Құндызай Ерімбетова: Ашық стратегия - игілікті қоғам
02.09.2022 2157

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарихшы Құндызай Ерімбетова  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы туралы өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Қазақстан тарихы тілшісі.


Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын халыққа ашық жариялануымен ғана емес, оның орындалу технологиясын мәлімдеудегі айқындығымен көрініс тапты. Қолға алынатын реформаның нақты бағыттары аталды. Қазіргі күрделі жаһандық геосаяси өзгерістер  мемлекетіміздің құрылымдық іргетасы - саяси басқару саласын жаңғырту, экономикалық қайта құру жасауды талап етуде. Бұл – жалпыжұртшылыққа ортақ мүдде. 

Халықтың жұдырықтай жұмылуына тәуелді. Өткен онжылдықтарда технологияны жетілдіру, білім мен ғылым, басқару салаларындағы кәсіби біліктілікті арттыру бағытындағы стратегиялық шаралар мәлімделді. Алайда, осы шаралардың маңыздылығы мен мәнін халыққа ұғындыра алдық па, ортақ іс үшін бауырымызға тарта алдық па? - деген сұрақ тұрады көкейде. Қыруар жұмыстар атқарылды. Жаңа дәуірдің жас буыны өсіп жетілді. Бұны теріске шығара алмаймыз. Осыған сәйкес ғалам да бір орнында тұрған жоқ, онымен қоса жас ұрпақтың мақсат-мұраты жетілді. 

«Саз қадірін білмесе, байдан байлық кетеді» - деген аталы сөз бар. Біз бар дүниемізді қадірлей алдық па? Немесе қадіріне жеттік па, оны игеруде немесе жетілдіруде біртұтас жұрт бола алдық па? Елімізде жылдар бойы халық пен билік, азаматтар мен қоғам арасындағы қалыпты қатынасты жүйесіздендіруге адами факторлар да әсерін тигізгені қазір құпия емес.  Бүгінгі күнгі мәселе: аймақтық, халықаралық нарыққа нақты  қабілетті салаларға қолдау жасалды ма, бәсекелестік ортаны қалыптастыруда әділ бәсеке ережелері, құқықтық тетіктер қаншалықты тиімді жұмыс атқаруда? Сондықтан да болар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын келешектегі іс-әрекеттер стратегиясын Президент жанынан Омбудсмен институтының құрылатындығы жөніндегі мәлімдемесінен бастады. 

Бұл - қабылданған түрлі саладағы заң нормаларының сақталуына бақылау жасау және әрбір азаматтың құқы мен еркін қорғау қажеттілігі күн тәртібінде тұр деген сөз. Мемлекет қоғам игілігінің жоғары деңгейін қаншалықты кепілдендіргенмен, айналып келгенде халықтың сенімі мен көңіл күйіне келіп тіреледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қолға алудан да бұрын, шенділердің тұрғындармен қарым-қатынастың шынайылығы маңызды, ел-жұрттың тағдыры мен жәй-күйін де үнемі есепке алу, табиғи түрде халықты ынталандыру тәсілдері қажет деген сөз. Сондықтан да Жолдауда салық тәртібін енгізу, жүйесіз нарыққа жұтылып кетпейтіндей шағын бизнесті қолға алғандарды қорғау бағытында әкімшілік кедергілерді жоюдың нақты цифрландыру шаралары аталып отыр. Яғни қоғамда орын алған келеңсіздіктерге қарсы нақты ұйғарым, құптарлық. Егер жауапкершілік алған азаматтар басты мұрат үшін  әділ де адал жұмыс атқаратын болса, елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлкен үлес қосады деп пайымдауға болады. 

Республиканың аймақтарының әлеуметтік-экономикалық, әсіресе ауыл шаруашылығы салаларын, экологиялық, демографиялық дамуы мен аймақтық ерекшеліктеріне орай қабылданатын нақты шешімдер жедел қолға алынғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығы айқын. Басты мұратқа жетудің кілті – халықтың интеллектуалдық қарымды әлеуеті, ортақ іске ұмтылысы, еңбек және материалдық ресурстар жүйесі бар. Бағалай алсақ – бағымыз. Әлемдік деңгейдегі елдік мүдде, азаматтардың бір-біріне деген құрметі мен қамқорлығынан бастау алатынын жадымызда ұстасақ игі.