Алтай көтерілісінің тарихы 4-бөлім
12.04.2022 2107

1940 жылғы бітім

1940 жылы қыркүйектің орта шенінде Шың Шыцайдің қайын атасы, өлкелік халық істер мекемесінің бастығы – Чию Зұңйүн көтерілісшілермен келісім жасау үшін Көктоғайға келеді. Оның артынан Шың Шыцай Үрімжіде түрмеге алынғандардан: Бұқат бейсі, Халел тәйжі, Қалман, Шәри, Дәлелхан Сүгірбаев қатарлыларды көтерілісшілермен бетекі дидарласып бітім жасау үшін Көктоғайға жібереді.


Ал Чию Зұңйүн 1940 жылы 25 қыркүйекте Бұқат, Халел, Дәлелхан, Нәзірлерді көтерілісшілермен дидарласып, көтеріліс басшыларын бейбіт бітім жасау үшін Көктоғай қалашығына шақырып келуге көтерісшілер ішіне жібереді. Көтеріліс басшылары көтеріліс ішіне келген Бұқат, Халелдерді арасын көше қылып, бір жағы үш қатардан екі жағы алты қатар болып тізіліп ұзақ созылған көтерілісшілер қосынының арасынан өткізіп қарсы алады. Бұл тізілген әр екі жағындағы қатардың 1-қатардағылар пулемет, автомот, бесатармен қаруланған, 2-қатардағылар 9 атар, берденке қатарлы нашар қарумен қаруланған, ең артқы қатарға сойыл, шоқпармен қаруланып атқа мінген адамдар орналастырылды.

Бұқат, Хәлелдер көтерілісшілермен көтеріліс басшыларына бейбіт келісімге келу жөнінде үгіт жүргізіп көтеріліс басшыларының Көктоғай қалашығына барып Чию Зұңйүн мен бетпе-бет кезігіп бейбіт бітім жөніндегі шарттарға келсуге үндейді. Көтеріліс басшылары ақылдаса келіп, Ырысхан бастаған көтеріліс басшыларын Бұқат, Халелдерге қосып Чию Зұңйүнге кезігуге жібереді. Көктоғай қалашғына келген Ырысхан бастаған көтеріліс басшылары көтерілісшілер атынан Чию Зұңйүнға мынадай талаптар қояды.

(1) Көтеріліске қатысты және одан бұрынғы жалған айыптар қузастырылмасын;

(2) Қолға алынғандардың тірісін түгел, өлгендерінің сүйегін қайтарсын;

(3) Үкімет басшылары жергілікті адамдар болсын;

(4) Сақшы құрылмасын және ел ішінде тыңшы болмасын;

(5) Халық қолындағы қару жиып алынбасын.

Сүйтіп екі жақ бірнеше күн қайта-қайта ақылдаса келіп мынадай тоқтамға келеді: барлық мылтық, құрал үкіметке тапсырылсын, қалған талаптарды Шың Шыцай үкіметі орындауға «мақұл» болады.

Келісімге келіп, мылтық, құрал үкіметке тапсыру басталғанда Ырысхан Шіңгілдегі көтерілісшілердің құралын тапсырып беру үшін Шіңгілге қайтады. Нәзір мен Дәлелхан Сүгірбаев үкімет атынан Шіңгілдегі көтерілісшілердің қаруын өткеріп алады.

Шіңгілдегі көтерілісшілер мылтық тапсырғанда қалың мылтықтың ішіне бір шоқпар қосып сабына қағаз байлап жібереді. Осы қағазда: «біз қысымға шыдамай бұзылдық, біз бұзылған кезде қолымызда бірде-бір құрал жоқ еді. Мынамен ұрып жығып құралды алдық, ал қазір барлық құралды тапсырып болдық. Енді ел қолында құрал қалған жоқ. Сендер тағы қысым көрсетсеңдер мылтық жоқ болғанымен мынау біздің жерімізде көп, осымен ұрып жығып тағы да мылтық тартып аламыз», – деп жазылыпты.

Келісім Шың Шыцайға жолданып бекітілген соң Чию Зұңйүн Үрімжіге қайтады. Шың Шыцай үкіметі Бұқатты Алтайдың уәлилігіне, Жанымқанды орынбасарлығына, Рахат Халелұлын Көктоғай ауданның әкімдігіне, Көксеген үкірдайды Шіңгіл ауданының әкімнің орынбасарлығына, Дәлелхан Сүгірбаевты Сарсүмбе ауданының әкімнің орынбасарлығына, Кәдірбайды Көктоғай ауданның, Қайымқазыны Шіңгіл ауданның дусалығына, Нәзірді аймақтық бажы мекемесінің орынбасарлығына белгілейді. Шың Шыцай үкіметі тағы да Мәңкей, Ақыт, Баянбай, Байқадам, Дөнен қатарлы адамдар ауырып қалды, ем алып жатыр. Олар тәуірленгенен кейін алғашқы босатылғандардан қалғандарымен қосып босатамыз деп уәде береді.

