Орынборда болған Екінші Жалпы­қазақ съезі туралы. М. Павлович
11.01.2022 2720

1921 жылы Қазақстанды, әсіресе соңғы 3 жыл ішінде азық-түліктің жетіспеушілігінен, жұттан, малдың қырылуынан және т.б. әбден титықтаған көшпелі халықты ашаршылық жайлады. Дәл осы кезде Қазақ АССР экономикасының барлық салаларында өндіріс көлемінің ең көп қысқаруы байқалды. Кеңес үкіметі аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету шараларын жасады. 80 мыңнан астам ересектер мен 35 мың бала Ресейге, Түркістанға және басқа көршілес шет аймақтарға қоныстандырылды, АРА американдық көмек бөлімшелері ашылды, 40 мыңға жуық ірі қара мал, 2 миллион пұт астық және 1,5 миллион пұт тұқым жиналып, халыққа таратылды. Осындай қиын жағдайда 1921 жылы 4-10 қазанда Орынборда Қазақ АССР Кеңестерінің ІІ съезі өтті.


Съезд РСФСР-дің сыртқы және ішкі саясаты туралы баяндамаларды талқылады, ҚырОАК (КирЦИК), Қырғыз халық комиссарлар кеңесі (Кирсовнарком), Егіншілік халық комиссариаты (Наркомзем), Азық-түлік халық комиссариаты (Наркомпрод), Орталық Одақ (Центросоюз), ҚазАССР өнеркәсіптік Бюросының есептерін тыңдады, Республика құрылуының бірінші жылындағы мемлекеттік және шаруашылық құрылыстың қорытындыларын шығарды. ІІ съезд жұмысында автономиялық республиканың бірнеше губерниясын шарпыған аштықпен күресуге, ашаршылық негізінде пайда болған бандитизмді жоюға, жаңа экономикалық саясатты (НЭП) жүзеге асыруға көп көңіл бөлінді.

Съезде жергілікті Кеңестердің мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. 1920-1921 жылдары қолданылған «Кеңестер мен Кеңестер съездеріне сайлау туралы ереже» РСФСР Орталық аудандарындағыдай өкілдік нормаларын қарастырды. Съезд «Қалалық, селолық (ауылдық) кеңестерді, болыстық, аудандық (уездік), губерниялық атқару комитеттерін, Бүкілкиргиз Орталық Атқарушы комитетін сайлау тәртібі туралы және Кеңестер Съездерін шақыру тәртібі туралы» жаңа ережені бекітті. Кеңестерде халықтың өкілдік ету нормалары едәуір артты. Кеңестер кемінде 150 тұрғыны бар ауылдар мен селоларда 50 адамға 1 депутат есебінен құрылды. Қазақтардың көшпелі өмір салтын, ауылдардың бір-бірінен алшақтығын ескере отырып, егер олар бір ауылдық Кеңесті сайлаған бірнеше ауыл халқының жалпы жиналысына қатыса алмаса, әрбір ауыл азаматтарының жиналыстарында сайлау өткізуге «Ереже» рұқсат берді. Ауыл кеңесіне, әдетте, әр ауылдан бір өкіл сайланды. Уездік, губерниялық және республикалық кеңестер съездеріне сайлау кезінде өкілдік ету нормалары да ұлғайды.

1921 жылғы 4 қазанда съезде Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының өкілі М. П. Павлович (Меер Вельтман, Волонтер) сөз сөйледі. Бұрын меньшевик болған, Қазан төңкерісінен кейін Украинаның Ағарту халық комиссариатының орынбасары, Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты алқасының мүшесі, Шығыстану ғылыми қауымдастығының төрағасы болып тағайындалды, Шығыстану институтының ректоры болып жұмыс істеген.

Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының өкілі ретінде бұл Ресей социалистік федерациясының автономиялық облыстары мен республикаларының мүдделеріне ерекше жақын болатын комиссариат екенін депутаттарға егжей-тегжейлі түсіндірді.

Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты «адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, қазіргі кезде Еуропа мен Шығыс капиталистік мемлекеттердің басқа институттары арасында теңдесі жоқ институт» болды. Егер Францияда, Англияда және Еуропаның басқа мемлекеттерінде мақсаты езілген отаршыл халықтарды надандық, жоқшылық, аштық, артта қалу тұңғиығына бұдан да бетер батыру болып табылатын отаршыл министрліктер болса, Ұлы Октябрь революциясы құрған Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты, тек қана езілген ұлттардың мүддесін қорғау мақсатында құрылған дүниедегі тұңғыш комиссариат, тұңғыш министрлік.

Бұл комиссариат осы мақсатта құрылды, өйткені азаттық алған пролетариат пен шаруалар ұстанған Кеңес республикасының ұлт саясаты капиталистік мемлекеттердің саясатымен ортақ ештеңесі де бола алмайды.

Капиталистік мемлекеттердің қысым көрген халықтарға қатысты негізгі міндеті-оларды экономикалық артта қалу жағдайында ұстап тұру. 

Империалистік мемлекеттердің ұлттық отарлау саясатының екінші міндеті – осы бағынышты халықтарды қараңғылық, ортағасырлық надандық, ақыл-ой құлдығы жағдайында ұстау. Кеңестік ұлт саясаты білім беру саласында артта қалған ұлттарды республикадағы озық ұлттармен теңестіруге ұмтылады. Біз артта қалған республикаларда мектептер, университеттер құрамыз және клубтар ұйымдастырамыз, олардың дамуына және орталық облыстарда енгізілген ғылымға, ағартушылыққа қосылуына мүмкіндік береміз. Бұл біздің кішігірім қателіктерімізге, Кеңес өкіметі өкілдерінің қателіктеріне қарамастан, жұмысшы-шаруа билігі қысым көрген халықтарды кез – келген қысымнан босатуға және оларды еркін және тәуелсіз етуге тырысатындығының ең айқын дәлелі, өйткені білім - бұл олардың жақсы болашаққа жетуі үшін бұқараның қолындағы басты тетік.

Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты жақында Шығыс еңбекшілері университетін құрды, онда Ресей Федерациясының барлық автономды облыстарының өкілдері білім алуға мүмкіндік алады, бұл оларды мемлекет құруға және өзін-өзі одан әрі дамытуға қабілетті етеді. Әңгіме 1921 жылдың қазан айында Мәскеуде Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы Шығыс курстары негізінде жұмыс істей бастаған Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетін (КУТВ) құру туралы болды. КУТВ шығыс республикалар мен облыстардың жұмысшыларын дайындау үшін БОАК декретіне сәйкес (1921 ж. 21 сәуірде) құрылған болатын. Кейінірек БКП (б) ОК қарамағына ауысты. КУТВ бөлімшелері Бакуде, Ташкентте, Иркутскіде ашылды. Оқу мерзімі – 3 жыл. Партиялық жұмыс және саяси ағарту, кәсіподақ қозғалысы, экономикалық, әкімшілік-құқықтық мамандықтар бойынша кадрлар дайындады КУТВ ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының соңына дейін шығып тұрған «Революционный Восток» (1927-1938 жж.) журналын шығарған.

Одан әрі М.Павлович жақында Қырғыз, Башқұрт республикалары, Дағыстан, Кавказ, Сібір халықтары өкілдерінің ғылыммен айналыса алатын шығыстану институты құрылғанын хабарлады. Бұл курс үш-төрт жылға созылған. Бұл ретте М.П. Павлович БОАК Президиумының 1921 жылғы 27 қазандағы қаулысын болжап қойды, оған сәйкес Мәскеуде орналасқан барлық шығыстану оқу орындары бір жоғары оқу орны - Шығыстану институтына біріктірілді.

