Әбілқайырдың өліміне жан күйзелісі себеп болды – Тарихшы
27.06.2022 4712

Қазақ қоғамында Әбілқайыр ханның тұлғалық болмысына қатысты әр түрлі әңгіме айтылады. Бір азаматтар әйгілі ханның Ресей бодандығын ең бірінші болып мойындаған сынап жатса, екінші тарап Әбілқайырдың әрекетіне түсіністікпен қарайды. Тарихшы әрі төретанушы Арман Қият ханның патша үкіметінен іргесін аулақ салуға тырысқанын айтады. Алайда жан-жақты қыспақтың салдарынан Әбілқайырдың ол ойы жүзеге аспаған. Сондай-ақ тарихшы Әбілқайыр мен Барақ сұлтанның арасындағы қақтығыс неден басталғанын айтып берді.


– Көпшілік азаматтар «Әбілқайыр ең бірінші болып Ресей бодандығын қабылдаған» деп ханды жақтырмай жатады. Шын мәнісінде ол орыс боданы болуды көксеген бе?

– Негізі Әбілқайыр ханның түпкі мақсаты қазақты бір орталықтан басқару болатын. Өйткені ол іргедегі қалмақ билеушілерін көріп отырды. Қоңсы отырған қалмақ халқын бір әулет атадан балаға билікті мирас етіп басқарады. Ал қазақты жеке-жеке хандар мен сұлтандар басқарғаны белгілі. Әбілқайыр үш жүздің қазағын өзінің әулеті басқарғанын қалады. Халықты бір орталықтан басқаратын болсақ, тәртіп болып, жұмыс жүйеленеді деген ойы болады. Содан кейін ол қала салып, арнайы жасақталған әскер ұстағысы келеді. Нақтырақ айтсам, сол кездегі Еуропалық елдердің дәстүріне жақындағысы келеді. Ол заманда кіші жүзде Әбілқайырдан бөлек Нұралының кішігірім хандық титулы болса, орта жүздің ханы Сәмеке өлгеннен кейін Әбілмәмбет хан еді. Орта жүзде Әбілмәмбетпен бірге Көшек, ал Ұлы жүзде Жолбарыс және тағы бір хан болды. Жалпы, әлсіреген елдің күшті елдердің белгілі бір уақыт қамқорында болу бұрыннан тәжірибеде бар нәрсе. Кезінде Тәуекел хан Бұхар хандығының қамқорында болып, қазақ әлденіп алған соң қайта тәуелсіз саясатын жүргізуді ойлағаны мәлім. Одан кейін, Әбілқайырдың Ресейден қамқорлық сұрауы көпшіліктің келісімінсіз болғанымен, артынша Орта жүздің хан-сұлтандары да сол жолды таңдады. Ұлы жүзде дәрежесі ханмен тең Төле бидің өзі де Әбілқайырдың жолымен Ресеймен жақын болуды қалады. Бодандық мәселесіне келгенде қазақ пен орыс арасындағы «сен – маған, мен - саған» дегендей екіжақты тиімді келісім деуге келеді. Сондықтан, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Мұның қай-қайсысы болсын, бір сөзбен емес, терең әрі кең қарастыруды қажет етеді. Әрбірі бөлек әңгіме.

– Әбілқайыр хан туралы айтқанда Барақ сұлтан туралы айтпай кету мүмкін емес. Өйткені әйгілі ханды Барақ сұлтан өлтіргені белгілі. Қос тұлғаның арасындағы дау неден басталды?

– Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Әбілқайырдың бұл ойын оның күйеу баласы Батыр сұлтан біліп қояды да, ханның құпиясын орта жүздің өзге сұлтандарына айтады. Әбілқайырдың қазақ пен хиуаның тізгінін өзінің балаларына беріп бір әулеттің қолына жұмылдырғысы келгені ашылып, түпкі мақсат-мұраты өзге төрелерге білініп қалады. Ал бұл саясат орта жүзді басқарып отырған төрелерге ұнамайды. Екіншіден, 1741-1742 жылдары жоңғар мен қазақ арасында соғыстар жүреді. Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің қолына тұтқынға түсіп босап шығатын оқиғасы осы кезде болған. Ақырында, екі тарап келісіп, Орта жүз бен Ұлы жүз жоңғарға аманат беруге шешім шығарады. Есесіне, оңтүстік қалалар қазақтың ықпалында қалады. Әбілмәмбет хан мен басқа төрелердің өзімен ақылдаспай мұндай іске баруы Әбілқайырдың ашуын тудырады. Яғни, Әбілқайыр ойлағандай қазақтың билігін бір өзінің қолына ұстау жоспарына нұсқан келеді. Үшіншіден, И.Неплюев 1742 жылы Орынбор экспедициясының бастығы болып тағайындалады. Губернатор қазақты толық бодан ету үшін төрелердің басын біріктірмей, бір-біріне айдап салып басқарған ыңғайлы деп ойлайды. Ал кезінде қазақ даласына елші болып келген Тевкелев болса «Қазір қазақтың ханы Әбілқайыр болса, бізге аталған халықты бір адам арқылы басқарған тиімді» деп есептеді. Осы арада Неплюевтың ойы жүзеге асып, орта жүздегі Барақ сұлтанның дәрежесін көтеріп, ал Әбілқайыр хан келген кезде оған онша мән бермей қояды. Мұны Әбілқайыр хан сезіп «Менің хан ретіндегі дәрежемді неге төмендетеді?» деп өкпелейді. Осыдан кейін екеуінің арасында қайшылықтар туады. Оның үстіне, Әбілқайыр мен Неплюевтің қарым-қатынасының нашарлауына 1742 жылы Ресей патшасының Жайықтың екінші бетіне қазақтарды өткізуге тыйым салғаны туралы жарлық әсер етеді.


Өз кезегінде Әбілқайыр хан да екі жақты келісімді бұза бастайды. Мысалы ары-бері өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келмейді. Бұған дейін орыстың шекарасына қазақтардың шабуылын тежеп отыруға міндеттелген болатын. Бұл келісімді ол орындағысы келмейді. Яғни Әбілқайыр хан билік ететін аумақта сауда керуендеріне қауіп күшейе түседі. Ал Барақ сұлтанның Ресеймен қарым-қатынасы дұрысталғаннан кейін орта жүзде беделі жоғарылай түседі. Өйткені ол ары-бері өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады. Осы еңбегінің арқасында Патшалы Ресейден марапатқа да ие болып, зор қолдауға ие болады. Ресеймен қарым-қатынасты тыныш ұстап отырған Барақ сұлтанға Әбілқайырдың оны бұзып жатқаны тиімсіз болады. Бір сөзбен айтқанда, Барақ сұлтан Патшалы Ресеймен жақсы қарым-қатынас құруға ұмтылса, оған Әбілқайыр ханның әрекеті кедергі жасайды. Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның отаршылдарға қарсы шыққанын қалайды. Алайда амбициясы бойына сыймаған сұлтан ханның дегенін орындағысы келмейді. Осы мәселеде екі тұлғаның ортасында қақтығыс туады. Осы жерде Әбілқайырдың орнына хан болуды ойлаған оның күйеу баласы Батары сұлтанға да екі төренің арасындағы жанжалды пайдаланғысы келеді. Батыр сұлтан Барақтың қызын өзінің ұлына алып бермек болып, қалың мал есебінде жіберген керуенді Әбілқайырдың кісілері шауып алғанын хабарлап одан сайын отқа май құяды. И. Неплюев губернатор болып келгеннен кейін барлық назар Барақ сұлтанға ауады да, Әбілқайыр елеусіз қалады. Өз кезегінде хан «Ойлаған мақсат-мұраттарым орындалмай қалады» деп шекаралық аймақтағы орыстарға өзі басшылық жасап шабады. Осы жағдайдан кейін Әбілқайыр мен Барақ сұлтанның ара қатынасы одан сайын нашарлай түседі. Жығылғанға жұдық дегендей Неплюев пен Әбілқайыр ханның қарым-қатынасы тіпті нашарлап кетеді. Осы кезде Әбілқайыр «Орысқа берген уәдемді орындамай, оңтүстікке көшіп кетемін» деген ойға келеді. Хан патша үкіметіне аманат ретінде берілген Қожахметті сұрайды. Алайда оны бермеген соң «Қожахметке не істесеңдер соны істеңдер» деп қолын бір сілтейді. Орыс барлаушылары Неплюевке «Әбілқайырдың ойы бұзылып жүр» деген ақпарат береді.

