Есенберлиннің «Қатерлі өткеліндегі» Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі
20.06.2022 3295

Қазақ халқының дарынды тұлғасы Ілияс Есенберлин – ұлт әдебиетінің іргесін кеңейтіп, шаңырағын биіктеткен ұлы қаламгер. Туған халқының тарихи кезеңдерін тереңдеткен, рухани әлемі мен әдебиетінің қасиетін баршаға танытқан қайсар жазушының «Көшпенділер», «Алтын Орда» сынды ең атақты шығармаларын көпшілік біледі. 


Қаламгердің «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары ел тарихын көркемдікпен түгендеудің үлгісі бола білген бірегей туындылар екені даусыз ақиқат. Бұл туралы халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Ілияс Есенберлин кезінде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын жазды. Ол заманда мұндай тақырыптарға ешкім бармаған. Бару мүмкін емес еді. Тарихи шығарма жазу ол кезде екінің бірінің қолынан келмейтін. Ал Кенесары туралы роман жазу деген, ол кезде ешкімнің маңдайына жазылмаған нәрсе! Кенесары туралы кітап жазбақ түгілі, оның атын атау мұң болатын» деп жазады [1, 105].

Совет идеологиясының күшейіп тұрған заманында жазуға болмайтын, тіпті атын атаудың өзі үрейлі, қорқынышты тақырыптардың біреуі Алаш тарихы еді. Міне, осындай алмағайып кезеңде жазушы Ілияс Есенберлин батыл қадамға барып, «Қатерлі өткел» романын жазып бітіреді. Бүгінгі зерттеу жұмысымыз да «Қатерлі өткел» романындағы Алаш қайраткерлері бейнелерінің сомдалуы, өмірдегі тарихи шындық пен өнердегі көркемдік шындықтың үйлесімі, арыс тұлғалардың астарлы сөздері мен ойларын ашып көрсету болмақ.

«Қатерлі өткел» романының «Адасқан ақын» атты бірінші бөлімінде Ақан мен оның жолын қуған ақын жігіттер өмірі суреттеледі. Дұрыс жолдан «адасқан» Бүркіт және оның ел тағдырын көріп дұрыс жолға бастаған жолдастары. Біз мұндағы адасқан сөзін тырнақшаға бекер алып отырғанымыз жоқ. Мұндағы «Ақан кім? Бүркіттің адасқаны қалай? Әкпар қандай бейне?» деген сауалдарға жауап іздейміз. Бұл орайда басты кейіпкер, советтік құрылыстың жарқын өкілі, жаңа перзенті Хасенге мұңлы жанары, шарасыз кейпімен Ақан, алғашқы жолынан жаңылып, адасқан Бүркіт және өз ойлағаны, мүддесі бар Әкпар образдары алашордашылардың типтік бейнесі ретінде сомдалып, қарсы қойылады.

Әдебиет пәнінде қандай да бір кейіпкерлер образын талдау барысында олардың «жағымды» және «жағымсыз» деген топқа жіктеп, қарастыру қазіргі кезде жиі байқалмайды. Десе де, мұны айналып өтуге болмас еді.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ұлттық идеяны «жағымсыз» кейіпкердің бейнесі мен олардың диалогтары арқылы оқырманға жеткізуді әдеби тәсіл етіп алды. «Жағымды-жағымсыз» кейіпкерлердің арасындағы тартыс арқылы азаматтық, көзқарастық шындықты жеткізуге ұмтылды. М. Әуезовтен бастап О. Бөкейге дейінгі әдебиет алыптарының шоғырының ортасында І. Есенберлинің болуы да заңдылық сияқты. «Абай жолындағы» Құнанбай мен Әзімхан, «Өз отыңды өшірмедегі» Оспан, «Қатерлі өткелдегі» «адасқан» ақын Бүркіт жағымсыз кейіпкерлер болмысында суреттеліп, көркемдік шындықты тану жолына қызмет етті.

