Қарақолдың түрмесін жалаң қолмен сындырған батыр
24.03.2022 2281

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Әубәкір Солтанбекұлының туғанына 150 жыл толады. Әубәкір Солтанбекұлы – әйгілі Албан көтерілісі немесе тарихи, ғылыми еңбектерде Қарқара көтерілісі деп айтылатын қанды қасап қырғынның қайраткері, қол бастаған көсемінің бірі.


Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» деп аталатын повесі бар. Әйгілі Қарқара көтерілісіне арналған сүйекті шығармада Әубәкірдің бейнесі, кескін-келбеті, батыр мінезі кеңінен сипатталады. Белгілі журналист Жексен Алпартегі «Қилы Замандағы» Кәрібоз кім?» атты материалында батырдың үш жерінен оқ тиіп, абақтыдан аман шыққанын, бір камерада отырған 18 адамнан тек үшеуі ғана тірі кеткенін жазады. Бұл жайында кейінірек, ең алдымен оқырманға Солтанбектің сойы Әубәкір деген кім, қай жерде өмірге келді, соқтықпалы соқпақты тағдыр талайы қалай өтті содан бастайық.

Қарқара көтерілісінің дарабозы

Солтанбектің баласы Әубәкір 1872 жылы қазіргі Кеген ауданы Қулық тауының батыс күнгейіндегі Солтанбектің сайы деген жерде өмірге келген. Әкесі Солтанбек таудың аңғарындағы сайды ықтап паналағандықтан жергілікті халық Солтанбектің сайы атап кеткен. Жастайынан алғыр, өжет болып өскен Әубәкір 44 жасқа шыққан жігіт шағында Патша жарлығына қарсы бас көтеруде бой көрсетеді.

Жетісу өңірінің Меркі болысына қарайтын Солтанбек әулетінің арғы бабалары да қол бастаған батыр, сөзге тоқтата білер би болған. Орда қамал алар қырықтың ортасына келген Әубәкір Солтанбекұлы Қарқара көтерілісі бұрқ еткенде Ұзақ, Жәмеңке ақсақалдардың қасында болып, елді соңынан ертеді. Бірақ патша әскерлері Ұзақ Саурықұлын, Жәмеңке Мәмбетұлын және Әубәкір Солтанбекұлын тұтқындап, қарулы күзетпен қырғыздың Пржевальск (қазіргі Қарақол) қаласына айдап апарып түрмеге қамайды. Қырғыздың түрмесінде Жәмеңкенің тамағына у қосып беріп, ауру асқынып қайтыс болады. Жендеттер түрменің ішіндегі қамалған адамдарға есіктің саңылауынан мылтықтың ұңғысын тығып, оқ жаудырып қырады. Осындай қырғында Әубәкір есікті ішінен сындырып ашып, тірі қалғандар сыртқа қашады. Елге жаяу-жалпылап арып-ашып жеткен соң ағайын-туыстарын бастап, Қытай жеріне ауа көшеді. 1917 жылы патша өкіметі құлап, басқа режим билік сахнасына келгенде Әубәкір Солтанбекұлы да елін бастап туған жерге оралады. 1930 жылға дейін еңбек етеді.

Осыбір қанды тарих, шерлі кешу жайлы «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында да (VIII том) анық мәліметтер бар. Онда Қарқараның Айттөбесіндегі ереуілде белсенді қарсылығымен көзге түскен 16 адамның алғашқы лекте Қарақол түрмесіне қамалғаны жазылады. «Ерекше қауіпті қылмыскер» ретінде ату жазасына кесілген тұтқындарға 12 тамыз түні әскерлер кенеттен оқ жаудырып, тек 3 адам ғана тірі қалған. Олар Әубәкір Солтанбекұлы, Біләл Разақұлы және Тұрлықожа Жансеркеұлы еді.

