Жапондық ғалым: Алаш республикасының болғанын дәлелдейтін құжаттар табылды
Бөлісу:
20.09.20222091
Бүгін елордада «Ақ жол» демократиялық партиясы М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ қолдауымен «Алаш» Республикасы мен Алаш Орда: Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында қандай құпия жатыр?» атты ашық дәріс өткізді.
Дәрісте Хоккайдо университетінің (Саппоро, Жапония) Славян-Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ортаазиялық зерттеулер профессоры Томохико Уяма баяндама жасады.
- Баяндап отырған тарихи құжаттар Жапон Сыртқы істер министрлігінің төменгі саяси палатасының мұрағатында сақталған. Алашорда қайраткерлерінің басым бөлігі автономды мемлекет құруға жұмыс істеген. Мысалы, «Сарыарқа» газетінде автономия құрылымы қандай болу керек екені туралы көптеген мақалалар жарияланған. Дегенмен деректерді оқып қарасаңыз, Алаш арыстарының автономия туралы түсінігі Ресей империясының сол кездегі түсігінен өзгеше болған. Аталған басылымның кейбір авторлары Ресей ауымалы-төкпелі кезеңді кешкен сәтте билікті өз қолдарына алу қажеттілігі туралы да ашық жазған. Демек Алашорда үкіметі автономия дегенді өзін-өзі басқаратын, жеке дара мемлекет ретінде қарастырған, - деді жапондық ғалым дәріс барысында.
Сондай-ақ профессор Томохико Уяма Ахмет Байтұрсынұлы мен Райымжан Мәрсековтың Шынжаңға барғанын, сол арқылы да Жапониямен байланыс орнатқысы келген болуы мүмкін екені жөнінде болжамның барын жасырмады.
Ғалымның архив құжаттарға сүйене отырып айтуына қарағанда, Жапониямен байланыс орнатқан Райымжан Мәрсеков Алашорданың дербестігін мойындап, өзге елдерді де осы саяси ұстанымды қолдауға шақыруын өтінген. Осыған байланысты Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің бастығы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның сыртқы істер министріне жеделхат жазған. Аталмыш хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапонияның вице-консулымен ашық әңгімелескені айтылады. Әңгіме барысында Мәрсеков Алашорданың автономия жариялағанын, кешелекте көршілес елдермен қатар тәуелсіз мемлекеттер құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керек екенін айтады. Бірақ жапон консулы мұндайға жолдың дұрыс емес екенін алға тартқан.
Сонымен Жапонияның Сыртқы істер министрлігінде сақталған құжат не туралы, оның тарихи құндылығы неде? Бұл туралы белгілі Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы былай дейді:
«Аталған құжат – екі жапон тарихшысы Рёсукэ Оно мен Уяма Томохиконың ізденуімен Жапон сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат тарихы архивінен табылған құжат, бұл – шынында да ғылыми жаңалық. Сенсациялық, жұрт естімеген, көрмеген, білмеген жаңалық деп айтуға болады. Өйткені осыған дейін алғаш танылған ғалымдардың ішінде, оның ішінде ресейлік ғалымдар болсын, отандық ғалымдар болсын, бәрінің бір ортақ ойы болды. Ол «Алаш Республикасы ешқашан тәуелсіздікке ұмтылмады» деген жаңсақ пікір еді. Міне, сол Жапон сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан табылған құжат Алаш Республикасының 1918, 1919, 1920 жылдары бізді егеменді ел ретінде қалыптастырып, 1919 жылы І дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемнің ең ірі мемлекеттерінің өз тәуелсіздігін мойындауын күткен еді. Сол себепті Алашорда үкіметі Жапон үкіметіне арнайы хат жолдап, ол хатты Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлы арқылы мынау Жапонияның Владивосток қаласында орналасқан бас консулдығына арнаулы хат жібереді(1919 жылдың қаңтар айы). Хатта біріншіден, Алашорда үкіметі, Алаш Республикасының тәуелсіздігін мойындау және Жапония мен Алаш Республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату, басқа әлемдік империялардың Алаш Республикасының тәуелсіздігін мойындауға ықпал етуін, Алаш Республикасына әскери дәрігерлік және қаржылық көмек көрсету туралы өтініш берген. Бұл өтінішті сол кезде Семей облыстық өзін-өзі басқару жүйесі «земство» деп атаған. Земствоның төрағасы және Алаш партиясының мүшесі Алашорда үкіметінің атынан сол Жапон елшілігіне, бас консулдығына осындай хат тапсырған.