«Қатерлі өткел» романында ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жағымсыз, жексұрын етіп бейнеленген алашордашылардың ықпалында болған жас Бүркіттің жан толғаныстары суреттеледі. Осы образ арқылы төңкерістердің қатар-қатар соққан дауылынан ауыр қасіреттер мен зардаптарға тап болған, әлденеше ашаршылықты, азаматтық соғыс пен мүдделер қайшылығынан зәрезап болған, сталиндік тоталитарлық заманда халқымыздың басына төнген небір зұлматтарды қай бағытқа шығарып білмей сенделіп, «адасқан ақын» Бүркіттің аузымен айтқызады.

Романның алғашқы бөлімінде Ақан мен Бүркіт және Әкпардың арасындағы диалогтан өмір шындығы танылып, екі жастық ұстазы саналған Ақанның алашорда жолынан таймайтын күрескер рухын аңдауға болады. Бұдан бұрын автор советтік құрылысқа іштей, сырттай қарсылығы бар тұлғаның портретін жасауда көркемдеп беруден тартынбайды.


«Терезе алдында тұрған ақ құба, ашаң жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр қой көзді, кең кеуделі ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында. Үстінде белін күміспен қаптаған жіңішке кавказ белбеуімен қынаған тік жағалы, шытырман түймелі ақ жібек көйлек, бұтында көк шұға галифе шалбар, аяғында рондалап тастаған сары сафьян етік. Иығында бұлғын жағалы қара кеңірдек барқыт шапан. Ұзын, қою, қара шашы желкесіне қарай дударлана құлаған. Сырт келбеті көз тоярлық. Бірақ қайғы ызғарымен бозара түскен жүдеу жүзі көкірегіндегі оты сөне бастаған жан екенін аңғартады. Қазіргі тұрған тұрысы шабыстан болдырған жүйрік тәрізді. Басы салбырап, екі иіні түсіп кеткен. Тек іштегі мұз әлі де жанарын өшіре алмаған үлкен қоңыр көздері терезеге қадалуда. Әр қараған сайын, сырттағы жұрт қуанышы арқасын аяз боп қысқандай, қабағы түйіле түседі. Бұл қазақтың ертедегі белгілі ақыны, алғашқы зиялы адамдарының бірі — атақты Ақан еді» [2, 9].

Жазушы І. Есенберлин Ақан бейнесін тікелей мінездеуден бастап, біртіндеп, оның «жүдеу жүзі көкірегіндегі оты сөне бастаған жанды» «шабыстан болдырған жүйрікке» теңеп алып, өз идеясынан жалыққан, шаршаған адам деңгейіне түсіреді. Бұл жағымсыздық мағына үстеудің бір тәсілі.

«— Біз тәрізді қазақтың оқыған азаматтарының ең қадірлі міндеті — халқын ұлт тәуелсіздігіне шақыру, жеке ел болуды көксету деп ұққан еді, ал бүгін...» деген советтік жаңа құрылыстың өкіліне ұнамайтын сөздерді айтып, жексұрындық пиғылын одан сайын қалыңдата түседі [2, 11].

Ұстаз бен екі шәкірт арасындағы сөз таласы ұлтшылдық мәселесінен басталып, ширыққан динамика жауаптасулар арқылы жылдам өрбіп, Ақанның тауы шағылып, жеңілген сәтіне кезіктіреді. Ақырында өзіне өзі өлім тілеп, ойынан, идеясынан күйреп «жеңіліп», мұңнан арылмаған бейбақ, шарасыз жан жас шәкірттеріне қайғы арқалатып, арғы дүниеге аттанып кете барады.

Сабырлы қалпынан танбайтын, шәкірттерге білім беріп, сауатын ашқан және «ертедегі белгілі ақын, алғашқы қазақ зиялысы» деген сипаттамалар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан басқа адамға жараспайтыны бесенеден белгілі.

Ал романдағы адасқан ақын Бүркіт образы жамандықтан жақсылыққа бағыт алушы кейпінде сомдалады. Мұндағы жаман жағымыз Алаш, жақсылық бет Совет билігі.

