Алтай көтерілісінің тарихы 3-бөлім
31.03.2022 2069

Көтерілісшілердің батыл қимылы Шың Шыцай үкіметіне оларды тып-типыл етіп талқандап жіберу оңайға түспейтіндігін түсіндірді. 1940 жылы 25 наурызда Үрімжіден Жау Тимиң дегенді бастық етіп бес жоғары билікті өкіл Шіңгілге келеді. Олардың міндеті мүмкіндік болса ел ішіне үгіт жүргізіп, насиқат айтып көтерілісті тоқтату, егер олай етуге мүмкіндік болмағанда, Монғолияның Майқантас застабындағы моңғол үкіметінің уәкілі Бат төремен кезігіп, өзара көмектесу жөнінде келсім жасау екен. Шіңгілге келген Шың Шыцай үкіметінің өкілдері көтеріліс жасаған ел ішіне үгіт айтуға бара алмады. Сөйтіп үгіт айтып көтерілісті тоқтату деген дәмеден үміт үзіледі. Ақыры 1940 жылы наурыздың соңында Шағанғол застабы арқылы Жау Тимиң бастап Шың Шыцайдің 3 өкілі Майқантастағы Монғолия уәкілі Бат төремен кездесіп ақылдасып, мынадай келісімге келіп қайтады.


1) Шың Шыцай үкіметінің талабы бойынша көтеріліс жасап шыққан елді Монғолия жеріне өтіп паналауға жол қоймау;

2) Қажет болғанда Монғолия шекарасына жақын жерлерде болған соғыстарда Монғолия әскері Шың Шыцай әскеріне көмек көрсетуі тиіс.

Сөйтіп Шың Шыцай барлық әдіс-амалды қолданып жан-жақтылы қоршау арқылы көтеріліс жалынын сөндіріп, көтерілісшілерді тып-типыл жойып жіберу қамына кіріседі.

Осыдан әрі қарай үкімет әскері мен көтерілісшілер арасында қан қасап ауыр шайқастар басталып кетті. Біз енді осы соғыстарға егжей-тегжейлі тоқталмақпыз.

Шағанірге соғысы

1940 жылы наурыздың соңы мен сәуірдің бас кезінде Шонжыдан генарал Яң Дышән бас қомандан, генарал Зәбелин бас ақылшы болып ауыр, жеңіл пулемет, 3 броневикпен қаруланған 7 мыңдай әскер келіп, Шағанірге деген жерде көтерілішілерге шабуылға өтеді. Көтерілісшілер 30-дай ғана отты қару, қалғандары найза, сойыл, шоқпармен қаруланып Шың Шыцай әскерлеріне қарсы қиянкескі соғыс жүргізеді.

Көтерілісшілер аз ғана құралды аса сенімді, ержүрек мергендерге беріп, бірнеше ұрымтал жерден шеп құрып, Шың Шыцай әскерлерін ілгерлетпей қояды. Шайқас бірнеше тәулікке жалғасады. Үкімет әскерінің бастықтары бірнше күнгі тәжірибелерін жинақтай келе, барлау жүргізіп, алыстан дүрбі салып, көтерілісшілер құралының мардымды емес екенін байқайды да, соғыс тактикасын өзгертіп, лап қойып басып кіріп талқандау керек деп шешеді де, сары атқа мінген орыстың (аты мәлімсіз) бастауында атты әскерлер атакаға өтеді. Ал найза, сойыл, шоқпармен қаруланған көтерілісшілердің қомақты бөлімі де тайсалмай, қоян-қолтық соғысқа кіреді. Қоян-қолтық айқаста көтерілісшілер асқан ерлік көрсетіп, шабуылға өтушілерді ықсыратып жібереді. Осы қоян-қолтық айқаста әлгі сары атқа мінген орыс көтерілісшілерден Түлек деген жасы алпыстан асқан шалмен жекпе-жек келіп қалады. Сойыл өнеріне шебер қарт өзінше қылыш өнеріне жетілдім деген орысты қара құстан дәл соғып түсіріп өлтіреді. Қоян-қолтық соғысқа кірген Шың Шыцай әскерлері қайта қашады. Атака жасаудан беті қайтқан Шың Шыцай әскерлері ылажсыз Дабысынға шегінеді. Көтерілісшілер қорғаныс тактикасын қолданып оларды қуа соққылайды. Осы реткі шайқаста үкімет әскерінен 60-тай адам өліп, 30-дан астам Жапон бесатары олжаға алынып, көтерілісшілердің құралы сәл де болса толықтана түседі. Көтерілісшілерден үлкен шығын болмайды. Халық рухани жақтан серпіліп, жігері шыңдала түседі.