1940 жылғы көтеріліс кезінде көтеріліске жетекшілік ету жағында ел көзіне түскен Ырысхан Ноғайбайұлы 1940 жылы қазан айында ауырып Жанымқан дәрігерге әкеп көрсетеді. Дәрігердің дәрісін ішкенен кейін ұзақ өтпей ісіп-кеуіп 1940 жылы қарашада 37 жасында қаза болады. Халық ішінде Шың Шыцай Ырысханды Жанымқан арқылы сөзсіз улап өлтірді деген күмән туды.

Екінші реткі көтеріліс

Бірінші реткі көтеріліс белгілі жеңістерге қол жеткізіп уақыттық үзіліс жасағаннан кейін Шың Шыцай үкіметі 1940 жылы қазанда  жасалған бітім шарттарын орындамайды. Керісінше «алтын қазушы» деген атпен Шіңгіл, Көктоғай аудандарына үстемелеп әскер орналастыра бастайды. Түрмедегі ел басыларынан бірде бірі босамайды. Ел ішінде тыңшы молайып, жалықтың сөз әрекеттеріне бақылаушылық барынша күшейеді. «Үкімет өткен көтеріліске басшылық еткендерді ұстайды екен», – деген сөз тарайды. Халық тағы да толқи бастайды.

1941 жылы қаңтарда Көктоғай аудан әкімінің орынбасары Рахат Халелұлы, Қалман Ақытұлы, Шәри қатарлы ел басшылары үкіметеке қайталап талап қояды. Олар: «1940 жылғы келісімде ел ішінде сақшы құрылмайтын болған, ал қазір аудандарда сақшы құрылып, ел ішіне тыңшы орналастырып халықты алаңдатуда; Шың Шыцай үкіметі «алтын қазаушы» деген атпен Көктоғай ауданына адам топтап жатыр; алғашқы келісімде қайтармақшы болған түрмеге алынған ел бастарынан бірде-бір адам қайтқан жоқ, түрмеде әлі 70-80 адамымыз жатыр, сондықтан құрылған сақшы тарқатылып, алтын қазушы деген атпен келген әскерлер шығып кетсін, ел ішіне тыңшы қойып аңду тоқтатылсын. Келісім бойынша түрмедегілердің тірісін түгел, өлгендердің сүйегі берілсін» деген талаптар қояды.

Алтай уәлиі Бұқат Үрімжіге барып ел талабын Шың Шыцайға жеткізеді. Бірақ мардымды жауап ала алмай қайтады. Бұқаттың ел талабын жеткізуі Шың Шыцайға күмән туғызып, Бұқаттың сар ізіне шөп сала бастайды. Шың Шыцай Бұқатқа сұғын қадайды.

Көтерілістің басталуы

Шың Шыцай үкіметі Рахат, Қалмандардың талабын орындамайды, оның үстіне сәуірден бастап Совет инженерлі Көктоғайға келіп асыл тас қаза бастайды. Ел ішінде «енді Шың Шыцай жерімізді орысқа беретін болды» деген қорқыныш туылады. Ақыры 1941 жылы 17 маусым күні Халел, Рахат, Қалман, Шәрилер бастаған бір топ адам көтеріліс жасап шығып, бірінші күні Көктоғайда кен қазып жатқан орыстарға басып кіріп мүліктерін тонап кетеді, адамдарына тимейді. Көтерілісшілер Арал жайлауына барған елден көтеріліс қосынын ұйымдастырып, ішінара сақталып қалған аздаған құралдармен қаруланады. Бұл жағдайдан хабар тапқан Шың Шыцай үкіметі Чию Зұңйүнды тағы да Алтайға жібереді. Чию Зұңйүн Сарсүмбе келіп шілдеде орынбасар уәли Жанымқан, Әбілмәжін гүң, Мәмилә зәңгі, Қабыл тәйжі, Қажынәбилерге көтеріліс жасаушылармен келісім жасап, үгіт айтып тоқтату жөнінде талаптар қояды. Бірақ көтерілісшілер: «Шың Шыцай біздің талаптарымызды орындамады. Алдыңғы реткі талаптар орындалатын уақыт та жетті, біз енді тыныш тұра алмаймыз», – деп үгіт айта келген өкілдерді қайтармай ұстап алады да, оларды зорлықпен ертіп алып мыңға таяу адам Көктоғай қалашығына шабуыл жасау үшін аттанады. Көтерілісшілер Көктоғай қалашығын қоршауға алғаннан кейін, әкімшілік: «Сендер бізді қоя беріңдер, біз Көктоғай қалашығына барып сақшы мекемесі мен әскерлерді алып кетейік, қалған талаптарыңды үкіметке айтып, 8 күн ішінде жауабын берейік», – деген талабын ортаға қояды. Келген өкілдер де осы талапты қуаттайды. Көтеріліс басшылары олардың талбына мақұл болып қағаздасып мөр басады. Сөйтіп Көктоғай қалашығын қоршауға алған көтерілісшілер шегінеді де, өкілдер Көктоғай қалашығына кіріп сақшы адамдарын өздерімен бірге алып қайтып, Сарсүмбеге келіп жағдайды Чию Зұңйүнға мәлімдейді. Чию Зұңйүн барған өкілдерден жеке-жеке ахуалды ұғады, бірақ шешім жасамайды.