– Ресейден іргесін аулақ салғысы келген Әбілқайырдың әрекетіне Патша шенеуніктері қарсы болатыны анық. Ал қазақ халқының ішінде ханды қолдамаған белгілі азаматтар болды ма?

– Патша үкіметі Неплюев пен Әбілқайырдың арасындағы ушыққан жағдайды реттеу үшін бұрынғы Тевкелевті кірістіреді. Ол бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Біріншіден, Бопай ханым арқылы Әбілқайырға ықпал етпек болады. Аманатта отырған ұлы Қожахметтің тағдырына алаңдайтын ананың мейрімін әрине пайдаланды. Одан кейін, елде беделді шақшақ Жәнібек батыр мен Бөгенбай батырды пайдалануды жөн көрді. Олар арқылы Әбілқайырды райынан қайтармақшы еді. Аталған батырлар қазақ-орыс қатынасындағы мәселелерді талқылау үшін ұйымдасқан халық жиналысында сөз сөйлеп Әбілқайырға Ресей паташасына берген антын есіне салып, аманаттағы баласын басқа ұлымен ауыстыруды, ресейлік тұтқындарды қайтаруды, жалпы бұрынғы қатынасты қалпына келтіруді талап етеді. Сөйтіп, қазақтың игі-жақсылары Әбілқайырдың орыстан аулақ кету саясатын қолдамайды. Бопай ханым мен балаларының да қолдауынан ажырайды. Тевкелевтің соңғы қадамы Әбілқайырдың өзімен кездесіп «Әбілқайыр кезінде Ресейге кірген кезде не деп едің? «Мына жақта жоңғар, мына жақта қалмақ, оңтүстікте Орта Азия хандары мен Ресей шекарасында орыс казактары тыныштық бермейді» деп келген жоқсың ба? Сен қазір халқыңды бұрынғы қауіп-қатерге алып келгің келе ме? Егер сен қазір бізден кететін болсаң казак, башқұрт және қалмақтарға сендерге шабуыл жасауға мүмкіндік береміз. Сен өзі жақсылап ойланшы. Жеке басыңды ғана емес, сонымен қатар қазақтың басын қауіп-қатерге тігесің. Орыстан кетсең халықтың Аралға барып, тұншғып өлуден басқа жолы болмайды. Саған осы керек пе?» деп тоқетер сөзін айтады.

Негізі Әбілқайыр жеке басының мүддесін ойлайтын болса, оңтүстікке көшіп кетуге де болар еді. Бірақ төрелердің ел басқаруда «тарихта жақсы атыңды қалдырып кету керек» деген бұрыннан келе жатқан берік ұстанымы бар. Ал енді Әбілқайыр бәрін тастап кетіп, халқы қырылып жатса, онда бұл ханға абырой әпермейтін іс. Осыдан кейін хан Тевкелевтың айтқанына көніп, Неплюевтен кешірім сұрайтын болады. Ханға генерал губернатордан кешірім сұрау ауыр соққы болғаны анық. Себебі тәкаппар әрі үш жүзге аты шыққан адамның өзі Неплюевке барып, «Қайтадан келісімге келейік. Менікі дұрыс болмады» деп кешірім сұрауы оған ауыр болды.