Шың Шыцай әскерлері Дабысынға шегінген күннің ертеңінде, үкімет ұшақпен қағаз тастап: «Сары атты орысты тірі қайтарып беріңдер, әйтпесе тұқымдарыңды құртамыз», – деп қорқытқан болады. Бірақ әлде қашан өліп қалған сары атты орысты қайтарып беру мүмкін емес болатын.

Моншық шайқасы

Дабысынға шегінген Шың Шыцай әскелері бірнеше күн тынығып есін жиғаннан кейін, қайта шабуылға өтеді. Көтерілісшілер қорғаныс ала отырып Бұлғын өзенін өрлей көшеді. Ел жылысып Моншық деген жерге барғанда, қуып жеткен үкімет әскері 3 броневикпен Бұлғын өзенінің Бәйтік жағын орап алып, ұшақпен бомбы тастап, пулеметтен оқ жаудырып, қалың әскер көшкен елдің артыннан түсіп шабуыл жасап қақтығыс бастайды. Көтерілісшілер де қарсы жауап беріп, қорғана соғысады. Қайыспай ерлікпен соғыс жүргізген көтерілісшілер жаудың бірнеше реткі шабуылын тойтарады. Сүлеймен батыр, Мұса мергендер ерекше көзге түсіп, қылп еткен жауды іліп түсіп, үкімет әскерін ауыр шығынға ұшыратады. Неше реткі қоян-қолтық айқастың бәрінде Шың әскерлерінің беті қайтып отырады. Көтерілісшілер бірнеше құрал, 40-тың үстінде ертоқымымен ат олжаға алады. Бірақ Шың Шыцай әскерлерінің бұл реткі шабуылы оңайға түспейді. Ұшақпен тастаған бомбадан көтеріліс басшылары Ноғайбай, Зәтелбайлар, көтерілісшілерден Тоғыз, Дағыстан қатарлы 200-ге тарта адам құрбан болып, көрерілісшілер ауыр қайғыға ұшырайды. Үкімет әскерінің шабуылы барған сайын күшейе түседі. Бір рет броневиктің қорғауында 200-дің үстінде атты әскер шабуылға өтіп, Мұса мерген бастаған көтерілісшілер бөлегімен сұрапыл соғыс жүргізеді. Көтерілісшілер атты әскерледің бетін қайтарса да, броневиктің бетін қайтара алмай қиналады. Бұл туралы Мұса мергеннің мергендігі мен батырлығын аңызға айналдырған бір сөз бар, Мұса мерген көтеріліс басшыларына келіп: «Бір домалақ пәле келді, 5 оқты бір жерден тигізсем де бетін қайтара алмадым, осысы қиын болып барады», – деген екен дейді.

Қиын жағадайға тап болған көтеріліс басшылары, бір жағынан басым жаудың соққысына төтеп беру шарасын қарастыра отырып, енді бір жағынан сырт Монғолияның Майқантас шекера застабына Қақыш, Шіңгілбай, Шәкер би қатарлы 5 адамды жіберіп, көтерілісшілердің Монғолия жеріне өтіп паналай тұруына рұхсат сұрайды. Бірақ Монғолия жақ жіберген елшілерді ұстап алып жауап қайтармай қояды.