1941 жылы шілденің аяқ шенінде Қасейін батыр бастаған жүздей адам Көктоғай қалашығына шабуылға өтсе де, қалашықта мықты қорғаныс боғандықтан ала алмай шегінеді.

Тамыздың бас кезінде көтеріліс басшылары тіл ұстап келуді міндеттеп Сүлеймен батыр бастаған қазақ, мұңғылдан құрам тапқан бір бөлім адамдарды аттандырады, олар Көктоғай ауданның түстік жағындағы Белқайың деген жерден жол тосып Совет инженерлерінің Сарсүмбеге бет алған екі машинасының алдыңғысының жүргізушісін атып түсіреді. Шопыры өлген машинадағы бес адам көтерілісшілерге қарсылық көрсетеді. Ал екінші машина кері айналып қашып Көктоғай қалашығына кіріп кетеді. Көтерілісшілер қарсылық көрсетушілерді бірден жойып жібереді. 5 адамды өлтіріп бір мылтық олжа түсіреді де машинасын өртеп жіберіп тіл ұстай алмай қайтып кетеді.

Сарсүмбедегі Чию Зұңйүн тамыздың бас шенінде көтерілісшілерді әскери күшпен жойып жібермекші болып, мыңнан астам әскерді Көктоғайға аттандырады. Көтерілісшілер қорғаныс алып үкімет әскерлерімен қиянкескі соғыс жүргізеді.

Үкімет әскерінің жазалау жорықтары

Шың Шыцай үкіметі Сарсүмбеден шығарған әскерлерден бөлек, сол кезде Үрімжіде жоғары дәрежелі әскери курсте оқып жатқан бұрынғы Қашқардың командиры Жаң Юфыңды бас қомандан, генарал Филивті ақылшы етіп бас штаб құрып, екі ұшақ, 3 броневик, зеңбірек, ауыр-жеңіл пулемет қатарлы жаңа қарулармен қаруланған 7 мың әскерді Көктоғайға жібереді. Әскери штаб Көктоғайға келгеннен кейін көтерілісшілерге сұрапыл шабуыл жасайды. Көтерілісшілер жер қолайлығынан пайдалана отырып қайтарма соққы беріп, Қуүй, Таршаты, Ышқынты қатарлы жерлерде Шың әскерлерін қынадай қырады. Мыңға таяу құрал және көптеген ат-көліктер олжалайды. Қуүй деген жерде үкімет әскерінің бас штабын артынан тіл қатыстырмай қоршауға алады. Ұшақтан тасталған азық-түлік әскерлер лагеріне түспей, көтерілісшілер қолына түсіп бір жетіден артық қоршауда қалған үкімет әскерлері азықтан тарығып ат-көліктерін сойып жеуге, тіпті оққа ұшқан аттың етін жеуге мажбүр болады. Бір рет Таршаты деген сайға жау әскерлерін шырғалап кіргізіп алып, бірін де қалдырмай жойып жібереді. Айтуларға қарағанда «өлген Шың әскерлерінің сүйегінен Таршатының суы бөгеліп қалады» деседі. Осы Таршаты шайқасында көтеріліс басшыларының бірі батыр Сүлеймен шейіт болды. Бұдан бөлек көтерілісшілерден 8 адам құрбан болады.