Бір қызығы орыс шенеуніктері Әбілқайырдың Неплюевке жолыққанша «Хан өз ойынан айнып қалмаса екен?» деп тыпыршып отырады. Орта және кіші жүздің билері және әйелі мен балаларымен бірге ханды кешірім сұрауға көндіріп отыр. «Әбілқайыр келе ме, келмей ме?» деп отырғанда Бопайдан «Әбілқайырды көндіріп отырмын. Бірақ ол әлі де болса екі ойлы болуда. Мен қазір Нұралы баламды күтіп отырмын. Тек сол арқылы ғана ханға әсер етеміз» дейді. Ал Нұралы келгеннен кейін әкесін патшалы Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуға көндіреді. Жан-жақты қыспақтан кейін Әбілқайырдың психологиялық, стресске түскенін байқауға болады. Нұралы келгенде ол «Балам елдің ішкі жағдайын шешуге еш шамам жоқ. Соның бәрін өзің реттеші» дейді.

Осындай көңіл күймен Әбілқайыр бастаған делегация Орынборға келеді. Патша шенеуніктері Нұралыны жеке қабылдап, «Патша саған зор үміт артып отыр. Сенің мұрагер екенін жақсы білеміз. Бірақ әкең секілді қателік жасап жүрме» деп ақыл айтады. Ал Әбілқайыр болса көпшілік алдында Неплюевтен кешірім сұрап, кішіреюге мәжбүр болды. Бірақ көңілінде дақ қалады. Жайықтың бойында ордада жатқан хан патшаның қызметкерлерімен қоштаспастан елге кетіп қалады. Ханның бұл әрекетіне Орынбордағы шенеуніктер «Бұ қалай?» деп таңғалып қалады.

– Барақ сұлтанның Әбілқайыр ханды өлтіруіне келсек?

– Елге келгенде қарақалпақтардан «Бізді Барақ сұлтан шапты. Бізді қорғай гөр» деген Әбілқайырға хабар келеді. Сапардан ызаланып келген Әбілқайыр осы хабарды алысымен атқа қонады. Шын мәнісінде өзінің түпкі ойын жүзеге асыру сағымға айналып, отбасынан да, елдің би-батырларынан да қолдау көрмеу, орыстың өңірлік шенеунігінен кешірім сұрауға мәжбүр болғаны оны жан күйзелісіне түсірген болатын.

Әбілқайырдың аз қолымен қарақалпаққа барғанда түсініксіз жағдайда оның адамдары да қарақалпақтың бір бөлігін ойрандайды. Барақ сұлтан «Мен қарақалпақтарды бағындырып алған едім. Оларға Әбілқайыр неге соқтығысады?» деп ашуланады. Сол кезде ханның қол астындағы адамдар «Хан ием Барақтың беті қатты. Кетіп қалуымыз керек шығар?» деп ақыл айтады. Алайда оған Әбілқайыр келіспей қояды. Негізі осы кезде Әбілқайырдың жан күйзелісін байқауға болады. Әйтпесе өзін шабуға келе жатқан Барақ сұлтанға қарсы қандайда бір амал айла жасауға болар еді. Керісінше ол ашуға булығып келе жатқан Барақ сұлтаннан қашпай, тұрған орнынан қозғалмайды. Ал шын мәнісінде Әбілқайырдың әскерінен гөрі Барақ сұлтанның қолы көп болады. Барақ сұлтан сөзге келместен хан жасағын қоршап алып, Сырымбет деген батыр Әбілқайырды найзамен түйрейді, ал Барақтың үлкен ұлы Сығай жаралы ханның басынан шоқпармен ұрады. Әлсіреген ханға Барақ сұлтан аттан секіріп түсіп, қанжармен бірнеше рет ұрады.