Осылайша, капиталистік мемлекеттер барлық артта қалған халықтарды ақыл-ой езгісінде ұстау үшін барлық шараларды қолданып жатқан кезде, Кеңес Республикасы оларды ең жоғары деңгейге көтеру үшін барлық шараларды қолданды. Осы шаралардың, дұрыс жүргізілген ұлттық саясаттың арқасында Кеңес Одағы ең қуатты, ең күшті федерация болды, ал оның ұлттары, оның автономиялық облыстары, көптеген алауыздықтарға, бәлкім, түсініспеушіліктерге қарамастан, басқа ешбір федерация байланыспағандай байланыста болды. Әйгілі Британ империясымен салыстыра отырып, ол Ирландияда бүкіл халық бір адам ретінде Англияға қарсы көтерілетінін, Ирландия көшелеріне Англияның бірде-бір офицері, бірде-бір солдаты, бірде-бір азаматтық шенеунігі шыға алмайды, өйткені оның өміріне әйтеуір бір қастандық жасалады. Ирландия - бұл қарулы лагерь, оның көшелерінде танктер, сарбаздар отрядтары, бронеавтомобильдер, онда ағылшын империалистері мен көтеріліске шыққан Ирландия халқы ағылшын езгісіне қарсы күресуде. Солтүстік Африкада да халық көтеріліске шығуда. Бұл революциялық көтеріліс бүкіл капиталистік әлемді шарпып жатыр және бір кездері осы империалистік мемлекеттердің жекелеген бөліктерін байланыстырған берік, мықты іргетастар ыдырай бастады, тек Ресей Кеңестік Федеративтік Республикасы ғана жер шарының басқа бөліктерінде теңдесі жоқ тірек болып табылады.

Жолдас М.Павлович партияның кейбір өкілдері жергілікті элементтер арасында да, орыстар арасында да ұлттық саясаттың негізгі қағидаларын түсінбейтінін өкінішпен айтты. Коммунистік партияның конференциясында көптеген орыс коммунистері әлі күнге дейін ұлы державалық қағидаттан босатылмағанын және жергілікті коммунистердің арасында коммунистік принциптермен өздерінің ұлтшылдық тенденцияларын жасырған коммунистер де бар екенін атап өтті. Бұл жерде әңгіме РКП(б) Х съезінің шешіміне сәйкес өткізілген партияның алғашқы Бүкілресейлік тазартылуы туралы. Қазақстанда ол 1921 жылдың тамыз айының соңында - қыркүйектің басында басталып, 1922 жылға дейін жалғасты. Ол басталар алдында ҚазАССР партия ұйымдарында 24794 адам болды. Тазарту кезінде республиканың партиялық ұйымынан 4855 адам, немесе бүкіл партиялық ұйым құрамының 19,5% алынып тасталды, кетті және кандидаттыққа ауыстырылды, бұл ретте 3660 адам немесе 14,7% шығарылды. Әсіресе, меньшевиктер, эсерлер, «Алаш» және басқа партиялардан шыққандар мұқият тексерілді.

Баяндамасын қорытындылай келе, М.Павлович коммунист-орыстарды және жергілікті тұрғындарды тату жұмыс істеуге шақырды, казак-коммунистерді бірігуге және Кеңес өкіметінің директиваларына сәйкес келетін, ұлттық мәселе бойынша біздің саясатымыздың барлық бағытына сәйкес келетін дұрыс ұлттық саясатты жүргізуге шақырды. Бұл тұрғыда ешбір ауытқулар болмауы керек.дұрыс жүргізілмеген ұлттық саясаттан қысым көргендерге М. Павлович Коммунистік партияның Орталық Атқару Комитетіне жүгінуді ұсынды. «Өзіңізді толғандыратын барлық мәселе бойынша, Сіз, өзінің белгілі қағидаттары бар, соны ұстанатын Коммунистік партияның орталық органдарына жүгіну керексіз. Қалалық пролетариат пен кедей шаруаның одағы жасасын, жолдастар. Қалалық орыс пролктариатының кедей қырғызбен одағы жасасын!»,- деп аяқтады баяндамасын М.Павлович..

Жалғасы бар...