Сөйтіп қуа соққылаған Шың әскерлерімен қаша соғыс жүргізген екі мың шаңырақ көтерілісшілер 1940 жылы сәуірдің 20-ы күні ығысып отырып, Қытай-Монғолия шекарасына таяу Бұлғынның Жалпағына келеді де, қалың ну қамыстың ішіне кіріп паналап дамылдамақшы болады.

Бұлғын шайқасы

Қалың қамысқа кіріп паналамақшы болған ел, енді ғана жүктерін түсіріп көлік белін суыта бергенде, Монғолия шекара әскерлері наурыздағы «Жау Тимиң – Бат төре келісімі» бойынша көтерілісшілерге сұрапыл соғыс ашады. Сөйтіп көтерілісшілер Шың Шыцай әскерлері мен сырт Монғолия әскерлерінің қыспаққа алып соққылауына тап болып, аса ауыр қатерлі жағдайда қалады.

Көтерілісшілер күштерін екіге бөліп, Монғолия және Шың Шыцай әскерлерімен соғыс жүргізеді. Монғолия әскерлері ел паналған қамысқа өрт қояды. Қалың ел ауыр қырғынға ұшырайды. Көтерілісшілерден тағы екі жүздің үстінде адам өледі.

Бұл қысылтаяң шақта көтерілісшілер амалсыздан бала-шаға, кемпір-шал мен малды тастап, ер азаматтар қоршауды бұзып шығып кету байламына келеді. Қалған елге бас-көз болу үшін Татай Қалымұлы, Шағалақ, Шәти қатарлы адамдарды қалтырады да, 1500 дей адам құршауды бұзып шығып Қаптық тауына бет алады. Елді басып қалған Шың әскерлері елге мейлінше талан-таражылау жүргізеді. Татай Қалымұлы, Шағалақ, Шәти, Мысырхан, Мәсит, Қасен зәңгі, Қабылбақи, Тоқтармұрат қатарлыларды ұстап байлап алады да, елді айдап Шіңгіл қалашығындағы Шың Шыцай үкіметіне әкеліп тапсырады. Ұстағандарды түрмелеп тастайды.

Қаптық сапары және Ақтеке мен Мұса мергеннің қазасы

Есімхан, Ақтеке, Ырысхан бастаған көтерілісшілер жеке-жеке қоршауды бұзып шығып, іздеріне түскен Шың Шыцай әскерінің қуғыншыларымен қаша соғыс жүргізеді. Күндіз бекініс алып, түнде жүріп отырып он неше күн дегенде Қаптыққа жетіп бір жерге бас қосады. Жалпы адам саны 1500-дің шамасында болады. Ал Сүлеймен батыр бастаған 200-дің үстіндегі көтерілісшілер қоршауды бұзып шыққаннан кейін, із тастап Сартоғай, Шәкүрті деген жерлерге түсіп кетеді.

Қаптыққа барған көтерілісшілердің соңынан түскен Шың әскерлерінің ұшақтары толассыз шабуыл жасап бомбалайды. Оның үстіне ақпаннан бастап соғыс жүргізген көтерілісшілердің ат-көлігі қалжырап, азық-түлігі таусылып, ауыр қиыншылыққа тап болғандықтан, Қаптық тауын паналап бір мезет демалып тынығады. Азықтары таусылып ат-көліктерін сойып жеуге мәжбүр болады. Тынығып ес-ақылдарын жинаған көтерілісшілер ақылдаса келіп, «Бәйтік тауын басып өтіп, Шәкүртіге түсейік, сол арқылы Көктоғай жайлауына шығып кетіп, сондағы елден күш толықтап, көтерілісті әрі қарай жалғастыра берейік», – деген байламға келеді.

