Ахмет Байтұрсынұлының Архангельскідегі ізі
23.06.2022 3878

Ұлт тарихындағы кез келген оқиға не болмаса тұлғаның қандай да бір мерейтойы оның туған өлкесінен бастау алатыны ақиқат жайт. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық меретойы қарсаңында жеке облыс болып құрылмаған Торғай өңірі былай қалып, облыстың кіндік қаласы Қостанайдан экспедиция жолға шықты. Бұл жол Ахмет Байтұрсынұлының жүріп өткен жолын, болған тарихи нысандары мен азап кешкен өңірлерін басып өтіп, тұлғатануға қатысты мол деректер мен материалдарды қамтуы тиіс. Әрине, бұған дейін белгілі болғандай, игілікті іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша Sanaly urpaq-2050 қоғамдық қоры іске асырып отыр.


Құрамында белгілі өлкетанушы Ибрагим Ағытаев пен Абылай Мауданов және түсіруші мамандар бар шағын экспедициялық топтың алдымен Қазақстан ішіндегі Ақаң ізі түскен өңір, қалаларды адақтап шығып, теріскейге жол тартқанын әлеуметтік желі арқылы оқып біліп отырдық. Онда да қаламы су төгілмес жүйрік журналист, Ақаң ізіндегі ақын Абылай Маудановтың әрбір жазған посты сапардың қайда, неге, қалай жүргенінен күн сайын құлағдар етіп отырғаны баршаға аян.

Архангельскіге ат басын тіреген Абылай Мауданов былай дейді: «Атқа міндің – ажалға міндің» деген ғой... Алаш деп атқа қонған Ахаңның 1929 жылы ату жазасына кесілгенін біреу білер, біреу білмес... Алайда, ажал оғы бұл жолы қағыс кетті. Әлихан Бөкейхановтың қолқа салуымен Екатерина Пешкова (Горькийдің әйелі) араласып, ұлт ұстазы өлімнен аман қалды. Ату жазасы он жыл жер аударумен ауыстырылды. 1929 жылдың қарашасынан бастап 1931 жылдың желтоқсанына дейін Бутырка түрмесінде отырған қайраткер, 1932 жылдың наурызында Архангельскіге жер аударылып, ауыр еңбекке жегілді. Осылайша, Ақкөлден басталған сапар, ажалдың құрығынан құтылып, Ақ теңізде қайта жалғасты».

Алаш арыстарын айыптаған атышулы 1929 жылдың суық ызғарын біз де талай оқып сездік те. Профессор Т. Жұртбай ағамыздың «Ұраным – Алаш» кітабының «Дала қашқыны» тарауында тергеу кезінде бір түсініктемесі екіншісін жоққа шығаратын, екінші көрсетіндісі алғашқысын адастырып отыратын Дінше Әділовтің қисынды-қисынсыз сөздері Алаштың аймаңдай азаматтарын түрмеге қаматуға «оңай жерден табылған олжа» сынды болғаны жазылған.

Ақ теңізден арып ашып Архангельскіге жеткен Ақаңды 8 сәуір күні Ташкенттегі үйінде тұтқындалып, Алаш 32 тұлғасымен бірге қамалған ізбасары Абдолла Байтасұлы күтіп алады. Дәл осы оқиғаны А. Мауданов былай сабақтайды: «Азынап тұрған қалаға арып-ашып жеткен Ахаңды Абдолла Байтасов есімді Алашшыл азамат он сегіз күн паналатады. Абдолла мен жұбайы Айша Темірбекқызының бұл қамқорлығын Ахаң Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, Ғазымбек Бірімжановтарға жазған хатында ерекше ризалықпен жазады».


Qyr balasy қоғамдық қоры басып шығарған Абдолла Байтасұлының «Көркем әдебиет туралы» атты тұңғыш шығармалар жинағының «Алаш аспанының шоқжұлдызы» атты кіріспе сөзінде (Ұ. Сәйдірахманұлы): «Сонау алыс қиырда, өздері тарығып жүргеніне қарамастан Ахаңдай ел арысына қол ұшын созды. Кеңес үкіметі олардың өзін соттағанмен, арын, адамшылығын соттай алған жоқ. Әр қиырда айдауда жүрсе де қолындағы барын бөлісіп, хал-жайларын сұрасқан сыр десте хаттары соны айтады» делінген.

