым 1940 жылы 72 жасында Үрімжі түрмесінде жауыздықпен қинап өлтірген екен.

«Ақыт Үлімжіұлы – Шыңжаң қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі», – деп академик Тұрсынбек Кәкішев жоғары баға берді («Жас қазақ үні». 24.09.2010 жыл).

Райымжан Мәрсекұлының Зайсандағы іздері

Зайсан жерінде Алаш арысы Райымжан Мәрсековтің ғибратты өнегесі, табанының ізі қалған. Бұл өңірге туысшылап, қонақшылап келмеген. Елім деп еңіреген ер нақтылы шапағатты істермен айналысқан. Алаш қозғалысының ұйымдастырушысы басшыларының бірі болған Райымжанның қайраткерлігі, күрескерлігі аңызға бергісіз.

Райымжан Мәрсеков 1879 жылы Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданында туған. 1902 жылы Санк-Петербург университетін ерекше белгімен үздік бітіреді. Абзал азамат алаш жұртына қаламгерлігімен де кеңінен танылды.  Алғашқы қазақ баспа сөзінің қарлығаштары «Дала уәлаяты» газетінен бастап оның жазғандары өз заманындағы орыс және қазақ тіліндегі басылымдарда жарияланып тұрды. Заңгер болғандықтан құқығы тапталған қандастарын қорғап қана қоймай, отаршылдардың озбырлығын баспасөзде сынға алады.

Райымжан Мәрсеков патша үкіметінің саясатын әшкерелеп, заңсыздық, әділетсіздікке, халыққа қысым жасаушылыққа қарсы шығады. Ол Қазан төңкерісіне дейін патшалық империяның қазақ еліне жүргізіп отырған «отарлау», «қоныстандыру», орыстандыру саясатына қарсы шыққан қазақтың белді азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Жаһанша Сейдалиндермен тығыз байланыста болып, олардың «Қазақ» газеті, «Айқап» журналына жариялаған мақалаларын үзбей оқып, пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырған. Бұл ретте оның мақалаларының публицистикалық уыттылығы нақтылығымен, бұлтартпас қисындылығымен, дәлелділігімен ұштасып жатады (М. Мағзұмов. Айыртаудың ақиығы. «Ақ Ертіс» журналы. №5, 2010 жыл).

Райымжан – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, басшыларының бірі. Ол жалпы қазақ съезін шақыруға үндеумен болды. Бұл ұсынысты қолдаған қазақ оқығандары «Қазақ» газеті арқылы ой қозғады, жан-жаққа жеделхаттар жіберумен болды. Осы жеделхатта: «Бүкіл мемлекеттер қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж, қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алауыздық, біреуге-біреу сенбеу күшейді әр адам, әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан уақиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ елі сезе қоймайтын шығар. Оқиғалардың сүреңі жаман: қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек», – делінген («Қазақ» газеті, №250). Алаш қозғалысы аз уақыт тарих сахнасына шықса да елдің санасына із қалдырып, саяси белсенділігін арттырды. Патшаны тақтан тайдырған ақпан төңкерісінен кейін әуелі Қазақстанның жер-жерінде қазақ комитеттері құрылып, болашақта партия құруға қаракет жасай бастады. Осы кезде Райымжан Мәрсеков Семей облыстық комитеттің төрағасы болды. Сонымен бірге «Алаш» партиясының бағыт, бағдарларын белгіледі. Қазан төңкерісінен кейін билікке келген большевиктермен алашшылдардың ұстанған жолдары үйлеспеді. Өз бағыттары бойынша саяси күресті жалғастыра берді. Алаштың облыстық басшысы болғандықтан Зайсан уезі алашордашыларына тікелей басшылық жасап, қарулы жасақ құруға ұйтқы болды.

Азамат соғысында жеңіске жетіп, бүкіл Ресейде Кеңес өкіметі түпкілікті орнағаннан кейін Алашорда басшыларының көбі жаңа билікпен мәмлеге келіп, кешірім алды. Ал Райымжан болса өз ұстаған жолынан қайтпай, Қытай жеріне өтіп, «Алаш» идеясын Шығыс Түркістанға таратпақ болды. Ең әуелі 1918 жылғы 24 сәуірде өзінің інісі Шерияздан, алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылармен бірге Шәушек қаласына барады. Бұл жай ғана серуендеп, қонақшылау емес, Алаш қозғалысының ауқымын кеңейтуге деген талпыныс еді.