Көтерілісшілер жоспар бойынша Бәйтік тауына бет алғанда, Қаптықтың солтүстігі – қара құйрық бастауы Жаманадыр деген жерге келгенде, сырт Монғолияның 30 әскері көтерілісшілердің алдын тосып соғыс жүргізеді. Көтеріліс басшыларынан Мұса мерген Тадам, Ақтайлақ, Жопан молла, Замерқан қатарлы 7 партизанды бастап Монғолия әскерлерімен соғысады. Аңдысып атысқанда Мұса мерген мен көтерілісшілер жаудың бұл тобын жойып жібереді. Жаралы қалған біреуі «Ағатай, мен мұсылман едім, атпаңыздар», – деп айғайлайды. Мұса мерген оған сеніп, өзіне шақырмақ болып басын көтереді. Тура осы сәтте жау Мұса мергенді атады. Жау оғы Мұсаның басынан тиіп, сол жерде жан үзді. Бір ардагерлерінен айырылған көтерілісшілер ауыр қайғыға тап болды. Мұса мергенді өлтірген Монғолия әскерін көтерілісшілер табан астында атып тастайды.

Монғолия әскерінен 30 әскер өліп, Көтерілісшілер 22 бесатар, 4 автомот, екі пулемет, екі наган, екі дана дүрбі олжаға түсіреді. Одан әрі шеру тарта отырып, үш күн күндіз-түні жол басып Бәйтік тауына жетеді. Олар Бәйтікке барғанан кейін, Шың Шыцай әскерлерінен мыңнан астамын Дабысыннан жөткеп әкеп көтерілісшілерге шабуыл жасайды. Көтерілісшілер ерлікпен қарсы тұрып үш күн соғыс жүргізеді. Шың әскерлерінен 13 түйе, азық-түлік, 15 ат және бір қанша құрал олжа түсіреді. Көтерілісшілер Бәйтіктегі малшылардан да көмекке азық-түлік, ат-көлік алады. Үкімет әскері тағы да күшін толықтыра отырып, Бәйтіктің Кіші Қарағайты деген жеріндегі тар сайда көтерілісшілерді қоршауға алады. 7 ұшақ келіп бомбылайды. Ақтеке, Ақанай, Сайып бомбыдан жараланып, екі адам өледі. Көтерілісшілер жер қолайлығынан пайдаланып қоршауды бұзып шығып Көктоғай жаққа бет алады. Көктоғайға өту үшін Дабысын деген жерді басып өтпеу мүмкін емес еді.

Дәл осы кезде Шың Шыцай Дабысынға 5 мың әскер әкеліп орналастырып, Дабысынды база етіп, көтерілісшілерге қарсы дайындық жасап жатқан мезгіл болатын. Котерілісшілер үшін Дабысынды кесіп өту аса қатерлі болса да, оны кесіп өтпей Көктоғайға өту мүмкін емес еді. Сондықтан көтерілісшілер бар күшін сарқа жұмсай отырып Дабысынды кесіп өту бекіміне келеді де Дабысындағы үкімет әскерінің бекінісіне шабуыл жасайды. 6 күн 8 рет қиян-кескі соғыс жүргізіп, 150 мылтық және көптеген оқ-дәрі олжа түсіріп, жау бөгетін талқандап, Дабысынды басып өтіп Армантыға келеді. Осы сапарда Бәйтік тауында бомба жарқышағы тиіп 7 жерден жараланған көтеріліс басшыларының бірі Ақтеке бидің жарасы асқынып, ат үстінде қайтыс болады. Көтерілісшілер қарт басшының сүйегін сұрапыл соғыс үстінде түйеге артып алып жүріп Сартоғайға әкеліп жерлейді.

1940 жылы сәуірдің соңында Бұлғындағы қоршауды бұзып шығып Шәкүртіге түскен Сүлеймен батыр, Масали молда бастаған көтерілісшілер тобы бетпақ құмды паналап Есімхан, Ырысхан бастаған негізгі қосынмен қарым-қатынас жасау үшін әрекет жасайды. Олар Дабысын жаққа барып жатқан ұшақтарды көріп, сөзсіз сол жерде соғыс бар деп межелейді де Жылқайдар қатарлы 3 адамды байланыс жасауға жібереді. Жылқайдар Есімхан, Ырысхандармен кездесіп, бас қосуға уәделесіп кері қайтады.