Тамыздың соңына келгенде Көктоғайдағы қолбасшылық штаб үстемелеп күш толықтап Үрімжіден тағы бірнеше полк (10 мыңдай адам делінеді) әскер жөткеп әкеліп, Шіңгілден тартып қат-қабат қоршауға алады. Шың әскерлері шабуылын барған сайын үстемелеп күшейтіп, әуеден ұшақпен сұрапыл бомбылайды. Бомбадан көтерілісшілерден жұздың үстінде адам өледі. Жан-жақтылы шабуылға ұшыраған қалың ел қатты күйзеліске тап болады. Сүлеймен батырдың қаза болуы көтерілісшілердің соғыс жүргізу қуатына белгілі дәрежеде ықпал тигізеді. Сонымен бірге осы бір қысылтайаң кезде ел ішінде алалық туыла бастайды. Қарақас руынан Әділхан, Әбдірахман бастаған бір бөлім ел үкіметке бағынып кетеді. Сөйтіп көтерілісшілер ішінде ыдыраушылық, бытырандылық пайда болып ақыл бірлгі бір жерден шықпайтын жағдай туыла бастайды. Оның үстіне жау әскерлері өршелене шабуыл жасап қоршауда қалған әскерлерін құтқарып әкетеді. Алауыздық кесірінен көтерілісшілер барған сайын ырықсыз күйге түсе бастайды. Барлық күшін іске қосып сұрапыл шабуылға өткен үкімет әскерлеріне төтеп бере алмаған көтеріслшіелердің азаматтары салт қашып шығады да, қалың елді үкімет әскері басып қалады.

Үкімет әскерлері басып қалған ел мен малды таудан түсіріп Көкебұлақ, Сарбұлақ деген жерлерге айдап апарып орналастырады да, ел маңын қоршап, көтерілісшілердің елмен болған байланысын үзіп тастайды.

Екінші реткі бітім және оның зардабы

Қыркүйек айының орта шенінде тауға қар жауып, салт қашып шыққан көтерілісшілер азық-түліктен тарыға бастайды. Елден азық-түлік алу мүмкіндігі тіпті де қиын болады. Етекке, не өзен бойына түсіп кетуге үкімет әскерінің қоршауын бұзып өтуге дәрменсіз болады. Сөйтіп көтерілісшілердің тауға салыт қашып шыққандары аса ауыр жағдайға тап болады. Осы орайда Шың үкіметі көтеріслшілермен келісім жасау үшін уәли орнбасары Жанымқан және алдыңғы рет елін бастап үкіметке бағынып кеткен Әділхан, Ыбырайымхан қатарлыларды жібереды.

Жанымқан көтеріліс басшыларымен кезігіп: «Қолымда құран, аузымда иманым бар адаммын, маған сеніңдер, үкімет сендерге ешқандай қастық қылмайды, жазаламайды», – деп кеудесіне құран қойып ант береді. Тауда қар, бөктерде жау, мылқау табиғат пен құрсанған жаудың қыспағында қалып тарыға бастаған Халел тәйжі жағдайдың мәжбүрлеуімен Жанымқанның арбауына сеніп бағынбақшы болады. Бірақ Шәри зәңгі бағынбау жағында болып, алдын ала бағынып кеткен Әділханды атып тастамаққа мылтық ала жүгіреді. Осы оқиғадан шеруші руы мен қарақас руы арасында қайшылық пайда болып, жарқышақ тіпті де ұлғайа түседі. Ақыры алдымен Халел өз балалары Рахат, Сайыптарды бастап бағынып кетеді. Соңынан лажсыз, Есімхан, Шәрилер де бағынады. Көтерілісшілер барлық құралдарын беріп үйлеріне қайтады.

Құрал тапсырылып болғаннан кейін, Жанымқан көтеріліс басшыларынан бірқанша адамды Қаратас деген жердегі бас штабқа барып, сол кезде Алтай аймақтық сақшы бастығы Ли Хұңйұңмен «дидарласып» қайтуды ұсыныс етеді, көтеріліс басшылары, Жанымқанның бұл ұсынысын қабылдамай қоюға мүмкіндігі болмай, ылажсыз Қаратастағы бас штабқа келеді. Ли Хұңйұң көтеріліс басшыларын көлгірси қарсы алады. Ол: «Сарсүмбедегі Чию Тиңжаң сіздермен бет көріспекші, барып аман-сәлем қып қайтыңыздар», – дегенді айтады. Сөйтіп көтеріліс басшыларынан Есімхан, Рахат, Зейнел, Шәри, Құмар, Боранбай, Қақыш, Нақыштай, Ыбырайхан, Кәріпбай, Татай, Саляқын, Кәкім, Сайфолла қатарлы 16 адамды әскери қоршауға алып, Сарсүмбеге жібереді де, Қалман мен Халелді арнаулы ұшаққа салып Үрімжіге төте алып кетеді. Көтеріліс басшылары Сарсүмбеге келгенен кейін оларды Чию Зұңйүн қабылдап: «Сіздерді дубан (Щың Шыцай) қонаққа шақырады, барып дидарласып қайтыңыздар», – деп қастарына сол кезде Алтай уәлиы Бұқатты қосып, ұшақпен Үрімжіге жібереді. Олар ұшақтан түсе салысымен түгелдей түрмеге жабылады.