1918 жыл ел ішінде аласапыраны мол ең қиын кезең еді. Әсіресе шекара шебіндегі Зайсандағы жағдай да аумалы, төкпелі болатын. Райымжан Мәрсеков қайтар жолда алаштың Зайсандағы ұйымы мүшелерімен, ел ағаларыммен жолыққан. Бұл жөнінде ғалымдар мынандай пікір айтады: Жапабай болыстың 30 мың төртуылды  түгел  көшіріп әкету үшін Өр керейдің төресі Әлен уаңмен келіссөз жүргізіп жатқанын білген. Ауған жұрттың ахуалын көріп келе жатқандарын айтып, елдің іргесін көтермеуге, алаштың Шығыстағы атамекенін тастап кетпеуге ақыл берген. Өйткені біртұтас Алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін Шығыс Түркістан дегеніміз – көне түркінің «мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің атамекені болатын. Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлшекке түскен қазақ жері, Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінге түскен қазақ елі. Осын- дай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты тарамас үшін келген болатын Алаш ардақтылары бұл өңірге.

Ондағы басты мақсаты:
– «Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;
– Басып барған елмен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде Қытай  үкіметіне ресми тіркету;
– Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын (М. Мағзұмов. «Ақ Ертіс» журналы. №5, 2010 жыл).

Алаш қозғалысына Кеңес одағында тиым салынғаннан кейін Райымжан сынды арыстар оны Шығыс Түркістанда жалғастырады. Оның әр қадамы дерлік тыңшылар бақылауында болады. Бір рет тұтқындап, Семейге әкеле жатқан жерінен туыстарының көмегімен тұтқыннан босап, қайта Қытай жеріне өтеді. Кеңес барлаушылары сонда да аңдуын тоқтатпайды. Құпия мәліметтерді Кеңес жағына жеткізіп тұрған. Сондай ақпардың біріне назар аударарлық: «Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша шекараның ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсекұлы өткен жылдың (1931 ж.) соңғы күндерінде Жайырдан Сарысүмбе қаласы ауданына келген. Жолшыбай Мәрсекұлы Қобықтағы бай Ақыш Шерединовке тоқтаған. Мәрсекұлы кейбір қазақтарға өзінің Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді көздейтінін, сөйтіп ССРО территориясына шабуыл жасауды мақсат ететінін мәлімдеген. Мәрсекұлының ізінше-ақ қаңтардың алғашқы күндерінде Қобық арқылы үш линиялы винтовкамен қаруланған саны 30 адамдық Алаш отряды жүріп өткен. Дам мекенінде... отряд Қонысбаев Хасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған».

Мәлімет тексеруді қажет етеді:

50-ші шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға бару мақсатын анықтау тапсырылды. Бұл жасақтардың құрылуы Шығыс Түркістан аймағындағы қазақтардың тыныштығын қорғау үшін ауадай қажет еді.
ОГПУ деректері бойынша, Райымжан Мәрсекұлы басқаратын қазақ орталығының мақсаты төмендегідей болған:

«...а) ССРО жерінде контрреволюциялық топтар ұйымдас- тыру, оларға басшылық жасау; б) халықты Қытайға өткізу үшін және шекаралық аудандарды көтеріліске көтеру үшін қарулы бандылар ұйымдастыру; в) көтерілісшілерге нақты көмек көрсету; г) эмиграцияға кеткен қазақтардың Қытай жерінде хандығын құру». Жоғарыда келтірілген мәліметтен Райымжан Мәрсекұлының ұлттық мүде тұрғысында зор ұйымдастыру жұмыстарын атқарғанын аңғарамыз (Е. Рахметуллин. «Семей таңы» газеті. 19 шілде, 2011 жыл).

Жақында ғана Алаш саяси серкелерінің ұлттық теңдік жолында басын бәйгеге тігіп, жан жақтан қолдау іздеп, Алаш Республикасын мойындау ісін де жүргізгені жайлы архивтік құжат жарияланды.  Жапониядағы алаштанушы ғалым Томохико Уяма Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының Жапониямен келісімге келу үшін Қиыр Шығысқа аттанғаны жайлы нақты деректі айтты. 

Елі үшін жанын шүберекке түйген есіл ер 1938 жылдың күзінде Қытайдың Үрімші қаласының маңындағы Саяпіл көлі жағасында тірідей жерге көміледі. Бұл кезде Алматыда өзінің идеялас серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай бастаған Алаш арыстары қызыл жендеттер қолынан шейіт болған еді.