1940 жылы маусымның бас кезінде көтерілісшілер Шәкүртіде бас қосып екі күн демалып, бұдан кейінгі жорық жоспары жөнінде ақылдасады. Сонда көтеріліс басшылары мынадай байламға келеді:

1) Алғашқы жоспар бойынша Көктоғай жайлауына бет түзейді, бірақ ол үшін соңымыздан түскен үкімет әскері жетіп үлгергенше жылдам тауға шығып кету керек деп келіседі;

2) Көтерілісші қосын екі топқа бөлініп, бір тобы Есімхан бастаған аз ғана адам Сұпты, Күртіні басып Қуүй, Қадыраты, Алайғыр, Арасанға (бұл жерлер Қайырты өзені мен Қараертіс аралығы болғандықтан «Арал» аталады) шығып кетіп, сол жерлердегі халыққа үгіт жүргізіп көтерілісшілер қатарына тартуға, және Сарсүмбе жақтан келуге мүмкіндігі бар үкімет әскерінің алдын тосуға жауапты болады. Ал Ырысхан жетекшілігіндегі негізгі қосын Теректі-Арғылтайды басып Секпілтай арқылы Көктоғай тауына шығып кету қажет деп келісілді;

3) Сәуірде Бұлғында Шың Шыцай әскерлері басып қалған ел-жұрттан жөнді хабар болмай, көтерілісшілерді қатты алаңдатып отыр. Сондықтан бір бөлім көтерілісшілер үкіметке бағынған болып Шіңгілге қайтып ел ішінде болғаны жөн деп қарайды да, Көксеген үкірдай басшылығындағы екі жүз адам біраз құралмен үкіметке бағынып, Шіңгілге бармақшы болады. Сөйтіп 1940 жылы маусым айының бас шенінде көтерілісшілердің әр қайсы тобы өздеріне жүктелген міндеттерін орындауға аттанады.

Теректі-Арғылтайдағы шайқас

Ырысхан жетекшілігіндегі көтерілісшілердің негізгі қосыны алды-артына шолғыншы қоя отырып, екі күн, бір түн дегенде қара сеңгір бөктеріне таяйды. Бірақ су бойларын алдын-ала иелеп жатқан үкімет әскері қарулы көтерілісшілерге қарсы оқ жаудырады. Жарым күн соғыс жүргізіп жаудың бетін қайтаруға айналғанда Қаратүңке базасындағы жау әскері түңкені өрлеп шығып Теректі босағасындағы бос орындарды иелеп алады. Ал көтерілісшілердің соңына түскен Дабысындағы әскерлер Қайырқын деген жерді асып Қарасеңгірді бөктерлеп жетіп үлгіреді де, көтерілісшілерге зеңбіректен оқ боратады. Сөйтіп көтерілісшілер мидай тақырда үш жақтан қоршауда қалып, өте тиімсіз жағдайға тап болады. Жаңа заман қаруымен қаруланған, адам саны мол, күші басым, оның үстіне биік тұрғыларды иелеп алған Шың Шыцай әскері көтерілісшілерді бас көтертпейді.

Осындай бір сын сағатта, өмір мен өлім арпалысына тап болған мезгілде Сүлеймен батыр аз ғана адаммен өзі ғана білетін жанжол арқылы Шың әскерлерінің артына өтіп алып оқ жаудырады. Көтерілісшілердың талай реткі жылжымалы партизандық соққысына ұшырап, қырғын тауып әбден шошып қалған жау қарсы тұра алмай, сасқалақтап қаша жөнеледі. Осындай сәтте Сүлеймен батыр бастаған адамдар тұрғыларды иелеп алып, соғыс шебінде ырықты орынға шығады. Шың әскерінің әуелгі шебі былыға бастайды. Осы орайды пайдаланып көтерілісшілер шабуылға өтеді де жаудың 100-ден астам адамын өлтіріп, көптеген мылтық олжа түсіреді. Жол ашылып, Шағанғолды өрлеп Секпілтайға шығып кетеді. Осы жолғы сұрапыл соғыста көтерілісшілерден Нұрпейіс, Қымбыл Шүкімұлы, Кәлей Шайқыұлы, Қойшағыр қатарлы 7 адам құрбан болып, Зәл қатарлы бірнеше адам жараланады.