Қай жерде болсын жағымсыз кейіпкерлер, ойы мен түсінігі бөтен адамдар кездесіп жатады. Соның бірі Әкпар еді. Әкесі жері мен билігінен алынғаннан кейін, бәріне Ресейге қосылған елінен көріп, қасында бірге бола тұра, өзімен аяғына дейін бірге болмаған жолдастары мен қарсы шыққан адамдардан кегін алуды ойлайды. Өшін алады да. Бірақ ол үшін жазықсыз жандар жапа шегеді.

«Иә, бізде жер көп. Біздің қуанышымыз да, бақытсыздығымыз да сол жерде. Түсінбейсің бе? Егер өмір осы қалпымен жүре берсе, сен өзің-ақ бір отыз жыл өткеннен кейіп, осыншама ұшы-қиыры жоқ даладан қазаққа қой бағатын да жер қалмағанын көзіңмен көрерсің.— Әкпар кенет тоқтап қалды да, Ақанға қарады,— жоқ, бізге жаңа ұлт қаһарманы керек» дейді Әкпар [2, 13].

Шын мәнінде Ақан және Бүркітпен сөз алмасуларында гүр етіп, ойда жоқта сөз айтатын ұрдажықтау, «имиген шот тырнақты қара құзғын» Әкпарды көреміз. Оның айтып отырғандары жағымсыз адамның сөздері, ол ұлтшыл көзқараста, Ресейге төгілген орыс халқын ұнатпайды, қара түтінін будақтатқан отарбаның жақтырмайды, прогрес жаңашылдықтың қаламайды. Солай бола тұра Әкпардың ойларының ұлтшылдық сарынына құрылғанын, алаш идеясы төңірегінде азаматтардың ойын, көзқарасын білу қиынға соқпайды.

«Ұстаған жолым дұрыс па, бұрыс па, қазір өзім де ашық білмеймін, бұрын бәрі де маған айқын секілді еді, ол қазір қалың тұманға еніп кетіп, жол таба алмай адасқан тәріздімін» дейді шығармада Бүркіт кейіпкер.

Алғашында Алаш жолына түсіп, ұлт қайраткерлерімен тізе қосып, ұлттық теңдік мәселесін ту етіп көтерген топтың ішінде болса да, кейін бұл ойынан өзгеріп, жаңа өмірдің жаршысы болуға бет бұратын Бүркіт көрінеді.

Ұстазы Ақанның мезгілсіз қазасынан Бүркіттің монологынан ендігі жолының қай бағытта түсерін ойлаған шарасыз жанды байқаймыз: «Ол қалың ойда. Көңілінде тағы да Абай сөздері. Күйінішті арманға толған ақын өлеңдері есінен шығар емес, бұның да өкініші, арманы бола бастаған. Абай жолы, Абай мектебі бұның да жүрегіне шам жаққан. Сол күндері «Қайтсем сорлы халқымның өкінішті өмірін жөндеймін?» деген бұның да жүрегінде жарқын тілек туған жоқ па еді? Иә, сөйткен еді ғой...» [2, 24].

Мен мұндағы Бүркіт образының прототипі Мағжан Жұмабаев деп ойлаймын. Оған келтіретін дәлелдерім мынадай:

«Қолыма қалам алғалы,

Сөйлеген емен жасыра.

Мен – мұңдымен мұңдастым,

Адассам – ел деп адастым,

Он деген емен асылы» деп келетін өлең жолы ақын Мағжан шығармашылығында кездеседі. Бұл туралы профессор Т. Жұртбай былай деп жазады: «Мағжан: «Адассам – «Ел» деп адастым» дегенде, өзінің ұстанған азаматтық-ақындық мақсат-мүддесінен адасқандығын емес, ел-жұртының тәуелсіздікті таңдау жолында «адасқанын» (большевиктік жолды таңдағанын), сол адасқан елімен бірге боламын деп өзінің де солармен бірге «адасқанын» айтып отыр ғой» [3, 55]. Бұл бір.