Сарсүмбе ауданның әкім орынбасары Дәлелхан Сүгірбаев осы қатерді алдын-ала сезіп Ешей деген адамды жұмсап, Сарсүмбедегі Совет консулынан саяси баспана сұрайды. Сөйтіп Алтай уәлиі Бұқатпен көтеріліс басшыларын ұшақмен Үрімжіге алып кетуден бір күн бұрын яғыни 1941 жылы 16 қыркүйек күні Совет консулы арқылы Совет одағына өтіп кетеді.

Екінші реткі көтеріліс сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Шың Шыцай үкіметі Алтайдың әкімшілік, әскери істеріне зерттеу жүргізеді. Алтайдың бұрынғы команданы Яң Дешанды тұтқындап, Ли Йүн дегенді командир етіп тағайындап, ол 3 полк әскермен келіп орналасады. Ол келгенен кейін бұрынғы бар әскери күшті реттеп Сарсүмбе, Қаба, Буыршын, Жеменей аудандарынан бірден полк орналастырады. Оның сыртында Сарсүмбе, Буыршын ауданынан үкіметке сенімді делінген адамдардан құралды күш ұйымдарстырып, үш топқа бөледі. Бұның орыс тобының бастығы Борис, мұңғыл тобының бастығы Борымжап, қазақ тобының бастығы Керім зәңгі болады.

Шың Шыцай үкіметі бұдан тыс, Сартоғай бас қолбасшылық ыштабын құрып, мықты қамал орнатады. Сартоғайдан Шағаніргеге дейінгі биік тау тұрғыларына сементпен қатырған потайлар салдырып, зеңбірек, ауыр пулемет қатарлы осы заман құралдарын орналастырады. Бас қолбасшы Лю деген генарал болады.

Ал Уан Лийүн 6 мың әскермен Сарсүмбеде тұрады. Сөйтіп Шың Шыцай үкіметі әскери бақылауды барған сайын күшейтіп, әскери қару-жарақ, азық-түлікті Шитай, Шонжы арқылы Үрімжіден қамдап отырады. Осы арқылы Шың Шыцай Алтай аймағының 7 ауданын түгел әскери күшпен құрсаулап тастайды.

Оспан бастаған көтеріліс

Екінші реткі көтеріліс сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, көтерілісшілер бағынған кезде, Оспан өз маңына адам топтап бағынбай бөлек кетеді. Қалман, Есімхандар бөлек кеткен Оспанға Ақанай Ақытұлын жіберіп, өздерімен бірге болуын айтады. Бірақ Оспан өзінің бағытынан танбайтындығын, ал бағынғысы келетін адамдарға кесе көлденің болмайтындығын айтып, алдыңғы рет үкімет әскері басып қалған елден бөлек дараны мекендеп жау қолына түспей қалған Тіркеш, шақабай Сүлеймен, Келес ауылдарын және өз ауылын бастап Құбының құмына кіріп кетеді. Оспанның аты шығып көзге түспеген адам болғандықтан Шың үкіметі оларды ескере қоймайды. Құбының құмына кіріп алған Оспан бастаған топ, қыс түсе әр жерден тиіп-қашып әрекет жасайды. Сонда ғана бұларға назар аударған Шың үкіметі 1942 жылы ақпанда тыныштықпен бағынып құрал тапсыруға көндіру үшін, Шіңгілден Уатқан, Алтайдан Мәмилә зәңгі, Көктоғайдан Мағауия залың бастағандарды өкіл етіп Оспанға жібереді.