Теректі-Арғылтайдағы сұрапыл соғыста көтеріліс басшыларының бірі Ырысхан Ноғайбайұлы ұйымдастыру қабылетімен, тактикалық әдіс қолданып, жауды талқандауға жетекшілік ету жағынан ел көзіне ерекше түседі. Ол елге танылып халық құрметіне бөленеді.

Оспан батырдың алғашқы жеңісі

Оспан Сіләмұлы ол тұста егіншілікпен және шағын саудагерілікпен шұғылданып, сырт Монғолияға мал өткізіп, барып-келіп тұратын адам екен. Ол бұған дейін ел билігіне араласып, дау шешпеген, тек жеке дара ерлігі ғана бар, не ешқандай би, тәйжі, үкірдай деген атағы жоқ, қатардағы көп қазақтың бірі боп өмір сүріп жатқан көрінеді. Оспанның жастау кезінде Бөке батырмен, Зуқамен қарым-қатынасы туралы да аңыз-әңгімелер көп, алайда бұл жазбамыз Оспан батырдың өміріне арналмағандықтан, оның тек осы көтеріліске қатысты тұсынан ғана әрі қарай сөз бастамақпыз. Дегенмен осы алғашқы оқ атылған күннен бастап Оспанның екінші өмірі, даңықты жауынгерлік жолы басталады.

Оспан 1940 жылы ақпанның 1-і күні көтеріліс бұрық ете түскенде өзге де көппен бірге көтерілісшілерге қосылған болатын, көтерілісшілердің Есімхан басшылығындағы бөлегінде қолдың азық-түлік, ат-көлігіне жауапты басшы болып жүреді.

1940 жылы маусымның бас кезінде көтерілісшілер стратегиялық орналастыру жасап, қосын үшке бөлінген кезде Оспан көтеріліс басшыларына айтпай 40 адамды бастап өз алдына әрекет жасайды. Осы 40 адамда небары 5 мылтық қана бар еді. Оспан бастаған шағын топ маусымның ыстығында аттары арықтап, азық-түліктен тарығып, біраз қиыншылықтар тартады. Олар күндіз бекініп түнде жүріп, бір неше күнде Қуертіс бойына келіп тасып жатқан өзенге сал жасап өтеді де Күрті деген жерге келеді.

Оспанның қыстауы осы Күртіде болғандықтан бұл жердің жағдайын толық білетін еді. Осы Күртіде Сарсүмбе мен Көктоғай арасына қатынас жаситын күре жолдың бойына орналасқан бір пошта бекеті бар еді. Осы пошта бекетін күзететін бөлімшеде 11 әскер және әскерлердің ат-көлігінен басқа аздаған малы бар еді.

Оспан түн жастанып осы пошта бекетіне шабуыл жасайды да, басып алып әскерлерін қырып тастайды. 4 дана мылтық, бір қанша оқ олжалап алып, аттарын сойысқа алады. Оспан пошта бекетін басып алғаннан кейін де жол бойын бақылап, барлау жүргізіп осында болады. Серіктерін жол бойындағы тұрғыларға орналастырып, өзі бастаған 4 адам Шың Шыцай әскерінің киімін киіп пошта бекетінде жатады. Үш күннен кейін Сарсүмбе жақтан бір қытай, бір қазақ – екі адам пошта бекетіне келеді. Оспандар оларды бас салып ұстап алып сұраққа тартқанда, олар осы пошта бекетіне алып келген бір қызметтік хатты береді. Хатта: «Сарсүмбеден 200 түйе жүк шықты. Осы жүкті пошта бекетіндегі әскерлер Балаертіске дейін қорғап апарып, Көктоғайдағы әскери орынға табыс етуі керек», – делініпті. Бұл ахуалды білгенен кейін Оспан қытайды атып тастап, қазақты өз қатарына қосып алады. Ал Сарсүмбеден жүкті қорғап келе жатқан әскер жоқ, тек кірекештер болғандықтан, 200 түйе қорды ешқандай күш сарп қылмай-ақ қолға түсіреді.