Осылайша, Әбілқайыр хан қапыда ажал құшады. Ажалға айдап апарған оның жан күйзелісі деп ойлаймын. Оның үстіне Барақтан ондай ауыр әрекетті күтпеген де еді. Ресей шенеунігі Неплюевтің екі төренің саяси бәсекелестігін қоздыру әрекеті ақыры осыған әкелді.

Қаз дауысты Қазыбек би Барақ сұлтанның ұлы биі еді. Бір қызығы Қазыбек би Барақ сұлтанмен кездескен кезде «Істеген ісіңді қолдамаймын. Әбілқайыр біздің күшті ханымыз еді. Баласын аманатқа беріп отырып, қатын патшамен келісімге келген еді. Жарайды. Болар іс болыпты. Сені Әбілқайырдың орнына хан қояық. Сен бірақ Әбілқайыр ханның халыққа жасап келген жақсылығын жасай аласың ба? Егер оны жасай алсаң құт болар едің. Бірақ Әбілқайырдың әулеті «Кек аламын» деп шабуылдаса, оған біздің қатысуға ниетіміз жоқ. Біз сені қорғай алмаймыз. Бірақ көнсең біз сені хан сайлайық» дейді. Сонда Барақ сұлтан «Екі әулеттің ішкі ісіне араласпа. Бұл мәселені төрелер өзіміз шешеміз» деп жауап береді.

Кейін Неплюев «Әбілқайырдың өлімі қазақ халқына қалай әсер етіп жатыр екен?» деп мән-жайды білу үшін адамдар жібереді. Барлаушылар жай өтіп бара жатқандай белгілі адамдардың ауылына тоқтайды. Тіпті Барақ сұлтанның өзінен ақпарат алғысы келеді. Сонда олар «Елде бәрі тым-тырыс. Әбілқайырдың өлгенін естіген. Бірақ халық мұны екі әулеттің қақтығысы» деп қабылдап отыр» деп ақпарат жеткізеді.

– Әбілқайыр қаза тапқаннан кейін ханның әулеті Барақ сұлтаннан кек алуға ұмтылған жоқ па?

– Әбілқайырдың баласы Нұралы хан билікке келгеннен кейін бірнеше жыл кек алуға тырсады. Хан 1748 жылы өлтірілгеннен кейін 1753 жылға дейін Барақ сұлтанды өлтіріп, кек алғысы келеді. Тіпті Ресей мен жоңғарлардан «әскери көмек бер» деп жәрдем сұрайды. 1745 жылы Қалдан серен өлгеннен кейін оның орнына мұрагері билікте отырған болатын. Кезінде әкем «Қарындасымды саған беремін» деген болатын. «Бірақ Ұлы жүз бен Ташкеннен бас тартып, қалыңмал ретінде маған бүкіл Түркістанды бер. Сондай-ақ Барақ сұлтанның көзін құруға көмектес» деп сұрайды.

Бірақ бұл кезде Барақ сұлтан беделін көтеріп алып, оңтүстіктегі Төле биге барады. Сол кезде жоңғарлардың арасында өзара кейкілжің болып жатады. Осы кезде Барақ әскер алып келіп билігін жүргізе бастайды. Сұлтанның бұл әрекеті Төле биге ұнайды да «Барақты ұлы жүздің ханы етіп көтереміз» дейді. Екі төре әулетінің арасына ушықтырмай бітістіру үшін Төле бидің өзі кіріседі. Хан өлімі үшін алынуы тиіс жеті құнның біреуі Сырымбеттің өлімімен жатыстырылса, төрт құн кешіріліп, Әбілқайыр әулеті екі құн алып бітісіпті. Одан басқа екі әулеттің татуласуына ежелден келе жатқан дәстүр бойынша құдандасу рәсімі де жүзеге асты.

– Тұшымды әңгімеңізге рахмет.