Хаттың жапон тіліне аударылған мәтіні қазір Жапон сыртқы істер министрлігі мұрағатынан табылып отыр. Сондай-ақ бұл хатта Алашорда үкіметі өзінің ресми өкілетті өкілін Парижде 1919 жылдың қаңтар айында басталған І дүниежүзілік соғыстың қорытындысын талдаған Париж бейбіт конференциясына жолдаған. Ол кім болуы мүмкін? Ол – әрине, Мұстафа Шоқай болатын. М. Шоқай 1919 жылдың көктем айында Тифлис арқылы Парижге бара жатқан жолында кідіріп қалды. Өйткені Парижде 1919 жылдың қаңтарында басталған Халықаралық Париж бейбіт конференциясы кезінде азамат соғысы қайнап тұрған еді. Ресейдің өзінің заңды үкіметімін деген билігінің бірде-бір өкілін, оның ішінде сол Ресей кеңістігінде жаңадан құрылған ұлттық автономиялық республикалардың бірде-бірінің өкілін қабылдамаған. Сол себепті Мұстафа Шоқай Тифлисте кідіріп қалып, тек 1921 жылдың жазында Парижге келіп жетеді. Ал енді тағы да тарихи жайтқа жүгінейікші. 1922 жылы Қазақстан жеріндегі ОКПО бірлескен мемлекеттік саяси басқармасы, былайша айтқанда бүгінгі арнаулы қызмет, біздің қазіргі ұлттық қауіпсіздік қызметіміз сияқты. Ол кезде бұларды Ресейде ОКПО, НКВД дейді, ішкі істер халық комиссариаты. Солардың баяндамасында «Алашорданың ұлттар лигасындағы ресми өкілі бар, ол Мұстафа Шоқай» деп жазады. Ал жаңағы айтып отырған Париж конференциясы Ресейдің және Ресей кеңістігінде құрылған жаңа ұлттық Республикалардың, оның ішінде Алашорданың өкілін қабылдамаса да, сол ұлттар бүгінгі кейінгі Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаған ұлттар лигасының жарғысын бекітеді.
Ал 1921 жылы жазда Парижге барған Мұстафа Шоқай ақырында сол 1922 жылға қарай Алашорданың Ұлттар лигасындағы өкілі ретінде тіркелгенге ұқсайды. Бұл кеңес одағының ОКПО мекемесінің баяндамасында солай деп көрініс тапқан. Басқаша айтқанда, егер осыған дейінгі ғалымдардың барлығы, оның ішінде ресейлік ғалымдар болсын, мысалы Дина Аманжолованы алайық, қазақстандық, өзіміздің қазақ тарихшы ғалымдардың, Алаштанушылардың ішінде бәрі де «Алаш Республикасы ешқашан тәуелсіздікке ұмтылған жоқ, Ресей құрамындағы автономия болып қалғысы келді, соны көздеді және соған ұмтылды» деп келсе, бұл құжат олардың тұжырымын түбегейлі жоққа шығарады. Егер сол кезде жапон үкіметі арқылы Парижде жиналған әлемдік, І дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Фарнция, Италия және т.б елдер Алаш Республикасының тәуелсіздігін мойындаған жағдайда біз тәуелсіздікті сонау 1919 жылдың қаңтарында алар едік. Бұл тағы да бүгінгі қазақ мемлекетінің іргетасын 1917 жылдың желтоқсанынан іс жүзінде 1920 жылдың тамыз айына дейін жасаған Алаш Республикасы екенін көрсетеді. Ал 1920 жылдың тамыз айында кеңес үкіметі орнағаннан кейін олар Алаш Республикасын қырғыз, қазақ автономиялық кеңестік республикасы деп жай ғана атауын өзгертті, бірақ мемлекеттік құрылымын түгел кеңестік жүйеге ауыстырды. Ең бастысы, сол 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың тамызына дейін егеменді ел болып жасап келген Алаш Республикасы кеңес одағына қосылған сәттен бастап егемендігінен жұрдай болып айырылды. Ол егемендікті біз тек 1991 жылдық 16 желтоқсан күні қалпына келтірдік деп ауыз толтырып айтуға болады»
Баяндамадан соң жапондық ғалымға көпшіліктің тарапынан біраз сұрақ қойылып, тың пікірлер айтылды. Тағылымды, тарихи мәнге ие кездесу барша қатысушылардың көңілінен шығып, іс-шараға жиналған тыңдармандардың санасына үлкен серпіліс жасады.