Әубәкірдің арғы атасы Пұсырман, оның баласы Тазабек те ел сөзін айтар шешен, қол бастар көсем болған. Тазабектің әкесі Пұсырман жоңғарлар қазақ даласына дүркін-дүркін шабуылдап, соғыс өртін тұтатқанда азат ету жолында ерлік көрсетіп, қол бастаған батыр болған. Генерал Колпаковскийдің жендеттері Тазабекті тұтқындап, Алматы қаласындағы түрмеде өлтіреді. Әубәкір – Тазабектің немересі. Жазушы Бексұлтан Нұржекенің 2016 жылы мемлекеттік сыйлықты еншілеген «Ай, дүние-ай» романында да Қазақ көтерілісінің аталы-балалы қаһармандары Пұсырман, Тазабек, Әубәкір туралы шындық көркем суреттелген.

Әуезов шығармасының кейіпкері

Сөз басында Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» туындысында Әубәкірдің тұлғасы көрініс табады дегенді айттық. Енді соның жайын баяндайық. Мұхтар Әуезов Қарқара көтерілісі туралы шығармасын жазу үшін осы өңірге арнайы сапармен келеді. Заңғар жазушы Қарқара жайлауында, қазіргі Кеген, Райымбек аудандарының халқы қоныстанған өңірде бір айдан астам уақыт жатып, көнекөз қариялардан, Қарқара көтерілісіне қатысқандардан, көз көрген жандардан естелік сұрап, жазып алған. Мұхтар Әуезовке көтеріліс туралы айтқан адамдардың ішінде Әубәкір де бар. Жазушы Солтанбектің ұлымен ұзақ әңгімелесіп, көп жайтқа қанығады. Тіпті Мұқаңның Әубәкір Солтанбекұлы және тағы басқа адамдар бар атпен тау бөктерінде кетіп бара жатқан суреті де сақталған.

Жазушы бір айдан астам уақыт ел аралағанда Қабан Қарағай, Ақбейіт, Шәлкөде, Шырғанақ, Дөңгелексаз, Бөлексаз секілді жерлерді мекендеген ауылдарды аралап, адамдармен тілдеседі. Мемлекет және қоғам қайраткері, ел ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан Ыдырыс Көшкіновтің үйінде бірнеше күн болып Қарқара көтерілісне қатынасқан адамдармен сөйлесіп, айтқандарын қағазға түсіреді.

Әубәкір Солтанбекұлы көзімен көрген қанды қырғын туралы естелігін 1927 жылы жазып берген, қолжазбасы ҚР Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі 1928 жылы кітап болып басылып шығады. Кейін кеңестік идеологияның қысымымен бай-манаптар туралы, шонжарлар, батырлар, ағартушы ғалым, көтерілісшілер туралы айтып-жазуға, олар жайындағы ақпараттарды таратуға тыйым салынып, бертінге дейін «Қилы заман» да қилы тағдырды бастан кешті.

Ерлікті ұмытпау – елдік белгісі

Жаймашуақ күндердің артын тағы да бұлыңғырлық бүркейді. 1930 жылы бай-құлақтың тұқымы ретінде қуғындалып, Әубәкір Солтанбекұлы қайтадан Қытайға ауа көшіп кетеді де, сол жылы жарасы асқынып қайтыс болады.

Әубәкірді көтерілісті бастаушы, бай-манаптың ұрпағы деп жазалаушылар оның ұрпақтарына да тыныштық бермеген. Әубәкірдің қызы Гүлғаныш та жала арқалап сегіз жылға сотталып, Сібірдегі Магадан түрмесінде жазықсыз жазасын өтейді.

Биылғы жылдың басындағы қаңтар қырғынында Әубәкірдің туған шөбересі, Алматы қаласының тұрғыны Қанат Әубәкіров 45 жасында оққа ұшып, қайтыс болды.

2016 жылы Қарқара көтерілісің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Осы айтулы датаға орай Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылында Әубәкір Солтанбекұлына ескерткіш орнатылды. Туғанына 150 жыл толған Әубәкір Солтанбекұлының ғибратты ғұмыры, батырлықпен өрілген өміріне лайықты баға беріліп, құрмет көрсету – бүгінгі буынның міндеті деп білеміз.