Оспан оларға: «Үкімет алдыңғы рет түрмеге алғандарды босатқанды қойып, Бұқат, Халел бастаған ел беделділерін тағы түрмеге тықты. Осындай бола тұра сендердің бұл жерге келулерің сатқындық», – деп өздерін сабап, аттарын тартып алып жаяу қайтарады. Бұл жағдайдан хабар тапқан Шың Шыцай үкіметі 1942 жылы наурызда Борымжап (мұңғыл) бастаған 180 әскер жіберіп, Құбының құмында көтерілісшілермен соғыс жүргізеді. Үкімет әскерінің күші басым болғандықтан көтерілісшілер жеңіліс тауып, Оспан бастаған 18 адам ғана қашып құтылады да, барлық отбасы, мал-жанды жау әскері басып қалады. Қолға түскен отбасылардан Оспан, Сүлеймен, Келес, Кәдірбайлардың отбасын көшіріп Сарсүмбеге алып келіп сақшы ауласына қамап тастайды.

Қашып шыққан Оспандар елеусіз қалатарыстарда жасырынып, партизандық соғыс жүргізеді. 1942 жылы мамырда Оспанның інісі Дәлелхан Оспаннан бөлініп қайтып Көктоғайға келіп үкіметке бағынады. Оспан одан үкіметке хат жазып: «Үкімет бізді қылмыскер санамаса, бала-шағамызды қайтарып берсе және сенімді адамнан өкіл жіберіп, келісім жасаса – бағынамыз», – деп хабарлайды. Оспанның інісі Дәлелханды Көктоғай сақшысы тұтқындап Үрімжіге жөткеп жібереді. Ол 1943 жылы Үрімжі түрмесінде өледі. Оспанның талабын жеткізу үшін Көктоғай ауданының әкім орынбасары Қажынаби мен Мағауия залың қатарлылар жағадайды Сарсүмбеге мәлімдейді. Сарсүмбедегі үкімет орыны Оспан бағынса тиіспейтіндігін айтып, отбасыларын Қажынабилердің қолына тапсырып, олар Көктоғайға алып қайтады.

Қажынабилер Қуертс деген жерге барғанда Сарсүмбеден шыққан 300 әскер қуып жетеді. Қажынабилер әскерлердің келу себебін сұрағанда олар: «Сіздерді Көктоғайға дейін қорғап жеткізіп қоюға жіберді», – дегенді айтады. Оспан хатында өкілдермен Ышқынты деген жерде кезігетінін айтқан. Өкілдер Балертіске келгенен кейін Мағауия залың мен Оспанның қызын алдын-ала елші етіп Оспанға жібереді. Бірақ белгіленген орнынан Оспандарды таба алмай қайтып келеді. Оспанды таба алмаған өкілдер, Қуүй деген жерге келіп елге үгіт жүргізеді және Оспан қай жерде болса да тауып сөйлесуге Мейірбай зәңгі бастаған бірқанша адамды жұмсайды. Олар Қайырты деген жерден Оспанды тауып сөйлескенде: «Біз Ышқынтыда кездеспекші болып тосып едік, біррақ біздің отбасымыздың артынан қалың әскер келгенін барлаушыларымыз көріп хабарлағанан кейін, үкімет орны бала-шағамызды әкелу арқылы алдап қолға түсірмекші екендігін сезіп орын жөткеп кеттік. Әскерлер тұрғанда біз бағынбаймыз», – дегенді айтып қайтарады. Өкілдер осы жауапты естігеннен кейін жағдайды аймаққа мәлімдейді. Аймақ әскерлерді қайтарып әкетеді. әскерлер қайтып келгенен кейін Салық тәйжі, Әділхан би қатарлы бес адамды қайталап Оспанға жіберіп, Оспанның талабы бойынша әскерлер қайтып келгендігін, ал әскерлер Оспан тобының бала-шағаларын қорғап әкеліп тастау үшін келгендігін, егер Оспан құрал-жарақтарын тапсырса үкімет орны ешақандай жазалау шарасын қарастырмайтынын айтады. Нәтижеде Қапас Тіркешұлы, Кәдірбай бастаған 13 адам бағынып, Оспан және оның ұлы Шердиман, Келес, Сүлеймен қатарлы 5 адам: «Біз екі айға дейін байқаймыз, егер бағынған адамдарымыздың ешқайсысы жазаланбаса, қыркүйекте өзіміз хабар беріп бағынамыз. Оған дейін үкімет бізді іздемесін», – дегенді айтып бағынбай қояды.

Үкімет орындары бағынғандардың отбасыларын өздеріне қайтарып береді. Бірақ бағынғандардың ішіенен Кәдірбайды 20 тамыз күні тұтқындап Үрімжіге жөткеп жібереді.

