Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы және ел дамуының алдағы жылдардағы міндеттері
05.09.2022 2190

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы-бас ғылыми қызметкері , тарих ғылымдарының докторы  Ғани Қарасаев  мемлекет басшысының Жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталының тілшісі.


Мемлекетіміздің  басшысы Қ.К.Тоқаевтың  үстіміздегі жылдың  1 қыркүйегіндегі  Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауы Еліміздің  экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуындағы  таяу болашақтағы міндеттерін айқындауға арналғандығы белгілі.

Жолдаудың өзіндік ерекшелігіне тоқтайтын болсақ, онда Ел тұрғындарының қазіргі көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелерді шешудің тәсілдері айқындалып, мен оның  толығымен іске асырудың қажеттігі атап көрсетілген.  Осылардың ішіндегі бірнешеуіне тоқтала  кететін болсақ,  Мемлекет басшысы  Республикамыздың орта білім беру орындарындағы  бүгінгі күнге дейін қалыптасып отырған  үш маусыммен білім беретін мектептердің жұмыс істеулерін тоқтату, ол үшін  бірнеше жылдың ішінде  қарқынды тұрғыда жаңа мектептер салу мәселесін қойды.  Сонымен қатар Президент қатарға қосылатын  мектептер құрлысын  айыптары белгіленіп, жазалау шараларына үкім шығарылған   жемқорлардың қылмыстық жолмен жеке бастары үшін иеленген мемлекеттік қаржылардың үкіметке қайтарылуы есебінен  жүргізуді тапсырды. Бұл айтылған талап,  бүкіл ел тұрғындарының  көкейінен шығып отырғандығы белгілі. Алайда біздің де айта кетеріміз-  салалы орындар тарапынан  осы  жауапты да ауқымды ұйымдастыру шараларының  мейілінше ашық, жариялы тұрғыда  іске асырылуына қол жеткізілсе. Ал, мұның өзі  мемлекетіміздегі болашақтағы орын алар жемкорлықты түбірімен жоюға деген елеулі қадам болар еді. Сонымен бірге өрескел жемқорлардан заң негізінде қайтарылған мемлекеттік қаржыларды жоғарыдағы аталғаннан басқа денсаулық сақтау, мәдени, спорт саласындағы іргелі құрылыстарға, жастарға арналған арнайы білім стипендияларына, тағы да басқаларына жұмсалуы жүйелі тұрғыда  іске асырылса. Оның жалпыхалықтық жариялылығы қамтамасыз етілсе қоғамымыздың дамуына өрескел тұрғыда тұсау қоятын осы жемқорлықтың толығымен құруына мүмкіндік жасалар еді деп есептейміз.

Екінші тоқтала кететін мәселе- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Қоғамда қазақ және орыс  тілін  мемтепте оқыту  мәселесі сбойынша  пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз  қазақ тілін де,  орыс тілін де жақсы білетін  балаларды  тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың  мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі  популистердің  жетегінде кетпей, балалардың мүддесін  қорғауға тиіс.  Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ  болашаққа сеніммен қадам басады.  Біздің күшіміз –жастардың білімінде» деп көрсетіп, көпұлтты Қазақстандағы тіл мәселесінің келелігіне назар аударды.

Шындығында да елімізде бұл күндері  басқа тілдерді меңгеру, әсіресе орыс тілін білім беру орындарында оқытудың болашағы негізгі назарда ұсталынып отырғандығы айғақ. Анығын айтқанда қай елде, қоғамда болмасын бірнеше тілді еркін меңгеру әр адамның артықшылығын  білдіретіндігі түсінікті.  Осы тұрғыдан алғанда  да, біздің қазақтарға өздеріне тарихи етене жақын, тікелей  көрші, ғасырлар бойы дәстүрлері, шаруашылықтары мен мәдениеттері араласып кеткен, елімізде ұзақ мерзімнен бері бірге араласып келе жатқан орыс халқының тілін мүмкіндігінше жақсы білудің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, әртүрлі тарихи себептермен елімізге мекен етуге келген көрші халықтар, соның ішінде орыс халқы өкілдерінің қазақ халқымен арадағы игілікті де түсіністікті, ізгілікті қатынастарына  өткен тарихымыз да куә. Және де мұндай қатынас  ешқандай да саясаттың араласуынсыз іске асырылғандығын да ұрпағымыз білуі  қажет деп есептейміз.

Ынтымағы жарасып, бір жанұя болып отырған,  ортақ ұрпақ әкелген  екі тілді де қатар меңгеріп, айналасына үлгі болып отырған орыс ұлт өкілдерін біздің еліміздің әр аймағынан  молынан кездестіруге болады. Егемен еліміздің әр бағыттағы дамуында өзіндік орны қалыптасып отырған  бұл ұлт өкілдерін неге жоққа шығарамыз. Олардың арасында  Қазақстанды өзінің Отаны деп есептейтіндері қаншама.

Екіншіден қалай десек те, бұл ұлттың тілі әлемдегі білім мен ғылымда едәуір табысқа жеткендігі белгілі. БҰҰ-ның қатынас тілі.    Әлемдік деңгейде бағаланып келе жатқан  орыс әдебиеті қлассиктерінің еңбектерін сол тілде оқып танысудың да қажеттігі мол. 

Осы тұрғыда айта кетеріміз- басқа тілді білуге деген ұмтылысқа ешқандай да саясат араласпау тиіс.     Сондықтан өз тіліңді жете біле және ұрпағыңа толығымен сіңіре отыра  бірнеше тілді білу әрбір қазіргі қазақтың қажеттігі деп есептеуге болады. Бұларға қосымша ағылшын және қытай тілін де мүмкіндігінше меңгеру ұлтымыздың өкілдерін әлемдік деңгейге шығаратындығы белгілі.   Осы тілдерді білу арқылы біз өз тарихымыз, өнеріміз, ғылымымыз бен ұлттық дәстүрімізді және мемлекеттігімізді жер шары тұрғындарына тарата  алатындығымызды да ұмытпауымыз керек.   Сондықтан да ана тілімізбен қатар  басқа тілдерді меңгеру  уақыттың талабы деп есептейміз

Қорыта айтқанда,   Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың  үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы  мемлекетіміздің, Ел тұрғындарының  таяу жылдардағы алдында тұрған мәселелерді белгілеу мен оларды іске асыруға жасалған маңызды қадам деп  толық айта аламыз.