«Архангельск Ахаңды біле қоймайды екен. Әйтседе адамдары қарапайым, адал, ақкөңіл сезіледі. Шын ниетімен елпілдеп көмек көрсетуге әзір екендігін білдіріп жатыр» дейді экспедиция мүшесі А. Мауданов. Ахаң тұрған адрес әлі бар. Тек орнына мүлдем басқа үйлер салынған. «Жер барактар сүріліп кеткен» дейді. Бұйырса ертең барамыз. Бүгін музейлерде демалыс екен».

Ахмет Байтұрсынұлының Архангельскідегі үйінің адресін анықтаған – профессор Т. Жұртбай. Алаштанушы ағамыздың жоғарыда біз атап өткен кітабында және осыған сілтеме жасай отырып, кейінірек «Егемен Қзақастан» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі, Бадрисафа экспедициясына қатысқан белгілі журналист Н. Жәрімбетованың «Көмескі іздің сәулесі» атты мақаласында көрсетілгендей: «ОГПУ-дің 1931 жыл­ғы 13 қаңтардағы қаулы­сы­мен менің дүние-мүлкім тәркі­ле­ніп, өзіме он жыл концлагерьде отыруға үк­ім шыға­рылды. Сол ОГПУ-дің 1932 жыл­ғы 4 қара­шадағы қаулысымен мерзімінен бұрын бо­сатылып, 3 жылға Солтүстік өлкеге жер аударылдым», дейді де ары­зы­ның соңын­да: «1933 жылдың 6 қаң­тары, Адресім: Архангельск, Соломбала, 1-деревня, 1-бой­лық, №9 үй» деп жаза­сын өтеп жатқан уақыты мен мекен-жайын көр­­сетеді. Ақаң бір жылдан соң арыз жазып, жұбайы Бәдрисафа мен қызы Шолпанға бару үшін Томскге сұранады.

Ақаң ізімен жүруші топ Архангельскінің бүгінгі өмірін көзімен көріп, танысады. Олардың пайымдауынша, «Архангельск совет дәуірін еске салады. Барлық жағынан. Әкімшілігінің төбесінде Күн көсемнің басы мен орақ-балға сол қалпында тұр. Ғимаратының кіреберісінде В.И. Лениннің суреті қойылған. Есік алдында ескерткіші...»

Тіпті бұл жаққа Горбачевтің қайта құруы, одақтас мемлекеттердің бөлінуі, Ресейдің дербестік алуы сияқты «ғасыр жаңалықтары» да жетпегендей көрінеді. Сол бұрынғы көрініс, сол бұрынғы идеалдар.

Ленин демекші, ақырып теңдік сұраған алашордашыларға амнистия жариялап, Ақаңдай саяси лидерін мойындап, қатарына тартуы да ескерерлік мәні бар оқиға. Онда ұлт көсемі А. Байтұрсынұлы мені қатарға қосады екенсіңдер деп жалп ете қалмай, алды-артын саралап барып, совет билігіне өтуі үшін де өзінің шарт қоятынын мәлімдейтінін оқыды. Онда да ұлттық езгі, отаршылдық мәселесін ашық көтереді. Сөйткен Ақаң, пролетиаттар көсемін білімімен ықтырған, интеллектуалдық зор қабілетімен ықтырған Ахмет Байтұрсынұлын архангельскілік ағайын білмейді. Олар білмейді деп және жата қап жазғыра аламыз ба, өзіміз тани алдық па десеңші...


Ақ теңізге жалғасып жатқан Северная Двина дариясы арнасына сыймай шалқиды. Төсінде әрлі-берлі жүк қайықтары жөңкілген дарияға ңіліп Ақаңдар қанша тұрды екен? Ақ сағым ойнаған теңіз үстіне көз жіберуден шаршамаған да болар. Осыдан басқа ермек қалып па еді?!