Ал Оспан мен Сүлейменнің бала-шағаларын Көктоғай қалашығына алып келіп, аудандық үкімет ауласына орналастырады. Оспан бастаған 5 адам сол бойы елеусіз бекіністерге мекенденіп жүреді, халық Оспандармен жасырын байланыс жасап азық-түлікпен қамдап отырады.

1942 жылы қарашада Көктоғай сақшы мекесінен 25 адам Дүре деген жерде отырған Халел тәйжінің ауылына барып Сайып, Қаби, Жәмшит қатарлы адамдарды ұстамақшы болады. Бұл жағадайды алдын-ала сезген Сайып қарсылық көрсетіп сақшының екі адамын өлтіреді. Қақтығыс кезінде Жәмшит өледі. Ал Сайып, Қазез, Уақит бастаған 13 адам қашып Шіңгілдің Қаноба деген жерін мекендеп жүрген Оспан тобына қосылады. Осы уақыттар мөлшерінде Шіңгіл ауданынан Шың Шыцай үкіметінің өздеріне сенімсіз қарап қолға алтындығын алдын-ала сезген Сұлубай, Тескенбай, Мұқай, Тоқтыбайлар бастаған бірқанша адам Оспандарға барып қосылады. Сөйтіп Оспанның қосыны барған сайын молая береді. Олар қыста Құбының құмын, жазда Көктоғай тауын мекендеп күн өтікізеді. 1943 жылы қаңтарда Шың үкіметі не бары 80-дей адамы бар көтерілісшілерге қарсы 300 жазалаушы әскер аттандырады да, Өндірқара деген жерде көтерілісшілермен соғыс жүргізеді. Көтерілісшілер Шың әскерін қатты шығынға ұшыратып айдап салады. Бірқанша мылтық олжа алады. Соғыс барысында Сайып Халелұлы құрбан болады.

1943 жылы мамырда Көктоғайдың Зағоба деген жерінің маңында жүрген Оспандарға Совет одағының инженері болып жасанған бір машина адамы кезігіп әңгіме өткізеді. Олар: «Совет үкіметінің көтерілісшілерге тілектес екендігін және көмек беретіндігін білдіреді. Олар көтерілісшілерге біраз құрал беріп, тамызда Көктоғай басындағы Жалғызағаш шекарасынан кезігуді айтып қайтып кетеді.

Көтерілішілер ішіне Қамқаштың келуі, Моңғолиядан берілген алғашқы көмек

Қыста құмды мекен етіп жүрген көтерілісшілер жаз шыға Көктоғай тауларына келеді. 1943 жылы Шілдеде Моңғол халық республикасы Қамқаш деген адамды көтерілісшілер ішіне жіберіп: «Сендердің бұл күрестерің езушілерге қарсы күрес болып есептелінеді. Біз сендерге көмектесеміз осы жөнінде келісім жасассақ», – деген ұсынысты ортаға қояды. Бірақ Оспан оларға сенбей Қамқашқа: «Сен бір қазақ – әдеттегі адамсың, Монғолия үкіметінің адамдары келіп сөйлессе, шынында олар бізге тілектестік білдірсе біз бас тартпаймыз», – деп қайтарып жібереді. Қамқаштар қайтып кетіп көп өтпей сырт Монғолияның Дұбыдұн деген дарғысы (үкімет адамы) қасында Қамқаш бар, көтерілісшілерге келіп алдыңғы рет Қамқаш айтқан талаптарды қайталайды. Сырт Монғолия мемелекеті шынында тілектес екенін, көтерілісшілерге қажетті көмектерін айамайтындығын білдіреді. Көтерілісшілер ақылдаса келіп олар қайтқанда Қапас, Шердиман бастаған бірнеше адамды қосып сырт Монғолияның ауқымын байқап келуге жіберіп, Қаби, Келес атынан хат жазады.

Қапас, Шердимандар қайта қайтқанда Монғолияның үкіметі Оспанға бір маузер, бірнеше мылтық оқ-дәрі, бір дүрбі сәлемдеме жібереді және сөзсіз жәрдемдестінін айтып қайтарады. Монғолия үкіметіне біраз сенім артқан көтерілісшілерден 1943 жылы тамызда Оспан бастаған 30 адам «Үш ергеншек» шекарасына барып сырт Монғолияның Шегіртай деген жерінде Монғолия жақпен нақтылы келісім жасасып, бір түйінге келеді. Екі жақ «Бұдан кейінгі байланыс жасайтын орын Шіңгілдің Бұлғын деген жерінде болсын», – деп тұжырымға келіп қайтады. Көтерілісшілер өкілдері қайта қайтқанда Монғолия үкіметі барған адамдардың әр қайсысына бірден бес ат беріп қайтарады.