Бұл қордың 100 түйесі азық-түлік, 90 түйесі әскери киім-кешек, 10 түйесі оқ-дәрі екен. Оспанның шағын тобы олжаны қолға түсіріп, Балаертіс жағына шығып Есімхандарға қосылады. Осы оқиғадан бастап Оспанның аты таныла бастайды.

Ертісбасы аралындағы шайқастар

Секпілтайға шыққан Ырысхан жетекшілігіндегі көтерілісшілер бірер күн тынығып, ат-көлік, азық-түліктерін толықтап алып Ақбұлақ, Күнгейті деген жайлауларға шығып кетеді. Көтерілісшілер осы Көктоғай жайлауына шығып кеткенен кейін, Шың Шыцай үкіметі ұшақ, броневик, атты және жаяу әскерлерін Көктоғайға топтастырып қолбасшылық штаб құрып, көтерілісшілерді жойып жіберуге дайындалады.

1940 жылы 1 шілде, таң сәріде екі ұшақтың қорғауында, мыңның үстінде әскер шығарып, батыс пен шығыс екі бағыттан көтерілісшілерге тұтқиыл шабуыл жасайды. Шайқас тәжірибесін көріп, тактиканы меңгеріп қалған көтеріліс басшылары жер қолайлығынан пайдалана отырып Шың әскерлерімен қорғана соғыс жүргізеді. Шайқас бір жетіге созылады. Мергендер бесатармен атып ұшақты да зақымдайды. Шың Шыцай әскерлерін ауыр шығынға ұшыратады. 200-дің үстінде адамын өлтіріп, көп бөлімін жаралап, әскерлердің батыс жақтан құрған шебін бұзып өтіп Қайырты деген жердің басындағы тауға шығып бекініс алады. Көтерілісшілерден шығын болмайды. Үкімет әскерлерінен 100-ге тарта мылтық, 400 ат, жүзге таяу түйе олжа түсіреді. Ауыр шығынға ұшырап ашынған Шың әскерлері күшін толықтап шілденің 10-ы күні тағы да сұрапыл шабуылға өтеді. Тың тактика қолданған көтерілісшілер қаша соғыс жүргізе отырып, Қайырты басынан жылысып Қуүй деген жердің тауына шығып кетеді. Үкімет әскері өршелене қуады. Көтерілісшілер қашқан болып, әскерлерді еліктіре шырғалап тау ішіне кіргізеді. Орын жөткеп, айнала қашып соғыс жүргізген көтерілісшілер, қорғаныс алып соғыс жүргізуден шабуылға өте алатын ырықты орынға шығады. Соңдарынан түскен үкімет әскерлеріне тұманды түнді пайдалана отырып екі рет сұрапыл шабуылға өтіп, 80 пайызын жойып жібереді.

Ертоқымымен 500 ат олжаға алып, Шың Шыцай әскерлерінің қалдығын Күрті жазығына айдап салады. Енді әскерлер ойсырай жеңіліп, тауға беттеуге батылдық ете алмайды. Тек ұшаққа сүйеніп шабуылға өткен болады. Бірақ одан нәтиже шықпайды. Көтерілісшілер негізінен шығынсыз болады.
Маусымдағы орналастыру бойынша Аралға келген Есімхан бастаған көтерілісшілер ел ішіне кеңінен үгіт жүргізіп, көтеріліске қол жинайды. Алғаш көтеріліс басталғанда қатыспай қалған Көктоғай ауданының қалған елі түгелдей көтерілісшілерге қосылады. Шілденің орта шенінде Ырысхан, Есімхандар бастаған қол бір жерге бас қосып аса зор көтерілісшілер армиясын қалыптастырады. Көтерілісшілер біраз уақыт тынығып алғаннан соң 1940 жылы тамыздың ішінде Сарсүмбе жақтан келетін жолға қарауыл орналастырып тастайды да, Көктоғай қалашығына шабуыл жасап, сәуірдегі Бұлғын шайқасында үкімет әскерінің қолында қалып, Көктоғай қалшығына әкеліп бақылауда ұстап отырған елді құтқарып әкеледі. Осыдан кейін Көктоғай қалашығына бірқанша рет шабуылға өтіп, әбден күші әлсіреген үкімет әскерін қалашықтан шыға алмастай етіп бұқтырып тастайды. Осыдан соң көтерілісшілер мен үкімет әскері арасында Таршаты, Қуүй, Ышқынты қатарлы жерлерде көлемді, әрі қиянкескі соғыстарда үкімет әскері ойсырай жеңіліп ауыр шығынға ұшырайды. Көтерілісшілерден: Насиқ, Ерғазы, Ақанай қатарлы оншақты адам қаза табады, басқалай үлкен шығын болмайды.