Абылай айтады: «Кеше уәде еткен музей директорының орынбасары бүгін сөзінен тайқып, Саломбалаға апарудан бас тартты. «Ол кездегі үйлер жоқ. Бекер әуре болдыңдар» дегенде көңіл күйіміз күрт түсіп, қабағымыз түйіліп кетті. Амал жоқ, такси жалдап бейбағыт жүре бердік...

Ескі үйлерді жағалап, жұпынылау бір үйдің қақпасын қақтық. Алпысты алқымдаған отағасы есік ашты. Ныспысы Владимир. Ол өзі ескі бұйымдарды жинауды хобби қылған, саяхатты жаны сүйетін жайсаң жігіт екен. Жағдайымызды түсініп, жаны қалмай елпілдей жөнелді. Бағымызға қарай жұбайы Лариса өлкетану музейінің қызметкері боп шықты. Екеуі көлігіне мінгізіп, біз іздеген адреске ала жөнелді. Қалай риза болмассың...»

Архангельскінің халқына, олардың асып-төігіліп жатқан пейіліне экспедицияшылар бір риза болса, Ахаң тұрған үй сол қалпы сақталғанына екінші мәрте риза болады.

Ахмет атамыз тұрған үйдің иесі Вера Мариева қазақтарды көрген бетте «Қазақстаннан келдіңдер ме, бұл сендердің аталарыңның үйі» деп құшақ жая қарсы алады. Бұл үй туралы біраз жыл бұрын орталық газетке мақала шығыпты.

Бұл үй 1871 жылы салыныпты. Ішіндегі жиһаздар, өте ауыр, жуан еменнен жасалған күйсандық, ағаш төсектер сол қалпын сақтаған. Жүз жыл өтсе де сырын да, сынын да бұзбаған үй мүліктеріне экспедиция мүшелері танданыстарын жасыра алмады. әлгі үлкен әрі кең ағаш төсекте Ахмет атамыз жамбастап жатып демалған да болар, кім білсін! Бәрі де мүмкін. Ағаш едендерін сықырлатып қаншама рет жүрді екен?!

Абылай дейді: «Үйдің қазіргі егесі Вера Васильевнаның айтуынша, көкесі Веньямин Братухин Ленинградта оқып, Қарағандыға жолдамамен барып, Петропавлдің қызына үйленіпті. «Өле-өлгенше Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Бірақ мұнда тұрған қазақ зиялысы туралы тіс жармады. Бәлкім олардың халық жауы боп кеткенін білген шығар» дейді Вера әже.


Вера әжей «шәй ішкізбей жібермеймін» деп «қиғылық салды». Ал, Володя мен Лариса апам «Вера әжені үйге қоса алып кетейік» деп қолқалайды... Ақыры «қыздың жолы жіңішке» деп, Вера әженің қаладағы үйінен нан ауыз тиіп, Володяның шаңырағына бас тіреп, арқа-жарқа отырыс болды. Кетерімізде «Ахаң музей-үйіне қоярсыздар» деп ғасыр бұрын пайдаланған бұйымдар тарту етті.

«Берген ас түске жетпес, ықылас естен кетпес» деген ғой. Арктиканың қақпасы Архангельдің дархан халқына ризашылығымызды айтуға тіл жетпестей...».

Вера тәтейдің экспедиция мүшелеріне берген бұйымы темір үтік болып шықты. Бұл да Ахаң тұрған үйдің бұйымы. «Мына кереует, шкаф, самұрық бейнеленген айна да сол жаңа үйге арнап жасалған бұйымдар. Оны алып кете алмайсыздар ғой. Бірақ сендерге берер жәдігерім бар. Ол мына шоқ үтік. Бұл да осы үймен бірге келе жатыр. Зиялы, оқымысты адамның өтек пайдаланбауы мүмкін емес» депті Вера тәтей.

«Ахаңның киімін өтектеген бұйым да құнды ғой. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, сөмкемізге салып алдық. Бұйырса Ахаңның туған ауылындағы музейіне табыстаймыз» дейді экспедиция мүшелері.

Ахмет Байтұрсынұлының ізімен жүрген экспедиция мүшелері, міне, осындай жаңалықпен сүйінші сұрап отыр. Ақаңның әрбір басқан қадамынан айналып кетпейміз бе, ағайын!