Сөйтып көтерілісшілердің құрал күші толықтана түсіп, беделдері де жоғарлай бастайды. Монғолияның шынайы көмектесетінінен толық хабар тапқан, Шың Шыцай үкіметінің езгісіне тап болып, бас бостандығына зар болып отырған Көктоғай елінің бір бөлімі көтерілісшілерге қосылып кетеді. Буырылтоғай елінен де Әбдірасыл бастаған 50 адам көтеілсшелерге келіп қосылып, көтеілсшілер барған сайын күшейіп толықтана түседі. 1943 жылы қыркүйекте Шың үкеметі негізгі күштерін Көктоғайға топтап, көтерілісшілерге жазалау жорығын жасайды. Көтерілісшілер мен үкімет әскерлері арасында «Уша соғысы», «Қаражалаты соғысы», «Ышқынты соғысы» қатарлы көлемді соғыстар болады. Көтеілсшілер шеп құрып қорғанбай, жер ыңғайынан пайдаланып, тиіп-қашып партизандық соғыс жүргізгендіктен, үкімет әскерін ойсырата жеңіп ауыр шығынға ұшыратады. Әсіресе «Ышқынты соғысы» Шың әскелерінің сазайын мықтап тартқызған соғыс болады.

Шың әскерлерінің соғыс қолбасшылық штабы өздерінің таңдамалы делінген 500-ден астам әскерін жіберіп Ышқынтыда жатқан көтерілісшілерді қоршауға алмақшы болып жорық жасайды. Көтерілісшілер маңызды тұрғыларды иелеп алып үкімет әскерлерін шырғалап Ышқынты сайының ішіне кіргізіп жібереді де тұтқиыл тап береді. Тар сайда жан-жақтан анталаған көтерілісшілердің қоршауында қалған үкімет әскері ештеңе істей алмай босқа қырылады. Ышқынты соғысы жауға қатты соққы болып тиеді. Көтерілісшілердің рухы көтеріліп, Оспанның аты аңыз бола бастайды.

1943 жылы қазан айында үкімет тағы әскер күшін топтап, Үліңгір өзені бойындағы Қарабұлғын, Дүре, Сартоғай деген жерлерде көтерілісшілермен қиянкескі соғыс жүргізеді. Жер жазық, күш салыстырмасы үлкен болғандықтан, көтерілісшілер мұздай қаруланған әскери күшке төтеп бере алмай, үкімет әскерінен 20 шақты құрал түсіріп, бір бөлім елді ілестіріп Құбының құмына кіріп кетеді. Бірақ жау ұшақпен шабуыл жасап, үздіксіз бомбылағандықтан көтерілісшілер жылысып Бұлғынға қарай көшеді. Көтерілісшілер Құбының құмына кіріп кеткеннен кейін, үкіметтің Шонжыдан шыққан бір бөлім әскері Шіңгіл ауданының Ағашоба деген жерінде отырған елге ауыр қырғын жүргізеді. Бейбіт қатын-бала, кемпір-шалдан 57 адамды қырып тастайды, халықтың мүлкін тонап, талан-таранжыға салды. Осындай ауыр қысымға тап болған Шіңгіл ауданы елінен тағы 200 отбасы көтерілісшілерге қосылып, қалың ел Бұлғын шекарасынан өтіп Монғолия жеріне барып тыныстайды. Көтерілісшілер Бұлғынға өрлеп көшкенен кейін үкімет Үрімжіден, түрмеде жатқан Қалман мен Шәриді шығарып алып, оларға сол кездегі «Үрімжі ағарту ұйымының» Махұмұт Шөкімановты қосып, Шіңгіл ауданның Шағанірге деген жеріндегі әскери бекініс базасына алып келіп, Махұмұт пен Шәриді көтерілісшілер ішіне барып, «Тыныштықпен келісім жасап тізе бүгуге үгіттеу» үшін жібереді де, Қалманды Шағаніргеде ұстап тұрады.

Ал көтерілісшілер өздеріне үгіт айту үшін келген Махұмұтты ұстап Монғолияға өткізіп жібереді. Шәри көтеріліс ішіне қалып қояды. Көтерілісшілер жауап бермей жатып алады. Жағдайдан хабар тапқан үкімет Қалманды Үрімжіге алып кетеді. Бітім жөніндегі қиялдарынан нәтиже шықпады.

(Жалғасы бар...)