Екіншіден, Бүркіттің портретін жасауда автордың белгілі бір деңгейде ақын Мағжан фотосуретіне үңілгенін аңғаратындаймыз. «Қара торы, ойлы қоңыр көзді, бұйралау келген дудар шашты, орта бойлыдан сәл биіктеу жас жігіт. Үстінде тік жағалы, жеңінің аузын бүрген қара көк шерсть кавказ көйлек, белінде шашақты, есілген жібек белбеу, бұтында сарғылт чесуча қыры сынбаған шалбар, жып-жылтыр қара лакты шебілет. Кең маңдайы, ойлы көзі жігіттің үлкен дарын иесі екенін аңғартқандай. Бұл — жас ақын Бүркіт» деп жазылған.

Үшіншіден, «төрт жыл бұрын Ақшатыр гимназиясын бітіріп, Омбы университетіне түскен» деу арқылы Мағжанның оқу білім жолынан да көп ауытқымағаны білінеді.

Осылайша, «Қыран құстың қос қанаты қырқылды» деп жырлаған Мағжан ақынның әдеби бейнесіне Есенберлиннің Бүркіт деген есім беруін де бекерге санамадық.

Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткел» романының «Адасқан ақын» бөлімі бойынша кейіпкерлер әлеміне талдаулар жасалды. І. Есенберлиннің көп зерттеле бермейтін әрі ерекше романына жаңаша баға берілді. Кейіпкерлер образына тың көзқарастар жазылды деп ойлаймын. Ілияс Есенберлиннің роман жанрында көп еңбектенген қарымды қаламгер екенін айта отырып, жағымсыз образдар жасау барысында айтылмайтын, цензураға ұшырайтын сөздерді олардың аузына салып айтқызу тәсілін ұтымды қолданғанына көз жеткіздік. ХХ ғасырдың басындағы Алаш кезеңі жайлы шығармасын зерттеу жұмысы әдебиеттану саласында өзекті жұмыс екенін аңдатады.

І. Есенберлиннің Алаш кезеңі жайлы жазылған «Қатерлі өткел» романы барын көпшілік біле бермейді. Себебі «Қатерлі өткел» өз уақытында дұрыс бағаланбаған, насихаты аз, танылмаған шығарма болды. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттерінің дұрыс бағытта болғанын білсек, онда мұндағы жағымсыз кейіпкерлер бейнесін қайта қарауға тура келеді. Көркем туындының басты кейіпкерлерінің прототипін анықтау да зерттеу жұмысымыздың маңыздылығын айқындайды. Оның үстіне сабақ барысында қажетті мәтіндерде талдауда «Қатерлі өткел» романынан үзінділерді оқытса, мысалдар үшін романнан тиісті жерлерін алып беріп отырса, білім жүйесінде тиімді жұмыс болып саналмақ.

Ілияс Есенберлиннің бүкіл саналы өмірі қиындыққа толы, шығармашылығы барып тұрған қатерлі өткел болатын. Жазушының мұнан басқа да шығармаларының тек аттарына көз жүгірткеннің өзінде көптеген деректерді біле аламыз. Ең бастысы, оның алысты болжағыштық қасиеті таң қалдырады. Және ол Алаш идеясының өміршеңдігіне сеніп өтті. Егер ол Алаш заманында өмір сүрген болса, сол қайраткерлердің жуан ортасынан табылары сөзсіз еді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Толағай. Ілияс Есенберлин туралы естеліктер. Құраст. С. Оразалинов. Алматы: Асыл кітап, 2015. 160-б.

2.     Есенберлин І. Екі томдық таңдамалы шығармалар. — Қатерлі өткел: Роман. — Алматы: Жазушы, 1975. — 456-б.

3.     Жұртбай Т. Ұлт ақыны немесе Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық өмірі. Қолжазба құқығында.

Заңғар Кәрімхан