1940 жылы тамыздың аяғында көтеріліс басшылары ақылдаса келіп, Аралдағы көтерілісшілер қосынның басшылық ету жұмысын Есімханға тапсырып, Ырысхан, Жанабіл бастаған 200 ден астам адам Шіңгіл ауданына жорыққа аттанбақшы болады. Дәл осы кезде Шың Шыцай үкіметі көтерілісшілерді құралды күшпен жойып жіберуі мүмкін емес екендігіне көздері жетіп, ұшақмен қағаз тастап келссөзге шақырады. Іле-шала арнаулы адам жіберіп бейбіт келсім жасау жөнінде ұсыныс қояды.

Көтеріліс басшылары: «Шың Шыцай 1938 жылы қолға алған Мәнкей, Халелдерді және 1939 жылы «Үш ұлт құрылтайына» шақырып апарып, әлі күнге дейін қайтармай отырған Шаріпхан, Бұқат қатарлы барлық ел басыларын, Баянбай, Байқадам, Ақыт қатарлы кейінгі ұсталғандарды босатып қайтарсын, олар бізбен ауызекі сөйлессін, осыдан кейін ғана бейбіт келісімге келеміз. Егер осындай болмаса біріміз қалғанша соғысамыз», – деген талап қойып, үкімет адамын қайтарады да, алдыңғы ақылдасу бойынша Ырысхан, Жанабілдер Шіңгілге аттанады.

Ырысхан Шіңгіл ауданына келгенен кейін, ең алдымен Шіңгіл елін үкіметтен бөліп алып шығып Қараңғытоғай, Шаңқан қатарлы жерлерге әкеліп орналастырады да, күштерін толықтап бекініс алады. Дәл осы кезде Шың Шыцай үкіметі Үрімжіден Жанымқан қажы, Нәзірлерді Шіңгіл арқылы Ырысханға жібереді. Бұлар Шіңгіл ауданының Қараңғытоғай деген жерінде Ырысханға келіп кезігеді. Жанымқан Ырысханды бейбіт келісімге келуге үгіттейді. Ол: «Шың Шыцай не тілегің болса да қабылдаймын деп отыр. Қолға алғандарды қайтарады. Қазаққа ендігарі зиянды істер істемейді. Айтқаным өтірік болса тіріде жиғаным, өлгенде иманым бұйырмасын», – деп ант су ішеді.

Ырысхан Шіңгіл елін Секпілтай, Шаңқанға шығарып орналастырып, көтерілісшілер қолының мықты бекініс алып, мұқият қорғап жатуына орналастырады да, қасына Ыдырыш зәңгіні ертіп алып Жанымқан, Нәзірлермен бірге Көктоғайға кетеді. Олар Көктоғайға келгеннен кейін Жанымқан мен Нәзір Көктоғай қалашығындағы үкімет орнына бармақшы болып бөлінеді де, Ырысхан, Ыдырыштар Аралдағы көтерілісші қосын ішіне келіп Жанымқан мен Нәзірдің келу мән-жайын айтып, басқада көтеріліс басшыларымен бірлікте ақыл құрай бастайды.